Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5141 0 пікір 28 Сәуір, 2010 сағат 03:51

Мұхтар Мағауин. Ұлтсыздану ұраны (Жалғасы)

"Мемлекеттік тіл"

Қашанда кіріптар халықты қорлау, кемсіту, біржола жер қылудың, рухынан, ділінен айырудың ең оңай төте жолы - оның ұлттық қазынасын, қастерлі ұғым, қасиетті мұраларын қатардан қалдыру, теріске шығару арқылы жүзеге асады екен. Барың - жоқ, асылың - жасық, озығың - тозық, ер азаматың - азғын деп жрияланды. Дінің, дәстүрің, салт-санаң, әдеби, мәдени байлығың түгелімен мансұқ етіледі. Орыс-совет қызыл отаршылдығы заманында осының бәрін де бастан өткердік. Тарихқа тыйым салынды, ежелгі мұра үнемі қыспақ астында тұрды, ұлттың өткен дәуірдегі ұлы тұлғалары түгелге жуық өз халқына жат танылды, дәстүр-ғұрпың аяқ астында қалды, - санай берсең шегіне жетпейсің. Бірақ сол тар заманның өзінде қазақтың тілін ешкім де жарамсыз сорлы деп, дәрменсіз мүгедек деп, ашықтан-ашық қорлаған жоқ еді.

 

"Мемлекеттік тіл"

Қашанда кіріптар халықты қорлау, кемсіту, біржола жер қылудың, рухынан, ділінен айырудың ең оңай төте жолы - оның ұлттық қазынасын, қастерлі ұғым, қасиетті мұраларын қатардан қалдыру, теріске шығару арқылы жүзеге асады екен. Барың - жоқ, асылың - жасық, озығың - тозық, ер азаматың - азғын деп жрияланды. Дінің, дәстүрің, салт-санаң, әдеби, мәдени байлығың түгелімен мансұқ етіледі. Орыс-совет қызыл отаршылдығы заманында осының бәрін де бастан өткердік. Тарихқа тыйым салынды, ежелгі мұра үнемі қыспақ астында тұрды, ұлттың өткен дәуірдегі ұлы тұлғалары түгелге жуық өз халқына жат танылды, дәстүр-ғұрпың аяқ астында қалды, - санай берсең шегіне жетпейсің. Бірақ сол тар заманның өзінде қазақтың тілін ешкім де жарамсыз сорлы деп, дәрменсіз мүгедек деп, ашықтан-ашық қорлаған жоқ еді.

 

Енді қараңыз. Тәуелсіз, жаңа заманның алғашқы құрбаны - басқа емес, осы қазақ тілі болыпты. Әрине, өлген жоқ. Баяғы қалпында. Бәлкім, бұрынғыдан да әлеуетті. Өлмейді. Керісінше, күн озған сайын құнарлана бермек. Өйткені, біздің ана тіліміз - жазба тарихының өзі мың жарым жылдан асатын, көрікті де көсем, оралымды әрі өткір, ықшам әрі серпімді, қуатты және айрықша бай тіл. Қазақ тілінің озық қасиетін, әсіресе, бүгінгі зиялы қауым тәуір білетін, әлемде теңдесі жоқ ұлы әдебиет жасаған ұлы орыс тілімен бетпе-бет салыстырғанда анық аңдайсыз, құдыретіне қайран қаласыз. Тіліңіз орнында. Керек десеңіз, егемен елдің "мемлекеттік тіл" деп жарияланған, бірақ шын дәрежесі жарияланбай тұрған замннан төмен. Өйткені... мемлекетіңіз бір бөлек те, "мемлекеттік" тіліңіз бір бөлек. Әрқайсысы өзінше тіршілік кешіп жатыр. Ақиқатына жүгінсеңіз, мемлекетіңіздің бұл тілде шруасы жоғы өз алдына, көбіне-көп қарсы, тіпті, жаулық ниетте. Қайткенде де жат көреді.

 

Неге ғана осылай болды? Жаттық, жаулық жөнін айтпаймыз, мемлекеттің тілден бөліну себебін айтамыз. Ғылымиланған ұғымда объективті, субъективті деп жатады ғой. Біз бұдан сәл өзгешерек, ерікті және еріксіз деп айтамыз. Сонымен...

