Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 4787 0 пікір 12 Шілде, 2014 сағат 09:47

Әмірлан Әлімжан. Амнистия: мүлікті заңдастыратын мүмкіндік

Ақшаны, мүлікті заңдастыру – бұл әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар үрдіс. Тіпті, Еуропадағы бірқатар мемлекеттер, АҚШ-тың көптеген штаттары мұндай акцияны қатарынан бірнеше рет өткізгенін білеміз. Себебі, «көлеңкедегі» капиталды жария ету әлемдегі барлық елдердің басын қатыратын мәселе. Мәселен, халықтың табысы мен капиталын заңдастыру шаралары Үндістанда – 5 рет, Португалияда – 3 рет, Франция, Австрия, Ирландияда – 2 реттен өткізілген. Капиталды заңдастыруға әрекет жасаған елдердің ішінде Италия, Германия, Бельгия да бар. Әлемдік тәжірибеде ең сәтті экономикалық амнистиялардың бірі 2001-2002 жылдары Италияда болды. Соның нәтижесінде Италия билігі капиталдың ағыны елден не себептен кетіп жатқанын анықтай алды. Сонымен қатар, ел билігі өз азаматтарының не себепті салық төлеуден жалтарып жүргеніне де көз жеткізді.

Мұндай тәжірибеден Қазақстан да сырт қалған жоқ. Мысалы, 2001 жылы жүргізілген алғашқы дүние-мүлікті, ақшаны заңдастыру іс-шаралары нәтижесінде 480 миллион АҚШ долларынан астам ақша заңдастырылды. Одан кейін 2006-2007 жылдар аралығында елімізде экономикалық амнистия екінші рет өткізілді. Соның нәтижесінде 845 (6,8 миллиард АҚШ доллары) миллиард теңгеге жуық ақша мен дүние-мүлік жария етілді. Заңдастыру акциясы барысында еліміздің бюджетіне 60 миллиард теңгеге (483 миллион АҚШ доллары) жуық табыс түсті. Бұл жерде заңдастырылған ақша мен дүние-мүліктің «көлеңкеден» шыққаннан кейін ел бюджетіне салық және алымдар түрінде табыс әкелетінін ұмытпағанымыз жөн.

Бұдан мынадай түйін шығаруға болады: ақша мен мүлікті заңдастыру мемлекетке де, Қазақстан азаматтарына да бірдей тиімді. Бұл жерде біздің Үкімет жария ету еліміздің экономикасына қосымша қаражат пен мүліктерді тарту мақсатында жүргізілетінін ашық айтуда. Өйткені, «көлеңкелі айналымдағы» ақшаның үлесі айтарлықтай өсіп, мемлекеттің дамуына жағымсыз әсерін тигізіп отыр. Соның нәтижесінде мемлекетке заңнамада көрсетілген салық түсімдері түспейді. Оған қоса, «көлеңкелі экономика» қоғамымыздағы игі құндылықтар жүйесін әлсіретіп, құқықтық нигилизмге жол ашуда. Үшіншіден, заңдық айналымнан шығарылған ақша мен мүлік еліміздің экономикалық дамуының нақты көрінісін бұлдыратып жіберетіні сөзсіз. Сондықтан, бұл жолғы заңдастыру аталған капиталдың жедел, сенімді түрде заңды айналымға қайтып оралуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттің ұтатыны осы тұста.

Бұл жолғы акцияда Қазақстан азаматтарына төрт бірдей артықшылық беріліп отыр. Біріншіден, кез-келген отандасымыз ақшасын, бағалы қағаздарын, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін жария ете алады. Екіншіден, жария ету субъектілерінің меншік құқығына жататын, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін құрылыстар заңдастырылады. Үшіншіден, тиесілі емес тұлғаға ресімделген құрылыстар мен ғимараттарға рақымшылық жасалады. Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпековтың айтуынша, барша қазақстандықтар мемлекеттің қамқорлығын қалт жібермей пайдаланып қалуы қажет. «Сіз мысалы, 5-6 жыл бойы үйіңізді тіркемей, салық төлемей тұрып келдіңіз. Иманбайдың немесе тағы біреудің атына жаздыңыз. Енді оның қажеті жоқ. Үйіңізді өз атыңызға тіркеп, заңдастырып алыңыз. Заңмен жүретіндер жердің актісін алуға 1 жылын жұмсап бейнеттенеді. Үйін салғанша, құжатын алғанша 2-3 жыл тағы жүгіреді. Ал мынау – керемет мүмкіндік, мемлекеттің қамқорлығы. Ешкім сенен үйіңді қалай салдың, ақшаны қайдан алдың деп сұрамайды»,- дейді ол. Ал, төртінші артықшылық – Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде орналасқан жылжымайтын мүлік те жария етуге жатқызылады.

 

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434