Сенбі, 23 Қараша 2024
Қағазстан 5090 0 пікір 25 Наурыз, 2014 сағат 12:48

ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚТАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Осы күні қағаз толтырудан бізде қай мекеме болсын алдына жан салмайды. Ел Президентінің өзі мұғалімдер мен дәрігерлерді қағазбастылықтан босатыңдар дегенді ашық айтты. Ол сөз газеттерде де жазылды, бірақ, құлақ асып жатқан ешкім жоқ сияқты. Олай дейтінім – менің жоғары оқу орнында қызмет еткеніме көп жыл болды. Әсіресе, соңғы жылдарда біз толтыратын қосымша қағаздар еселеп көбейіп барады. Өзім жұмыс істейтін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі жағдай да нақ осындай. Оқу жүйесі бұзылмай тұрған сонау жылдары бірінші жарты жылдықта, демек, семестр біткенде, бір бет, жазда тағы бір бет есеп жазатын едік. Сонымен қоятынбыз.

Ал, өткен 2013 жылы жылдық есеп өткізу үшін әр мұғалім 20-30 бет қағаз толтырып, оған кем дегенде үш адамға қол қойғызып, әупірімдеп әзер өткіздік. «Жазған құлда жазық жоқ», бюджеттің ақшасына қарап отырған мұғалім ләм деп аузын ашпайды. Бастыққа «бұл қалай?» десең өзіңе жауығып, ізіңе түседі. Содан, мұғалімдер күңкілдейді де қояды. Осылай жалғаса бермек пе? Зачет деген болушы еді ғой, оны аралық бақылау (рубежная контрольная) деп алдық. Алдымен орысшасын біліп алмасаң неғылған аралық екенін түсінбес едік. Бізге аралық бақылау сонау 90-жылдардың ортасынан келді. Бірақ, оның қосымша қағазы жыл өткен сайын көбейіп, қалыңдап барады. Азаттық алғанымызға аттай жиырма жылдан асса да, бар қағазды ең алдымен орысша жазып, содан соң қазақшаға аударамыз.

Онда да қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі мен нормативі көп жағдайда сақталмайды. Мейлі ғой, қазір етіміз өліп, бәріне көндік. Себебі, бәрібір ешкім құлақ аспайды. Сол қарапайым тілмен айтқанда, студенттерден зачет алу үшін ең кемі 5 бет материал дайындаймыз, оның сыртында «эксперттік қорытындылау» («экспертное заключение») деген қағазы тағы бар. Оған үш адам қол қояды. Бюрократия осы жерден басталады. Көбіне әйел жолдастардан құралған педколлектив ішінен топ-топқа бөлініп, persona non grata болып жүргендердің қағазға қол қояр сәтте тағы бір сағы сынып, бірталай жүйкесін жұқартады. Айтпақшы, қол қойылғаннан кейін әрбір бетке декан мөрін басады. Соған жеткенге дейін діңкелеп бітесің. Қолын қоймайды емес, әйтеуір бір қояды, бірақ сенің уақытың, денсаулығың кетеді… Зачетты осыншалық қиындататын несі бар? «Бір қызымнан бір қызым сорақы» демекші, емтиханның қағазы мен билеті мұнан да өтеді.

Егер мен Францияда бір жыл ғылыми тағылымдамадан өтпегенімде, мүмкін, бұл мәселелерге мән бермес едім. Жарайды, мұның бәрін деканат та, университет те өз ойынан шығарып отырған жоқ дейік. Жоғарыдан, Білім және ғылым министрлігінен бекіп келген директивалардың негізінде алып отыр, мақұл. Министр тұрақтамайтын осы біздің оқу саласы екені қалың жұртқа мәлім. Әр министр өз «реформасын» ала келеді. Ал қаптаған қағаз жазудың себептерін, қызметтен кеткен кісінің жіберген қателіктерін талдап, сабақ шығару деген болмай ма? Сонда, әлгі кеткен министрлер қағазды бұрқыратып жазуды мирас етіп кетпеген шығар. Орыста «здравомыслящий» деген жақсы сөз бар. (Аралас отырған халықтың бірер сөзі менің патриотизміме нұқсан келтірмейтініне сенімдімін). Университет саласына бас-көз болып отырған шенеуніктердің ішінен қағазды қалай азайтамыз, білімнің сапасын қалай арттырамыз деген «здравомыслящий» бір адам табылмағаны ма? Қолымда билік бар екен деп, көзді жұмып, төменге қаулы-қарар сырғыта бергеннен, не ұтып отырмыз? Мұғалімнің ең бірінші міндеті – қағаз толтыру емес, сабақ беру.

Жоғары оқу орнында қызмет істейтін мұғалімдердің ғылыммен айналысуға мұршасын келтірмейтін себептің бірі – осы қаптаған қағаз бен толып жатқан қоғамдық іс-шаралар. Онсыз да жүктемесі бас­тан асатын шетел тілі кафедрасына таза ғылыми жұмыс жасамадың деу – үлкен қиянат. Бұл енді ерекше тоқталатын тағы бір өзекті мәселе. Алайда, қазіргі күні ғылыми атағың болмаса, университетке мұғалім бола алмайсың дегенге жеттік. Ал, ғылым деген ерекше жағдайды талап етеді(?!). Адамның ойы басқаға бөлінбеуі керек. Жағдай жасалмаған жерде псевдоғылым пайда болады. Пысықтар пайда болды, шетінен ғылым докторы. Біздегі бір кафедраны білем – оқытушыларының 80 пайызы ғылым докторлары. Солардың бәрі керемет ғалым деп отырсыз ба? Әлде қазақ ғылымының ерекше дамығанының көрінісі ме? Жеке өз басым оған сенбеймін. Көрші Ресей жүз адамның ғылыми атағын мемлекеттің арнайы қаулысымен алып тастады, заты сай емес деп. Ағайындар, біз ең болмаса мына қаптаған қағазды алып тастайық та!

Мария АРЫНОВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты, оқытушы, аудармашы. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371