СОВЕТ ОДАҒЫ... БҰЛ МҮМКІН ЕМЕС!
Кеше Мәскеуде, Ломоносов атындағы университетте дәріс оқыған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Совет Одағын қайта оралтып, қалпына келтірудің мүмкін еместігіне тоқталды.
«Біздің қарым-қатынасымыздың тығыздығына қарап, әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақ құруымызға байланысты сарапшылар мен саясаткерлер «Совет Одағы қайтадан құрылып жатыр» деп әлемді үрейлендіре сөйлейді. Совет Одағы туралы мифтік реинкранация (оралу, туу. -ред) біздің азаматтарымыздың да бойында бар. Бұндай түсінік шындықтан алыс әм тамырсыз», - деді ҚР Президенті.
«Совет Одағының қайтып келмесінің үш себебі мынада, - деп сөзін жалғастырды Нұрсұлтан Әбішұлы. – Біріншіден, Совет Одағының келбетін бейнелейтін реинкранацияға орай институттық база жоқ, бәрі түбегейлі түрде, біржола тарихқа айналды. Екіншіден, бұрынғы совет халқы қазір өзінің меншікті мемлекетінде, өзіне тән салт-дәстүрдің аясында өмір сүруде. Үшіншіден, қазіргі меншіктік жүйе, әлеуметтік құрылым мен экономикалық қалып советтік архаикадан алысқа кетіп үлгерді».
Президент, дәріс оқу барысында сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың жайына тоқталып, ойын ашық айтты.
«Сөздің ашығына жүгінейін, мен аталған экономикалық одақ турасында жағымсыз пікірлерді көп естіп жүрмін. Бұл бір есептен Еуразиялық экономикалық одақ өзге де ірі экономикалық қауымдастықтарға күшті бәсекелес болады дегенді білдірсе керек. Және осы уақытқа дейін кең ауқымда қалыптасқан біржақты бәсекелестік енді біздің жаңа интеграциялық бірлігіміздің айналасына топтаса алатындығына айғақ», - деді Назарбаев.
Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі, Ресеймен арадағы бұдан өзгеде барыс-келіс пен аралас-құраластықтың түрлері қазақ халқын ойландырып отырғаны анық. Оның үстіне ресми Мәскеудің өзіне етене жақын украина халқының ішікі ісіне араласуы, Жириновский, Лимонов дейтін керауыз саясаткерлердің қазақ жеріне көз тігіп, көстеңдеп сөйлеуі ой үстіне ой жамап отырғаны да шындық. Алайда, бітімгерлік саясат ұстанатын қазақ президенті екі тарапты да экономикалық одақтың келешегіне сендіріп бағуда. Бүгінгі экономикалық одақтар кешегі Советтік Одақ еместігін Нұрсұлтан Әбішұлы көптен бері айтып жүр. Осы ретте де сол сөзін қадап айтты. «Совет Одағы... Бұл мүмкін емес», - деді ол.
Abai.kz