Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 6625 0 пікір 11 Сәуір, 2014 сағат 09:19

...БИЛІК ҰЛТШЫЛДАРҒА АРҚА СҮЙЕЙДІ

 

 Бүгінгі қоғамда  шиеленіскен  проблема өте көп.  Тіпті, оларға баға беріп үлгермей жатып, орнын одан да өзекті мәселелер басып, бірінен кейін бірі туындауда.  Дегенмен, тарихтың тереңіне кетіп бара  жатқан  кейбір  жайттарға  қатысты уақыт  өте келе  баға  беру – күнделікті күйттейтін тақырыптарға қарағанда анағұрлым салмақты, әрі мәні терең болуы мүмкін. Сондықтан, дүрбелең тудырған девальвация және оның себебі мен салдары туралы, ақпандағы митинг, өзге де мәселелер туралы Айдос Сарымның  ”Қамшы” оқырмандарының сауалдарына берген жауаптарын назарларыңызға  ұсынамыз. 

 Әлихан: -  Айдос мырза, теңгенің құнсыздануы еліміз экономикасының уақыт сынына төтеп бере алмайтынын көрсетіп берген жоқ па? Сонда да “алдымен экономика, сосын саясат” деп отыра береміз бе?

Айдос Сарым:  - «Алдымен экономика, сосын саясат» деген қағиданы өз басым қабылдай алмаймын. Менің ойымша, бұл өте қате, шикі идеологиялық қағидат. Экономикасыз саясат болмайды, саясатсыз экономика жоқ. Екеуі де бірінен бірі туындаған, біріне-бірі тығыз байланысты, егіз құбылыс. Бұл қағидат елдегі шынайы демократияны, тың өздерістерді болдырмау үшін, «тәубе-шүкір» деп билікке құдайдай табынып отырған электоратты қорқытып-үркітіп ұстау үшін ойлап табылған желеу. Жалпы ел экономикасының сергелдеңге түсуі, елдегі институционалды реформалардың жоқтығынан дер едім. Бұдан бетер қиындықтардан сақтасын, әрине, бірақ ертең анау-мынау жағдай бола қалса, біздің қанша жыл бойы жинаған қорымыз лезде жоқ болып, еліміздің банкротқа айналуы ешкімге құпия емес сияқты. Бүгінгі күні елдегі біршама тыныш жағдайды пайдаланып, құрылымдық, институционалды реформаларды жүзеге асырып, экономикадағы монополизмді, оның ішінде мемлекеттік монополизмді жоюға тырысып, жемқорлықты азайтып, отандық кәсіпкерлерге жағдай туғызуымыз керек. Ауылдық жердегі кәсіпкерлерді көмек ретінде 5-10 жылға мүлдем салықтан босатып тастасақ та ұтылмас едік. Осындай өзінен-өзі сұранып тұрған шараларды билік те, қоғам да білетін сияқты. Бірақ, она іске асыруға биліктің ешқандай құлқы, ешқандай саяси жігері жоқ сияқты. Билік мұнай мен шикізаттан келіп жатқан жеңіл ақшаның буына уланып, масайраған нашақор сияқты.

Ерден: - Қазақстанда  осы девальвациядан бастау алған толқу қашанға дейін жалғасады деп ойлайсыз?

Айдос Сарым:  - Экономикамыз ең алдымен шикізат бағасына, екіншіден Ресей нарығына тығыз байланған. Осы себепті де болашақта талай қауіп-қатер күтіп отыр. Егер шикізат нарығында құлдырау болса, Ресей нарығы бүгінгі тығырықтан шыға алмаса, бізге де оңай тимесі анық.

Алтай: - Сіз үйлестірушісі болып жұмыс атқаратын “Абай” порталы шетелдегі қазақ мәселесін, елге оралған оралман ағайынның мұң-зарын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Бұл Сіздердің тұрақты ұстанымдарыңыз ба, әлде, Сіз де оралмансыз ба?

