БӘРІ ДЕ ШКОЛЬНИК ҮШІН...
Атқарушы билікте жуырда болған ауыс-түйіс пен министрліктердің ықшамдалуы туралы әңгіме әрқилы өрбуде. Мысалы қоғам белсендісі Мақсат Ілиясұлы «бұл өзгерістер тек Владимир Школьникті министр деңгейіне көтеру үшін жасалды» деген ой айтады. Қоғам белсендісінің сөзіне қарағанда, оның өзіндік себептері де бар көрінеді.
Менің жеке пікірім бойынша, бұл өзгерістер тек Владимир Школьникті министр деңгейіне көтеру үшін жасалды. Ал қалғаны жанама себептер. Бұл тағайындау Ресей Сыртқы Істер министрі Сергей Лавровтың таяуда Қазақстанға сапарының нәтижесі деп бағалаған жөн.
Біріншіден, Еуроазиялық одақ туралы келісім бойынша, Одаққа мүше елдердің ортақ мұнай және газ базасы құрылуы керек. Екіншіден, Байқоңыр қаласын ұстап тұру мен кешенді пайдалануға Ресей қаржы министрлігі қаражат бөлінбейтінін де айтып қойды. Ал өткен жаздағы Протон зымыранының құлауынан Қазақстанға келген зиянның өтеуі 89 миллион АҚШ долларын Ресей әлі төлеген жоқ.
Жақында бұрынғы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Байқоңыр кешенін пайдалануда Қазақстанның Экология кодексі негізге алынатыны жөніндегі Хаттамаға қол қоюға қол жеткізген болатын. Заңның орындалуын қадағалау аталған министрлік құзіретінде болуы тиіс еді. Алайда, экология мәселесі де жаңа Энергетика министрлігіне беріліп отыр.
Меніңше, Энергетика министрлігінің дәл қазір құрылуына Үкімет басына Кәрім Мәсімовтың келуі тікелей және негізгі себепші болды деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, бұл шешімнің қабылдануына тек Сергей Лавров қана емес, Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың ықпалы зор болды деп есептеймін. Мәселен, 2010 жылы Uranium One компаниясының басқару пакетін «Росатомның» бөлімшесі «Атомредметзолото» сатып алғанда, оны сатуға Қазақстан Үкіметі келісім берген болатын. Ол кезде Үкіметті Кәрім Мәсімов басқарып тұрды.
Ал осы жылдың 29 мамырында Қазақстан мен Ресей Президенттері Қазақстан аумағында АЭС салуға қатысты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Содан бір айдан соң, 25 маусымда Астанада ресейлік «Росатом» компаниясы мен Қазақстанның «Қазатомпром» ұлттық компаниясы Қазақстан аумағында АЭС салу бойынша әріптестік орнатуға қатысты меморандумға келісті. Ал Кәрім Мәсімов екінші рет Премьер-Министр болып биылғы жылдың 2 сәуірінде тағайындалған болатын. Кәрім Мәсімов Үкімет басына келген соң, осындай оқиғалардың орын алуы кездейсоқтық деп айту қиын.
В.Школьник «Қазатомпром» ұлттық компаниясын басқарып отырғанда атом станциясын тек Ресейліктердің салуына көп жағдай жасады. Ал Қазақстанның бірнеше уран кен орнының «Росатомға» қарайтын «Атомредметзолото» холдингіне берілуіне В.Школьниктің қатысы жоқ деп ешкім айта алмайды. Нақты дәлелдерге келсек, 2009 жылға дейін «Қазатомпром» Ұлттық компаниясы Жапония, Қытай, Канада, Үнді, Франция компанияларымен тығыз байланыста жұмыс істеді. Әрине, Ресеймен де бірлескен жобалар болды, бірақ, дәл қазіргідей емес еді. Сол кездегі «Қазатомпром» басшысы Мұхтар Жәкішев 2010 жылы Қазақстанның байытылған уранды Жапонияға еркін саудалайтынын, ол туралы Toshiba компаниясымен келісімге қол жеткізгенін айтқан болатын. Есіңізде болса, екі елдің достығын паш ету үшін сакура бағы да ашылған-ды.
Дәл осы уақытта Ресей де Жапонияға байытылған уран экспорттаудың көлемін арттыру жөнінде қызу келіссөздер жүргізіп жатқан. Кенет, көп ұзамай Мұхтар Жәкішев істі болды да, оның орнына Владимир Школьник жайғасты. Содан кейінгі жылдарда екі ірі уран кен орны ресейліктердің қарамағына өтті. Ал 2012 жылы Қазақстанның өз атом электр станциясын салуды ниет еткен талантты физик-ядрошы Абзал Құсайыновқа жала жабылып, түрмеге тоғытылды. Бұдан әрі «Қазатомпром» АЭС салуда тек Ресеймен ғана жұмыс жасау қажеттілігін алға тартып отырды.
Мінеки, сондықтан, менің ҚР Энергетика министрі Ресейдің мүддесін қорғап кетуі мүмкін деп ойлауыма негіз жоқ емес. Владимир Школьниктің баласы қазір Ресей азаматы ғана емес, сол елдің үлкен бизнесмені. Бұл да түрлі ойларға жетелейді. Оның үстіне аталған холдингті В.Школьниктің туған күйеу баласының басқаратынын да естен шығармау керек.
Мен Владимир Школьниктің қазақтың Энергетика министрлігін басқаруына қарсымын. Себебі, бүкіл энергетика саласын бір қолға жинап, оны Ресейге бүйрегі бұратын адамның қолына ұстату қазіргі жағдайда, Украина, Әзербайжан мәселесінен кейін, жұмсақтап айтқанда, қателік болды деп есептеймін. Оның үстіне, Қазақстанға АЭС салуға болмайды. Чернобольдың зардаптары әлі күнге дейін біткен жоқ. Черноболь апатынан зардап шеккендерді көріп отырып, Ресеймен бірге атом станциясын салу – халықты апатқа итермелеумен бірдей. Оған жол беруге болмайды.
Abai.kz