Амангелді АЙТАЛЫ. Ұлт деген ұлы ынтымақтастық
Қазақстандық моделді демократиялық келісім моделі деуге болады. Тәуелсіздік алған тұста халықтардың басым көпшілігінің санасында Ресей территориясының жалғасы ретінде қабылданған Қазақстан бүгін әлемге белгілі дербес мемлекет болып танылды, Қазақстан халқы деген қауымдастықтың іргетасы қаланды. Дегенмен, қазақстандық келісімнің негізі — қазақстандық азаматтықты қабылдау әртүрлі жағдайларға байланысты еді, жекебастың іштей таңдауымен қатар, амалсыздан Қазақстанда тұрғандықтан, тарихи отанына оралуға мүмкіндік болмағандықтан қазақстандық болғандар да бар. Сондықтан азаматтықты таңдау мен адамдардың ішкі көңілі үйлесе бермейді. Кеңестік менталитеттен арылып, Қазақстан азаматына айналу терең психологиялық бетбұрыс, ол бүгін-ертең өзгере қоятын қадам емес, сондықтан біздегі келісімнің әртүрлі деңгейлері бар.
1. Немқұрайды, селқос келісім. Бұл келісім — ұлттық мүдделерге парықсыздықпен қарауды, талғаусыздықты, кеңестік идеологияның ұлтқа жоғарыдан, селқостықпен жүргізген саясатын жалғастырады, өз ұлтының тағдырына бей-жай қарайды. «Әйтеуір тыныштық болса – болды», – деушілер.
2. Мүсіркеушілік келісім. Ұлттық мүдделерге түсінікпен қараған болады, қолдаған сыңай танытады. «Қайтсін, қазақтар да ел боламыз деп жатыр ғой» — дейтіндер.
3. Көнгіш, жалтақ келісім. Бұл — ұлттық альтруизм, бір ұлтты екінші ұлтқа икемдеу. Мысалы, қазақтардың орыс тілін білуі түсінікті, заңды, ал басқа ұлттарға қазақ тілін меңгерту талабы олардың құқын бұзу деп есептеледі. Сондықтан біз келісу деп басқаның қас-қабағына қарауды ережеге айналдырғанбыз.
4. Демократиялық келісім. Өзіңді-өзің сыйлау, өзгеге де сыйлату, өзгені де сыйлау. Бұл — ұстараның жүзінде тұрғандай, қиындықтары мол, бірақ ең әділ келісім. Қазақстан халқы бүгін осы келісімге бейімделуде.
Әлемдік тәжірибеде шынайы келісімнің негіздері мыналар:
тамыры терең ортақ тарих;
ортақ тіл;
бірлесудің, сыйласудың негізіне айналған ортақ саяси, экономикалық, құқықтық мәдениет;
ортақ мақтаныш, намыс, елдің тағдырына ортақтасу.
Қазақстандық патриотизмнің де нық негізі, іргетасы осында. Бұл құндылықтар диаспоралардың ұлттық мүдделерін сақтауға кепіл бола алады. Оған қол жеткізу, өзара келісімге, ықыласқа, шынайы ниетке байланысты, оған уақыт та керек.
Бүгінде Бельгия, Канада, Уругвай, Нигерия және басқа да елдер ұлтаралық келісімге жарым-жартылай қол жеткізсе, Малайзияда демократиялық модель 1969 жылы малайлықтардың елде сан жағынан аздығына байланысты сәтсіздікке ұшырап, кейін қол жеткізе бастады. Біржола алаңсыз келісім орнатқан мемлекет жоқ. Қазақстанның да ұлтаралық тұрақты келісімді нығайтуы бірқатар іргелі істерді талап етіп отыр.
Ұлтаралық қақтығыстарға қайшылықтар да тән.
Қайшылықтар ұлт табиғатына тән, себебі «біз» бен «олар», «өзіміз» бен «өзгелер», «бөтендер» — ұлт психологиясына тән қайшылықтар. Оның үстіне біз — күрделі, тарихи қайшылыққа толы елдің мұрагеріміз. Орыс тілі, мысалы, бір жағынан, қазақтарды әлемдік ғылым мен мәдениет жетістіктеріне жеткізсе, екінші жағынан, оларды ана тілінен алыстатты, оқшауландырды. Тың және тыңайған жерлерді игеру, бір жағынан, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешсе, екінші жағынан, қазақтарды өз елінде аз ұлтқа айналдырып, тілдік ортаны ыдыратты. Осы және басқа қайшылықтарды күнделікті санада ақыл-парасат таразысына салып саралаудан гөрі біржақты түсіну орын алады.
