ҚУАТ ҚАЙРАНБАЕВ. АСЫРАНДЫ БАЛА
«Алматы – Астана» жүрдек пойызы қаладан шығып, күре жолға түскеніне біраз болған. Купеге кіріп, жүктерін жайғастырғаннан кейін жастау жігіт пен келіншек жоғарғы сөредегі орындарына жайғасып, өздерімен өздері болып кетті. Бірі жүрер алдында сатып алған газетті аударыстырып, екіншісі ұялы телефонымен әлек. Жанымдағы қартаңдау тартқан әйел қапталдағы қараңғылық құшағына еніп бара жатқан маң далаға сұқтана қарап, терезеден көз алмай отырғанына біраз уақыт. Жанын мүжіген жайсыздық бар екенін мұң үйірілген жанарлары аңғартып тұрғандай, анда-санда ақырын ғана күрсінеді. Купедегі өлі тыныштықты пойыз дөңгелектерінің тырсылы ғана бұзып тұр.
Ұзақ үнсіздіктен құтылудың амалын ойластырып, әңгімені бірінші болып бастауға тура келді:
– Қазақта «Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс» деген тәмсіл бар, оның үстіне бір көліктегі адамдардың тағдыры да бір болады. Ендеше таныса отырайық, жол қысқарсын» – дедім.
Үстіндегілер есімдерін атағаннан кейін қайтадан өз тірліктерімен болып кетті. Ал, қартаң әйел бетін бұрып, әңгімелесуге құлықты екенін аңғартты. Аз уақыт мұндай жағдайда айтылатын кезекші тақырыптарды ермек еттік. Әйтсе де серіктесімнің өзін алаңдатып отырған жаймен бөлісіп, бір жеңілдеп қалғысы келгені сезілді. Ал, менің журналист екенімді білгеннен кейін іркіліп тұрған әңгіменің тиегі ағытылып жүре берген.
– Қыс ортасында жалғыз сапарлап бара жатқаным еріккеннен емес, қарағым,– деді кейуана мұңлы жанарын терезенің арғы жағындағы тұңғиық қараңғылыққа бағыттап. – Өмірімде өз қолыммен жасалған қателігімді мүмкін болса түзетейін деген мақсатпен жолға жиналған жайым бар. «Кісі ақысы кісіде кетпейді екен...» дегендей, бір мұңлыққа жасаған қиянатым алдымнан шығып, тағдырдың назасына ұшыраған бейбақпын. Жә, ақыры асығатын емеспіз ғой, тыңдауға пейілің болса айтып берейін.
Әңгімені неден бастасам екен дегендей, алдымен аз-кем ойланып қалған. Сәлден кейін бір шешімге келіп, басынан кешкен жайды баяндауға кірісті.
– Күйеуім екеуіміз отасып, шаңырақ құрғаннан кейін көп жыл сәби сүйе алмай, жабығып жүргенде аңсап күткен қызымыз да дүниеге келді-ау. Ол дегенде шығарға жанымыз ғана бөлек болғаны түсінікті. Алайда сол жалғызымыз аурушаң болып туды. Қанша дәрігерлерге апарып көрсетсек те біржолата сауығып кете алмай, онысыз да алаң көңілімізді мүлдем есеңгіретіп тастаған. Бір жолы дертімізге медет сұрай барған емші: «Балалар үйінен қыздарың қатарлас жетім қызды асырап алсаңдар ауруынан сауығады!» деген кеңес берді. «Басқа түссе баспақшыл» дегендей, шынымен септігі тиер деген сеніммен қаладағы балалар үйіне барып жүріп, томпиған бір қазақтың қаракөз қызын бала етіп алдық. Жолдасым екеуіміздің де қызметіміз жақсы, тұрмыс жағдайымыз тәуір болғаннан кейін құжаттарды рәсімдеу қиынға соға қойған жоқ. Обалы не керек, асыранды баламыз бірден бізге бауыр басып, туған қызымыздай болып жүре берген. Ол келгеннен кейін өз қызымыз да қатарласа шапқылап, дімкәс екені ұмытыла бастады. Көп кешікпей дәрігерлер де ауруынан мүлдем айығып кеткенін айтып, бізді бір қуантып тастаған. Осылайша шат-шадыман тірлік кешіп жаттық. Арада жылдар өтті.
