Сенбі, 23 Қараша 2024
Жанайқай 6509 0 пікір 24 Наурыз, 2014 сағат 19:35

ХАЛЫҚҚА ХАТ, ПРЕЗИДЕНТКЕ ДАТ!

Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә. Назарбаевқа

Ашық хат

Жазайын қалам алып халқыма хат,
Халқымның бір баласы – ханыма дат!
Сырымды сияменен ақтарайын,
Емес қой, датын айту салтыма жат!

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Мен, Еламан Тұрбаев. Маңғыстау облысы,  Жаңаөзен  қаласында тұрамын. Ауған соғысының ардагерімін. Қолыма қалам алуыма себеп: 1983 жылғы туған балам - Жақсылық Еламанұлы Тұрбаевты 03.08. 2011 жылы «ӨзенМұнайГаз»-дың  №1-ші мұнай басқармасына қарасты №7114  скважинасының басында жұмыс жасап жатқан жерінде, арнайы тапсырмамен келген қарақшылық топ ұлымды айуандықпен азаптап, жауыздықпен қорлап өлтіріп кетті. Қанды оқиға «Өзенмұнайгаз» ӨФ-нің аймағын күзететін «Семсер Секюрити»  постынан 250 метр жерде болған. Кезінде бұл  жөнінде еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралдары жариялады. Елді дүрліктірген қанды оқиғадан бері 2 жыл 7 ай уақыт өтсе де қылмыскерлер сайраңдап бостандықта жүр...

Қапияда бауыр етім – баламнан айырлғаныма 949 күн, 949 түн  өтті. Содан бері күндіз күлкі, түнде тыныш ұйқы көрмедім. Көзімді жұмсам болды, көз алдыма қансырап көмек сұрап жатқан ұлымның бейнесі келеді. «Құлыным-ау» деп қолымды соза бергенімде оянып кетем. Содан таң атқанша кірпік іле алмаймын. Әрине, балам  Алланың тура ажалымен өлсе көнер едім ғой, кімнен артықпын, бірақ ұлым айуандардың қолынан қыршыннан кетті емес пе? Бұған қалай шыдай аларсың?!

Қылмыскерлер белгілі болып тұрса  да, неге жауапқа тартылмайды?  Олардың артында тұрған кім? Осы сауалдарға жауап алмақ болып Республиканың Бас пркуроры А.Дауылбаевқа,  Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа,  Парламент депутаттарына  дейін арыздандым, бірақ еш нәтиже болмады.  Ақиқатты айтатын, шындықты тыңдайтын орын таба алмадым.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Ең соңғы үмітпен өзіңізден көмек сұарағаннан басқа амалым қалмады. Осы қылмыстық іс толық ашылып, қылмыскерлер заң алдында жауапқа тартылса, марқұм балам Жақсылығымның да рухы тыныш табар еді, құлынымды бауырыма баса алмасам да, көңілім бір жайланар еді.

Талай зұлмат заманды басынан өткізген 90 жастағы анам бар. Күні- түні құдайдан елдің тыныштығы мен балаларының амандығын тілеумен отырады. Ол да кетерінде әділдік бар екеніне көзі жетіп кетер еді. Қылмыстың ашылуы, әділ заңның орнауы тек сіздің ғана қолыңызда. Менің өзіңізден басқа сенерім қалмады.

Енді қанды оқиғаның қалай болғанына тоқталайын. Марқұм балам Жақсылық  Еламанұлы Жаңаөзен қаласындағы «МұнайФильтСервис» мекемесінде бұрғышы болып жұмыс жасайтын. Балам оқиға болатын 3 тамыз күні №7114 скважинаның басында бес адам болып жұмыс жасап жатады. Сол күні таңертең «МФС» мекемесінің басшылары әртүрлі сылтаулармен баламның қасындағы төрт жұмысшыны шақырып алып, баламды жалғыз қалдырады (бұл жағдайды мекеме жұмысшылары растады). Осы кезде 2 машинамен келген 7 адам жалғыз қалған баламды жабылып соққыға жығып, айуандықпен азаптап өлтіріп кетеді. Қарақшылық топ баламды өлтіруге жан-жақты дайындалған.  Не үшін?..  Бұл кімдердің ісі? Артында кімдер тұр? Оған күдіктенетін қандай жағдай болды?