Сондықтан ұлтаралық қатынастар талассыз, тартыссыз дамиды деу – утопия. Бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстанда ұлтаралық қайшылықтар жоқ және болмайды» деп кесіп айтып жатады. Шындығында, ұлтаралық қатынастар ахуалы қоғамдық қатынастардан туындап, әртүрлі қайшылықтардың пайда болуына, олардың шиеленісуіне де, шешілуіне де негіз болады.
Ұлтаралық келісімге сыртқы көші-қонның ықпалы зор. Сұрапыл көші-қон тасқыны демократияны, мемлекеттілікті, этномәдени құндылықтарды мойындамайтын факторларға айналып барады. Ол ұлттарды бір қазанда қайнатып, жаңа, бұрын-соңды болмаған нәсілге, этностарға, суперэтностарға айналдырады деген болжамдар бар. Оны орыс тілінде «теория диффузии расс и этносов» дейді. Испан тілді қоныс аударушылардан сескенген АҚШ бүгін мемлекеттік тіл туралы мәселе көтеріп, өз тілін қорғай бастады. Арабтар жайлаған Еуропада бара-бара еуропалық халифат болады деп үрейленушілер көбейді. Көші-қон мәселесінде либералды-демократиялық көзқарас елге қауіп төңдіретін жағдайға жетті. Қазақстанға да қоныс аударушылардың (өз тарихи отанына оралған қазақтардан басқа) саны жылдан-жылға көбеюде. Кешегі босқын, бүгінгі қонақ ертең азаматтығын алып, өз мүддесін қорғайды, көбейе келе қорқытады да. Лек-легімен келіп жатқан қоныс аударушылар еліміздегі ұлтаралық қатынастарды одан әрі күрделендіреді. Олардың арасында қылмысты адамдар, алаяқтар, отбасынан безгендер көптеп кездеседі.
Ұлтаралық қайшылықтар бірте-бірте қақтығыстарға ұласуы да мүмкін. Соңғы жылдары еліміздің кейбір аймақтарында дау-дамайлар орын алды. Оларды тұрмыстық талас-тартыстарға қарай ойыстыра бердік, бұзақылықтың салдарымен түсіндірдік, бұл — дұрыс та. Бірақ бұл жерде ұлттық психологияны ескеру жөн: ұлттың бір адамын қорлау, зәбірлеу бүкіл ұлттың намысына тиеді. Сондықтан ұлтаралық жанжалдарды ормандағы өртпен теңейді. Жел тұрса, ол өрт бүкіл орманды шарпиды. Егер жанжалға қатысушылар екі ұлт өкілі болса, оның жаңғырығы сол ұлттардың арасына тарап, ұлттық намысты қоздырады. Шағын елді мекендегі оқиға бүкіл елді алаңдатады. Онымен қоймай, диаспоралардың шетелдегі тарихи отанына ауысады. Қазақстандағы кейбір жанжалдардың дүмпуі Түркия, Шешенстанға жеткені белгілі. Дау-дамайларды саясаттандыру да, саяси әдептілікті сақтап, шындықты жасыра беру де пайда бермейді. Қақтығыс шағын ортада болса да, ымыраға келмейтін қайшылықтардың бар екендігінен, сол өңірдегі ұлтаралық қатынастардың осал тұстарынан хабардар етіп тұрғанына мән берілуі тиіс. Ұлтаралық жанжалдарға бейім аймақтарда алдын ала этносаяси мониторинг жүргізіліп отырса, артық болмас еді. Қылмыстық топтар, діни бірлестіктер, ұлттық мәдени орталықтар мен саяси ұйымдардың ықпалын қадағалап, этностық топтардың саны мен демографиялық ахуалы, әлеуметтік жағдайын да есепке алу жөн. Бір сөзбен айтқанда, сол елді мекеннің, ауданның