Әкем «Бұл оқымаса да адам болады» дейтін...
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, «Парасат» журналының бас редакторы:
– Бұрынғы Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына қарасты Балғалы деген шағын ауылда өмірге келдім. Әкем Әбікен мен анам Разиханың 8-перзенті, кенжесімін. Бәрі еркелетіп, бетімнен қақпаушы еді. Әкем марқұмның балаларға иі жұмсақ болатын, дауыс көтеріп, отбасының шырқын алғанын көрген емеспін. Ол кісі перзенттерінің заманынан қалмағанын қалайтын. Телевизор шыққаннан кейін Алматыға арнайы барып, біреуін сатып әкеліпті. Әпкелерім «біздің үй кинотеатр еді, ауыл түгел жиылып, кино көретін» дейді. Алғашқы патефон, теледидар, радиолалар біздің үйден табылатын.
Әкем мен анамның арасындағы сыйластық ғажап еді. Айтыскер ақын әрі аудандық мәдениет бөлімінде қызмет істе-гендіктен, жаз кезінде әкем үйде сирек болатын. Домбырасын алып, жайлаудағы малшы ауылдарды аралап, шиеттей бала мен бар шаруашылықтың қамы анамызға қалады. Ал әкем республикалық айтысқа аттанарда біздің үй шағын концерт залына айналады. Облыстың барлық өнерпаздары бас ақынның үйіне жиналып, екі-үш күн дайындалады. Асылақын Қалиев, Байбатыр Мұқашевтай ақындар айтқан қиссаларды, Гүлмайдан Сүндетова, Сағат Жылгелдиев, т.б. көптеген өнер майталмандарының жыр-термелерін мен алғаш рет өзіміздің қара шаңырақта, әкемнің оң тізесінде шоқиып отырып естідім. Үйімізден қонақ үзілмейтін, «Әбекеңе сәлем бергелі келдік» деп күніне ағылып жатса да анамның ренжігенін көрмеппін. Самауры-нын ызылдатып әкеліп, бар мәзірін алдарына тосатын. Қайран анам... Мен 6 жасқа толғанда ол кісі жүрек дертінен көз жұмды. Құт дарыған қара шаңырақтың бар шаттығын бір суық қол ұрлап әкеткендей болып, ұнжырғамыз түсіп сала берді. Әуелде шөгіп кеткендей көрінген әкеміз еңсесін тез тіктеді. Бұғанасы қатпаған балаларын қанаттандыру үшін барын салды. Айтысқа шығуды да сиретті. Елуден енді асқан жасы болса да өзгемен отау құрмады...
Біздің ауылда мектеп жоқ болғандықтан, аға-әпкелерімнің біразы аудан орталығында, енді біразы Малайсарыдағы Күміс көкеміздің қолында тұрып оқитын. Сондықтан үйде тек әкем екеуміз... Жаздың ұзақ кешінде мені алдына алып, домбырамен жыр айтатын. «Бақтыбай мен Тезек төренің айтысын», «Көрғұлы», «Орақты батыр» секілді көптеген ауыз әдебиетінің жауһарларын өз әкемнен естідім. 1983 жылы ол кісі Алматыға келіп «Алатау» телеарнасына «Бақтыбай мен Тезек төре айтысын» жаздырып кетті. Қазір зерттеушілердің біразы сол нұсқаны мысал етеді. Бірақ Әбікен Сарыбаевты атап жатқан ешкім жоқ?!
Торға түскен «торғай»...
– 7 жасқа толғанымда шаңырағының түтінін өшіргісі келмеген әкеміз мені әпкемізге табыстап, Малайсары ауылындағы 8 жылдық мектепке берді. Балғалыда еркін жүріп үйренген, Нұрлан, Ақпар, Ермек секілді көңтабан достармен ертеден қара кешке дейін ойнайтын мен үшін бұл әуелде тозақтай болып көрінді. Бөтен ауыл, сыптай киінген бөгде балалар, 45 минут бойына тапжылтпайтын ұстаз... Әбікеннің еркесінің қиғылығы басталды. Сабаққа беттемей, көптің ортасында құла түзде жалғыз жүргендей иінім салбырап, қырсықтым да қалдым. Әпкем мен алғашқы ұстазым Нұрдария Сіләмханқызы алдаусыратып-ақ бақты. Сол мектепте оқитын әпкелерім Анар мен Бақытгүл де көңілімді аулайды. Бірақ «орманға қарап ұлығанымды» қоймадым. Бір күні Күміс көкемнің төзімі түгесілді. Сабаққа бар-ғысы келмей, қиқаңдағаным үшін ұрсып, желкеден бір-екі нұқып жіберді. Торға түскен торғайдай болып жүрген мен ботадай боздадым. Осы сәтте әкемнің кіріп келмесі бар ма?! Түскі автобуспен келе қалған екен. Үн-түнсіз, әпкеме алара бір қарады да, мені қолымнан жетелеп жүре берді. Түскі автобус ауылда жарты сағат тұрып, аудан орталығына қайтушы еді. Соған міндік те Балғалыға тартып тұрдық. Рақат! Көкем екі-үш мәрте келіп кешірім сұрап, жік-жаппар болғанымен, әкем «Бұл оқымаса да адам болады» деп жібімеді. Желіден құтылған құлындай болып, ойынның сыбағасын беріп жүрген мен мәзбін. Тек үш аптадан кейін мұғалімдер мен бауырларым әкемізді райынан қайтарып, мектепке бардым. «Балам, Әбікеннің баласы нашар екен» деген сөзді маған естіртпе» деп, әкем жолға өзі шығарып салды. Естірткен жоқпын деп ойлаймын. Оқу бағдарламасына кеш қосылғаныма қарамастан, 1-сыныпты үздік бітірдім. Одан кейін де жақсы оқыдым. Жоғары сыныптарда физикадан, орыс тілінен, қазақ тілі мен әдебиеттен аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі оралатынмын. Бұл жетістіктердің бәріне ең қатты қуанған әкем марқұм еді...
