Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Билік 11783 1 пікір 21 Наурыз, 2014 сағат 13:31

Қасым - Жомарт Тоқаев. Кәдесый туралы әңгіме

Қазақстан - Америка іскерлік ынтымақтастығы комитетінің тең төрағасы ретінде менің А.Гормен екі мәрте кездесуімнің орайы келді және де әр жолы ол әңгімені «Қазақстан президенті өзінің ән айтуымен әуестеніп жүр ме?» - деген сауалдан бастайтын.

1995 - жылдың қазан айында Н.Назарбаев пен А.Гордың Вашингтотонда жұмыс бабындағы кездесуі болды. Вице-президент аппаратының протоколдық қызметіндегі сөзуар қызметкер әйел А.Гордың Ақүйде болған кеңестің бірінде өзінің ортаазиялық республикалардың бірінде қойдың басын мүжігенін айтып тыңдаушыларды таң қалдырғанын, тіпті шошындырғанын айтты. Н.Назарбаев өзінің ұнатпай қалғанын жасырмай, әлгі әйелдің көзіне тура қарап: «Бұл менің үйімде болған!» - деп салды. Вице -президенттің көмекшісі қып-қызыл болып, не айтарын білмей қалды. Оның бақытына орай, осы кезде Вице-президенттің өзі де келіп қалып, ол әңгімені тура сол Н.Назарбаевтың үйінде болған ұмытылмас кешті еске түсіруден бастады. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының жоғарыда келтірілген мәлімдемесінен туындаған кейбір жағдайларды айқындау үшін аса пайдалы болған келіссөздер аяқталған соң Н.Назарбаев А.Горға Өскемендегі Қазақстанның теңге сарайында шығарылған алтын және күміс теңгелер жиынтығын сыйлады. А.Гор өзінің 50 доллардан құны жоғары сыйлықтарды алуға құқығы жоқ екенін айтып, кәдесидан бас тартқысы келді. Қазақстан басшысы бұл теңгелердің құны номиналды түрде және бес жыл толып отырған тәуелсіз мемлекетіміздің нышанын аңғартатынын түсіндірді. Вице-президент осыдан соң ғана сыйлықты алуға келісті, бірақ соңғы секундқа дейін оның жүзінен абыржыу табы кеткен жоқ. Ақыр аяғында ол: «Мен бәрібір заңгерлермен келісейін» - деді.

Сыйлықтар мен кәдесыйлардың кірпияз тақырып екені соншалық, бұл туралы толығырақ түсініктеме бере кетуді жөн көрдім. АҚШ-та шындығында да қымбат сыйлықтарды қабылдамайды, ал егер олар қаттама арқылы берілсе, жоғары лауазымды шенеунік сыйлықтарды тиісті мұражайға тапсырады.

Азия, Таяу Шығыс және Африкада мүлде басқаша дәстүр қалыптасқан. Оларда сыйлық жоғары деңгейдегі кез-келген сапардың қажетті нышанына айналған және келіссөздерге қатысушы әріптестердің бір-біріне деген құрметінің белгісіндей қабылданады. Кеңестік протоколдық тәжірибеде де сыйлықтар, соның ішінде өте қымбат сыйлықтар алмасу салты болған. Леонид Брежневтің қымбат автомобильдерге деген құмарлығын білетін қонақжай қожайындар Совет басшысын үлкен қуанышқа бөлейтін машиналар сыйлайтын. Өмірінің соңында ол қазіргі заманғы  автомобильдердің, соның ішінде спорттық түрлерінің де үлкен паркінің иесіне айналыпты. Түрікменстан президенті С.Ниязов осы мемлекеттің рәмізі сынды ахалтеке тұқымды аттарды сыйлауды ұнатады. 2001 жылы Қазақстанға сапары кезінде Түрікмен басшысы осы тұқымдас атты арнаулы ұшақпен алып келді. Тіпті сыйға тартылған жылқының жаңа мекенге жерсініп кетуіне жәрдемдесетін мамандары да ере келді. Дэн Сяоупиннің 70- жылдардың соңындағы АҚШ- қа сапары кезінде қытайлықтар Америка үкіметіне өте сирек кездесетін, тек қана бамбукпен хоректенетін екі панданы (бамбук-аю.-ред) сыйға тартты. Таяушығыстық шейхтар жоғары лауазымды қонақтарына швейцар сағатын сыйға тартуды ұнатса, олардан ителгілерді алуды қалайды.

