Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Билік 6493 0 пікір 29 Сәуір, 2014 сағат 15:10

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОЛ – РЕСЕЙГЕ ҮЛГІ

Еліміздің ХХІ ғасыр ортасына дейінгі басты даму бағдарламасының қабылданғанына бір жарым жылға жуықтады.

Осы орайда отандық және шетелдік саясаттанушылар, «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асырудың алғашқы қорытындылары мен өзекті проблемаларын тал­дай келе, «жалпыұлттық жаңғырудың бастапқы кезеңінің табыстылығын және қоғамның үдемелі дамуы үшін жасалып жатқан қадамдардың тиімділігін» атап көрсетеді. «Назарбаев университетінде» өткен, «Қазақстан – 2050»: алғашқы қорытындылары және өзекті проблемалары» тақырыбын арқау еткен Қазақстан саясаттанушыларының конгресіне қатысушылар осындай қарар қабылдады.

Конгресте Президент әкімшілігі бас­шы­­сы­ның орынбасары Бағлан Майлыбаев арнайы сөз сөй­леді:

 – Мемлекет басшысы атап көрсетке­нін­­дей, «Қазақстан – 2050» стратегиясы адамдардың күн­де­лікті өмірдегі мәселе­ле­рін шешуге мүмкін­дік бе­реді, – деді Бағлан Асаубайұлы. – Бұл – «Назарбаев мо­делін» іске асырудың жаңа кезеңі. Бұл – таяудағы 36 жылға арналған басты саяси міндет, оның айна­ласына бүкіл халық топтасып отыр. Жаңа саяси ба­ғыт болашағымыздың дамуы қалай жүреді, басқа­ша айтқанда, ғаламдық үрдістерді есепке алғанда, Қа­зақ­стан және қазақстандықтар қалай дамиды деген сұраққа жауап береді.

Оның байламынша, бұл стратегия – «Қазақ­стан мен оның халқының ХХІ ға­сыр­дың тере­ңіне жаңа, ортақ көзқарасы». «Бұл – біздің ор­тақ болашағымыздың фор­сайт-жобасы. Ол экономиканы кең ауқым­ды жаңғыртудың бар­лық міндеттерін және қазақстандықтардың әлеуметтік өмірінің барлық қырларын қисынды түрде бірікті­реді. «2050 стратегиясы» Қазақстан­ның ықпалдастық үдерістеріне, ең алдымен, еура­зия­лық ықпалдастыққа қатысуының маңыздылы­ғын да нықтайды. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу – Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік» деді Б.Майлыбаев.

«Назарбаев университетінің» прези­денті Шигео Катсудың айтуынша, «Қазақ­стан – 2050» стратегиясы «ғаламат жоба», «бірақ онда қойылған мақсаттарға қол жет­кізуге болады».

 – Біздің «Назарбаев университетiн», Ұлттық сараптамалық орталығымен және халықаралық тәуелсіз сарапшылармен тізе қоса отырып, бір топ зерттеулер жүргізу жүк­­телді, – дейді Шигео Катсу. – Ондағы мақсат – «Қазақстан – 2050» стратегиясын орындауға қолдау көрсету. Алдағы аптада, Астанада Азия даму банкінің жыл сайынғы отырысы аясында осы зерттеулердің нәти­желеріне арналған кітаптың тұсауы кесі­леді. Қазақстанның өткен тарихтағы және ал­дағы келешектегі табысты дамуының бір­­неше факторы бар. Соның басты бірі – мемлекеттің сауатты басқарылуы, қуатты көшбасшылық. Қазақстан өте маңызды салаларда модернизациялау реформаларын жүзеге асырудың жақсы мүмкіндігіне ие.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму жә­не ғылым комитетінің төрағасы, саяси ғы­лымдар докторы Ақан Бижановтың байла­мынша, стратегия – 2050 жылға дейін­гі «Қазақстандық жол» болып та­былады.

– Осы бағдарламалық құжаттағы қазақ­стандық социумның құндылықтық бағдар­ларына айналған даму мақсаттары мен қа­ғи­даттары еліміздің ХХІ ғасыр жағ­дайында, экономикалық және әлеуметтік өрлеу жо­лында табысты ілгерілеуінің берік негізін қалады. Елдің ұзақ жылдардағы дамуын жоспарлауға мүмкіндік беретін мұндай стра­­тегиялық бағдарламаларды жасау – тек күшті, өз болашағына сенімді, қалыптасқан мемлекеттердің ғана еншісі болып табы­лады. Олардың қатарына біздің республика да жатады. Стратегияны жүзеге асыру бас­тал­ғаннан бері бір жарым жылға жуықтады. Оның алғашқы қорытын­ды­ла­рына жүргі­зілген талдау еліміздің Елбасы қойған мін­дет­терді орындауда жақсы қарқын алғанды­ғын көрсетеді, – деді А.Бижанов.