«Жұмысы ауыр, ақшасы тәуір»
– Мектепте оқып жүргенімде қияли едім. Ең әуелі танкіші болуды армандайтынмын, одан кейін ұшқыш, одан соң ақын... Содан болар, қағазға бірдемелерді шимайлайтын болдым.
...Ыбырай атам күріші, бар қазақтың ырысы... деген секілді шатпақ-тақпақтардың төрт-бесеуі алтыншы сынып оқып жүргенімде аудандық газетке шықты. «Кербұлақ жұлдызының» Бас редакторы Бақыт Әлімов газеттің ол санын әкеме өзі әкеп, сүйіншісін алды. Баласы қуантқан әке мәз, оқушысы газет бетіне шыққан мектеп мәз. Ал мен түсінген де жоқпын, асығымды атып, добымды теуіп жүре бердім. Осыдан кейін газетке шығуым жиіледі. Шағын блокноттағы тақпақтарды бірде ұстаздарым, бірде әкем газетке жолдайтын. Ал 8-сыныпты бітірерде «Кім болам?» деген тақырыпта жазған шығармамда «журналист боламын» деппін. Бұған әкеммен жақсы аралас-қан, ол кісіні туған ағаларындай құрметтеген Бақыт Әлімов, Армиял Тасымбеков секілді азаматтардың мінез-құлқы, сөз саптасы ықпал етсе керек. Әкем 1987 жылдың қысында Колбин-ге сыбап хат жазып, облыстың «қаймақтары» қатты ашуланып, төрт көлікпен ауылға жетіп келгенде Бақыт ағамыздың именбей әкемнің сөзін сөйлегені әлі есімнен кетпейді. Ақыры әкемнің қолына конвертті ғана ұстатып, хаттың өзін алып кетті. Кейін «Аға, сол хатта соншалықты не жазылған еді?» деп сұрағанымды. «Ой, Секентай, айтуға ұяттау» дегені бар. Марқұм Бақыт ағамыз әкемнің кітабына жазған алғысөзінде де «Әбекеңді Құдай сақтады ғой» дегендей мағынада ой білдіріпті.
Сегізінші сыныпты үздік бітіргенімнен кейін мені техникумға түсіру туралы шешім қабылданды (күлді...) «Ауылдағы ең қат мамандық қандай?» дегенде «Инженер! Инженер болғанда да молшылық ортасында жүретін элеватордың инженер-механигі болсын» деген тұжы-рым жасалды. Сөйтіп, үздік аттестатымды құшақтап Алматыдағы политехникалық техникумнан бір-ақ шықтым. Сол жылдың қарашасында Секентайының студент болғанына ерекше қуанып жүрген әкемнен айырылдым...
Расын айтайын, техникумдағы мамандық көңіліме қонбады. Ватманды жайып қойып түні бойына сызба жасайсың. «Сопроматтан» қиын есептер шығарасың, триер, нория деген бәлекеттердің әр деталін жаттап, есің шығады. Темір-терсекке қыры жоқ мен пақырыңыз жаңағы техникумды ілініп-салынып жүріп, әзер бітірдім. Одан соң әскерде екі жыл борышымды өтедім. Әскерден келген 1993 жылы Қазақстанның жағдайы мәз емес еді, жұмыссыздық, «адидас» деген жазуы бар қытайлық спорттық костюмін киіп алған жігіттердің бәрі сенделіп, бос жүр. Содан тіршілік қамына кірістік. Бар ғұмырын бізге арна-ған Күміс көкемнің қолында тұрып, таудан тақта тас шығаратан кооперативке жұмысқа тұрдым. Жұмысы ауыр, ақшасы тәуір. 2 жыл тас қопарып, тау кезгеннен кейін мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмысқа кірдім. Ол мұғалім қат кез еді, ақшасы аз мамандықтан елдің бәрі қашып жатқан. Содан оқушыларыммен «Күле білгеніміз – өмір сүре білгеніміз» деген сатиралық театр құрып, 6-7 концерт бердік... Ал 1996 ҚазҰУ-ға, журналистика факультетіне құжат тапсырып, сырттай бөлімге түстім. Белгілі спорт журналисі Бақтияр Әсіренкеев, Ақтау телевидениесінде қызмет ететін Әнуар Өтесбай, республикаға танымал Бағдат Мәжитов, Дәулетхан Жиенқұлов, Жанар Байсемізова, т.б. журналистер менің курстастарым. Төртінші курста қалалық телеарнаға Бас редактор болып, кей курстастарымның телевизия саласына келуіне өзім ықпал еттім.
