Айдос Сарым: Коммунистердің ұлтшылдығына күмәнмен қараймын
Қазақ құрылтайына қатысты саясаттанушы Айдос Сарымның сыни пікірімен порталымыздың тұрақты оқырмандары таныс болар. Айдос Әміроллаұлы аталған құрылтайда баяндама жасаған коммунист Ғазиз Алдамжаровтың сөздерінен де «іліп алар ештеңе таппадым. Ол кісінің айтқандары баяғыдағы "Знание" қоғамының лекторларының қаладағы зауытқа келіп, "мал тұқымын асылдандыру керек" дейтін жаттанды баяндамадан аспады. Қайта жарыссөздегі хабарламалар, аймақтардан келген азаматтардың сөздері жүз есе мазмұнды, тартымды болғандай көрінді» дейді.
- Ал, Айеке, құрылтайда бас баяндамашы Ғазиз Алдамжаровқа шүйлінуіңізге жол болсын. Оны сынауыңызға не себеп болды?
Қазақ құрылтайына қатысты саясаттанушы Айдос Сарымның сыни пікірімен порталымыздың тұрақты оқырмандары таныс болар. Айдос Әміроллаұлы аталған құрылтайда баяндама жасаған коммунист Ғазиз Алдамжаровтың сөздерінен де «іліп алар ештеңе таппадым. Ол кісінің айтқандары баяғыдағы "Знание" қоғамының лекторларының қаладағы зауытқа келіп, "мал тұқымын асылдандыру керек" дейтін жаттанды баяндамадан аспады. Қайта жарыссөздегі хабарламалар, аймақтардан келген азаматтардың сөздері жүз есе мазмұнды, тартымды болғандай көрінді» дейді.
- Ал, Айеке, құрылтайда бас баяндамашы Ғазиз Алдамжаровқа шүйлінуіңізге жол болсын. Оны сынауыңызға не себеп болды?
- Оны сіздің газетте де, басқа да басылымдарда да көптен бері ашық айтып жүрмін. Кезінде Серікболсын Әбділдинге де ашығын айтқам. Жақында компартияның бірінші хатшысы болған Ғазекеңе де қайталадым. Алдамжаровты адам, тұлға ретінде сыйлауға дайынмын. Дегенмен оның бүгінгі саяси ұстанымдарына үзілді-кесілді қарсымын. Менің түсінігімде қазақ бола отырып, коммунист атану - сатқындықпен пара-пар. Кезінде ұлтымызды жоя жаздаған идеологияны ұялмай ұстану - қазақты қорлау. Сондықтан коммунистік лидерлердің "ұлтшылдығына" күмәнмен қараймын. Коммунистер қазаққа бірдеңе айту үшін Ленин мен Сталин сияқты қанішерлердің қылмысы үшін кешірім сұрасын. Олардың атын шығарып, көкке көтерулерін қойсын. Содан кейінгісін уақыт көрсетер. Бір ағаларымыз Ғазекең де керемет ұлтшыл деп қалды. Онысы рас болса, азаматтық, адами, қазақи таңдауын жасасын. Бүгін, дәл қазір. Олай етпесе, ағамыздың бұл тіршілігі түске дейін педагог, түстен кейін педофил болғандай әсер етеді екен. Әрине, педагог та, педофил де балаларды өздерінше жақсы көретін шығар, алайда бұл екеуінің "балаларды жақсы көруінің" мақсаты мен мұраты әр-түрлі емес пе? Бар меңзегенім осы ғана...
- Осы құрылтайдың өту барысына қарап, қызыл сөзді судай сапырған қазақтың басы ешқашан бірікпейтін сияқты көрінеді ғой...