Еріксіз немесе амалсыз жағдай - аяқ астынан тәуелсіздік алған Қазақстанның күрделі ұлттық құрамы. Және жүз елу жылдық орыс, оның ішінде жетпіс жылдық орыс-совет отаршылдығының зардаптары.

Осының алдында ғана, империя заманында қазақ тілі мұншама шетке қағылмаған. Есіркегеннен емес. Отар жұрттың ауанын аңдап тану қажет. Тынысы тарылып, оның ішінде тілін жан-жақты қыспаққа түсіре отырып, сақталған бөлігін, бар пұшпағын жіті қадағалау шарт. Қазақ тілінде не жазылды, не айтылды - бәрі есепте. Баспасөз бетіндегі пікір ғана емес, ауызша былшылдың өзі қаперге алынады. Сондықтан да совет заманындағы қазақ тілді баспасөз ешқашан да екінші сортты, мүлде атаусыз тауар деп есептелген емес. Орыс тілі - бүкіл империяның тілі, ұлт республикаларында, әсіресе, Қазақстанда тағы қуатты, дегенмен, сол империяның басыбайлы, бөлінбес бір бөлшегі болып табылатын ұлттық аймақта ұлт тілі де, екінші қатарлы, көлеңкелі болса да, мүлде елеусіз қалмауға тиіс, шектеулі бір мөлшердегі, қажетті қатынас құралы. Басқаны былай қойғанда, тілін ескермесең, не айтып жатқанын қайдан білесің. Яғни сіздің ұлттың, тілдің мүддесі емес, империялық саясаттың мүддесі. Расы осы. Енді бүгін, тәуелсіз заманда сол тілдің мүлде керегі болмай қалды. Ешкім қадағаламайды, ешкім санаспайды. Елемегені, шетке шығарғаны аз болғандай. Қорлай сөйлеу жаппай әдетке енген.

 

Енді, манағы "еріксіздік" қағидасына қайтып оралсақ, дәл осылай болуының заңды себептері емес, заңды бастауы бар. Міне, қазақ атымен аталатын ел дербес ту көтеріп шықты. Қазақ - жұрт иесі есепті. Енді көп ұлтты (немесе бір ұлт, көп диаспоралы, бірақ бұдан іс мәнісі өзгермейді) мемлекетті басқарыңыз. Әлбетте, қазақ тілінде басқарсаңыз - үлкен игілік болар еді. Бірақ басқара алмайсыз. Қазақ тілінің нашарлығынан емес. "Ел иесі" қазағыңыз жалпы жұрттың тең жарымына да толмайды. Жарымына толып, тіпті одан әлдеқайда асып, бәрі де өздерінің туған тілінде сайрап тұрса да, қазақ тілін жүргізе алмайсыз. Жүргізер едіңіз, республикамыздың тең құқықты жұрттың басым көпшілігі (көңіл үшін, тіпті, тең жарымы дейікші) сіздің озық әрі бай, әдемі әрі қуатты тіліңізді түсінбейді! "Саңырауға сәлем берсең - атаңның бас..." деген. Ал, басқарып көріңіз. Бетімен тағы жібере алмайсыз. Демек, барлық жұртқа немесе көпшілік жұртқа түсінікті «ресми» тілде сөйлемеске амал жоқ. Ұқпай жатқан қазақ болса, Қожанасыр атамыз айтпақшы, орысша білгендер үйретеді. Міне, біздің сор қайда жатыр! Бірақ барлық сорыңыз осымен бітпейді. Отаршылдық кіріптар дәуірде, әсіресе, оның "тың көтеруден" басталған соңғы отыз-қырық жылында тумысы қазақ бола тұра, қазақ тілінің иісі мұрнына бармайтын, бара қалғанның өзінде толық түсінбейтін жарым-жан демейік, жартыкеш, тұтас бір ұрпақ өсіп шыққан. Оларды қайда тастайсыз? Орыс тіліне жетік, шет тілдерден де хабардар, ғылым-білімнен де мақұрым емес, тек құдай атып, қазақша тілі ғана байланып тұр. Баяғы, жүз жылдан астам француз отары болған Алжирдегі, туған тіліне шорқақ, туған мәдениетіне жат дүбара арабтардың Францияға қашқаны сияқты, Россияға қарай жаппай қоныс аударуға ақылдары жетпейді, әрі қанша сұғынса да, бұларды орыс екен деп мойындайтын Ресей жоқ. Сондықтан, ресми тілін салақтатып, мойныңызға мінеді де отырады!

