Сенбі, 23 Қараша 2024
Жөн-ақ 4743 0 пікір 31 Наурыз, 2014 сағат 09:24

Кадрмен қамтымай – қажетті нәтижеге жету қиын

-  Ауылшаруашылығын дамытудың негізгі амалдарының бірі – оған маман кадрларды тұрақтандыру, -  дейді Мәжіліс депутаты Талғат Ерғалиев.

-  Қазіргі ауылшаруашылығы құрылымдарының көбі, аса үлкен болмағандықтан, өздігінен маман тартудың шығынан көтере алмайды. Мәселен, бұрынғы кеңшардың орнында жұмыс істейтін 5-6 фермердің әрқайсысы бір-бір агроном, инженер, экономист, зоотехник ұстауға қауқарсыз. Тіпті, қуатты деген фермерлердің өзі мұндай мамандарды маусымдық уақытқа ғана ұстап, қыстың 4-5 айында «ақысыз демалысқа» жібереді. Бұл фермерге жақсы болғанымен маманның өзі мен бала-шағасына қиын... Өйткені, ол осы уақытта тамақ ішпей отыра алмайды ғой.  

Бұрынғы кеңшардың орнындағы әкімшілік-территориялық бөліністе қазір ауылдық округтер отыр. Олардың штатында тек веттехник ұстау ғана көзделген. Басқа мамандардың шығыны ауылдық округтың шығындарында қарастырылмаған. Сондықтан... 5 мың гектардан артық жер өңдейтін 4-5 (немесе одан да көп) фермерлері бар ауылдық округке кем дегенде бір-бір агроном, инженер және экономист ұстау шығыны бюджетте қарастырылуы керек деп санаймын. Сондай-ақ 5 мыңнан артық гектар жер өңдейтін жеке, ірі шаруашылықтар осы мамандарды өз есебінен жыл 12 ай ұстауды заңды түрде міндеттеріне алулары керек. Сонымен бірге 1 мыңнан артық мал өсіретін ауылдық округтердің бюджетінде веттехниктен басқа бір зоотехниктің шығыны да қарастырылғаны жөн. Ал осыншалық малды жеке шаруашылығында өсіретін ірі фермерлер бұл маманның шығынын өз есебінен 12 ай бойы көтеруі керек. Сонымен бірге сырттан келген мамандардың бәрі де тұрғын үймен қамтамасыз етілетіні заңмен міндеттелсін.

Бұл іс – Президент талап еткен, ауылшаруашылығын дамытудың ғылыми жолын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Маман болмаса ешқандай ғылыми жол ауылшаруашылығына келмейді. Сондай-ақ, бұл амал жыл сайын оқу бітіретін жүздеген сала мамандарының басқа сектордан жұмыс іздемей, өз мамандығы бойынша кепілді түрде жұмыс табуына мүмкіншілік береді, - дейді Т.Ерғалиев.

Жоғарыдағы ұсыныстарын жалғастыра келіп, депутат Талғат Ерғалиев ауыл шаруашылығына барған мамандарды ынталандыру жолдарын да айтты. Соның ішінде, дейді ол, еліміздің БАҚ құралдары  сала мамандарының әлеуметтік маңызын арттыратын, беделін көтеретін мемлекеттік саясаттың тапсырмасын жүргізулері керек. Насихатсыз, идеологиялық қолдаусыз салаға жақсы мамандарды тұрақтандыру қиын. Ауылшаруашылығы мамандарына БАҚ көбірек көңіл бөліп, озаттарын жиі көрсетіп отырса, адамның құлшынысы да артады. Оларға мемлекеттік наградалар беру ісі де назардан тыс қалмағаны жөн. Сондай-ақ, ауылшаруашылығына барған мамандарға кезектен тыс қызмет көрсету сияқты ынталандыру жүйесін енгізу қажет. Мысалы, медициналық көмек көрсетуде ауыл шаруашылығы маманы аудан, облыстардағы емханаларда кезектен тыс қабылданғаны жөн. Сонымен бірге олардың балаларын ЖОО қабылдауда жеңілдіктер берілуі керек.

Осындай жеңілдіктермен қатар мамандарды ауылда тұрақтандырудың тағы бір тәсілі – олардың қызмет баспалдақтарымен өсуіне жағдай жасау. Бұрын ауылшаруашылығы мамандары қызметтерін жақсы атқарып, жақсы нәтижелерге жетсе, өздерінің қызмет баспалдағымен өсетіндіктеріне, ірі мансапқа қол жеткізетініне  сенімді болатын. Кадр саясаты соны көздейтін. Ал қазір ондай мүмкіндік мүлде жоқ. Аудан әкімдері мен оның орынбасарлары,  облыстық мекемелердің басшы қызметкерлері, облыс әкімдері мен орынбасарлары ауылшаруашылығы қызметінен өспейді. Олардың негізі тек бизнестің өндірістік емес, коммерциялық саласынан немесе құқық қорғау жағынан шыққандар. Сондықтан ауылшаруашылығы маманы өзінің ешқашан карьера жасай алмайтынын біледі. Міне, осы қайшылықты да жойып, ауылдық аудандар мен саланың облыстық, тіпті республикалық басшылықтарына міндетті түрде ауылда маман болып істеген жандардың ғана көтерілетініне кепілдік беретін заңнама керек. Сонда маманның ынталануы арта түсер еді. Міне, біз Үкіметтің қарауына осы тәріздес нақты ұсыныстар дайындамақпыз, деді депутат сөзінің соңында.

Жақсылық Қуандық

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345