Айдос Сарым:  - Мен оралман емеспін. Бірақ, біздің редакция түгелдей «әр қазақ менің жалғызым» деген қағидатты берік ұстанады. Шетелдегі қандастарымыздың тағдыры, олардың болашағы, елге оралуы барлығымызды да бірдей алаңдатады. Сондықтан да болар шетелдегі қандастарымыздың мәселесі, елге оралған қандастарымыздың тағыры бізді ешқашан бей-жай қалдыра алмайды. Болашақта да солай болмақ.

Данияр: -Қазіргі қазақ қоғамындағы дін мәселесіне қалай қарайсыз? Бұрынғы жылдарға қарағанда көп “қорқа” берудің қажеті жоқ сияқты…

Айдос Сарым:  - «Қорқу» дегеніміз не? Мысалы, мен діннен не, діндарлардан қорықпаймын. Дінді, діни көзқарастағы адамдарды жау санамаймын. Менің қорқатыным бір ғана нәрсе – елдің қабырғасының қатпағанын пайдаланған ел ішіндегі не сыртындағы жауларымыз қазақ арасына жік салу мүмкіндігі. Дін – өте күрделі рухани, мәдени, психологиялық феномен. Оны тек рационалды, ғылыми жолмен түсініп болуға болмайды. Саяси не экономикалық көзқарастар, пайымдар өзгеріп отыруы мүмкін, ал діни ұстанымдар ғасырлар бойы өзгеріссіз сақталып отыруы мүмкін. Егер, мәселен, қазақ ішінде діни жік шықса, оны тоқтата алатын пәрменіміз бар ма? Ертең діни ұстанымына сай қазақтар бірін-бірі қыра бастаса не істемекпіз? Әлемде бұндайдың талай тарихи мысалы бар емес пе? Және де мен ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрімізді, тілімізді, ділімізді аяққа таптайтын, оны жоққа шығаратын діни көзқарастарды мойындамаймын. Барынша соларға қарсы күресемін. Өзімді қашан да ең алдымен – адаммын, ер азаматпын, екінші кезекте – қазақпын, үшінші кезекте – мұсылманмын деп таныстыра аламын. «Сенің ұлтың да, тарихың да, дәстүрің де бір тиын, Құдайға сенсең болды» деген көзқарастағы діни ағымдарды қазақ үшін, қазақ мемлекеті үшін қауіпті деп түсінемін.

Серғазы: - Айдос мырза, кешегі Алматыда өткен наразылық шеруі халықтың саяси мәдениетінің көрсеткіші ретінде қалай бағалайсыз?

Айдос Сарым:  – Бейбіт шеру, митинг дегендердің барлығы да қоғамның, ұлттың белгілі бір саяси құндылығы, адами намысы, идеясы бар екендігін көрсететін, паш ететін көрсеткіш. Бұл тұрғыдан келсек, қазақ қоғамы азамттық тұрғыдан әлі де оянбаған халық. Көтеріліс жасама, бүлік шығарма, бірақ айда-жылда тілді қорғау, мемлекетті қорғау үшін бір шараға қатыспасаң, ең болмаса бір хатқа қол қоюға жарамасаң сен қандай азаматсың? Жылы төсектен тұрмай, ас үйде ғана сөз жарыстырып баянды мемлекет, азаматтық қоғам, әділетті билік құру мүмкін емес.

Мұхтар: – Айдос мырза! Кедендік Одақтың болашағын қалай елестетесіз?

Айдос Сарым:  - Кедендік одақтың еш болашағы жоқ. Бұл Ресейдің қызыл империяны жаңғыртуға бағытталған саясатынын туындаған аса қауіпті саяси ойын. Бұны біздің билік те түсіне бастаған сияқты.

Ерлан: - Өз қатарыңыздан “ұлтшылдар” атанып жүрген азаматтар бас біріктіре ала ма? Қазіргі билікке толық қарсылас болатын топ қашан сахнаға шығады?