- Мен осындай жалпылама сөздер мен пайымдардан аулақ жүруге шақырар едім. Қазақтың үлкен мәселеге, жеме-жемге келгенде бірігетініне, біріге алатынына толық сенемін. Өзіміздің халқымызды қаралап, жерлей бергеннен не шығады? Кейбір ағаларымыз сияқты қазақтың қараң болашағы хақында өкіне берсек, күрсіне берсек не болады? Мәселе басқада. Қалың қазақ дәл бүгінгі құрылтай көтерген ұрандар мен лозунгілер төңірегіне біріге ме деп өзімізге сұрақ қойып көрелік. Менің ойымша, ол екіталай дүние. Олай болатын болса, мәселенің мәнісін қазақтан емес, өз басымыздан іздесек қайтеді? Мысал келтіре отырайын. Құрылтайға қатысушылардың барлығы дерлік: жерді қайтадан мемлекеттендіру керек деген ұран тастады. Оған жиналғандар ду қол шапалақтады. Әсіресе қалада тұрып жатқандар қызу қолдады. Ал, жақсы, мемлекет қайтадан барлығын өз қолына алды. Сонда не болады? Егер жаңағыдай ұран тастағандардың қисынына салсақ, жерді иеленіп отырғандар оны мемлекетке тапсыруы керек. Соны мемлекет қайта бөліп, қайтадан коммунизм орнатпақшы ма сонда? Әлде қайтадан колхоз құрамыз ба? Ол үшін қайтадан кәмпеске өткізіп, халық жаулары мен байларды атып, Итжеккенге айдаймыз ба? Осы қисынды жалғастыра берер болсақ, онда қаладағылар да кезінде жекешелеген пәтерлерін мемлекетке қайтару керек. Себебі жалпы "әділдік" принциптері ауылдықтармен қатар қалалықтарды да қамтуы тиіс. Сонда азамат соғысын бастап кетуіміз керек пе 1918-ші жылдағыдай? Ондай жағдай бола қалса, талай "Қараш-Қараш" қайталанады деп неге ешкім аузын ашпады? Күрек пен кетпенді соңғы рет осыдан қырық жыл бұрын ұстап кеткендер бүгінгі күні жерді иеленіп, оның арқасында күн көріп отырған үлкен тап өкілдері туралы неге үндемейді? Мәселе жерді миллион гектарлап алғандар туралы емес: оларды сөзсіз орнына қою керек. Ал бір-екі гектарға астық, картоп егіп, жекешеленген шабындықтарға малын жайып күнелтіп жүрген қазақты қайтеміз? Екінші рет қолдан аштық жасап береміз бе? Ауылдың көпшілігі қазақ деген өзіміз емес пе? Сонда қалай? Қисын қайда? Осындай жалған коммунистік, социалистік ұрандардан қашан құтыламыз? Жер болған соң оның иесі болуы керек. Иесіз жердің киесі болмайды. Мемлекет пен қоғам сол жердің қорланбауын, тиімді пайдалануын қамтамасыз едіп қадағалап отыру керек. Бұл әлемдік үрдіс. Болмаса, біз бүгінгі Қырғыз еліндегідей жағдайға түсеміз. Жері барлар мен жері жоқтар ол жақта ашық теке-тіреске шығып отырған жоқ па? Қазақтың түбіне жетсе осы жер дауы жетуі мүмкін. Осыны да ұмытпайық. Ал елді біріктіретін мысалдар керек болса, оның барлығы баяғыдан аян: ол Тәуелсіздік, Ұлттық мемлекет құру, Ұлттық мемлекетті ұлттық мүддеге сай жұмыс істеткізу, Ұлттық байлықтың ұлт мұратына қызмет етуі, қазақ тілі, тарихы, ділі, діні, Түрік бірлігі.
- Аузыңыздан Қырғызстан деген сөз шығып қалды. Құрылтайдағылардың басым көпшілігі осы Қырғызстанды жиі мысал етті. Соған ұмтылуымыз керек деді. Соған қалай қарайсыз?