Қазақстан Президенті де қалыптасқан тәжірибеден тыс қалмауға тырысады: Ол да сый-сияпат жасаудан қалыс қалмайды және оған да сыйлықтар мен кәдесыйлар әкеліп жатады. Олардың бәрі Президенттің мәдени орталығына қойылады. Немесе Астана мен Алматыда орналасқан резиденциясыныдағы мұражайға тапсырылады...

... Әңгіме ақыры «кәдеси» тақырыбына ауысқан соң өз дипломатиялық тәжірибемде бастан өткерген қызықты бір жағдайды айта кеткім келіп тұр.

1997 - жылдың қыркүйек айында Президенттің тапсырмасымен Оңтүстік Африка Республикасына ресми сапармен ұшып бардым. Бұл сапарды анығында сол елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Питер Бота ұйымдастырған. Ол апартеидтің күшін жоюға және қара түстілердің көпшілігі және ақ түстілердің азшылығы арасындағы қарулы қақтығысты болдырмауға үлкен рөл атқарған адам. СІМ-де болған кездесу кезінде ол маған Оңтүстік Африкаға барып, ұлттардың өркениетті қоғамдастығына кіріккен бұл елді «сезініп» қайтуға ұсыныс жасаған.

Сапар бағдарламасында бірнеше үкімет мүшелерімен келіссөздер жүргізу қарастырылған болатын. Ол бұл уақытта Африка бойынша менің алғашқы «нұсқаушым» Питер Ботаны алмастырған жаңа геология министрімен кездесуден басталды.

Министр мені протоколдық тәртіпке сай қабылдаған жоқ, тіпті пиджагын киюді де жөн көрмей, орындығының арқасына ілулі күйінде қалдырыпты. Қысқа амандықтан соң, сапар мәнісін сұрады. Мен ынтамен жауап беріп, он минуттан аспайтын сөзімнен соң әңгімелесушімнің көңіл- күйінің күрт өзгере бастағанын аңғардым. Ол маған енді таңырқай қарай бастады. Сонан соң қарапайымдылықпен ағылшын тілін қайдан үйренгенімді сұрады. Мен жауабын айтқан соң, ол ойланыңқырап, бұрынғы советтік, әсіресе «Монғолияға жақын» орналасқан елдердің өкілдері туралы өзінің мүлде басқа пікірде болғанын айтты. Осыған байланысты оған әлем қартасын кабинетіне әкелдіруін өтінуіме тура келді. Екеуміз енді соған үңілдік.

Қызықтың көкесі келіссөз аяқталып, сыйлықтар тапсыру кезінде басталды. Мен министрге дәстүрлі Қазақстан кәдесыйларын – күмістен жасалып, жартылай бағалы тастармен әшекейленген бұйымдар, сондай - ақ, халық шеберлері теріден жасаған тұтыну заттарын сыйладым.

Әңгімелесушім сыйлықты зер сала қарай бастады. Қолына алып, тіпті күннің сәулесіне де қойып қарайды. Ол өзінің таңғалғанын жасырған жоқ әрі өзіне көңіл аударған құрметім үшін шын пейілмен алғыс айтты.

Бұдан соң мен еш уақытта ұмыта алмайтын бір жағдай болды.

Бағдарлама бойынша менің келесі кездесуім сыртқы істер министрімен болатынын білген ол, менің отырғанымнан да қымсынбастан, оған телефон шалып, тура былай деді: «Менде Қазақстаннан келген сенің әріптесің отыр. Бұл Ресей мен Қытайдың арасындағы үлкен ел. Ол жақсы білім алған, ағылшынша жақсы сөйлейді. Өте тамаша сыйлықтар әкеліпті. Мұндай сыйлықты ешқашан көрген емеспін!».

Осыдан соң асықпай трубканы орнына қойып: «Өзіңіздің контрсеріктеріңізге барыңыз, Ол сізді тосып отыр» деді.