Айдос Сарым:  - Бас біріктіре алады. Мысалы, шеттен жау келсе ұлтшыл атанып жүрген азаматтардың барлығының бір окопта жатып, бір бағытта оқ ататынына өз басым еш күмәнданбаймын. Ал билікке келсек, билік те біртұтас монолит күш емес. Ішінде ұлтшылдар да бар. Қазіргі күні екі жол бар сияқты. Біріншісі – билікке еніп, ырыққа салып, ақырындап болса да биліктің бағытын өзгерту. Екіншісі, сіз айтып отырғандай, ортақ майдан құрып, билікті тарих сахнасыан ысырып тастау. Өз басым бірінші эволюциялық бағытты қолдаймын. Әлі де мүмкіндіктер бар сияқты болып көрінеді. Менікі қате болуы да ықтимал, бірақ, өз басым еш осыған сенгім келеді. Әзірге сенемін.

Дарига: -  Түркі бірлігі, түркі одағы. Бұл мүмкін бе? Қазақтың бүгінгі Мұстафа Шоқайы бар ма? Ол кім?

Айдос Сарым:  - Түркі бірлігі – қазақ елі мен мемлекетінің болашағын қамтамасыз ете алатын бірден-бір, бірегей жол. Оңай жол емес, әрине. Өз басым болашақта тәуелсіз түркі елдерінің конфедерациясы құрылады деп сенемін. Сеніп қана қоймаймын, соған қолым келгенше қызмет етемін, ете беремін. Осы себепті де Мұстафа бабамыздай, одан да асқан азаматтардың дүниеге келетініне де сенгім келеді.

Айгүл: –  Айдос мырза, Сіз өзіңіз ұлтшылсыз. Бірақ ұлтшылдардың құрылтайына қатысқан жоқсыз. Ол туралы айттыңыз. Дегенмен, бірліктің болғаны жақсы еді… Осылар шын ұлтшыл, ертең осы азаматтар елдің тізгінін ұстайды деп  кімдерді атайаласыз? Әлде ел сенетін ешкім жоқ па?

Айдос Сарым:  – Айгүл ханым! Бұл құрылайға неге қатыспағаным жөнінде талай рет баспасөзде де, әлеуметтік желілерде де ашық айтқан болатынмын. Сондықтан қайталанбай-ақ қояйын. Менің жеке пікірім былай: аға ұрпақ та, менің де буыным да азат заманда туып, бұрынғы үрейлерден ада Тәуелсіздік ұрпағының алдына жол болып төселуі керек. Солардың жолын ашып берсек, санасын кеңестік, еуразияшыл идеологиямен уламай, шынайы қазақ ұлтшылдығын, мемлекетшілдігін жадына, жүрегіне құя білсек біз өзіміздің тарихи функциямызды, міндетімізді атқарған боламыз.

Ал, болашақта өзін әлі талай биіктерден көрсететін керемет ұлтшыл буын келе жатыр деп санаймын. Бүгінгі ақындарымыз қандай, мысалы! Ертең, 20-30 жыл өткен соң осы буын барша қазақ мақтанатын тірі классиктерге айналатынына мен күмәнданбаймын. Журналистика саласында қандай мықты-мықты жігіттер, қыздар бар! Ондаған, тіпті жүздеген адамның атын тізіп айтуға болады. Ғылым саласында, тарих, тіл білімі саласында керемет жақсы буын қалыптасып келеді. Ертең саяси жағдай өзгеріп, қоғам ашыла түссе, шынайы саяси бәсекелестік туындаған кезеңде әлі талай-талай мықты азаматтар шығады. Бүгінгі кезеңде біздер ортақ лидердің, ортақ көшбасшының емес, ортақ идея, дұрыс принциптер, ұстанымдар, құндылықтар айналасына бірігуді үйренуіміз қажет. Адам, лидер, жүз жерден мықты болса да қателесуі мүмкін. Ал дұрыс қағидалар мен құндылықтар шатастырмайды, адастырмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы 23 жылының басты сабағының бірі осы емес пе? Осы құндылықтар мен идеялардың арасына біріге білген соң, өзара әрекет ету дәстүрін, ортақ ойын ережелерін, ішкі тәртіпті орнатуымыз қажет.