 – Бір сөзбен айтқанда, стратегияның басты мақсаттарына – әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына кіруге және халқымыздың әл-ауқаты мен әлеуметтік қауіпсіздігін қам­­­тамасыз етуге қол жеткізу үшін ныса­налы жұмыс жүргізілуде. Бұған депутаттық кор­пус өз үлесін қосуда, – дейді Ақан Бижанов.

– Өзінің биылғы Жолдауында Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырудың нақты жоспарлары мен бағыт-бағдарын айқындады, – дейді Мәжіліс де­путаты Қамал Бұрханов. – Мәселен, 2050 жылға дейінгі мерзім 7 «бесжылдыққа» бөлінді. Оның әрқайсысының нақты-нақ­ты орындалатын шаралары, белгіленетін мақ­­сат-межелері болады. Оларды жүзеге асы­руға Парламент, барлық Үкімет мү­ше­лері, әкімдер, партия мен қоғам өкілдері жұ­мылдырылуда. Қазақстан Көшбасшысы өз Жолдауында жалпыұлттық идеяны – Мәң­гілік ел болуды ұсынды. Бұл ретте Мәң­­гілік елдің теориялық, тарихи, фи­лосо­фиялық, саяси негіздері түзілуде. Бұл біздің мемлекеттік идеологияның тұғыры болады.

Ресей Федерациясы Ұлт­тық стратегия институтының халықара­лық жобалар жө­нін­дегі директоры Юрий Соло­зобов «Қа­зақстан – 2050» стратегиясын әлем­дегі тең­­дессіз, бірегей құжат деп са­найды екен және оның негізінде жаңа Еуразиялық одақ­тың даму бағдарламасын түзуді қол­дайды:

 – Онда Нұрсұлтан Назарбаев елдің ал­дағы онжылдықтардағы ұзақмерзімді бағ­дарын белгіледі. Шынын айтқанда, бұл – ғасыр ортасына дейінгі іс-қимыл бағ­дарламасын ел мен әлемге жария түрде ұсы­нудың жалғыз үлгісі болып табылады. Оны қазақстандықтардың, саясаткерлердің екі-үш ұрпағы жүзеге асырады. Бұл құжат со­нымен бірге халықтың сенімін сақтап қалу үшін де керек. Посткеңестік кеңістік та­рихында тұңғыш рет ел Президенті мем­ле­кеттің осынша ұзақ мерзімдегі даму кон­турларын жұртшылық алдында талқыға сал­ды. «Қазақстан – 2050» перспективасы бізді, ресейлік саясаттанушыларды да таң­ғалдырады. Мен экономистеріміздің бе­делді форумында болдым, сонда осы құжат негізінде алдағы Еуразиялық одақтың ХХІ ғасыр ортасына дейінгі даму жоспарын әзір­леуге тілек білдірілді. 

Оның айтуынша, қазақстандық жол Ресейде де үлгі ретінде қарастырылады: «Нұрсұлтан Назарбаев – Еуразия құрлы­ғын­дағы көшбасшылардың бірі. Қазақстан Прези­дентінің сөздері жиі цитатаға алына­ды, ал қазақстандық бастама-жобалар, сая­си және экономикалық модельдері үлгі ре­тін­де қа­ралады» деген Ю.Солозобов мұның жалаң сөз еместігін нықтайды.

 – Мысалы, кезінде Назарбаев бекіткен ел Сенатын қалыптастыру моделі негізінде қазір Ресей Жоғарғы палатаны – Феде­ралдық жиынды қалыптастыру бойынша жаңа заң жобасын әзірлеуде. Қазақстанда сенаторлардың жартысы сайланады, тағы бір жартысын Мемлекет басшысы та­ға­йындайды. Жаңа заң жобасы бойынша біздің сенаторлардың бір бөлігі сайланбалы болады, тағы 18 сенатор президенттік кво­та­­мен тағайындалады. Әбден пысықталған, уақыт сынынан өткен модельді Ресейдің Қа­зақстаннан көшіруінің мұндай мысал­дары жетеді, – дейді ол. 

Мәселен, «РФ Федералдық миграция­лық қызметі қазақстандық көші-қон мо­делін тиімді үлгі ретінде қарастыруда»: «Ол өзін-өзі ақтамаған қолданыстағы жүйені алмастырады. Нұрсұлтан Назарбаевтың, қазақстандық ғалымдардың көптеген идея­лары ресейлік және басқа мемле­кеттердің даму жоспарларына кіріктірілуде. Өйткені Қазақстаннан үйрену ұят емес. Себебі қа­зақ­тар Тәуелсіздігінің алғашқы күнде­рінен бастап, стратегиялық жоспарлаумен өте көп шұғылданды. Және жоспарларды әзір­леп қана қоймай, оны табысты жүзеге асыруда» дейді РФ Ұлттық стратегия инсти­тутының басшысы Юрий Солозобов.

Айхан Шәріп

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969