СІМ - і М.Нзо Африка ұлттық конгресінің және нәсілшілдікке қарсы күрестің ардагері болатын. Ол апартеидке қарсы күресті белсене қолдаған Мәскеуге жиі келіп тұратын. Оған географиялық мән-жайды түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Бірақ ол қазақ кәдесыйларына шынайы қуанғандығын білдіріп, бұларды жанұясына көрсететіндігін баса айтты. Келіссөз аяқталған соң ОАР Президенті, Нобель сыйлығының лауреаты, планеталық ауқымдағы ірі тұлға Нельсон Манделамен кездесу үшін Президент сарайына аттандық.

Оңтүстік Африка мемлекеті Басшысының сарайы қызыл тастан – осы елдегі ең әйгілі құрлыс материалынан салыныпты. Н.Мандела сол тұста бүкіл елді шарпып, мемлекеттің жаңа басшыларының бас ауыруына айналған қылмыс мәселелері туралы әлеуетті органдар басшыларының кеңесін өткізіп жатыр екен. Біз министрмен бірге қабылдау бөлмесіне жайғасып, шай ішіп, әңгімелесіп отырмыз. Кеңес созылып кетті. М.Нзо осыған байланысты қынжылысын жасырмай, телефонға барып, Президентке телефон шалды. Ал, оның айтқаны мені тура есімнен талдырғандай болды. «Қабылдау бөлмесінде Сізді Қазақстанның Сыртқы істер министрі тосып отыр. Ол алыстан келіпті. Сізге деген құрметін куәландырғысы келеді және бұл үшін Сізге өте бірегей сыйлықтар алып келіпті», - деп салсын! Он секундтан соң Президент кеңсесінен барлық кеңеске қатынасушылар шыға бастады. Айта кетейік, Нельсон Мандела ұлықтау рәсімінен сәл бұрынырақ африкалықтарға тән дуылдатып, жөнсіз қылықтарымен сан мәрте өзінің беделін түсірген әйелі Виннимен ажырасып, әуе апатынан қаза болған Мозамбик президентінің жесірі Саморра Машеллаға үйленген. Өз көздерінің бұл қалауын елдің халқы, тіпті бүкіл Африка қолдаған.

ОАР-ға жол жүруге даярлық кезінде мен бұл жағдайды да ескергенмін.

27 жыл түрмеде отырып, «ақиқатты бірінші инстанциядан» ұққан адамның даналығын барынша аңғарта Н.Мандела мені аса ықыласпен қарсы алды. Қамаудан шыға салысымен Ол адамзатты бәріне кешірімді болуға, зорлық-зомбылықты болдырмауға, өзара сүйіспеншілікке шақырды. Ағы бар, қарасы бар, елдің барлық халқы оны апартид режімін құлатқаннан кейін қантөгіс болдырмағаны үшін әділ бағалайды. Басқа - басқа, нәсілшілдер абақтысында ширек ғасырдан астам уақыт отырып шыққан ол өз қандастарын кек алуға, ақтарға қарсы күш қолдануға шақыруына болатын еді. Бірақ ол өйтпеді. Төменшік ашу - ызадан, адамдардың қарбалас күйкі тірлігінен шарықтап биік көтеріліп, ойымен ең жоғарғы парасаттылық билік құрған ғаламды шарлады. Осы бір ғарыштық тұлғамен арамыздағы әңгіме маған үлкен бір ғанибет сыйлады. Ол жайлы жеке жазуға тұрарлық. Бұл жерде тек Н.Манделаның қазақ кәдесыйларын шынайы ықыласпен қабылдап, Н.Назарбаевқа ізгі тілектерін жолдағанын ғана атап өткім келеді. Біреулерге оғаштау да көрінер, бірақ Африка шенуніктерінің осындай бүкпесіз ашықтығы маған ұнады. Олар өздерін адал да қарапайым ниетте ұстайды. Ал, бұл әсер етпей қоймайды. ОАР - да болған төрт күн ішінде мен Африканың ерекше «рухы» жайлы әңгімелердің бәрі де негізсіз емес екенін түсіндім. Құрлық өз адамдарымен, өзінің әдеттен тыс табиғатымен баурап алды.

Арада бес жыл өткенде ОАР-ға тағы да жолым түсті. Бұл жолы Н.Назарбаев бастаған делегация құрамында Йоханнесбургтегі орнықты даму жөніндегі саммитке қатыстық. Мен өзімді бір кезде Африкамен «табыстырған» жерлерді тағы көргеніме шын қуанышта болдым.

Автордың «Беласу» кітабынан алып ұсынған А.Мұқибек

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963