Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
46 - сөз 7181 0 пікір 21 Наурыз, 2014 сағат 13:48

Түркістан жастары бірлесіңдер!

Мұстафа Шоқай:

Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан деп жас үкімет күшін алты жұмхұриятқа бөліп тұрған Түркістан бөлінбес айрылмас бір өлке.

Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір, мақсаты бір. Түркістанның мақсаты: өзінің кұтылуы, ұлттық үкіметін құрып тәуелсіз болып өз алдына бір үкімет болып тұруы. Халқы көптен бұл жұмысқа жанталасып жұмыс істеп, қан төгіп соғысып келеді. Үмітіміз зор, мемлекетіміздің келешегіне сенеміз.

Түркістан жастары әсіресе бұл мақсатымызға жеткізуге таласып тырмысып жатыр. Біздің мақсатымыз тек Түркістанның ғана емес, бүкіл түрік өлкелерінің, бүкіл түрік халықтарының дос болып өзара бірлік бауырластықпен жасап сыртқы дұшпандарға қарсы өзінің күшін, үкіметінің күшін білдіріп кою. Ойымызға жетеміз, талабымызды орынына келтіреміз деген иманымыз зор және күшті.

Халқымыз бен жас үкіметтің жүгі қанша ауыр болса, біздін шығысымыз сонша қатты, сонша күшті болмақ. Алыста жүріп ел қайғысын ойлап, алыста жүріп ел қамын ойлап Еуропаның әр тарапында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары бірлесіндер!

Сендердің бірліктерің, сендердің бір-бірлеріңе күш қосуларың, еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар! Бәріміздін құбыламыз өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ. Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір киелі міндет болмақ. Мұны ұмытпау керек.

Түрік халқы батыр халық, түрік халқы арыстан, ер халық.

Кімнен таяқ жегендей, біздің түріктің баласы,

Алдырып жүрген дұшпанға аузының аласы.

Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтін жауымыз болмайды.

Мақсатымызға жетеміз, онсыз біздің күніміз жоқ. Құрып кетеміз. Босып кетеміз. Құрымас үшін, боспас үшін, күшімізді біріктіріп иін тірестіріп бір-бірімізге жәрдем беріп жүруіміз керек. Онсыз біздің күніміз караң. Мұны ұмытпау керек.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965