Тарих тек қана шындықпен жазылады десек қателескен болар едік. Біз оқып жүрген әлем һәм қазақ тарихының қаншасының рас немесе жалған екендігі бір Аллаға ғана мәлім. Себебі мінсіздікке тек Алла-Тағала ғана лайық. Бұдан біраз жыл бұрын баспасөз беттерінде әйгілі «Тынық Дон» романының авторы Михаил Шолохов емес деген пікірталас шаң берген еді. Бұл дауды сол кезде жазушы шығармасымен іштей бәсекелес адамдардың қасақана ұйымдастыруы әбден мүмкін.
Тарихта шын кейіпкермен қатар жалған кейіпкерлер де өмір сүреді. «Шындық иіледі, бірақ ешқашан да сынбайды. Майдың су бетіне қалқып шығатыны сияқты өтіріктің бетіне қалқып шығады» — дейді әйгілі Сервантес. Рас шындықтың аты шындық оны ешкім де бүркемелеп тұра алмайды. Уақыты болғанда өтірікті тас-талқан етіп жарыққа шығады. Ғасырлар бойы құпиясын ішіне бүгіп келе жатқан ақиқаттар бүгін айтылып жатыр. Тарихта кез-келген саяси қайраткердің тағдыры таразыға тартылып, күнгейі мен көлеңкесі сөз болмай қалмайды. Кешегі Сталин, оны айтасыз күллі кеңес одағы құдайдай табынған Леннинің өзі бүгін іске алғысыз болып қараланып жатыр дегенге адам нанғысы келмейді. Ленин де пенде, оның да қателігі болады деген көзқарас бұрынғылардың қаперіне де кіріп шықпады. Оны мінсіз, ерекше жаратылыс деп таныды. Тіпті былай елестетуді өздеріне ауыр күнә секілді сезінді десек артық айтқандық емес. Олай болса, уақыт талабын бұрмалауға һәм әмірін жүргізуге ешкімнің де құзіреті жетпейді.
Бүгінгі күн — ертеңгі тарих. Ал тарих шындықты жасырып қала алмайды.
Соңғы кездері қазақ баспасөз беттерінде шындық пен жаңсақты бір-бірінен ажыратып алуға ниеттенген бастамалар жиі жазылып жүр. Әйгілі «Дудар-ай» әнінің төңірегінде де қызу пікірталас болды. Осы уақытқа дейін бұл ән Мариям Жагорқызының атына телініп келген еді. Нәтижесінде ән авторының Үлебай екендігі нақты деректермен дәлелденді. Біз мұны белгілі музыка зерттеушілерінің қызу таласының арқасында ғана біліп отырмыз. Әйтпегенде Үлебай есімі бүгінгі ұрпағымен қайтадан табыса алар ма еді?
Тағдыр жүйрік пен талантқа іштарлық жасап қыранды қарғаға неге қор етеді екен. Тарихта Моцартты-Сальери, Пушкинді-Дантес, Қозыны-Қодар, Төлегенді-Бекежан өлтірді дейміз. Қазір халық арасында қағазға түскен Қозы Көрпеш Баян сұлу мен Қыз Жібек жырының бірнеше нұсқасы (варианты) бар. Оның бірінде Төлеген өлдіге саналса, бір нұсқасында өзгеше баяндалады. Мәселен, ең білгір деген тарих мамандарымыз Төлегенді өлтірген Бекежан емес, Қарабалта деген қаныпезер, қарақшы деп қаншалықты дәлелдесе де жалпақ жұртты сендіре алмады. Өйткені, ғасырлар бойы халық санасына біте қайнасып, сіңісті болып кеткен дүниені бір-ақ күнде өзгерте салу оңай шаруа емес. Ол үшін сандаған жылдар керек.