Сол уақыттарда  «МФС» мекемесінде еңбек дауы туындап жатқан болатын. Кәсіподақ төрағасы Р.Ықыласов жұмысшылардың келісімінсіз еңбек шартына қол қойып жібереді. Оған жұмысшылар да, менің балам да, өз қарсылықтарын білдіреді. Себебі, олар еңбек дауының тек заңды жолмен ақылдасып шешілгенін қалайды. Осыған байланысты кәсіподақ жиналысы 01.08.2011 жылы болатын болып белгіленген еді, бірақ бұл жиналыс белгісіз себептермен 03.08.2011 жылы кешкі сағат 17:00-ге кейін шегеріледі. Балам бұл жиналысқа қатыса алмады, сол күні түсте ұлымды өлтіріп кетті. Әрине, күмәнді жағдай! «МФС»  мекемесі кімдікі? Артында кімдер тұр? Ол жағын толық білмеймін. Бірақ осы мекемеге «крыша» болып жүрген В.Я.Мирошников екенін көпшілік біледі. В.Мирошиников сол кезде «Барлау және Өндіру» АҚ бас директордың орынбасары болып Ақтауда жұмыс жасаған. Ол Маңғыстау облысының бокс федерациясының президенті болған. Ресми емес ақпарат бойынша, ол Маңғыстаудағы қылмыстық топты қаржыландырған.

Ал, В.Мирошников менің балама не үшін өшіккен? Балам қайтыс боларынан 12 күн бұрын алаңда жатқан мұнайшыларға бір газел минералды су апарған. Жақсылықтың Газел толы суды түсіргенін В.Мирошников көріп тұрған. Әрине, «МФС» мекемесінің жұмысшысы ереуілші мұнайшыларға көмек жасағаны «ұнамаған» болуы керек. Баламды өлтіруге тапсырыс осы жақтан түсуі мүмкін. Тапсырыс берген топтың түпкі мақсаты: Мұнайшылар мен биліктің арасына сына қағу, арандату, халықты билікке жек көрінішті етіп көрсету болды. Сол арқылы өздерінің көздегендеріне қол жеткізу еді.

Тапсырысты кімдер орындады? Бірінші кезекте оларға баламмен жанжалдасып жүрген адамдарды пайдалануы керек болды. Себебі қанды ізді басқа жаққа аудару керек. Іздегенге сұраған, ондай адам да табыла кетеді.    Ол – «ӨзенМұнайГаз» бірлестігіне қарасты, УОС-2  мекемесінің сол кездегі автоколонна бастығы болған, 1973 жылы туған Үсенов Қонай Талғатұлы. Ал, Қонайдың баламда, қандай кегі болған? Оның айтуы бойынша, 17.07.2011 жылы Жаңаөзен қаласы 4-шағын ауданға қарасты 2-үйдің қасында тұрған өзінің «Монтеро Спорт» көлігінің алдыңғы екі дөңгелегін белгісіз үш адам жарып кеткен. Ал, менің балам сол маңдағы дүкеннің қасында тұрған. Біреулер Қонайға сенің көлігіңнің дөңгелегін Жақсылық жарған болуы мүмкін деген. Тапсырыс берушілер Қонайды пайдаланған.

Үсенов Қонайдың әрекеті қалай әшкере болды? Балам қайтыс болған соң екі күннен кейін УОС-2 мекемесінде жүргізуші болып жұмыс жасайтын 1983 жылы туған Ізбасов Ақылбек мас болып, қасындағы жолдастарына, «Жақсылықты кім өлтіргенін білемін, тауып та бере аламын» дейді. Көп уақыт өтпей Ақылбектің жүйкесі сыр беріп жындыханаға түседі, бірақ содан кейін ол жерден қашып кетеді.

2011 жылы 18 тамыз күні Ақылбек УОС-2 мекемесінің кеңсесіне келіп, бастығы Қонай Үсеновті сабайды. Осы оқиғадан кейін Қонай жұмыстан шығып, үйін, дүние-мүлкін сатып, Алматыға асығыс көшіп кетеді. Әрине, оның бұл әрекеті біз үшін күдік тудырды.

Мен Ізбасов Ақылбекпен жолықтым, ол оқиға орнына бастығы Қ.Үсеновтің көлігінің дөңгелегін жарғаны үшін, «разборканы» шешуге 3 адам болып «УАЗ» көлігімен барғанын айтты, бірақ артынан өз сөзінен айнып кетті.

Ал, келесі  күдікті – Үсенов Қонаймен Алматы қаласына емделуге барғанымда кездейсоқ жолығып қалдым. Ол да шындықты жасыра алмай оқиғаның қалай болғанын қағазға жазып берді. Бірақ, баламды өлтіру үшін емес, тек «разборканы» шешуге мас болып барғанын айтты. Оқиға орнына 7 адам болып 2 көлікпен барған. Осы кездесуден кейін 4 ай өткесін Қонайдың әкесі Талғат, шешесі Айша үйіме келіп менен кешірім сұрады...  Артынан полиция Қонайды Үшарал қаласынан ұстап, Ақтауға әкеліп 3 күн қамап, босатып жіберді.