Бәрі де адамның пейіліне байланысты екен ғой. Өз қызымыз құлан-таза айығып, көз алдымызда құлпырып жүргенін көргеннен кейін көңілімізге құрт түсіп, өгей балаға деген ықыласымыз кеми бастапты. Алғашында онымызды білдірткіміз келмегенімен, сезімді жасырып қоя алмайды екенсің. Жүрген-тұрғанын жақтыртпаймыз, істеген ісінен мін іздейміз. Бір сөзбен айтқанда, отырса опақ, тұрса сопақ бола берді. Ақыры күйеуіміз екеуіміз ақылдаса келіп, қызды қайтадан балалар үйіне өткізуге шешім қабылдадық. Ал ол үшін бұлтартпас негіз керек екен. Іздеген адамға мін де табылады. Баланың балалығымен жасалынған шалалықтар, абайсызда істелген тентектігі, ойын алаңында рұқсатсыз алынған біреудің ойыншығы тізбектеле келгенде көп-көрім дүние болып шықты. Осының бәрі қыздың шыққан тегі нашар деп мәлімдеуге жеткілікті екен. Ұзын сөздің қысқасы, асыранды қызды есейіп, ес біліп қалған шағында қоярда-қоймай жүріп, қайтадан балалар үйіне өткізіп тындық. «Тындық» деген айтуға ғана оңай, ал шын мәнінде сол күннен бастап жанымызды жегідей жеген ар сотына түскен екенбіз. Жанарлары мөлдіреген қыздың бейкүнә бейнесі күндіз көз алдымыздан, түнде түсімізден кетпей қойды. Соны уайымдағаннан ба, аз айда азып шыға келдім. Оны көрші-көлең жетім қыздың назасы деп ұғып, онысыз да жүдеу жанымды ширықтыра түскен. Жолдасымнан да маза кеткенін сезіп жүрмін. Бәрін қойшы, кеше ғана гүлдей жайнап өсіп келе жатқан жалғыз қызымыз оңған шүберектей қуарып, көз алдымызда сола бастағаны жанымызға қатты батты. Уақыт деген ұлы емші ғой, жылдар өте бәрі ұмытылар деген үмітіміз де ақталмады. Бүгіндері отбасының берекесі кетіп, көңілсіз тіршіліктің көшіне амалсыз ілескен жандардай күй кешудеміз. Ақыры болмады. Қолмен жасағанды мойынмен көтерген абзал. Балалар үйіне барып, сұрастыра жүріп қызымыздың мектеп бітіргеннен кейін Астанаға кеткенін білдік. Енді міне, соны іздеп бара жатқан жайым бар. Бар айыбымды мойныма алып, кешірім сұрамақпын. Кешірсе алып қайтпақпын. Тым болмаса былайғы тағдырына септігімді тигізсем деймін...
Х Х Х
Купедегілердің ұйқы құшағына енгеніне біраз болған. Ала көлеңкеде кейуананың да ұйқыда немесе ояу екенін білу мүмкін емес. Поездың ырғақты үні мен баяу шайқатылуы бесік тербегендей әсер етіп, жаныңа бейжайлық сыйлайды. Бірақ, әлгінде естіген әңгіме көңіліме еніп алып, мені әлдебір әлемге сүңгітіп жіберген. Кірпік жұмулы болғанымен қиялмен сан-саққа шарлап, дөңбекши бердім. Көз алдыма екі мәрте жетім қалған бейкүнә қыздың сұлбасы көле береді. Бұл тағдыр дегенді танып-білу мүмкін емес-ау. Кей-кейде өзіңнің еркіңнен тыс беймәлім соқпақтарға салып жіберетіні бар. Әйтпесе кім тумай жатып жетім атанып, ата-ана қамқорлығынсыз қалғысы келеді дейсің?..