Дәл осы тақылеттес оқиғаның бірі Ақан серінің Құлагеріне қатысты айтылады. Бұл дау 1986 жылы тұтанған еді. Сол жылғы «Жұлдыз» журналының №6 санында қазақ әндерінің шығу тарихын бір кісідей жеттік білетін жазушы, белгілі сазгер Ілия Жақановтың Құлагер өліміне қатысты мақаласы жарияланған болатын. Мақала «Желтоқсан оқиғасы» деп аталатын дүрбелең жылдармен тұспа-тұс келгендіктен, әрі ел өміріндегі саяси өзгерістерге байланысты жалғасын таба алмай қалды. Содан кейін бұл тақырыпқа қалам тартқан бірде-бір адам болған жоқ. Құлагерге қатысты пікірталастың жалғасы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана жазыла бастады.
Ақан серінің кісі қолынан мерт болған арғымағы жайлы трагедиясы бізге Ілияс Жансүгіровтың поэмасы арқылы жетті. Бұл қазақ тарихында Құлагерге қатысты тұңғыш рет жазылған әдеби, тарихи еңбек болатын. Ол асқан шеберлікпен жазылғандықтан миллиондаған оқырмандардың жүрегінен орын алды. Әрі барша жұрт Ілияс Жансүгіров келтірген деректерге риясыз сенді. Оған себеп болған шығарманың әдеби көркемдігі еді. Поэма соңында Құлагер күншілдіктің қолынан мерт болады. Нәтижесінде Ереймен жеріне үш жүз түгел шақырылған Керей Сағынайдың асында Ақанның Құласы қаза тауып, 350 аттың ішінен Батыраштың Көктұйғыны бірінші келеді. Осы тұсқа келгенде оқырман Ақан серімен бірге қайғырып, бірге жылайды. Амалыңыз бар ма, қазақ поэзиясына тыңнан сүрлеу салып, бұрын соңды тарихымызда болмаған мұндай шедевр еңбек қалдырған Ілиястың өзі де Құлагердің аяғын құшып адам қолынан мерт болды.
Нән жуан менемен кеуде, намыс ері,
Суық қол Батыраштың жібергені.
Жалт етті жайдың оты жүрегінен,
Кек қайнап, мұз құйылып жүре берді.
Сап етіп бердеңкедей кеп ұрынды,
- Бере бер, балам, бері шылбырыңды!
Жанасып Құлагерге қалғанында,
Сақ етіп айбалтасы Құланы ұрды…
Осы өлең жолдары жұрт жадына бірден жатталып қалды. «Құлагер» қазақ позиясының рухани бойтұмары. Керек десеңіз, мұндай асқан шеберлік, асқақ рухпен жазылған поэманы XXI-ғасырдан да жолықтыруымыздың өзі екі талай екендігін ашық мойындауымыз керек. Ал жоғарыда келтірілген қос шумақ өлеңнің мағынасы Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» атты деректі очеркінде басқаша сипатталады. Анығын айтсақ, Құлагерді Батыраш емес, Барақбайдың шабарманы Бөрібай өлтірді деп жазды. Очеркте жазылған деректерді Мағжан Ақанның дүние салғаннан кейін әйгілі әншінің көзін көрген халық ішіндегі Баялы Мырзаұлы, Қазы Самыратұлы, Қоқыш Шыңғысұлы, Ысмағұл Бозайұлы сынды сауатты адамдардың ауызынан естіп, қағазға түсіргендігін айтады. Бір қызығы Ілиястың поэмасы мен Мағжан очеркінде жер мен көктей айырмашылықтар бар. Біз бұл арада екі ақынды бір-бірімен бәс таластырып тырнақ астынан кір іздегелі отырғанымыз жоқ. Тек Құлагер өліміне қатысты деректер үшін пайдаланып отырмыз. Мәселен, Жансүгіровте Ақан Құлагерді нағашысынан алса, Жұмабаевта Құлагер Қарауыл Шөкетай жылқысынан. Ақан Құлагерді Шөкетайға жүз сом беріп сатып алады. Мағжан еңбегінде Құлагер өліміне Аққошқар Сайдалының асы себепкер болғандығы суреттеледі. Бұл Керей Сағынайдың асынан бұрын болған оқиға еді. Онда былайша баяндалады. Аста үш жүзге жуық аттың ішінен Құлагер жеке қара үзіп алдыға шығады. Оның артынан Барақбайдың Кетеберкөк деген аты құйырық тістесіп келе жатады. Сол кезде Барақбайдың Бөрібай есімді шабарманы көмбеге жақындаған аттардың алдынан шауып шығып, Құлагердің алдынан кес-кестеп Кетебөркекті көтермелей жөнеледі. Мұны көрген Ақан ашуға мініп, Барақбайға тілі тиіп, Бөрібайды қамшымен салып-салып жібереді. Осыдан кейін Барақбайдың ішінде Ақанға деген кек кетеді. Құлагерді қалайда мерт етіп, Ақанды құсаландырудың жолдарын іздестіреді. Барақбай кеудесінде берішке айналған осы кек Керей Сағынайдың асында Құлагерді өлтіріп тынады.