Иә, қайткенде де бәрін қазақша бастай алмайтын едіңіз. Орысша жүгінуге мәжбүр болдыңыз. Алдымен, байбалам сала бермей, осыны түсініп алайық. Еріксізден, амалсыздан осылай бастауға тура келді. Бірақ, дәл осылай жалғаса беруі шарт емес еді. Біз жалғастырдық. Және күн озған сайын теріс бағыттағы қарқынымыз күшейіп келеді. Қазақ тілінің қазіргі жағдайы, шынын айту керек, алқаш Колбин заманындағыдан әлдеқайда ауыр. Ауыр болатыны, онда белгілі бір бағдар, ілгері бассақ, көзіміз ашылса деген ниет болды, ең бастысы - үміт болды. Енді қараңыз, күн озған сайын өрісіңіз тарылып барады, тәуелсіздік келмей тұрып, кешіріңіз, Колбин билік құрып тұрған айхай заманда қазақ балалары қазақ мектебіне жаппай ұмтылып, тіпті ақылы көп орыс, жойыт ағайындардың біразы кішкентай ұл-қыздарын қазақ мектебіне жетектеп әкеліп, министрлік дәрежесіндегі қазақ тілі қоғамы құрылып, барлық облыс, аудан, ауылдарда оның белсенді, жергілікті бөлімдері ұйымдастырылып, шын мәнісінде ана тілінің, ұлт мәдениетінің жоқшысы болуға тиіс «Ана тілі» газеті ашылып, ұлттың өткендегі алашшыл ұлы тұлғалары халқына қайта оралып... бүкіл қазақ елінің еңсесі көтеріліп жатса, қазір... бәрі керісінше - қазақ мектептерінен орыс түгілі қазақтың өзі қашты, қазақ тілі қоғамы таратылды, газетіңіз ұлттың емес, белгісіз бір қожайынның жырын жырлауға көшті, алаш тұлғалары қызыл сұңқарлардың тасасында қалды, қазақ болған қандай жақсы деп, иінін тіктеп отырған бір жан жоқ, ал қасиетті тіліңіз - көрінген бұралқының тәлкегіне айналды. Осының бәрі, жоғарыдағы қағиданың алғашқы тармағына жүгінсек, ерікті түрде, өз қалауымызбен жүзеге асқан іс. Әуелдегі ерікті әрі амалсыз һәм түйсіксіз әрі отансыз, жандайшап есептен өркен тартып, кейінірек парықсыз, құлдық санадан туындаған, бүкіл ұлттың ұлы денесіне түскен іріңді жара.

 

Неге десеңіз, жарайды, төңірек түгел орыс екен, орыс тілін жетік білу - қызмет үшін де, ғылым-білім үшін де пайдалы екен, тақау төңіректе қазақша мектеп жоқ екен, бірақ... өзіңіз қазақ едіңіз ғой, әйеліңіз қазақ, мейлі орыс болсын, өз үйіңізде өз балаңызбен қазақша сөйлесу  қиын ба еді? Тіліңізді бұрап, өз шаңырағыңыздың астында, өз дастарханыңыздың басында тек балаңызбен ғана емес, шаласауат, мейлі білімге жетік, бірақ қазақ әйеліңізбен орысша сөйлесу де мәртебе болды ма? Жетістік, қуаныш болды ма? Шын сорлылық, шын құнсыздық осы емес пе. Біреу, екеу емес, мыңдаған шаңырақ  ғұзырлы министрден қарапайым кеңсе қызметкеріне дейінгі, ғұлама академиктен қарапайым жұмысшыға дейінгі аралықтағы мыңдаған, он мың, бәлкім жүз мыңдаған қазақ осылай ерікті түрде, өз халқына, халықты қойыңыз, тым жоғары ұғым, өз ұрпағы, өз баласына қарсы ондаған жылдар бойы үздіксіз қиянат үстінде күн кешті. Сөйтіп, туған тіліне ғана емес, туған жұртына жат жаңа бір этнографиялық топ, бәлкім, мүлде жаңа, басқа бір халық дүниеге келді. Қазақтың өз ішінде. Осыдан соң, қазақ тілі, обылың орыс-орманға деп қалай айтасыз.Әуелгі, шешуші, негізгі обалың қазақтың өзіне, қалғанының бәрі қосалқы нәрсе дейміз.