Ол енді қалашық ішіндегі өзеннің жағасында жастық және шараптың буымен лепіріп өлең оқып, көпіріп сөйлейтін кезең ғой. Қай сәті де өте қызық.
Телевизия саласындағы – 15 жыл
– Екінші курс оқып жүрген кез, сабақта шұқшиып, бірдеңе жазып отырсам құлағымның түбінен «Қазақ әдебиетін жақсы білетін сен бе?» деген дауыс саңқ ете қалды. Басымды көтерсем, сыптай болып «тройка» киіп алған, қарыны күйлі-қуатты екенін байқататын ақсары жігіт тұр. Ұстаздардың бірі екен деп сасқалақтап қалдым. Сөйтсем ол «Өй, қорықпа, мен мына орыс тобының студентімін! «Еңлік-Кебек» туралы айтып берші?» дейді. Оның сықпытынан сескеніп, мені меңзеп жіберген курстастарым да, мен де ду күлдік. Сөйтіп, Қайрат Балтабай деген досыммен таныстым. Осыдан кейін Қайрат мені «Телефабрика» деген жекеменшік компанияда жұмыс істеуге шақырды. «Анау-мынау» деген сарказмды, сараптамалық хабар жасайды екен. 1998 жылдың 7 наурызында телевизия саласындағы қызметім басталды. Одан кейін «НТК», «Оңтүстік астана», «31-арна», «Алматы» арналарында жұмыс істедім.
Шынымды айтсам, 15 жылдай телевизия саласында қызмет еткен адамға баспасөзде жұмыс істеу алғашында қиындау. Қым-қуыт, қарбалас өмірге үйренген жанға журналдың жайбарақат жұмысына көндігу қиын екен. Бірақ бертін келе үйрендік. Ойланып жазуға мүмкіндік бар. Бала-шағаңа көңіл бөле бастайсың. Таңғы 9-да жұмысқа кетіп, түнгі 11-ге қарай үйіңе әзер жететін телевидениеге қарағанда мұнда бос уақыт баршылық. Кешкі алтыда үйіңе барасың, балаларыңның сабағын қадағалайсың, олармен серуендейсің. Ал телевизияға қайта оралу... кім білсін? Қазақстанда саяси-сараптамалық бағдарламалар қайта өркендеп, халықтың көзін ашатын хабарлар керек болатын заман туса, мен және кезінде сапалы хабарлар жасап, ел аузына іліккен басқа жігіттердің бәрі экранға қайта шығар?! Әзірге артистердің аты озып тұр...
«Көкірегім даланы аңсап тұрады...»
– Ауылда тұрған кезде жылқыға құмар болдым. Ат баптап, көкпар тартатынбыз. Ал Алматыға ауысқан соң мұның бәрі қалды. Бірақ көкірегім даланы аңсап тұрады. Сондықтан соңғы 10 жылда балық аулауды әдет еттім. Қолым қалт етсе бір кітапты салып аламын да, өзен-көлге қарай тартамын. Балық деген же-леу ғана, түнде ми далада отты лаулатып қойып жатқанға не жетсін, шіркін. От пен судың сананы тұмшалаған ойдан жақсы арылтатын қасиеті бар.
Бізді бағып-қаққан, анамыздың жоқтығын білдірмей, бұла етіп өсірген көкем қазір қолымда тұрады. Балалардың бәрі «апасының баласы». Перзентін санамайтын қазақпыз ғой, Құдай берген 5-6 қарадомалағымыз бар. Үлкен ұлым Ізбасар биыл 11-сынып бітірді. Ал кенжеміз Мәдина 6 айлық. Келіншегім Кенжегүлдің алғашқы мамандығы – журналист. Филолог дегені тағы бар. Бірақ екі дипломды сандыққа салып қойып, үйде келін және ананың «қызметін» атқарып отыр.
ТҮЙІН:
– Оңашада ой көп қой... Ең бастысы: «Жақсы әке бола алдым ба?». Адамды қатыгездікке, тасбауырлыққа итермелейтін заманда балаларымның ауызбірлігі ыдырамаса деп тілеймін. Саясаттағы кей қадамдардың салдарынан солардың басына бұлт үйірілмесе екен деп қауіптенемін. Маза бермейтін ой өте көп...
Әкем «Адалдың аты арымайды», «Шалқайғанға шалқай – ол Пайғамбар ұлы емес, еңкейгенге еңкей – атаңнан қалған құл емес» дегенді жиі айтушы еді. Осы екеуінің адамгершіліктің басты принципі екенін түсіндім!
"Айқын" газетінен