Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 7404 0 пікір 24 Сәуір, 2014 сағат 11:17

АЛДАН СМАЙЫЛҒА АШЫҚ ХАТ

ҚР Парламенті депутаты 

Алдан Смайыл мырзаға

Ашық хат

 

Құрметті Алдан Смайыл мырза!

Әлеуметтік желілердің бірінде Сіз 12 жылдық білім беру жүйесіне орай өткізілген жиында мектеп оқушыларының 3 тілді меңгеруіне байланысты айтқан сөзіңізде: «Ағылшын тілін тек 3-сыныптан бастап енгізу керек. Әлемдік қауымдастықта да осындай жолға қойылған. Жапонияда шет тілдерін оқыту 6-сыныптан басталады. Ал сіздер 3 тіл оқыту керек дегенді қайдан алдыңыздар? 6 жасар бала 3 тілді меңгеріп алады деген қорытындыны кім берді? Көптеген отбасыларда балалар тұрмақ, ата-аналар өз ана тілдерін білмейді. Сол себепті де қазақ тілі 1-сыныптан бастап оқытылуы керек. Және ол әдебиет пәнінен бөлек өтуі тиіс. Салыстырмалы түрде айталық, орыс және ағылшын тілдеріне бөлінген сағаттар қазақ тілі мен әдебиетіне қарағанда бірнеше есе көп. Мұндай жағдайдан кейін бастауыш мектебін бітірген оқушы ана тіліне қарағанда ағылшын тілін жетік меңгеріп шықпай ма?!» - депсіз.

Айтуыңыз орынды-ақ. Бір өкініштісі бұл идея әу бастан елбасының бастамасынан туындады. Осыдан бірер жыл бұрын осы мәселе көтерілген кезде қазақстандық қоғамдық пікірдің басым бөлігі «үш тұғырлы тіл» деген саясатқа қарсы болды. Мұны елеген парламент болды ма? Сіз де сол парламент мүшесі едіңіз. Сол кезде бұл бастаманың бұрыстығын айтып, қарсылық білдірсеңіз қайда қалдыңыз. Бірақ, Әлі де кеш емес. Қатені жібергеннен сол қатені түземеген жаман, егер Сіз мұны Парламент деңгейінде қайта көтеріп, әріптестерінізге жеткізіп, түзеуге кірісер болсаңыз халық қолдауға дайын. Сізге қару болсын, ендеше, «үш тұғырлы тіл» деген саясаттың бұрыстығын түсінідіріп көрейік:

Мемлекетімізде тек қана «қазақ» және «орыс» тілдері мемлекеттік, екіншісі ресми қатынас тілі ретінде жүреді. Өз кезегінде заңға сәйкес қос тілге республикалық бюджеттен тиесілі қаржыландыру қарасытырылған. Себебі, «ҚР-сының Тіл туралы Заңы» бойынша (4-бап) республикамыздың орта мектептері тек қана екі тілде қазақ және орыс тілдерінде оқытуға бағытталған. Аталмыш заңның 5; 8 бабында «мемлекеттік ұйымдарда (орта мектептер мемлекеттік мекемелер санатына жатады) және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылатыны анық көрсетілген. Құп делік. Олай болса  Ғылым және Білім Министрлігінің мектептегі реформа деген желеумен «орта мектептерге» күштеп кіргізіп жатырған «Үш тұғырлы тіл» реформасының қате бағдарлама екенін және «Ата Заңдағы» (7-бап), «Тіл туралы Заңымыздағы» (4;5;7-бап) қарапайым заң талаптарының бұрмаланып жатырғанын неге ескермейсіздер? «Ата Заңымызда» жоқ қайдағы бір ағылшын тілін мектеп программасына енгізіп, сағат бөлуге, оған мемлекет қаражатын шығындауға мүлдем болмайды. Демек, «ағылшынға» деп бюджеттен бөлінген қаржы да заңнан тыс болып табылады. Ал, заңсыздық жолымен мақсатсыз шығындалған әрбір мол ақшаның, тиынның артында «сыбайластық» пен «жемқорлық» жүретінін Сіз бізден де жақсы білуіңіз керек.