Содан соң оқиға орнына барған пикап УАЗ-дың иесі де белгілі болды. Ол – Түлембав Есіркеп деген адам болып шықты. Е.Түлембаев балам қайтыс болғаннан кейін 1 ай 5 күн өткен соң УОС-2 мекемесіне жүргізуші болып жұмысқа тұрған. Бұл жігіт барлық болған оқиғаны, маған да, полицияға да, камера алдында да бәрін жан-жақты айтып берді. Бірақ ол да ГОВД-ға барғаннан кейін, айтқанынан айнып кетіп, өзіме «ұрды» деп жала жапты. Артынан «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы арқылы маған жала жауып біржақты хабар таратты.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Баламды өлтіруге барған үш күдіктіні айтып бердім, қалған төртеуі де белгілі болды. Жақсылығымды өлтіруге тапсырыс берген жақты да көрсеттім. Бірақ, тергеу ісіне кедергі болмау үшін мән-жайды толық жаза алмадым. Қылмыстың қалай болғаны белгілі болса да, қанішерлер заң алдында жауапқа неге тартылмайды?  Бір жыл күттім, екі жыл күттім, енді қанша жыл күтуім керек? Менің баламның ісі ашылса, Жаңаөзен оқиғасына қатысты көптеген қылмыстың беті ашылар еді. Келесіде мұндай жағдай қайталанбас еді. Осы қылмыстық істі ашуға кедергі болып отырған прокуратурада жоғарғы шенді адамдар бар. Оған біздің әліміз келмейді.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сіз 2011 жылы 20 желтоқсанда Жаңаөзен қаласына келіп халықпен кездескенде «Бұл оқиғаның тамыры тереңде, артында үшінші жақ тұруы  мүмкін» деген болатынсыз. Ақиқатында да солай. Ал, сол үшінші жақ даладан келген жоқ. Олар сол кездегі мұнай басшылары мен олардың жандайшаптары болатын. Қарапайым мұнайшылар, сіздің саясатыңызға да қарсы болған жоқ, жалақыларымыз аз деп те өкпелеген емес. Себебі, Маңғыстаудағы ең жоғарғы жалақы «Өзенмұнайгаз» мұнайшыларінікі болатын. Олар 1.7, 1.8 деген коэфиценттерді де бастықтары айтпаса қайдан біледі?! Мұның бәрін істеп жүрген мұнай басшыларының арасындағы арнайы топ болатын. Олар белсенді мұнайшыларды сабап, қорқытып, өлтіру арқылы мұнайшыларды билікке қарсы қойды. Ал, менің балам сол саясаттың жазықсыз құрбаны болды. Қалай болмасын ереуіл  «БӨ» АҚ мен «Өзенмұнайгаз» ӨФ-нің кейбір басшылыларына тиімді болды, бірақ бұл құпия әлі күнге дейін ашылмай отыр.

Мен бұл мақаламды «Халқыма хат, Ханыма дат» деп бастаған болатынмын.

Айналайын, халқым!  Баламнан айырылып қайғырған кезімде, өздерің жұбаттыңдар, сүрінген кезімде де, қолтығымнан демедіңдер, маған тілекші болдыңдар. Сіздерге алғысым шексіз! Халқымның алдында басымды иемін. Күйікпен жүріп өздеріңнің қуаныш, қорқыныштарыңа да, бара алмадым, кейбіріңе қатты кетіп артық айтқан жерім де болған шығар, бәріңнен кешірім сұраймын! 54 жасқа келгенше біреудің үстінен арыз жазып көрген емеспін, саясатпен де айналыспаймын. Өзім Кеңес саясатының кесірінен 1980-1981 жылдары Ауған жерінде қан майданның ішінде болдым. Талай достарым көз алдымда бірінен соң бірі құрбан болып жатты. Ол күндерді еске алу мен үшін ауыр. Сондықтан да, елімнің бейбіт өмір сүргенін, азаматтардың амандығын тілеймін. Ең бір жаныма бататыны – бейбіт заманда балаларымыздың қанішерлердің қолынан өлуі, олардың «маған не істей аласың?» дегендей көз алдымызда тайраңдап жүруі, одан артық ата-ана үшін қорлық жоқ болар. Менің балам қара басының қамы үшін емес, халқы үшін кетті. Шіліңгір шілдеде, аптаптың астында тұрған мұнайшыларға  қарлығаштың қанатымен су сепкендей болып, қолындағы  97 мың теңгесіне су апарып берген, бірақ «ереуілшілерді қолдаушы» деген атаққа ілінді. Өзінің жұмыстастарының құқын заңды жолмен қолдаймын деп басшылармен жаманаттасты. Ақыры, осы жағдайлар ұлымның түбіне жетті.  Мен арманда кеткен құлыныма шексіз ырзамын!  

Жетелеп жүріп үйреттім, әдет-ғұрып салтымның,
Қаймағын бұзба деуші едім досыңа берген антыңның.
Алпыс жыл атан болғанша, алты күн сүрген бура артық,
Антыңды бұзбай жан балам, ұлы боп өлдің халқыңның!                                                

Еламан Тұрбаев

Жаңаөзен қаласы

Ескерту: Барлық жауапкершіліктті өз мойныма аламын, ешкімге зиянымды тигізбеймін. Құжат дәлелдерім бар.  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371