 

Обалы - қазақтың өзіне болатыны - отбасында орыс тілінде сөйле деп кім нұсқау беріпті. Ана тілін білмегендерге айрықша сыбаға бар деген де жарлық шықпады. Өкімет пен партия тарапынан, басқа болса да, дәл осындай шешім, қаулы түспеген соң, қыжыртпай айтсақ, тағдырлас алыс-жақын көршіңіз - ұлттық санасы, адамдық намысы сақталған жұрттардың ешқайсысында ана тілдері дәл біздегідей аяқ асты қалып көрген емес. Ұлыстық, автономиялық құрылымдар тұрыпты, жат ортада отырған жалғыз үйлінің өзі от басында ана тілінен ажырамаған.  Бес-он шаңыраққа жетсе - алынбас қамал іспетті. Алысқа бармай, өзімізбен туыстас ұйғыр ағайындарды алайық. Біздегі ұзын саны екі жүз мыңнан сәл ғана астам. Алматы облысының бірнеше ауданында бытырай шашылған. Ең жиын жерінің өзінде жалпы жұрттың жарымына жетпейді. Біразы бұрынан-ақ Алматыға және басқа да кішігірім қалаларға орналасқан. Астанаға оқуға келгенде, пәтершілеп жүріп, алғаш көргенім ұйғыр болды. Зейнетке шыққан кемпір-шал, жеке тұрады, балалары осында қызметте, жексенбі күндері ұлы мен келіні келіп-кетеді, немерелерін әкеледі; мен не үлкенінің, не кішісінің орысша сөйлескенін көрмедім, кішкентайларының өзінің тілі ұйғырша шығыпты. Кейін, үйленген, қызметке ілінген шақта тағы да ұйғырдың үйінде пәтерледік, отағасы қарапайым жұмысшы, бес баласы бар, ересектері орыс мектебіне барады, бәрі де үйде ұйғырша сөйлейді. Алдыңғысы да, соңғысы да, отырған қонысында жалғыз шаңырақ, бірақ ақыл-есі бүтін ұйғыр шаңырағы. Айтпақшы, университет бітірер жылы әуелгі пәтерден ауысып, бір қазақтың үйіне көштім. Ері қазақ, әйелі ұйғыр бұл үйдің күнделікті ана тілі... ұйғыр екен. Міне, қараңыз. Мен осы Алматыда тұрып жатқан, естіген, көрген, қаншама ел аралаған елу жылға жуық уақыт ішінде өз ана тілін білмейтін бір ұйғыр көрмедім. Ауылдағылары жұрт қатарлы тіл сындырса, қаладағылары орысшаға тағы жетік. Және осының үстіне - бәрі де қазақшы жақсы біледі, ұйғырша не орысша қоспасыз, таза сөйлейді. Республикамыздағы мемлекеттік тілді жүз пайыз игерген жалғыз халық та осы ұйғыр.  Еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін түгел. Қазақ тілінде сөйлейді. Қалаған жерінде. Қазаққа қажетсіз, қазақтың өзі біле бермейтін «мемлекеттік» тілде. Ал басқа жұрт... қазақтың өзі керексімеген тілді қайтсін. Бәрі де орысшаға жетік. Бәрі де өз ана тілін... біледі. Ара-тұра қазақша сөйлеп кететіндері де бар. Мәселен, неміс ағайындар. (Оның ішінде жазушы Герольд Бельгер. Бұл Герағаң өзін неміспін деп ойлайды. Шындығында неміс емес, қазақ. Неміс текті қазақ. Ал белгілі тіл маманы Асылы Осман - әзербайжан текті қазақ. Қалжың емес, анығы - сол). Бағзыдағы бір қазақ сияқты, қазақша білмегеннің бәрі орысша ғана сөйлейді деу әбес. Қажетсіген соң және өскен ортасының ыңғайы, тіршілік кебіне орай, Қазақстандағы келімсек ұлт өкілдерінің барлығы да қазақ тілінен аттап өтіп, орысша үйренді, бірақ өздерінің ана тілдерін ұмытпады. Армян мен грек те, әзірбайжан мен татар да, корей мен дұңған да - бәрі-бәрі от басында ғана емес, өзара да тек ана тілінде ғана сөйлейді. Тынымсыз шүлдірлеп жүрген - тағы да сорлы қазақ.