дау-дамайға бейімділігін білу керек. Кейбір ауылдық аймақтарда социологиялық, психологиялық сауалдар жүргізу жанжалдардың алдын алуға себеп болады. Егер ұлтаралық қатынастарда өзара сенімнен гөрі үрей басым болса, жағдайдың ушығуы мүмкін. Ал үрей жергілікті биліктің де беделінің төмендігін көрсетеді. Құқық қорғау органдары, әкімдіктердің кейбір қызметкерлері қылмыстық топтармен ауыз жаласып, жемқорлық жайлаған өңірде әділетсіздіктен түңілген халық өз үкімін шығарып, заңды бұзуға дейін баруы мүмкін. Кейде жергілікті билік қақтығыстардың алдын алуға, олардың салдарын жоюға да дайын еместігін байқатады. Олардың басым көпшілігі халықпен полиция тілімен ғана сөйлеседі. Ал қақтығысқа қатысушылардың психологиясы ерекше. Әр ұлттың өкілі өзін қақтығыстың құрбанымыз деп есептейді, өздерінің іс-әрекеттерін қорғану мақсатымен түсіндіреді, олардың өз ақиқаттары мен болжамдары бар. Олармен өктем үнмен сөйлесуге болмайды. Мемлекеттік органдардың міндеті – екі жақты да тыңдап, намыстарына тимей, терең түсініп, керістірмей келістіруге ұмтылу. Бұл — үлкен өнер, шеберлік, кәсіби психологиялық білімді де талап етеді. Сондықтан да болар, кейбір көпұлтты мемлекеттердің университеттері кәсіби этнопсихолог, этносоциолог, этнополитологтар дайындай бастады, “Этноконфликтология” пәні енгізілуде.
Сонымен бірге, біздің сот әлі де ұлттардың құқына кепіл бола алмай тұр. Ұлтаралық қатынастарды реттейтін заң әлі қабылданған жоқ. Демократияның шынайы не жасанды екенін ұлт мәселесі көрсетеді.
Еліміздегі ұлт саясатын жаңадан ой елегінен өткізетін уақыт келді. Осы күнге дейін ұлт саясатын жүзеге асыруды көбіне тек барлық диаспоралардың қамын ойлау деп түсініп, қазақ ұлтына көп ұлттың бірі ретінде қарап келдік. Бүгін елімізде немістердің – 49, кәрістердің – 36, татарлардың – 29, славяндардың – 29, шешен мен ингуштардың – 26, әзірбайжандықтардың – 23, ұйғырлардың – 21, орыстардың – 20, украиндықтардың – 19, еврейлердің – 18, поляктардың – 16, түріктердің – 14, гректердің – 12, армяндардың – 11, белорустардың – 10, дүнгендердің – 10, күрдтер мен өзбектердің — 8, казачествоның – 6, түрік пен болғар, дағыстандықтардың – 4, қырғыз бен тәжіктердің – 3, қарашай мен балқарлардың, қытайлық пен шуаш, қарақалпақтардың – 2, ассириялық, чех, балтық жағалауындағы халықтар, грузиндер, осетиндер, лезгиндер, ирандықтар, бұйраттар, венгрлер, румындардың – 1-ден ұлттық бірлестіктері бар. Ол өте орынды. Ал енді Қазақстанда қазақтардың да 40 этнобірлестігі бар деп жар салу, байырғы ұлттың мәртебесін төмендетпесе, көтермейді. Көптеген мемлекеттерде ассамблеяны кіші ұлттардың ассамблеясы деп атайды, ал мемлекет құрушы ұлттың мүддесі жоғары тұрады. Қазақ ұлтының қоғамдағы орны мен мәртебесін терең түсінбей, тиімді ұлт саясатын айқындау мүмкін емес. Еліміздегі күрделі демографиялық өзгерістер де осыған итермелеп отыр.