Жетімдік... Дұшпаныңа да тілемейтін мұндай қасірет қай заманда да болған. Әр кезеңде мұны әрқалай шешуге тырысқаны да ақиқат. Біз, «Ата-бабаларымыз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген тіркестерді жиі қайталаймыз-ғой. Алайда, шын мәнінде қалай еді, дөп басып айту қиын. Десе де әке-шешесінен айрылған баланы қараусыз қалдыру – сүйекке таңба салатын әрекетке тең болғаны ақиқат. Сондықтан ел ағалары оны ағайындарына теліп, әйтеуір қаңғытпаған. Шал-кемпірдің немерелерін бауырына басып алуы бүгінгі күні де жалғасып келеді. Ағайын арасы алыстап кетпесін деп, жақын туыстардың бір-біріне бала бергені көпке белгілі жағдай. Мұндай үрдіс бізде кешегі күнге дейін жалғасып келді емес пе. Балалар үйінде қаракөздер бірен-саран болмаса кездеспейтін. Ал, қазір біздің ағайындар балаларын жетімдер үйінде қалдыруда алдарына жан салар емес.
Поезда естіген әңгіме менің көңілімді қозғап, асыранды балалардың жай-күйі қандай екен деген сауалға жауап іздеуге жетелеген. Ең алдымен мені асыранды бала жаңа отбасынан орынын таба ала ма, әлде өгейлігін бірде болмаса бірде сездіреді ме деген сұрақ мазалаған. Ол үшін, әрине, бұл жайлы өзгелер не дейді екен деп ғаламторды ақтаруға кірістім. Қашанда шектен шыққан сорақылықтарды іздеп жазатын қаламдастарым Батыс Қазақстанның бір ауданында асыранды баланың өгей анасы мен оның кішкене қызын айуандықпен балталап өлтіргендігі жайлы ақпаратты жарыса жариялапты. Содан кейін жетімдер үйінен бала асырап алудың қыр-сырын баяндаған, ондай жағдайда ата-анаға кеңес беретін материалдар кездесті. Шет елдерге аттанған қазақ балаларының жай-күйі турасындағы дүниелер де баршылық. Ал, өзімізде асырап алған жеткіншектер мәселесі назарға іліге қоймағанға ұқсайды. Көзімізге Қазақстанда 37 мыңға жуық жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар бар екені, олардың 23 мыңнан астамы өз еліміздің азаматтарына асырауға берілгені жайлы да мағлұмат ілікті. Ал. 12925 бала патронаттық, әртүрлі балалар үйінде, медициналық мекемелерде тәрбиеленуде екен. Соңғы жылдары шет елдерден бала асырап алушылар қатарының азайып, өзімізде тілек білдірушілердің көбейгені көңілге қуаныш ұалатады. Тек 2011 жылы ғана 3 мыңнан астам сәби Отанымызда өз отбасын тапқан, бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда әлденеше есе көп. Тағы бір жан құлазытатын дерек: тастанды балалардың 80 пайызға жуығы ана құрсағында жатып СПИД, сифилис, жүрек және балалардың серебралды сал ауруларына шалдыққан. Ғаламтордан көңілім торығып шыққанымды жасырмаймын.
Содан кейін қазақтың «ұзынқұлағына» құрық салып көрдім. Бұл әрекетім әлдеқайда олжалы болғанын айта кетуім керек. Себебі, бала асырап алған оқиғалар айналамызда баршылық болып шықты.Тіпті, өзім танитын бірер отбасы кішкене кезінде алған сәбиді туған балаларындай етіп өсіргенінен хабардар болатынбыз. Баршамыз білетін қазақтың біртуар ұлы, қолөнер шебері, марқұм Дәркембай Шоқпарұлының өнегелі ісі өзгелерге үлгі блғандай. Ол, әкелері жастайынан тастап кетіп, өзі маскүнемдікке салынған орыс әйелінің екі ұлын бауырына басып, сүндеттеткеннен кейін Андрейге – Әбдірейім, Леонидке – Ілесбек деген есім берген екен. Оларды киер киім, ішер аспен қамтамасыз етіп қоймай, өзі өмірлік мұрат еткен өнерге де баулыған. Кейін, Дәркембай қайтыс болғанда екеуінің ботадай боздап: «Сорымыздың қалыңы-ай... енді ғана әке қамқорлығын сезіндік пе дегенде әкемізден айрылып қалдық-ау...» – деп дауыс салып жылағанда көңілдері босамаған жан қалмапты. Бүгіндері екеуі де өнер академиясының студенттері, екеуі де: «Біз міндетті түрде қазақ қыздарына үйленеміз!»– дейтін көрінеді.