 

Неге, неге дәл осындай мүсәпір халге түсті, бұл не, тексіздік пе, жетесіздік пе, әлде басқадай бір құпия сұмдығы бар ма деп ойлайсың. Әуелден өз жұртына опасыз, өз діліне қайырсыз дейін десең, өткен ерлік тарихы көз алдыңда тұр. Әуелден өзін қор, басқаның өзін зор санайды дейін десең, осыдан небәрі жүз жыл бұрын, отаршылдық түнегінде Батыстың озық ғылым-білімінен мақұрым кезінің өзінде бойына жан теңгермеген - Абай сөзін еске алайықшы, шамасына қарамай, орыс-орманды, сарт-ноғайды - ешкімді менсінбейтін қазақ еді ғой. Соңғы ғасырда соншама қиындық көрді, ашаршылық азабын, қуғын-сүргінді өткерді, ұлттық және рухани езгіге түсті дейін десең... ол рас, азабымыз ақтабан-шұбырынды заманынан он есе асып кетті - алайда кейбір халықтар, мәселен, чешендер бізден әлдеқайда артық қиыншылыққа ұшырады ғой - бірақ тілінен де діні мен ділінен  де айырылған жоқ, күні бүгінгіше өзінен саны жүз-жүз елу есе көп халық, қоңыр фашизмнен де өткен рахымсыз, арғығасырлық тарихта ғана ұшырасқан ашық геноцидке қарсы қайыспай күресіп жатыр, соңғы кісісі қалғанша, ар-ожданын сатпасы анық. Ал біздікі не, бар ауыртпалық бастан өткен шақта, еркіндік алдық деп отырғанда, өз ел, өз жерімізде... Әлемдегі бар халықтың ең қоры біз болғанымыз ба? Сірә...

 

 

