Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3100 0 пікір 19 Сәуір, 2010 сағат 08:22

Ерлан Саиров : Қазақ еврейден кем болмауы керек

- Соңғы кездердегі қоғамда болып жатқан өзгерістер Қазақстанға не әкелді, болашақта не әкелуі мүмкін? Мысалы, Кеден одағы, тағы да басқа мемлекетаралық қарым-қатынастар?

- Соңғы кездердегі қоғамда болып жатқан өзгерістер Қазақстанға не әкелді, болашақта не әкелуі мүмкін? Мысалы, Кеден одағы, тағы да басқа мемлекетаралық қарым-қатынастар?

- Дүниежүзінде қырықтан астам Кедендік одақ бар. Европалық одақтың өзі көптеген одаққа бөлінеді. Белгия мен Русенборг, Франция мен Германия елдерінде өзара қарым-қатынастық одақтар бар. Бүкіл Солтүстік Америка елдерінің барлығы да Кедендік одақтар арқылы бір-бірімен өзара тармақталған. Бұл жерде біреудің иелігіне сызат түседі деген ойлар болмау керек. Бірақ, мәселе мынада, біз Кедендік одаққа кірмес бұрын ұлтты жаңашылдандыру және оны модернизациялау мәселесін шешіп алуымыз керек. Қазіргі кезде дүниежүзі мемлекеттері өздерінің стартегиясын жан-жақты жасауда. Қазақстанның геосаяси жағдайы - өте мүшкіл. Өйткені, бір жағымызда - Қытай, екінші жағымызда - Ресей. Сонымен бірге, Қазақстан Евразияның кіндігінде тұр. Сондықтан, біз өзімізге бір стратегиялық одақтастық қауым құруымыз керек. Қазақстанның геожағдайы Канадамен немесе Америкамен байланысты деп санауға болмайды. Өйткені, Америкада да, Канадада да ағылшындар тұрады, сол себепті екі елдің ортасын бөліп тұрған ахуал қаңылтырдай. Оларда мемлекет шартты белгі екі жақты қамтылған. Ал, Қазақстанда мемлекеттік құрушы қазақтардың басқа елде отандары жоқ. Бізге басқа одаққа кірмес бұрын бірінші - ұлттық одақ пен ұлттық модернизациялау мәселесін шешіп алуымыз керек. Оларды іске асырайық десек, өкінішке қарай, тәуелсіздігімізді алғанымызға жиырма жылдан асса да Қазақстанда өз ана тілінде сөйлейтін буын қалыптасқан жоқ. Бұл - үлкен қателік. Екіншіден - Қазақстанда қоғам мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты түзетуге тиіспіз. Егер Қазақстанда күшті мемлекет құрғымыз келсе, онда бізге өте күшті қоғам керек. Бүгінгі таңда, қазақстандық қоғамды дамыту мәселесі бірінші кезекте тұруы тиіс.

- Жалпы, қоғамды қалыптастырудағы, елді-жұртты біріктірудегі партиялардың рөлі қандай? Бізде біржақты партиялық жүйе қалыптасып келе жатқан жоқ па?

- Бір партиялық жүйеге келсек, дүниежүзінде бір  партиялы елдердің және сол елдердің жақсы даму жолына түскендігі турасында көптеген мысалдар бар. Жапонияның ұлттық-демографиялық жүйеге түскеніне қазір 50 жылдай болды. Сонымен қатар, Тайвань, Қытай, Үндістан елдерінде ұлттық конгрестік партиялар бар. Бірақ, солардың барлығы да, алдымен өздерінде ұлттық модернизация жасап алып, экономикасы қалыптасқаннан кейін ғана басқа жаңа партияларға тәуелді болады. Сондықтан, бізде де ұлттық модернизациялаудан өткеннен кейін, бір партиялық жүйені, екі немесе үш партиялық жүйеге трансформация жасауға болады.  Дегенмен, Қазақстандағы саяси-қоғамдық істердің бір өзгешелігі бар. Қазақстанда партиялар емес, жеке адамдар мен қоғамдық ұйымдардың орны жоғары.  Сонымен бірге, қазіргі таңда біздің елімізде демографиялық қоғамдық ұйымдарды құру өте қажет. Сондай-ақ, ұлтты танытатын, оны белгілі бір деңгейге шығаратын тұлғалар керек.