Ерғазы: -  Көші-қон туралы заң қайта қаралады деп ойлайсыз ба? Қандастарымызға азаматтық беру қашан оң шешімін табады?

Айдос Сарым:  - Сөзсіз қайта қаралады. Жақында ғана Үкімет шетелден келген қандастарды орналастыратын 7 облысты белгіледі. Екінші кезекте қазақ көшін қайта бастап, тірілтіп, сол үшін белсенді жұмысты бастау қажет деп санаймын.

Әйгерім: – Қазақ ғаламторы бәсекеге  қабілетті ме? Газет,  телеарналардың  жабылып, сайтқа айналуына  қалай  қарайсыз?  Қазақ  сайттарына  көңіліңіз  тола  ма?

Айдос Сарым:  - Қазақ ғаламторы әлі бесіктен белі шықпаған нәресте. Соның өзінде аңыздағы батырлардай күн санап есейіп, күш жинап келе жатқан нарық. Алдағы 5-6 жылда бұл нарықта шын мәніндегі революциялық өзгерістер болады деп ойлаймын. Әрине, әлі де сапаға, жасақталып жатқан ақпаратқа, контентке көңіл тола бермейді. Көш жүре түзелер деп ойлаймын. Екі анық бар: біріншіден күнін интернетсіз елестете алмайтын буын келе жатыр. Екіншіден, жыл сайын қазақ интернет-тұтынушыларының саны еселеп артып келеді.  Бүгінгі қазақ жастарының орта жасы неары 24-25 жаста! Орыстілді интернет біртіндеп сыр бере бастаса да, қазақтілді нарық өсе бермек. Бұл дегеніміз қазақ интернетінің болашағы зор деген сөз. Мысалы, 2009 жылы Абай порталын бастаған кезде нарықта бірен-саран ғана қазақтілді сайт болатын. Қазір олардың саны қаншама! Ертең бүгінгіден де көп болмақ. Нарықтағы шынайы бәсекелестік, саналуандылық, оқырман ідеу сол кезде басталады. Тағы бір қуантатын жағдай: қазақтілді интернеттегі сайттардың барлығы дерлік ұлттық бағытта. Мысалы, евразиялық идеяны күні-түні насихаттаған қазақтілді сайт көрдіңіз бе? Бұл да талай нәрсені аңғартады емес пе?!

Төре: –  Билік тарапын айтпай-ақ қояйық, қарапайым қазақ зиялылары Алашорданың тарихын, Алаш идеясын қаншалықты жан-жүрегімен сезініп жүр? Сондай зиялылар бар ма өзі?

Айдос Сарым:  - Жеткілікті. Мысалы, аға буын арасында Мекемтас Мырзахмет, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Бейбіт Қойшыбай сияқты көптеген алашшыл азаматтар бар. Жас зиялылар ішінде алашшылдардың саны тіпті көп. Қазақтың жас журналистері, ғалымдары арасынан Алаш тарихын жоққа шығарып, аяққа басқандардың саны мүлдем аз десе де болар. Ел де, елдің зиялары да жаңарып жатыр, оған күмән болмасын.

Ринат: -  Соңғы кездері оппозиция өкілдері неге үнсіз? Біреудің бұйрығын күтіп отыр ма, әлде билікке бір жола бас иді ме?

Айдос Сарым:  – Елде оппозиция дейтін оппозиция қалмады. Ертеңгінің басты оппозициясын, шынайы оппозициясын бүгінгі ұлтшылдар қатарынан іздей беріңіз. Саясатта буын ауысып жатыр. Ал жаңа буын негізінен ұлтшылдар.

Алаш: - Биліктің “алдаусыратқанын” қояйықшы… Шын мәнінде қашан “Қазақ елі” боламыз?