Сонда осы арада Құлагерді өлтірген кім? Барақбай ма, жоқ әлде Батыраш па деген заңды сауал туады. Енді осы сауалға жауап іздестіріп көрелік. Бұған дейін Құлагер өліміне Батырашты кінәлі санаған 2004 жылғы «Жұлдыз» журналының бірінші санында Мұстай Ғалымның «Құлагердің киесі» деген мақаласы мен «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 29-қазанда Естай Мырзахметтің «Құлагердің құлауы. Аңызы қайсы? Ақиқаты қандай?» деген материалдары жарияланған болатын. Онда мақала авторлары Құлагерді өлтірген Батыраш деп үзілді-кесілді пікір айтады. Тіпті кейбір деректерде Құлагерді өлтірген Батыраштың ағасы Хамза десе, тағы бір жерлерде Ақан Құлагерді кім өлтіргенін білмей кеткен деген сыңайдағы сөйлем жолдары кездеседі. Ал Ілия Жақанов ағамыз өзінің «Орталық Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Құлагерді жазым еткен Барақбайдың жендеті Ізбасқан деген көзқарас білдіреді. Өкінішке қарай, аталған авторлардың бірде-біреуі Ақанның қасіреттен туған «Құлагер» әніндегі мен мұндалап тұрған ақиқатқа назар аудармаған. Бұл жағынан Мағжанның жазғанымен келіспеске болмайды. Автор онда Құлагерді мерт еткен Барақбайдың шабарманы Бөрібай деп батыл кесім айтады. Сағынай асынан кейін Ақан ажал құшқан арғымағына арнап «Құлагер» әнін шығарғаны белгілі.
Жел соқса қамыс басы майды-ау деймін.
Ат қостым ат айдаушы айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай қылаң болды,
Жығылмаса Құлагер қайда деймін-ай.
Шынымен өлгенің бе Құлагерім,
Салбырап сапты аяқтай төменгі ерінің.
Баспа-бас қызға бермес жануарым,
Мың зарламай басылмас менің шерім.
Әй, Бөрібай-әй-әй-әй
Мен осы «Құлагер» әні орындалғанда шумақ сайын асқан күйінішпен қайталанып отыратын Бөрібай есімінен қатты күдіктенетін едім. Бөрібай ат айдаушы не болмаса атқа шапқан баланың есімі шығар деп ойлайтұғынмын. Осы ойым Мағжанның «Ақан сері» очеркін оқығаннан кейін бір жүйеге келді. Сөйтсек, біз осы уақытқа дейін аңғармаған екенбіз. Құлагерді кім өлтіргенін «Құлагердің» өзі айтыпты. (Біз бұл жерде Ақанның «Құлагер» әнін айтып отырмыз). Онда әр шумақ сайын «Әй, Бөрібай-әй-әй-әй» деп қайталанып, тұла бойыңды шымырлататын өксік бар. Арада қос ғасыр өтсе де осы ән бүгінгі ұрпаққа Батыраш емес, Бөрібайлап жетуі тегіннен-тегін болмаса керек. Олай болса, күні бүгінге дейін Құлагер өліміне кінәлі болып келген Батыраш есімінің бұған еш қатысы жоқ екендігін ашық айтуға тиіспіз. Жазықсыз жанға таңылған қиянат пен қауесеттің ақ пен қарасын ажыратып беру тарих алдындағы міндетіміз екендігі белгілі…
Ықылас Олжай
http://argymaq.kz/