Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 33603 1 пікір 14 Шілде, 2014 сағат 11:46

ҰЛТТЫҚ БАЙЛЫҚ – ХАЛЫҚТЫҢ ҚОЛЫНА

Біздің қоғамдағы қарапайым адамдар ұлттық байлық дегенді әртүрлі түсінеді. Мысалы, ұлттық байлығымызға жерімізді, жердің асты мен үстіндегі табиғи ресурстарымызды, салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды жатқызуға болады. Жердің асты мен үстіндегі табиғи ресурстарымызды өндіретін, шикізаттан дайын өнім шығаратын зауыт-фабрикаларымыз да ұлттық байлығымызға жатады. Қазір осы байлығымыз халықтың қолына сатылып жатыр. Елімізде кең ауқымдағы жекешелендіру іс-шаралары – осыған дәлел.

Қарапайым адамдар көп нәрсеге терең үңіле бермейтіні белгілі. Олар жекешелендіруге қатысты да: «Әй, мұндай науқан жүрсе жүре берсін! Маған оның қатысы жоқ» дей салуы мүмкін. Бұл – қате пікір. Өйткені, қазақстандықтар да, жер бетіндегі басқа халықтар сияқты жаһандық бәсекелестікке белсене араласуда. Қазіргі кезде мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында да қызу бәсекелестік жүріп жатыр. Әрбір қазақстандықтың болашағы оның әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігіне байланысты болмақ. Осыны дұрыс түсінуіміз керек.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның алдына әлемдегі 30 көшбасшы-елдің қатарына қосылу жөнінде үлкен стратегиялық мақсат қойды. «Қазіргі таңда ешкім G 30-дың құрамы 2050 жылы қандай болатынын дәлме-дәл болжап бере алмайды. Бірақ, сол «отыздықтың» құрамы қандай болса да Қазақстан әлемдегі дамыған елдердің қатарынан орын алуы тиіс» деді Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясында. Айтпақшы, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы жекешелендірудің екінші толқыны туралы халыққа Жолдауында тәптіштеп түсіндірген болатын. Дағдарыс жылдарында мемлекет әлжуаз кәсіпорындарды қиындықтардан құтқару үшін, шығынды активтерін өз бақылауына алса, ал экономикалық өсім жылдарында оларды жекешелендіреді.

Жасыратыны жоқ, жекешелендіру дегенде жұрттың көпшілігі сонау 90-шы жылдардағы жаппай жекешелендіруді есіне алады. Я болмаса Ресей мен Украинадағы сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан жекешелендіру жобаларымен байланыстырады. Алайда, Қазақстандағы жаңа жекешелендіру жөнінде өзінің халыққа Жолдауында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл отандық кәсіпкерлікті нығайту үшін жасалатын принципиалдық маңызды қадам», «Бұл ұлттық байлығымызды халықтың қолына таратып беру» деп анық түсіндіріп берді. Ендеше, барша қазақстандықтар мұны еліміздегі бұқаралық кәсіпкерлікті құру бағытындағы ұлттық-патриоттық жоба деп қабылдауы қажет. Яғни, жаңа жекешелендірудің басты мақсаты – ұлттық байлығымызды халықтың қолына әділ жолмен таратып беру.

Ел Үкіметі 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, жекешелендірудің екінші толқынына шығарылатын 782 кәсіпорынның тізімін жасағаны белгілі. Соның ішінде, 2014 жылдың соңына дейін 278 нысанды жекешелендіру жоспарланған. Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер мен компаниялар бойынша жекеменшікке сатылатын 162 нысан болса, биыл соның 75-і сатылады. Сондай-ақ, республикалық меншіктегі 34 нысанның 19-ы, коммуналдық меншіктегі 466 нысанның 109-ы және 174 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 75-і бәсекелестік ортаға беріледі.

Бұл жерде әрбір қазақстандық бәсекеге қабілеттіліктің ұлтымызды дамытудың негіздік критерийі екенін есте ұстағаны абзал. Өйткені, жекешелендіру шараларының нәтижесінде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артады, салық түсімдерінің көлемі ұлғаяды. Ең бастысы, алдағы уақытта мемлекеттің шаруашылық субъектілеріндегі үлесін қысқарту арқылы нарықтық механизмдер нығая түседі. Ендеше, бұдан біздің еш ұтылмасымыз анық.

 

Әмірлан Әлімжан.       

Abai.kz 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377