Айдос Сарым:  - Билік басына ұлтшылдар партиясы келіп, үкімет пен парламентті жасаған күнен бастап еш тырнақшасыз Қазақ еліне айнала бастаймыз. Бұл, бір күннің шаруасы емес. Және де жұрт айтатындай оңай да шаруа емес. Бізге, шынын айтайын, әлі де 10-15 жыл тыныш, бейбіт өмір қажет. Егер осы аралықта дұрыс еңбек етсек, дұрыс әрекет жасасақ, қалғанын уақыт пен қазақ анасының құрсағы шешеді.

Ержан: - Сіз саясаттанушы ретінде айтыңызшы. Ерлан Қарин, Берік Әбдіғали, Мұрат Әбенов сынды мемлекетшіл, ұлтшыл азаматтарды креслодан қуу жалғаса бере ме? Шынын айту керек Ерлан Қаринның орыны ойсырап тұр. Қазіргі билікте сондай азаматтар бар ма? Олар кімдер? Жоқ болса ұлтшылдар қашан билікті қолына алады?

Айдос Сарым:  – Сұрағыңыздың жаны бар. Бүгінгі билік ұстанымы айқын, ұлттық бағыттағы ойын ашық айтатын адамдарды сыйдырмай бара жатыр. Бұл тек ұлттық бағыттағы емес, жалпы саяси көзқарасы айқын, бетпердесін ашып тастаған азаматтардың барлығына қатысты жүріп жатқан үрдіс. Себебі бүгінгі билік жүйесі идеяға, идеологияға емес, тек бір адамға табынған саяси жүйе. Қазір мемлекетіміз басынан қиын-қыстау кезеңдерді басынын кешіп жатыр. Осыдан 3-4 жыл бұрын Қазақстан аса қиын онжылдықты басынан кешіреді деп айтқан болатынмын. Шынында да аса қиын кезең қазір. Жағдай ушыға түссе биліктің ұлтшылдарға, ұстанымы нақты азаматтарға арқа сүйеуден басқа амалы қалмайды. Бүгінгі биліктің ішінде де ұлтшыл азаматтар бар. Орта және төменгі деңгейдегі мемлекеттік қызметте жүргендердің біразын ұялмай ұлтшылдар санатына жатқызар едім. Ішінен тынып, әр нәрсеге күйіп-пісіп, шыр-пыр болып, қолынан келгенше қол ұшын беріп жүрген шенеунік бауырларымыз, қарындастарымыз көп. Олар да өсер, біздер де қарап қалмаспыз. Заман өзгермей қоймайды. Болашақта ұлттық партия да құрылар, сайлауда жеңіп жеңіске де жетер. Еш күмәнданбаңыз, Ержан мырза. Тек сол жақсы өзгерістерге, тың өзгерістерге анда-санда араласып, басы-қасында болып, қол ұшын беруді өзіңіз де ұмытпағайсыз.

Нұр:  - Тәжинді не үшін кетірді? Әлде ол қазақ мемлекеттілігінің тарихын Нұрдан арыдан бастап кетті ме? Қай жері жақпай қалды? Саясаттанушы ретінде Маратқа қандай баға бересіз?

Айдос Сарым:  – Марат Тәжин еліміздегі саясаттың майын ішкен, бүге-жегесіне жеткен, бірден-бір, бірегей саясаткер. Бір үлкен кемшілігі бар шығар, болса. Мәкеңнің өзіне тәуелді, өзіндей ойлай білетін, артына еретін серіктестер, ниеттестер командасы жоқ. Бүгінгі заман, жақсы болсын, жаман болсын, командалық заман. Саясат та командалық дүние. Идеология саласына келген бойдан белден басып, саладағы барлық орындарға өз адамдарын әкеліп, командалық әрекеттер жасауы керек еді. Тәжиннің ондай мүмкіндігі болмады. Және де ішкі-сыртқы қарсылық керемет болды. Мықты-мықты жобаларды бастап-ақ еді. Өкінішті.

Еркін: -  Алтынбек Сәрсенбайұлы, Заманбек Нұрқаділов қазасы, “Жаңазен” оқиғасы… Бұлардың шындығы қашан ашылады? Әлде қазіргі билік тұранда бұл мүмкін емес пе? Кім оқ атты? Кім бұйрық берді?