- Қырғызстандағы жағдайды Қазақстанда қайталау керек дегенде өз басым үлкен күдікпен қараймын. Біз бүгін парасатымыздың безбеніне демократияның құны мен мемлекеттің мақсатын салып, өлшеуіміз керек. Қайсысы артық? Көрші қырғыз елінде мемлекет жойылып, одан қалса, екіге бөліну қаупі бар. Бізге де керегі осы ма? Егер демократия тәуелсіздіктен айыруға әкелсе, елдің, жердің ыдырауына апарса, онда ондай демократияның құны бір тиын. Демократияның орнауы билікті бір бандиттің қолынан екінші бандиттың қолына апарып бере салу деген сөз емес. Мемлекетіміздің демократиялық механизмдерсіз өмір сүре алмайтыны да хақ. Демократия дегеніміз жеке бастың жауапкершілігінен басталса, демократиялық мемлекет - тарихи сүзгіден өткен, шыңдалған ортақ жауапкершіліктің жемісі. Оған жету үшін бүгінгі билікті қирату, тақтан тайдыру жеткіліксіз. Назарбаев кетсе болды, еліміз Жерұйыққа анйлапы, ертегідегідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды деп санау - саясат емес, саяси сандырақ. Тарихтан білеміз: нағыз күрделі саяси сынақ авторитарлы билік құлаған күннен басталады. Осыған дейін қордаланған, жиналған проблемалардың барлығы жарыққа шыға бастайды. Сол кезде ауыл емес, мемлекетті шайып кететін ұлттық деңгейдегі Қызылағаштың қайталанбайтынына кем кепіл? Ауылға ел аман болса асарлатып көмек беруге болар, ал мемлекетке қол ұшын кім соза қояды дерсіз? Олай болатын болса, біз мықтап ойлануымыз керек. Саясатта оңай жол болмайды. Оңай жолдар мен оңай шешімдер түптің-түбінде тығырыққа апаратыны айқын.
- Мұхтар Шахановтың қозғалысы алғаш құрылған кезде, біздің газет: «Бұл ұйым екіге, үшке, тіпті қырыққа жарылады» - деп, жазған едік. Сол пікір шындыққа айналатын түрі бар ғой?
- Мұхтар ағамыз бастаған "Тәуелсіздікті қорғау" қозғалысы енді ғана бекіп, ұйымдастыру мәселелелерін шешіп келеді. Құрылмаған ұйымды бөлінді, жарылды деу қателік болар. Жақында ғана жалпы жиын болып, онда қозғалысты құрудың жолдарын, қозғалыстың жарғысын талқыладық. Менің түсінігімде, Мұхаң елімідегі кез-келген партиямен тең тұлға. Халқымыздың асыл азаматы, сүйікті ұлы. Ол ағамыздың беделін, оған деген халықтың ілтипатын біздер билікті ұлт мәселесіне қарату үшін дұрыс пайдалануымыз қажет. Олай болатын болса, Мұхаң бастаған қозғалыс ұлттық ұйымдарды, жастар ұйымдарын, зиялы қауымды біріктіріп отыратын "аға ұйымға", "арбитр ұйымға" айналуы тиіс. Оның қасынан талай ұйымдар, қорлар, қоғамдық бірлестіктер құрыла берсін, қанат жайсын. Бірақ, "Тәуелсіздікті қорғау" дер кезінде ұлтқа да, билікке де, партияларға да бағдар беріп, жөнін айтып отыратын, бірлесіп жұмыс істеу, әрекет ету дәстүрін қалыптастыратын ұлт ордасына айналуы тиіс. Егер бірігіп жұмыс істеу дәстүрі пайда болса, ол ерте ме, кеш пе институтқа айналады. Бүгін биліктен басқа қоғамға сөзі өтер институт жоқ. Ондай институттарды дамытуға биліктің құлқы да жоқ сияқты болып елестейді. Олай болатын болса, кем дегенде бір беделді ұлттық, қоғамдық институтты дүниеге әкелу біздің парызымыз. Әрине, осындай қисынды қабылдағысы келмейтін, өз басына төбе, өз айналасына көсем болғысы келіп жүргендер де аз емес. Бірақ олардың уақыты әлдеқайда өтіп кеткен. Жалғыздың үні шықпас дейді қазақ. Олар бірдеңе депті, олар ренжіп жатыр екен деп ұлттың көшін тоқтатып қоятын уақытымыз жоқ. Саясаттың жапан даласында жалғыз қалам деушілерге артық сөз айтып, солардың лаңы мен айқайына назар аударудың қажеті шамалы. Ол да саяси таңдау шығар. Оған да түсіністікпен қарайық.