1897 жылғы Бүкілресейлік санақ бойынша бүгінгі Қазақстан территориясында қазақтар 81,7%-ды құраған. Белгілі себептерге байланысты 1959 жылы қазақтардың үлес салмағы 30%-ға дейін төмендеді. Тәуелсіздік алған тұста қазақтар еліміздің 40%-ын, орыстар 37,4%-ын құраса, 20%-дан астамын басқа ұлттар құрады. Қазақстанда қазақтарға белгілі бір тілдің, мәдениеттің, діннің, дәстүрдің иесі ретінде көзқарас қалыптаспады, қазақты сыйласа орысша білетін маман, ғалым ретінде сыйлады. Бүгінде жағдай өзгерді. Қазақ ұлты еліміздің 65%-ын құрайды, сонымен бірге, басқа ұлттардың үлес салмағы азаюда. 1999-2005 жылдар аралығында түрліше себептерге байланысты еліміздегі орыс, украин, немістердің саны 4,86%-ға кеміген, ал қазақтар мен түркітілді этностардың саны 5,55%-ға өскен. Жуырда қазақтар 70%-дан, тегі бір түркітілді этностармен ел халқының 75%-дан астамын құрайды. Ұлт саясатын бүгінгі демографиялық жағдайға бейімдейтін қажеттілік туды.
Қазақстандағы әр адам өз жеке басының қамын көбірек ойлайды, ал қазақтарды сонымен бірге, қазақ ұлтының жағдайы ойландырады. Социологиялық зерттеулер қазақ халқының 15%-ы ғана ұлттың жағдайына қанағат ететінін білдірсе, қалғандардың әртүрлі деңгейде ұлттың жағдайына көңілі толмайды, олардың ішінен 30-33%-ы қазақ мәселесін шешуге белсенді араласуға дайын және бұл топ өсе беруде. Қазақты ойландыратын кедейшілік, тілінің, мәдениетінің жағдайы, сондықтан ішкі саясатты ұлттық тұрғыдан саралау мәселелері маңызды болып отыр.
Ауыл мәселесі қазақтың мәселесіне айналды. Бес-алты жылда бұл ішкі энергия сыртқа теуіп, белсенді бағыт алады. Қазақ ұлтшылдығы сөздің жағымды мағынасына ие болып келеді. Ұлт саясатына конъюнктуралық, болмашы мән беріп, мемлекеттің даму стратегиясы деп қарамаған елдер ұлтаралық жанжалдарға жиі ұшырап отырған, себебі қайшылықтардың шешу жолын іздемеген. Осы тарихи тәжірибеден біз де ғибрат алайық.
Ұлтаралық ахуалға еліміздегі тарихи ағарту жұмыстарының мардымсыздығы, тарихи білімнің тайыздығы, әсіресе, Ресейден тонналап келіп жатқан әдебиеттердегі шындықтың бұрмалануы, ақиқаттан аңыздың басым болуы жағымсыз әсерін тигізуде. Оларға сенсек, орыс империясы қазақ жерін жаулап алған жоқ, иесіз бос жерге орыстар қоныс аударды, тіпті орыс империясы қазақтарды басқыншылардан қорғады деген жалған ақпарат таратуда. Сондай-ақ, бүгін патша өкіметінің жазалаушы саясаты туралы шындықты айту ұлтаралық қатынастарды шиеленістіреді деген пікір тарауда. Ол қиянатты оқулықтардан алып тастауға болар, ал халық жадынан қалай алып тастаймыз?
Кейбір оқулықтарда ұлттарды әр түрлі топтарға бөліп, біреуін ұқыпты, ақылды, еңбекқор, таза, тиянақты десе, екінші біреулерін фанатик, діншіл, террорист, соғысқұмар деп көрсетеді. Мейірімді және мейірімсіз, ақылды да ашушаң, қызба да байсалдылар әр ұлттың арасында кездеседі. Дегенмен, осындай стереотиптер күнделікті тұрмыстық санада кең тараған. Ресей бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылыми еңбектерінде бүгін шешендерді жағымсыз етіп көрсетсе, ертең Ресейге ұнамайтын украиндықтарды, грузиндерді, эстондықтарды және басқаларды да ұнамсыз етіп көрсететіндігін қазақстандықтар білуі тиісті. Біз ол ақпараттың жетегінде қалмауымыз керек. Кезінде әйгілі Махатма Ганди: «Кек адамдарды топас етеді» деген. Біздің қоғам кекшілдіктен, жағымсыз стереотиптерден аулақ болуы керек.
Дереккөзі: http://www.aktobegazeti.kz