Х Х Х
Біз қазақпыз ғой. Біздің өзімізге ғана тән менталитетіміз, қалыптасқан түсінігіміз, ар-ұят жайлы өзіміздің көзқарасымыз бар. Бедеулік, белсіздік деген дертіміз болса жұртқа жария етпеуге, лажы болса жасырын ұстауға тырысамыз. Сондықтан келіншектеріміз бала асырап алу үшін алдымен жұрт көзіне «жүкті» болып көрініп, кейіннен жаңа туған сәбиді алуға әрекет жасайды. Ересек балаларды асырауға деген сұраныстың аздығын да осымен түсіндіруге болады.
– Жыл өткен сайын тұлдырлық тауқыметіне ұшыраған жандардың жасы жасарып келе жатқаны байқалады,– дейді «Айналайын» балалар үйінің директоры Жамал Баймолдиева.– Оны бала асырап алуға ниет етіп келетін адамдардан-ақ аңғаруға болады. Көпшілігі жаңа туған сәбиді алғысы келеді. Өкінішке орай, бізде негізінен есейген балалар тәрбиеленеді. Сонымен бірге, сәбилерін перзентханаға қалдыратын қыздар олардан біржолата бас тартпайтын болған. Көпшілігі «Кейін жағдай өзгергенде келіп аламыз...» дейтінді шығарыпты. Бұл өз кезегінде, шақалақты басқа отбасына беруге заңдық тұрғыдан кедергі келтіреді. Осылай жүргенде бала есейіп кетеді де, асырап алуға ниеттілердің қатары азая береді.
Бала асырап алу кезінде оның алғышарты іспеттес, бірінші кезекке қойылатын бір мәселе бар. Ол – сәбидің тегіне қатысты. Тірлікте түрлі жағдайлар кездеседі дегенімізбен, «Ата-анасы жақсы болса өзегін жарып шыққан шаранасынан неге бас тартады?!»– деген сауал әркімді де мазалайтыны жасырын емес. Сондықтан баланың онекі мүшесі сау болса да «осының ар жағында бір шикілік бар-ау...кейіннен тегіне тартып тентек болып шықпайды ма?...»– деген сыңайдағы қауіп менмұндалайды. Бұл жайлы ғылым не айтады деп тағы да ғаламторға жүгініп едік, жарытып жауап ала алмадық. Екіұдай пікір, екіұшты тұжырым. Бірде «Тек түбінде бір көрініс табады...» –десе, енді бірі «Бәрі тәрбиеге байланысты» – деген ұстанымды жақтайды. Қазақ атамыздың ғасырлар бойы түйгені де кесімді жауап бермеді. Бірде:
Қанша малды болса да,
Бай қуанар егізге.
Жақсыдан жаман туса да,
Жаманнан жақсы туса да,
Тартпай қоймас негізге!– деп тектің тегеурінділігін бір түйіп тастаса, енді бірде:
Жақсыдан жаман туады,
Іске салса алғысыз.
Жаманнан жақсы туады,
Адам айтса нанғысыз.– деп алғашқы пікірді жоққа шығарады. Алмастай өткір Сырымды танып, оның Даттың ұлы екенін білгенде бір би:
– Әкең Дат болса қой аузынан шөп алмас жуас неме еді, сен қайдан шыққан баласың?!– депті деген тәмсіл бар. Сонда Сырым тұрып:
–Даттың 12 ұлы бар. Бір құшақ отыннан бір жебелік таяқ шықпай ма?– деп жауап қайтарған екен. Данышпан Абай: «Егер мен закон-қуаты қолымда бар адам болсам, адамның мінезі өзгермейді деген жанның тілін кесер едім!» –деді емес пе?
Жамал Қасымбекқызы бұл жолы өзінің көп жылдық тәжірибесіне сүйене отырып былай дейді: «Негізінен қыз баланың мінезі анасына тартып туатынын жоққа шығаруға болмайды. Алайда бұл тұрақты тенденция емес. Бізге келіп түсіп жататын кейбір жеткіншектердің мінездемесін оқығанда төбе шашың тік тұрады. Кейін онымен жұмыс жасай келе тіпті де олай емес екеніне көз жеткіземіз. Жасөспірім көбінесе өзіне қатысты әділетсіздікке қарсылық ретінде жаман әрекеттерге барады. Ал шындап келгенде мың баланың біреуі ғана тәрбиеге көнбеуі мүмкін». Осылардың бәрін саралай келгенде, бала асырап алған кезде оның шыққан тегін тексеріп әуре –сарсаңға түсу қажет емес-ау деген тұжырымға тоқтадым. Жас сәби де жаңа отырғызылған балғын көшет сияқты, қалай бұрсаң солай қарап өседі. Түптеп келгенде бәрі де өзің берген тәрбиең мен көрсеткен өнегеңе байланысты».
