Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Билік 6924 0 пікір 7 Сәуір, 2014 сағат 19:42

ЕЭО САЯСИ БІРЛЕСТІК ЕМЕС...

«Интеграция кедендік кедергілерді алып тастауға және бәсекеге қабілеттілікті артыруға мүмкіндік туғызады. Сондықтан, біздің ойлап отырғанымыз таза прагматикалық мүдде – елді дамыту, экономиканы көтеру және ЖІӨ-ді ұлғайту. Ал саяси тәуелсіздігімізге келетін болсақ, бұл константа. Қазақстан ешкімге де өз тәуелсіздігінің бір түйірін де бермейді», — деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланды корольдігіне жасаған ресми сапарының қорытындылары бойынша өткізілген брифингте.

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО – Ә.Ә) құруда әңгіме тек экономикалық интеграция жөнінде болып отырғанын Елбасы Н. Назарбаев әлденеше рет мәлімдеген болатын. «…Біздің интеграциялық бірлестікте саяси егемендік тұрақты, бұл аксиома. Оның есесіне экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға, экономиканы дамыту арқылы оны неғұрлым орнықты етуге мүмкіндік береді. Одаққа кіретін әр елдің егемендігі толық көлемде, соның ішінде халықаралық деңгейде тек нығайып, өркендейді»,- деді Президент Мәскеуде 2013 жылы 24 желтоқсанында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде. Тіптен, 2013 жылдың 25-ші сәуірінде Астанада болған XI Еуразиялық Медиа форумында Нұрсұлтан Назарбаев: «Егер де қандай да бір бірлестіктер еліміздің тәуелсіздігін, біздің конституциямызды шектейтін болса, біз дереу ол ұйымның құрамынан шығып кетеміз!» деп бүкіл әлемге жар салды.

Атап айтарлығы, келіссөздер барысында Қазақстан интеграциялық бірлестікті саясиландыруға және оның шеңберінде ұлттық құзыретті, мемлекеттік егемендікті қозғайтын мәселелерді талқылауға жол бермеу жөніндегі өз ұстанымын дәйекті қорғап келеді. Мәселен, ЕЭО құру туралы келісім-шарт жобасының «ЕАЭО құру. Құқықсубъектілік» деп аталатын 1-ші бабында Одақтың халықаралық құқықсубъектілікке ие аймақтық экономикалық интеграциялық ұйым екендігі туралы нақты анықтама берілген.

Мұнымен қоса, еліміз ЕЭО туралы келісім-шарттың жобасына келісілген экономикалық интеграцияның шегінен шығатын ережелерді енгізуге батыл қарсылық білдірді. Өйткені, шекараларды қорғау, көші-қон саясаты, қорғаныс және қауіпсіздік жүйесі, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету сияқты мәселелер экономикалық интеграцияға жатпайды. Сол себептен экономикалық одақтың форматына енгізілмейді. Оған қоса, аталған мәселелер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшарт Ұйымы және Ресей, Беларусь және Қазақстанның екіжақты келісімдері шеңберіндегі көптараптық келісімдер форматында реттелген. Ал, қазақстандық тараптың талап етуі бойынша келісім-шарттың жобасынан тараптардың экономикалық емес салалардағы (атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек беру, мемлекеттік шекараны кесіп өту, заңсыз көші-қонға қарсы күрес) ынтымақтастығы жөніндегі норма алынып тасталды.

Соңғы кездері біздің қоғамда: «Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін КСРО-ға қайтып ораламыз және Қазақстан Ресейге бағынышты ел болады» деген мағынасыз пікірлер айтылып жүр. Бұл – абсурдтық пайымдау. Еуразиялық кеңістіктегі интеграция идеясын бірінші болып ұсынған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық бірлестіктің негізінде экономикалық прагматизм, ашықтық, барлық шешімдерді қабылдауда құрмет, еріктілік, теңдік сияқты мызғымас қағидаттар жатқанын бірнеше рет қадап айтты. Екіншіден, ЕЭО құру туралы келісім-шарттың жобасына халықаралық құқықтың көпшілік мойындаған принциптерін құрметтеу сияқты негізгі қағидаттар енгізілген. Ал халықаралық қауымдастықта мойындалған принциптерге – Одаққа мүше-мемлекеттердің егемендік теңдігі және аумақтық тұтастығы, саяси құрылымының ерекшеліктері, өзара тиімді ынтымақтастықты, теңдікті және тараптардың ұлттық мүддесін ескеруді қамтамасыз ету жататыны белгілі.

Сайып келгенде, Кеден Одағы мен Ортақ экономикалық кеңістік және болашақтағы ЕЭО сияқты интеграциялық бірлестіктер шеңберінде шешім қабылдағанда Қазақстанның құқықтары шектеледі десек, қатты қателесеміз. Атап айтарлығы, Еуразиялық экономикалық комиссиядағы шешімдер қабылдау механизмі  Кеден Одағына мүше қандай да бір елдің басымдыққа ие болуына жол бермейді. Негізгі шешім алқа шеңберінде білікті көпшіліктің үштен екісінің қалауымен қабылданады. Сонымен қатар, Кеңес мүшелері ұлттық мүддеге қайшы келетін кез-келген шешімге қарсылық танытып, оны шешімдер тек өзара бәтуаластықпен қабылданатын үкімет жетекшілерінің немесе мемлекет басшыларының деңгейіне шығара алады. Мұндай ұстаным шешім қабылдарда барлық тараптардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге жол ашады. ЕЭО құру туралы келісім-шарт жобасында интеграциялық үдерістердің барлық деңгейінде бәтуалық шешім принципі бекітілген. Ал Еуразиялық экономикалық комиссия шеңберінде бәтуаластықпен қабылданатын шешімдердің тізімін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес анықтайды.

Биылғы жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясын жария еткеніне 20 жыл толды. Осы мерейлі датаға сәйкестік шығар, Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы ЕЭО туралы келісімге биыл мамыр айында Астанада қол қою жоспарланып отыр. Біздің Елбасымыз айтқандай, «бұл тең құқықтық, өзара тиімділік және барлық қатысушылардың мүддесін ескеретін принциптерге негізделген XXI ғасырдың мүлдем жаңа бірлестігі» болмақ. Ал сарапшылар бағалағандай, 2030 жылға дейін жаңа одаққа мүше үш мемлекет ЖІӨ-ін қосымша 25 пайызға немесе тағы 600 млрд. АҚШ долларына өсіреді.

Әмірлан Әлімжан.

altyn-orda.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969