Азғана шегініс

Ұлан-ғайыр тарихта әр қилы ұлт басында генетикалық апаттар ұшырасқан. Ұзын санының азаюы ғана емес. Мәйектен, ұйтқыдан айырылу. Мәселен, үздіксіз, аяусыз ұрыстар кезінде ер жігіттер көбірек өледі және тұқымсыз кетеді ақыры заманнан заман озғанда манағы батыр халық қойдан жуас болып шыға келеді. Түстікте өзбекпен жүз жыл, одан соң Шығыста ойратпен екі жүз қырық бес жыл, жиыны үш ғасырдан астам ұзақ уақыт бойғы тынымсыз соғыстар қазақ халқының ерлік генофондына қайта оңалмас ауыр салмақ түсірген. Бұған отаршылдыққа қарсы, ХІХ ғасырдың ұзына бойына созылған азаттық күресі кезіндегі боздақтардың қазасын қосыңыз. Атаулы тұлғаларды айтсақ, мәселен ежелгі соғыстың қазақ жұртындағы ең соңғы қайтпас батыры Наурызбай сұлтан тұқымсыз кетті. Бар ғұмырын қазақ халқының болашағына арнаған, сол жолда азапты өлімге ұшыраған, Кенесары ханның қанша ұрпағы бар бүгінде? Мен білетіні үшеу-төртеу, мен білмейтін тағы бес-алтау шықсын, тіпті, он, жиырма дейік; жүз алпыс жыл өткенде! Ал дәл сол  кезеңде жасаған, қазақ тарихындағы өзгеше тағдырлы Сатқынның тікелей өз кіндігінен тараған еркеккіндікті ұрпақ бүгінде бір мың шаңырақтан асыпты. Еріксіз дағдарасың. Бірақ... кесел емес. Түптеп келгенде... Қайырлы болғай! Берекелі болғай! Бүгінгі ұрпақ - арыдағы атаның күнәсінен тыс. Ішінде талай жақсы азамат бар шығар, тым құрыса қазақ болып тұрғанда қара көбейтер. Қызғанбайық, күндемейік. Бірақ... дәл бүгін арамызда сол Наурызбайдан, сол Кенесарыдан мың-мың ұрпақ жүрсе... қалай болар еді? Бір жаманы болар, жүз асылы шықпас па еді! Жалғыз ғана мысал. Мыңға, әлденеше мыңға көбейтіңіз. Енді берірек, тым бері емес, әуелі патшалық Ресейдің, содан соң советтік Ресейдің отарына айналған кезді байыптасақ, бейбіт замандардың өзінде бар тауқымет еңсе көтерген игі жақсылардың басына түсіп отырғанын көреміз. Қудаланады, түрмеге жабылады, айдалады, көзі құртылады. Әсіресе, советтік ХХ ғасырда. Алаш азаматтарынан түгел айырылдық. Бәрі дерлік тұқым-жұрағатсыз кетті. Жоғарыдағы, оқыған, көрінген, атақтылар ғана емес. Ауыл мұғалімінен еті тірі қарапайым шаруаға дейінгі аралықтағы, өз бетімен ойлап, өз ырқымен жүре алатын, қорлық, зорлық, қыспақ атаулыны жан-тәнімен сезінетін, иманды, мінезді, өз басы әзірше, өскен орта, әр қилы жағдай нәтижесінде шектеулі өрісте ғана қалған, бірақ болашақта дені түзу, жақсы тұқым бере алатын, ел көлемінде бере алмаса да, аудан, ауыл көлемінде кісілігін сақтайтын келешек намысты қазақтардың ата, әкелері орта жолдан немесе көктей қиылды. Бұлармен қатар жасаған, көнбіс, момын, кейіннен, басқа бір көбіне-көп ортақол шаңырақтарда дүниеге келген можантопай қауым ғаламат ашаршлықққа ұшырады. Қырғын соғысты бастан өткерді, тың көтеру, жаныштау топанының астында қалды ақыр түбінде ұлт мүддесі тұрыпты, адамдық намыстың өзі тәрк етіліп, күнкөріс, қарын тоқтығын қамдау бірінші орынға шықты. Сонымен қатар бұл кезде кімнің наны жүрді десек... даңғой белсенді, рахымсыз қызыл жаға, адамшылық, ізгілік атаулыдан кенде жалақор мен жандайшап, қатардағы кеңсе қызметкерінен  қалылық, облыстық деңгейге дейінгі аралықтағы, заманның  ыңғайын тапқанмансапқор басшылар мен көнбіс жалшылар! Солардың ұрпағы тоқтаусыз өсіп-өнді, оқып-жетті, барлық жерде берік орнықты. Сөйтіп, ұлттың тұрақты генофондындағы тексіздер мен жетесіздердің үлес салмағы өлшеусіз көбейді, керек десеңіз, басым көпшілікке айналды. Жалпы жұрт ішіндегі көпшілік, қатарынан озғандары - бағыттаушы, бағдарлаушы күш. Жаңа социалистік, болашақ коммунистік құрылымның ұстын тірегі ретінде өкімет пен партия тарапынан айрықша қолдау, қамқорлықта. Жай ғана билік иесі ғана емес, барлық жұрт үшін үлгі. Енді не қалды? Мемлекеттік, советтік мораль - жат, отбасы, үй ішіндік мораль күйкі болғаннан соң, ел қамын жейді деген бас көтерер тұлғалары түгел, жалтақ, жәреуке, айналма болған соң, онсыз да қалжыраған жұрт қайда барып оңсын. Сөйтіп бүгінгі іштей өзімізге өзіміз мәз, сырттай жат жұртқа қадірсіз, қай тұрғыдан алғанда да қауқарсыз, бейшара кепке жеттік. Бүгінгі ел қамын ойлайтын бірлі-жарым алаш азаматтарын аяққа шалған, төбеден ұрған, қайткенде де өздерінің күйкі ой, теріс пиғылдарын күнделікті баспасөздерден - жоғарғы биікке дейінгі аралықта тоқтаусыз өткізіп отырған ұлтсыздықтың қуат-күші, ең алдымен, осындай жетесіздікте жатыр. Міне, осы ретте, біздің халқымыздың болашақ ғұмырының ең бір қаралы көрінісі ретінде Құрама Штаттардағы бүгінгі американ үндісінің тағдырын мысалға келтіруге болады. Біржола жуасығанына жүз жылдан жаңа ғана асты. Одан бұрын... саны мол еді, ерлігі кемел еді. Ақ жүзді жаулаушыларға қарсы төрт ғасыр бойы арпалысты. Қырылды, өсу орнына өше берді. Саны ғана шектелген жоқ, жүректілері, тектілері, намысты, парасатты азаматтарының бәрі тұқымымен қоса құрып, ақыр тек түбінде жетесіздер ғана қалды. Күрес атаулы тоқталып, біржола жер болып жеңілген, әбден азайған кезі - ХІХ ғасырдың соңында не-бәрі екі жүз мың екен, қазір екі миллионға тақаса керек. Үлкен мемлекет құрамындағы үлес салмағы шамалы болғанмен, әжептәуір халық. Ұзын саны үш жүзге жуық, ойдым-ойдым резервацияларда, өз тұрғысынан есептегенде, біршама жиын тұрады. Елдің тең құқықты азаматы саналады. Енді қараңыз, екі миллионға тақау жұрттан күні бүгінгіге  дейін мемлекеттік деңгейдегі бір де бір қайраткер - не губернатор, не мэр, не конгресс иә сенат мүшесі, «тым құрыса» белгілі ақын жазушы, өнерпаз шықпапты. Бұл елге кейіннен келіп орныққан,  рас, жалпы саны аса мол зәңгі тектілер ел өмірінің барлық саласында таң қаларлық жетістіктерге жеткен, бүгінгі Америка Құрама Штаттарының толық дәрежелі азаматы ғана емес, негізгі қожайындары қатарында. Өйткені, құл болып келсе де, үш-төрт ғасыр бойы қорлықта күн кешсе де, анандай генетикалық апатқа ұшырамаған. Мүмкіндік туған кезде өздерінің адамдық, азаматтық қасиетін тапты. Міне, көрнекі екі мысал, тағылымды екі тағдыр.