Осы жерде екінші бір жақ тарапынан: «ақылы оқытуға қазіргі нарық заманында қарапайым ата-аналардың қаржылық мүмкіндігі жоқ, неліктен тегін оқытуға жағдай жасап отырған орта мектеп реформасына қарасы боламыз» - деуші сұрақ та туындауы әбден мүмкін. Жауап біреу:  көпшілік «үш тұғырлы тілдің» - бұрыстығын айтқанда мемлекеттің орта мектеп бағдарламасына кіргізетіндей Ата Заңымызда «ағылшын тілі» туралы баптардың жоғына ғана сүйеніп отыр. Себебі, ағылшын тілін бала-бақшадан бастап орта мектеп бағдарламасына міндеттеп оқытуды енгізу Ата Заңымызда жазылмаған. Тағы да қайталап айтамын: ҚР-сының «Тіл туралы Заңында» да ағылшын тілін мемлекеттік тілдің бірі ретінде оқу бағдарламасына кіргізу міндеттелмеген. Жоқ, олай емес, мектептен бастап оқытуды бастауымыз қажет десек, онда «Конституцияға», «Тіл туралы Заңға» үшінші тіл етіп ағылшын тілін жазуымыз керек емеспе. Ал біздің заңда ондай бап жоқ. Ендеше заңды неге бұрмалаймыз? Заңдылықтың бұлжытпай орындалуын бірінші кезекте қадағалайтын заң шығраушы орган парламент депутаттары қайда қарап отыр?

Біз мұны айтқанда ағылшын тілі (және өзге де шет тілдері) мүлдем оқытылмауы тиіс демейміз. Егер оқытылуы қажет болса, онда «ағылшын тілі» әркімнің қызмет бабы қажеттілігіне қарай, еріктілік түрде, тек қана ақылы арнаулы шет тілдері мектептерінде ғана үйретілуі тиіс. Себебі, барлық өркениетті европа, мемлекеттерінде, алты құрылықтың барлығында шет тілін үйрету - мемлекеттік орта мектептен тыс, тек қана арнайы ашылған дербес, «ақылы жеке мектептерде» жүреді. Алысқа бармай-ақ кеше ғана өзімізбен бірге болған поскеңестік республикалардың барлығында бұл мәселе тап осылай шешілген. Өйткені ол елдердің барлығында елдің Конституциясы, тіл туралы заң баптары осыны талап етеді. Және олар мұны бұлжытпай орындап келеді.

Құрметті Алдан Смайыл мырза!

Заңның орындалуын және құқықтық жағынан қатаң қорғалуын қамтамасыз ету кез келген мемлекеттік мекемелерде, соның ішінде заң шығарушы орган Парламентте бәрінен жоғары тұруы тиіс. Ол заңды бекіткен де өздеріңізсіздер. Мемлекеттік мекемелердің бірі болып саналатын Қазақстанның орта мектептерінде ағылшын тілін оқытуды енгізу – құзырлы органдар тарапынан ҚР-сы Конституциясы талаптарын мойындамау, «Тіл туралы Заңды» өрескел бұзу болып табылады. Ағылшын тілін орта мектептерде «міндеттеп оқыту» заңнан тыс. Сол себепті де Ғылым және Білім Министрлігінің ұсынып отырған «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасының ҚР-сының «Тіл туралы Заңына» және «ҚР-сы Конституциясы» талаптарына томпақтығын (біздіңше бұрыстығын) сараптамадан өткізу, мұның заңға қайшы әрекет екенін дәлелдеу Парламент депутаты ретінде Сіздің және әріптестеріңіздің міндеті демекпін. Кез келген құқық бұзушылық белгілері бар әрекет әкімшілік, қылмыстық жауаптылықтың негізі болып табылады. Парламент депутаты ретінде жеке адамның да, заңды тұлғаның да құқыққа қарсы «біліп» не «білмей» барған кінәлы қандайма «іс-әрекеті» немесе «әректсіздігі» құқық бұзушылыққа жатады және жауаптылықтан босатпайды.

Осы жайларды жария ете отырып, Сізден ҚР-сының «Тіл туралы заңдары талаптарын бұзғаны үшін жауаптылыққа» келтіретін 5-тараудың 24-бабына сүйене отырып, «Конституциялық кеңес» алқасы алдында еліміздің орта мектептері бағдарламасына кірген «үш тұғырлы тіл» реформасының Ата Заңымыздағы 7-бап және ҚР-сы «Тіл туралы Заңында» көрсетілген 4-ші; 5-ші; 7-ші бап; 2-тарау 8-ші; 9-шы; 4-тарау 21-ші баптарына (11.07.1997 №151-1 ҚР-ың Заңы) қаншалықты заңнан тыс екенін сараптамадан өткізіп, бұған өз бағасын беруді, «үш тұғырлы тіл» бағдарламасының жарамсыз деп танылуына, күшін жойуға ықпал етуіңізді сұраймын. Игі істе депутат әріптестеріңіз де Сізді қолдайды ғой деп үміттенемін. Іске сәт тілеймін.

Құрметпен Нұрлыбай Қошаманұлы.

Ақтөбе қаласы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364