- Құрылтайда қазақтың мүйізі қарағайдай ғалымдары, ақын-жазушылары болмады ғой. Осыған қарағанда, қазақ мәселесіне жаны ашитын зиялы қалмаған сияқты ма, қалай ойлайсыз?
- Өз басым ондай жағдай болатынын сезгем. Таң қалудың қажеті жоқ. Зиялы қауымның басын біріктіру үшін ұран тастау мен қатты сөз айту аздық етеді. Жазушыларымыз да соқыр емес: беделі, салмағы бар адамдардың, ұйымдардың маңына ғана топтасады.
- Құрылтайда сөйлеген азаматтардың көбі Кенесары хан жайлы пікір айтты. Саясаткер ретінде айтыңызшы, Кенасарының басы табылып, елге әкелінсе, біздің елдің мемлекеттік құрылымын өзгертуге болады деген сөз бар. Осының жөнін түсіндіріңізші?
- Кенесары - қазақ ұлттық қозғалысының символы. Бұл сөзсіз. Оның рухы, ісі бізге рух беруі керек. Алайда оның басын әкелсек болды, қазақтың бағы ашылады, биліктің басы кетеді деу барып тұрған надандық. Оның басын елге қайтару міндет, тарих алдындағы жауапкершілігіміз! Алайда тек осыны ғана саяси күрестің мұраты, жалауы ету - қиянат. Қай тұрғыдан алсақ та. Ақыл-парасат тұрғысынан бұл - тап-таза фетишизм, діни тұрғыдан - күпірлік. Егер рухты, жігер мен қайратты жүрегімізден таба алмасақ, онда ешқандай бас та, басқа да жәдігер де бізге көмектесе алмайды. Кезінде, есімде бар, дәл осындай әңгімелер Тайқазанды әкелер алдында көп тараған болатын. Тайқазанның Қожа-Ахмет кесенесінен орын алғанына қаншама жыл өтті, жағдаймыздың жақсарғаны шамалы. Ертең Ер Кененің басын тауып, елге әкеліп, арулап Түркістанға қоялық. Жағдай тағы да өзгермеуі мүмкін. Сол кезде біреу Әл-Фарабиді, тағы біреу - Бейбарысты әкелу керек деп ұран тастауы ғажап емес. Одан қалса Аттила мен Шыңғысхан да бар. Тарихымызды терең білсек, одан тағлым алсақ, парасатпен таразыласақ ұлттық рухты оятуға болады. Оның оянуын, жандануын белгілі бір оқиғаға не жәдігерге байлап қоюға өз басым қарсымын.
- Осы құрылтайдан кейін болашақта бұдан да үлкен құрылтай өткіземіз дегенді естідік. Алғашқы қадамымыз қиындау болды, келесіде көш жүріп кетеді деп ойлайсыз ба?
- Мен білсем жазда Әлем қазақтарының кезекті құрылтайы өтеді. Соны айтып отырған шығарсыз. Ал өткен құрылтайға байланысты Ницшенің "Бізді өлтірмеген нәрсенің барлығы бізге күш береді" деген сөзі есіме келеді. Өткен іс өтті, болар іс бітті. Ол да тарих болып қалар. Ұлттың оянуы, ой мен рух сілкінісі бір құрылтаймен шешілетін іс емес. Осыдан да сабақ ала білейік.
Сұхбат «Дат» жобасымен жарық көріп жатқан «Общественная позиция» газетінде басылған. www. abai.kz ақпараттық порталы сұхбаттың толық нұсқасы беріп отыр.