РЕСЕЙ «РАКЕТАҒА» ЖЕР СҰРАП ОТЫР
Ресей – жер аумағы жағынан әлемдегі ең үлкен мемлекет. Сөйте тұра қазақ жерінің де біраз бөлігін меншігінде ұстайды. Жұмыстары - әскери сынақ жасайды, зымыран ұшырады, ракета құлатады. Түсініктірек айтсақ, Ресейден оқ атады, оны Қазақстандағы полигон «күтіп» алады. Әртүрлі әскери қарулар жасап, соны сынап көреді. Ең қарапайымы - Байқоңырдан зымыран ұшырып, қалдықтарын Қостанайға құлатады. Қазірге бізге белгілісі осындай 7 полигон бар. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, олардың көлемі 12 миллион гектардан астам. Ал ақысы әр гектарына 400 теңгеден аспайтын көрінеді.
Кеше ғана «ҚазҒарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев әдеттегідей тосын жаңалықтарымен бөлісті. Мұсабаевтың «жаңалығына» қарағанда, Құдайы көршіміз Ресей Ракета құлатуға тағы бір жер сұрап отыр екен. Оған Солтүстік Қазақстан облысын лайықты деп тауыпты.
Екінші жаңалық, «ҚазСат-2»-нің қызметін 2016 жылдан кейін ғана пайдалана аламыз. Есесіне «ҚазСат-3»-ті ұшырып жібердік. «ҚазСат-1» іздеуде.
Үшінші жаңалық, Агенттік төрағасының айтуынша, «Протон» зымыранының отыны -гептиль өте зиянды, бірақ ол туралы тіс жаруға болмайды.
Сөйтіп, аса сенімді, бейбіт-ынтымақтастықты ту еткен стратегиялық әріптесіміз Ресейдің қазақ жеріне аңсары ауып-ақ тұр. Өздерінде жер жетпейді.
10 соток жерді армандап жүрген қазақ үшін миллион гектар жер туралы ойлану аса қиын, әрине. Дегенмен құлағдар бола жүріңіздер.
Хазірет Әбділда
Abai.kz