Айдос Сарым:  Шындық ашылады. Ашылмай қоймайды. Менің ойымша, аталған трагедиялар туралы толық шындық бүгінгі билік ауысқан кезде белгілі болады. Қазірдің өзінде талай шындықтың беті ашылып келеді. Кландар арасындағы текетірестің арқасында біраз ақпаратқа қанық болдық. Алдағы уақытта да біраз мағлұмат аламыз.

Аршын: – Айдеке, “Мәңгілік ел” туралы әңгімеге қаншалықты иланасыз? Біздің шын мәніндегі мәңгілік ел болуымызды Назарбаевтың айтқандары қамтамасыз ете ала ма?

Айдос Сарым:  - Жалпы, мәңгілік тек Жаратушыға тән дүние емес пе? 5 мың жыл тарихы бар Қытай өркениеті де өзін мәңгімін деп айтпайды. Патшаларына, мемлекетіне әрі кетсе 10 мың жыл тілейді. Сондықтан өз басым бұндай идеяларға сене бермеймін. Естігенім, бүгінгі билік Украинадағы оқиғалардан кейін бұл идеялардан біртіндеп бас тарту туралы шешім қабылдаған сияқты. Әйтеуір өздеріне тәуелді баспасөзге «осы тақырыпты қазбалай бермеңдер» дегендей тапсырыс берген сыңайлы. Анығын алдағы уақыттағы оқиғалар көрсете жатар.

Нұртілеу: – Шыны керек, қандастар мәселесінде жалтақтық танытпай табандап келе жатқан БАҚ-тың бірі Абай.кз. Сізден білгім келетіні, Қытай, Моңғолия,т.б. елдер де тұратын қазақтармен байланысыңыз қалай, араларында болып тұрасыз ба? Негізі сіз сияқты азаматтарға барып тұру маңызды.

Айдос Сарым:  – Айтқаныңызбен толық келісемін. Байланыс бар. Осы жақында Үрімжі арқылы Хайнаньға ұшқан кезде біраз азаматтармен хабарластық. Өкінішке орай, ұзағырақ болатындай мүмкіндік болмады. Бірақ, кейіннен келіп, аралау жоспарда бар. Биылдыққа Моңғолия жағына сапарға шықпақ ниет-жоспар бар. Сол жақтағы азаматтар қолқа салып жатыр.

Ілияс:- Қазіргі билік сізге жақсы қызмет ұсынса, тіл табысып баратын ба едіңіз?

Айдос Сарым:  – Егер билікке барсам билік үшін бармайтыным анық. Нақты жоба, нақты әрекет үшін барар едім. Мысалы, көші-қон мәселесіне, тіл мәселесіне, Ресейдің ықпалынан шығып, ақпараттық қауіпсіздікке қол жеткізу мәселесіне аралас, шынайы ниет бар, ықылас бар, саяси қолдау болады десе, баруға болар еді. Ел де, жер де, мемлекет те қазақтікі. Қазаққа пайдам тиетін болса, кейбір көңілімді, қыжылымды ысырып тастап, бүгін жауығып жүргендермен де қызмет етуге әзірмін. Басты мәселе баға мен нақты нәтиже емес пе? Бірақ, адами, ұлттық, мемлекетшілдік бірде-бір көзқарастарым мен ұстанымдарымнан бас тартпайтыным анық.

Қанат: -  Қазіргі биліктің өзіңізге ұнайтын қандай қадамдарын айта алатын едіңіз?