Бала асырап алу мәселесіне келгенде қоғамды алаңдататын тағы бір жай бар. Ол – асыранды бала жаңа отбасына опалы болады ма, әлде түптің түбінде өгейлігін аңғартады ма деген күптілік. Әлгінде анасы мен қарындасын балталап өлтірген бала туралы айттық. Кейіннен жауап алғанда ол: «Анам маған үй шаруасына көмектеспейсің деп ұрса берді...» – деген екен. Ал мұндай айуандыққа туған балаларының да баратынын көріп жүрген жоқпыз ба? Керісінше, асырап алған ұл-қызын құтты орындарына қондырып, солардан өрбіген немере-шөберелерін шұбатып, шат-шадыман тірлік кешіп жатқан шаңырақ қаншама. Жамал апай айтады: «Бәрі де отбасындағы моральдық ахуалға, балаға деген сүйіспеншілікке байланысты. Бірде өз анасы келіп бір тәрбиеленушімізді алып кетті. Біз бұған, әрине, қуандық. Кейіннен кездескенде бала қатты қиналып жүргенін жеткізген. Себебі, өз үйіндегі жағдай, анасының махаббаты мұндағы тәрбиешілердің қамқорлығына жетпеген көрінеді. «Анам қатал әрі қатыгез екен» – дейтін ол. Тараз қаласынан келген бір ерлі-зайыпты адамдар біздегі сүйкімді әрі алғыр бір баламызды асырап алған. Аз уақыт өткеннен кейін әлгілер: «Тәрбиеге көнбеді... бұзық» – деп, оны қайтадан әкеліп өткізіп кетті. Балаға: «Сен жақсы азамат едің ғой, неге тәртіпсіздік жасадың?» дегенімізде: «Өгей әке-шешемнің мінездері жайсыз, түсініктері маған жат болды. Содан кейін кері қайту үшін әдейі тентектік жасадым» – деген еді. Жалпы, бала асырап алған отбасыларының жеткіншекті кері қайтаруы сирек те болса кездесіп тұратын жай».
Осы тақырыпты қозғағанда айналып кетуге болмайтын бір түйткіл тағы бар. Яғни, балаға оны асырап алғаныңды айту керек пе, жоқ па?! Біз болсақ, әрине, білдірмей-ақ қойғанды жөн көреміз. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, ерте ме, кеш пе бала бәрібір тумағанын біліп қояды. Оны жеткізетін «жанашыр» адам әйтеуір табылады. Сондықтан, өзгеден естіп, қайғы жұтқаннан гөрі ата-анасының өзі айтқаны жеңіл қабылданады дейді мамандар. Бұған баланың есі кіріп, оңы мен солын тани бастаған тұсы оңтайлы көрінеді. Мұндайда сөз құдіретінің көмегіне жүгіну керек. «Сен біздің туған баламыз емессің!» – деп аспаннан түскендей қылмай, бейнелі сөздермен, оны жақсы көретініңді жеткізе отырып, реті келсе араға уақыт жүгіртіп барып жеткізген жөн. Сонда өзінің өгей бала екенін есейгенде білгенде толқыныстардан ада болады. Ал ата-ана асыранды балаға барлық махаббатын бере алса, ол өзін бөтен сезінбей өседі екен. Мұндай тәжірибе шет елдерде бұрыннан жүзеге асырылып келе жатқанын жұртшылық жақсы білсе керек.
P.S. Пойыз купесінде жанарын мұң торлаған кейуананың күрсіне отырып айтқан әңгімесі мені осы жолдарды жазуға мәжбүр еткен. Тақырыпты зерделей келе, тегі жаман, тәрбиеге көнбейтін бала деген ұғымның негізі жоқ екенін ұққандай болдым. Тумай жатып тағдырдың теперішіне ұшырағаны үшін сәби кінәлі емес. Ал оның былайғы өмірінің қалай қалыптасатыны үлкендердің қолында. Тек, жанымыздың жылуы сарқылмағай...
Қуат Қайранбаев. «Жетісу» газеті