- Яғни, әртүрлі партиялармен қатар, біз қазақ қоғамында  жеке тұлғаларымызды қалыптастырып, оларға кең жол ашуымыз керек екен ғой...

- 20-ғасырда Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы шықты. Олардың творчествосы, ғылыми жұмысы қазақтың ұлтын 21-ғасырға сәйкестендіріп алып келді. Солардың шығармашылығы қазақтың, біріншіден, еуропалық құндылықтарды қабылдай алатындықтарын, екіншіден, қазақтарда интелектуалдық қабілеттің өте жоғары екендігін, үшіншіден, қазақ тарихының тереңде жатқандығын дәлелдеп берді. Бүгінгі таңда  осындай тұлғаларды өз ортамызда қалыптастыруымыз керек.

- Сіз, жаңа, мәдениет жөнінде айтып өттіңіз. Әлемдік айналымда «Где начинается цивилизация - там кончается культура» деген түсінік бар. Ал, қазіргі адам мен табиғаттың, қоғам мен көпшіліктің арасы бұзылған кезде, осы мәдениетті өркениет еңсеріп бара жатқан қоғамда қазақтың алатын орны қандай  деп ойлайсыз?

- Жақында шыққан «Аватар» деген фильмді көрдіңіздер ме? Оның өзі барлық адамзатқа жасалынған үлкен ескерту. Қызылағаш, Тарбағатайда болып жатқан жағдайдың бәрін де бізге жіберілген ескерту деп қабылдауымыз керек. Анау тұрған тал, мына ағаш, жерде жатқан тас - олардың барлығының да жаны жоқ деп ойлаймыз. Бұл заттардың әрқайсысының қай жерде болсын бір-бірімен байланысы бар. Табиғаттың жасап отырған ескертуі - табиғат пен адамның арасындағы белгілі бір баланстың бұзылуының салдары. Сондықтан, қазақ халқы рухани жағынан күшті болуымыз керек. Әрбір қазақ өзін «қазақпын» дейтін болса ғана біз тарих аренасында ұлт, мемлекет болып қаламыз. Ал, егер біздің осы рухани мәдениетімізге сызат түсетін болса, жоқ болып кету қаупі де бар, өйткені, қазақ халқы - өте аз. Ұлтты біріктіру мәселесі біз үшін бірінші орында тұрғаны жөн.  Екіншіден, қазақтың қоғамын топтастырып отыратын «тағалар» жасаған абзал. Әрине, оны өзіміз жасауымыз керек. Себебі, оны бізден басқа ешкім де жасамайды. Үшіншіден, дүниежүзінде қазақ халқымен салыстыратын ұлт еврейлер. Қазақтардың ұлттық санасы еврейлерден кем болмауы тиіс. Келесі бір кезеңге өтеміз десек, біз - тілімізді жоғалтпағанымыз жөн. Бүгінгі таңда, қазақ мәдениетін  дүниежүзілік мәдениет деңгейіне көтеретін және оларды жасайтын адамдар керек. Тимур Бекмамбетов «қазақ этносын жасаймыз» деп жүр. Бұл жоба көп қаржыны талап етпейді. Қазір дүниежүзі бір-бірімен араласып, мәдениеттерін де алмастыру үстінде. Біз өзіміздің мәдениетімізді басқа бір елдерге ұсынбасақ, онда уақыт өте бізге басқа бір ел өз мәдениетін ұсынатын болады.

- Мәдениет демекші, соңғы кездері сіздер шетелге жиі шығып жүрсіздер. Онда қазақ әншілері мен қазақ кітаптарын алып барасыздар. Сонда өзге мемлекеттер оларды қалай қабылдайды және оларға қазақты таныстырарлықтай не нәрсені алып барған дұрыс?