Айдос Сарым:  - Мысалы, жақында билік қазақтарды солтүстік аймақтарға көшіру туралы зарымызды естіп, арнайы қаулы шығарды. Бұл қадам маған ұнады. Немесе, күні кеше парламентте елде сепаратизмді болдырмау, оны қылмысқа теңеу туралы заңдарға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар айтылды. Бұнысы маған ұнады. Алматының түбінен жаңа аэропорт салу туралы шешім қабылданды. Бұны мен құптаймын. Өткенде қазақ жеріне орыс зымыраны құлаған кезде Қорғаныс министрлігі соларға қарсы уақытша болса да тыйым салды. Қолдауға тұратын шара. Сол сияқты нақты істер істелініп жатса неге қолдамасқа?! Мен мемлекеттің жауы емеспін. Егер билік елге, мемлекетке керек қадамдар жасаса, неге айтпасқа, қолдамасқа, араласпасқа? Қатты айтып жатсақ та, жаман болсын демейміз, қатесін түзесін, дұрыс болсын деген адамбыз.

Арман: -Айдос мырза! Сіз үшін бүгінгі күннің ең өткір сауалы қайсы?

Айдос Сарым:  - Қиын сұрақ екен. Мені зарықтыратын, толғандыратын, маза бермейтін сұрақ мынадай шығар: «Ұлттың, қазақтың алтын уақытын неге қайдағы жоқ, алдамшы дүниеге бостан басқа шашып жатырмыз?»

Ұлан: – Саясаттанушы Айдостың тұрақты оқитын газеті қайсы? Көретін бағдарламасы қайсы?

Айдос Сарым:  - Қоғамдық-саяси, әдеби, ғылыми газеттердің барлығын дерлік оқимын. Оған қоса, елде таралатын осы бағыттағы айлық, апталық қазақ, орыс журналдарының біразын сатып алып оқимын. Теледидарды аса көп көре бермеймін. Тұрақты көретінім ғылым, білім, табиғат, спорт арналары. Әлеуметтік желілерде осындай хабар болады дегендерді көріп, арнайылап қараймын. Қызықты саяси оқиғалар болып жатса, телеарналар сол оқиғаларды қалай беріп жатыр екен деп жаңалықтарды салыстыратыным бар.

Жалғас: - Ұлтшылдардың ортақ пікір алаңы бола алатын медиа-жоба керек бізге, оны бір кездері Абай порталы атқарды, соңғы кездері ол қарқыннан айырылды, “Қазақстан” мен “Хабардың” “әләуләйін” жиі көретін болып жүрміз, Ал, ұлтшылдарды ңкөпшілігі ФБ-ның төңірегінде ғана қалып бара жатыр, Осы жағын ескерулеріңізді қалар едім.

Айдос Сарым:  - Рахмет, ескереміз. Алдағы уақытта Абай.кз тобы тағы бір интернет-жобаны бастамақ. Осы айтқандарыңызбен тұстас. Уақыты келгенде айтармыз.

Кәрім: – Қазақ саясатының сауатты сарапшылары ретінде кімдерді атай алатын едіңіз?

Айдос Сарым:  - Расул Жұмалы, Асқар Омаров, Талғат Қалиев, Досым Сатпаев, Жанболат Мамай, Марат Әсіпов, Ермек Тұрсынов, Мұхит Ардагер, Данияр Қосназаров, Сапа Мекебаев, Сергей Дуванов, Толғанай Үмбетәлиева, Уәлихан Төлешов, Мұқит Асанбаев сияқты мықты-мықты сарапшылар бар. Ешкімді ұмытып кеткен жоқпын ба? Соңғы кезде әлеуметтік желілерде де жақсы-жақсы пікірлерді, терең сараптамаларды байқап, қуана оқып жүрмін.

Кәрім: -Қазақты не біріктіреді?

Айдос Сарым:  – Әзірге үрей мен қорқыныш қана. Баяғы «Аттан» ғана. Болашақта ұлттық, мемлекеттік құндылықтар, үміт пен сенім біріктірсе екен деймін.

Ауған: -Ауған соғысы туралы көзқарасыңызды білгім келеді, тарихи тұрғыдан соншалықты жоғары бағалауға тұра ма? біз соғыс дейміз, өзгелер “Ауған жеріндегі ұрыс қимылы” дейді…

Айдос Сарым:  - Менің ойымша, сол соғысқа қатысқан азаматтарды «соғыс ардагерлері» деп танығанымыз дұрыс шығар. Өз басым, Совет одағының ауған жеріне баса-көктеген саясатын бұрыс саясат, саяси қылмыс деп санаймын. Бірақ, сол соғысқа қатысқан ел азаматтарының не кінәсі бар?

