Сенбі, 23 Қараша 2024
Не дейді?! 10288 0 пікір 18 Тамыз, 2014 сағат 02:53

ҚОСТАНАЙ «ҚЫЗЫҚТАРЫ»: ГОРЬКО ЖӘНЕ 10000 ТЕҢГЕ

Көптен күткен Қостанай қаласының 135 жылдығын тайлы-таяғымыз қалмай демалыс күндері ақыры дүркіретіп өткіздік-ау. Облыс пен қала басшылығы бұл мерекеге ерекше дайындалды. Ресей астанасы — Мәскеуден қолқалап тұрып әзер шақырған «Мотофристайл-шоу» көрінісін тамашалау үшін әкіміміз Нұралы Сәдуақасов бастап, оны бір топ нөкерлері қостап, кешке таман орталық стадионды азан-қазан қылдық. Сонан соң қалыптасқан дәстүр бойынша орыстың Доминик Джокер дейтін аты да, заты да белгісіздеу, әрі әншісі, әрі ди-джейінің өнеріне сусындап, «төбеміз көкке бірақ елі жетпей қалды». Биыл елден ерекше етіп өткізуге тырысқан, сол үшін  жылда амалсыз атап өтетін Конституция күніне сәйкес келмеу үшін әдейі берірек жылжытқан, бұған бюджет қаржысын оңды-солды жұмсаған бұл мерекеге қанша ақша кетті деп қала әкімдігінен сұраған ешкім болмады. Сірә, былайғы жұрт әкіміміздің осы мерекеге айрықша көңіл бөліп, басқа еш мейрамммен теңестірмейтін қасиетін біліп, «аш құлақтан, тыныш құлақ» десе керек.

  Жә, өтері өтті. Болары болып, бояуы сіңді. Бізде қай мерекенің шығынын кім есептеп жатыр дейсің. 80 миллиард теңгеден астам облыс бюджетінің құлағын ұстап отырған әкімге бір ондаған миллион теңге деген тәйірі сөз болып па па? «Мұрның барда бір сіңбір» дегенді атамыз қазақ бекер айтты дейсің бе.

   Әңгіме тіпті ақшада да емес. Тойшыл қазақ емеспіз бе, соны сөз етіп қайтеміз. Бір қынжынарлығы, осы мереке кезінде көңілімізге көп қаяу түсірген екі жайтты айтып өтпесек, шындыққа қиянат жасармыз.

Біріншіден, әкіміміз қазақ салтынан мүлдем мақұрым екендігін танытса, екіншіден, сол әкімнің жанындағы лауазымды жандардың құлдық ұруға дайын тұратын жағымдаздығына жалпақ жұрт куә болды.

    Мерекенің алғашқы күні облыс орталығында аршыған жұмыртқадай әдемі неке сарайы ашылды. Осы салтанатқа аққудай жарасқан екі жұпты дайындаған екен. Жүздері бал-бұл жанған қалыңдық пен күйеу жігіт сарайдың алдына келгенде, оларды облыс әкімінің өзі қарсы алып, тойдың көрігін қыздыра түседі. Бәрі жақсы-ау, бірақ қызықтың көкесі сол жерде болады. Сол жерге жиналған қазақтың жастары неге екені белгісіз «Горько!» деп айқайлайды. Бұл дәстүдің қазаққа жат екендігін, ол кезінде өзге ұлттан жұққан дүние екендігін айтып, тоқтау салудың орнына әлгі әкіміміздің өзі алақайлап жөнелді.

 - Той өтпей тұрып «Горько!» деп айқайлауға бола ма?—деп жұртқа жақсы атты болып жатыр басшымыз. — Егер ол дәстүрді бұзбасақ, мейілдеріңіз.

   Әкімнің өзі қолдап тұрған соң, аянатын не бар, жиналғандар бүкіл көшені басына көтеріп «Горькоға» бассын. Ал біз болсақ, әкіміміздің өзге жұрттың дәстүрін өзіміздің дәстүр деп ұғатын қате түсінігіне қайран қалдық. Асыл қасиетіміздің аяқ асты болғандығына налыдық. Енді сірә, күні ертең таусылмайтын марафон секілді бірінен соң бір басталатын Рудный қаласының күні, Лисаков қаласының күні секілді даңғаза мерекелерде өзге халықтың ұлттық дәстүрін насихаттаудың жарысы басталатын шығар деген  ойға келдік.

Көресіміз мұнымен түгесілмеген екен. Келесі күні Облыс әкімі қала орталығындағы мерекелік шараларға қатысып, қаптаған нөкерлерімен біраз жерді аралап шықты. Мұндайда небір пысықтар табыла кететін әдеті ғой. Бір орыстың әйелі ойнақылана ортаға шығып, әкімге қарбыз ұсынды. Біз қайдан білейік, орыстардың дәстүрі бойынша қарбыз ұсынған әйел сол еркекке осылайша көңілін білдіреді екен. Әкіміміз де мұндай дәстүрге жетік қой, рахметін айтып өзіне қайтып берді. Сол жерде жақында ғана облыс әкімдігі аппараты жетекшісінің орынбасарлығына тағайындалған Асан Нұрғазинов деген пысықай жігіт ерекше елгезектік танытып, жаңағы әйелге қалтасынан 10000 теңге суырып алып, әйелдің алдына тастай берді. Сөйтті де қарбызды да алмастан, әкімнен алғыс күткендей елжірей қарады.

Суретте: Асан Нұрғазинов

Шынымызды айтсақ, жақында ғана үлкен лауазымды иеленген бұл жас жігіттен мұндай дарақылық  пен жалған жағымпаздықты күткен жоқ едік. Жұрттың көзінше 10000 теңгені қиналмастан лақтыра салатын орасан байлық қайдан келді? Әлде өзі кезінде аудан әкім бола тұра арақ ішіп, мейрамханадағы жұртты мылтығымен қорқытқан, сол үшін сотты болса да, соған қарамастан жанына жақындатқан облыс әкіміне деген айрықша алғысы ма екен?  Мемлекеттік қызметшінің этикасы қайда қалды? Түптеп келгенде, мұны сыбайлас жемқорлықтың бүркемелі түрі деп бағаласа, шындықтан алыстай қоймаспыз.   Осындайда халық арасындағы «бізде кез-келген лауазымды сатып алуға болады» деген қаңқу сөздің бекер еместігіне көзің жеткендей болады...

Мұратбек Дәуренұлы

Қостанай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401