- Ең бірінші шетелге ғылыми конференцияларға барамыз. Ондағы біздің негізгі мақсатымыз, дүниежүзіндегі ең көне Кембридж кітапханасына қазақ халқын танытатын бөлім ашу. Оған кірсеңіз Қытайға, Индияға, керек десеңіз, Тува халқына байланысты  кітаптар бар. Ал, қазақтарға байланысты бірде-бір кітап жоқ. Бізге қазір, дүниежүзіне  интеллектуалды потенциалымызбен шығуымыз керек. Мәдениет дейміз, Тимур Бекмағамбетовтың жасап отырғаны кішкентай нәрсе болса да, біздің ұлтымызды таныту үшін керек нәрсе. Жапония мен Қытай елдері «кимоно» рәсімі, «шай ішу» рәсімдері арқылы өздерінің мәдениетін дүниежүзіне танытуда. Ал, Үнді елін «иога» мен үнді фильмдері арқылы бүкіл дүниежүзі біледі. Біздің қазақ елін дүниежүзіне паш ететін қымыз, шұбат және де киіз үй бар. Қазақтың киіз үйі ол жай ғана үй емес, ол космос, ғарыштың символы. Ол қазақтардың философиясының терең екенін көрсетеді. Біз осындай нәрселермен шетелге шығуымыз керек. Еуропа, Америка болса, жаһанданудан әбден шаршаған. Мысалы, олар Майкл Джексон, тағы басқалардың әндерін тыңдап, оларды айтудан-ақ шаршаған. Оларға қазір насихаттайтын жаңа өнімдер керек. Ол өнімдерді біз бере аламыз. Оған біздің теңгеміздің де керегі жоқ. Кезінде Кеңес үкіметін ыдыратқан Горбачев емес, «Битлц» тобының әні деген ұғым бар. Себебі, Кеңес үкіметіне бұл топ қалай кірді, солай біз шетелдің құндылығына ауыса бастадық. Құндылықты таратуға қаржы керек емес. Ол - адамның санасында тұратын нәрсе.

- Естуімізше, сіздер «Домбыра» деген кітап шығарыпсыздар. Қай тілдерде және қандай көлемде?

- «Домбыра» кітабы үш тілде шықты. Мемлекеттік тілде. Орыс және ағылшын тілдеріне аударылды. Сонымен бірге, біздің институтта қазақтың 19-ғасырдағы мәдениетінен мәлімет беретін 250 сурет бар. Осылардың бәрін де қазақша, орысша және ағылшынша шығарып, ең бірінші - Кембридж кітапханасына тапсырдық. Қазір институт мәдениет саласында жаңа бағдарламалар қабылдап жатыр. Оларды жүзеге асыру үшін 50 млрд доллардай бөлінген. Бірақ, соларды пайдаланып іске асыратын адам капиталы керек. Сондықтан, мәдениет деген ең басты бағыттардың бірі емес, соның бірегейі болуы керек.

- Сіз айтып отырған еврейлер өліп қалған өз тілін тірілтіп алды. Ал, біз өлмеген, бар тілімізді өлтіріп жатқан жоқпыз ба осы?

- Әрбір ұлтта екі құндылық болуы тиіс. Біріншісі - мәдениет, ал, екіншісі - тіл. Осы екеуі болмаса онда ұлт жоқ. Алдағы 21-ғасырдың екінші жартысында дүниежүзінде геосаяси, геомәдени, керек десеңіз, біз табиғатын білмейтін құбылыстар пайда болады. Біз соған дайын болуымыз керек. Оған дайын болу үшін, біз өзіміздің мәдениетімізді күшейтуіміз керек. Екінші - міндетті түрде, қазақтың тілін дамытуға тиіспіз. Бар тілді өлтіру қылмыс..

- Жалпы ел, халықтан бұрын, ұлт болу керек?

- Бүкіл қазақ алдымен кішкентайынан бастап өзін қазақпын деп сезініп қана қоймай, өз қазақтығын білуі керек. Даму орталықтары деген ұғым бар. Ол Америкада, Европада, жалпы дамыған елдердің бәрінде де бар. Енді ақырындап Азияға ауысып барады. Әрбір адам даму орталықтарына жақын жұмыс жасайды. Сондықтан да, біздің қазақ қай жерде жүрсе де қазақ болуы керек. Міндетті түрде, өз тілін білгені абзал. Қазақ тілін білмейтін адам, ол қазақ бола алмайды. Сондықтан, екінші, міндетті түрде өзінің тарихын білуі керек. Мысалы, мені атам, Қытайда, жазда тауға алып кететін, тауда жарық жоқ, патефон қойып қояды. Онда үнемі Қобыланды батыр, Алпамыс батырдың күйлері ойнап тұрады. Соны біз үш жылдың ішінде қойып тыңдап жүрдік, бірақ, түсінбейміз. Былай алып қарасаңыз, осының өзі тәрбие екен. Адамның санасына «қазақсың» деген ұғым құйылып тұрады да, адамның бойында қалып қояды. Бізге қазіргі таңда, сондай тәрбие керек.

 

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ

«Заң» газетінен алынды

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470