 

Құдайға шүкір, қаншама зобалаңды бастан өткерсек те, біздің халқымыз біржола жұтаған жоқ. Көлеңке тартқанымен, бар қасиеті бойында.  Кез келген үлкен халықтың генофонды өте күрделі. Ортаяды, тоқырайды, белгілі бір тарихи ділгір кезеңдерден соң тұтастай болмаса да, біршама қалпына түседі. Халық болған соң, көп болған соң, жиын жерінен қайнап шыға береді. Ерлікке - ақыл, парасатқа - пайым, ер-азамат атаулыға күш, қуат беретін, қара ормандай қалың қазақтың мәңгілік асыл рухы итжемеде өлуге тиіс емес. Бүгінгі күн - әлі ес жия алмай жатқан, қалжырап тұрған бір  кезіміз болар. Әйтпесе... парасат та бар, білік те бар. Іскерлік те жетіп артылады. Еңбеккерлік, адалдық, тұрақтылық, жігер мен қайрат... адам ұлына тән абзал қасиеттің бәрі бар  халқымыздың бойында. Тек... өзінің күш-қуаты қаншалық екенін бағамдап болмаған. Ұлтсыздықтың, керенаулықтың бір төркіні осында жатыр.

Ерте ме, кеш пе, бұл күн де артта қалар. Тек ол үшін қара ормандай қалың қазақ өзінің дария бастауындағы игі қасиетін қайтадан тауып, біржола серпілуі керек. Қазақ - қазақтығын сақтаса ғана бар мұратына жетеді. Манадан бергі сөзімізді сол үшін айттық.

(Жалағасы бар)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338