Қытай: -Айдос мырза, Сіздер Қытай мәселесін неге қозғамайсыздар? Қазіргі кезде ресми деректер бойынша елімізде 300 000 қытай бар деп естідім, ал заңсыз келіп орнығып жатқандар бар, енді елбасымыздың ұсынысы (шетелдіктергежер 50 жылғадейінжалға беру туралы) қабылалынса, “50 жылда ел жаңа” демей ме, жерді жалға алған қытайлар, жұмысшы ретінде қаншама қытайды елімізге алып келетіні белгілі, оның үстіне 50 жылға дейін олар азаматтық алып (біздің елімізде азаматты қалауға кедергі жоқ қой қазақтардан басқаларға), одан кейін еліміздің азаматы ретінде сол жерді сатып алса (қазақтың көбінде жер сатып алатын ақша жоқ екені белгілі), жер кімдікі болады? Бұл біздің ұлт ретінде сақталып қалуымызға (тәуелсіздікті айтпағанда) деген қатер емес пе? Сіздің пікіріңізді білгім келеді.

Айдос Сарым:  – Айтқаныңызбен толық келісемін. Қауіп жоқ емес, бар. Оны ашық айту керек. Қытай туралы шама-шарқым жеткенше айтып та, жазып та жүрмін.  Дәл қазір осы жауаптарды Қытайдан жазып отырмын, мәселен. Қытайдың қандай орасан зор мемлекет, өркениет екеніне шын мәнінде көз жеткізіп отырмын. Егер жастау болсам, осы тақырыпқа кетуіме де болар еді. Оқығаным аз емес шығар, бірақ Қытайды зерттеу үшін қытай тілін білу міндет (дәл осы принциппен қазақ тілін білмегендерді Қазақстан зерттеушілері ретінде мойындамаймын). Алдағы уақытта Қытайды зерттейтін бірнеше ғылыми институттарды ашу керек деп санаймын. Жан-жағынан зерттеу керек. Қорқу, үрку негізінен білместіктен туады. Бүгінгде Қытайда мыңдаған қазақ баласы оқып жүр. Талай қандасымыз Қытайдан елге оралып жатыр. Солардың басын біріктіріп, жағдай жасап, арнайы ғылыми-зерттеу ұйымдарын, топтарын құра алмасақ, өзімізге сын болмақ. Қытай, мәселен, Орта Азияны асқан ұқыптылықпен зерттеп жатыр. Үйренетін де тұстарымыз көп.

Қытай: – Украинада болып жатқан қақтығыс туралы не айтар едіңіз? Біз қандай сабақ алуымыз керек? Неге бейбіт шерудің соңы соғысқа айналыпкетті. Кімхалықтыашындырып, арандатып, айдап салып отырған. Мұндай жағдай бізде қайталануы мүмкін бе? Наразылықтан кейін іштен арандату, банктерге халықты айдап салу секілді әрекеттер көрініп отыр. Қалай күресуге болады?

Айдос Сарым:  – Осы туралы жақында ғана «Түркістан» газетіне үлкен сұқбат беріп едім. Біраз сайттарда сол сұқбатым шықты. Ренжімесеңіз, қайталанбай-ақ қояйын.

  Әлия Байкеева: Астананы сатанистер қаласы дегенмен келісесіз бе? Масонсто бізде бар ма? Біздің саясатымызға оның ықпалы бар ма? 

Айдос Сарым:  – Астана – астаналықтар қаласы! Қазақтың бас қаласы! Жаңағыдай алып-қашпа әңгімелерді қолдамаймын. Масондар әлемді басқарады дегенге де сенбеймін. Сіз де сенбеңіз.

“Қамшы” сілтейді

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297