Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7591 0 пікір 20 Маусым, 2014 сағат 10:59

ҰБТ ҰРЫ ЖОЛДАН АРЫЛА МА?

Осы ҰБТ-ны осыдан тура он жыл бұрын қабылданды демесең, «баяғы жартас – сол жартас»! Оған осы жылы тағы бір мәрте куә болғандаймыз. Биылғы жылғы түлектердің білім-білігін, қарым-қабілетін тексеру мақсатында өткізілген дәстүрлі Ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысы маусымның 9-жұлдызында жалпақ жұртқа жария етілді.

 

Несін айтасың? Осы «тойдың» болғанынан боладысы қызық болған сияқты. Әуелі Батыс жұрты бір дүрлігіп басылды. «Ойбай, тест барысында түлектерден үш мың ұялы телефон жинап алыпты» деп бүкіл БАҚ жарыса жазды. Тіпті масқара болғанда, қатаң тексерістермен аты шыққан бұл сынақтың да бір кем тұсы білініп, тест сұрақтары жарияланып та кетті. (ttp://www.azattyq.org/search/search2). Қырағы көзден қапысын тауып өткен түлектер әлеуметтік желілерде өздері тапсырған тест нұсқаларын мақтанышпен «көрсете» бастады.

Бұл не сұмдық деп таңғала бергенімізде, тағы бір «Ұлттық бірыңғай тесттің сұрақтары арасында «Алматыдағы сыра зауыты қашан ашылды?» деген сұрақ бар екен» деп келетін ақпарат Қазақстанның түкпір-түкпіріне «сүйінші» сұрағандай жылдам таралды. Енді бірде «Қарағанды облысында тестке кірер кезде оқушыларды шешіндіріп тексерген» деген ащы айқай отандық телеарналардың бірі «КТК» арнасында ашыққа шығып, биылғы ҰБТ-ның былығын молайта түсті. Тіпті сол өңірдің осы жылы бақ сынаған түлегі Арайлым Жарылқасынова: «Жалаңаш өтіңдер дейді. Біз қалай өтеміз? Бір қыздың кеудесінде тағылған әшекей үшін юбкасын шештірді...» – деп жоғарыдағы ақпаратты әбден растап берген. «Жалған» ақпарат деп танылған күннің өзінде «Жел соқпаса, шөптің басы бекер қимылдамайтынын» білетін балалардың әке-шешелері бұл сорақылыққа тіптен ашынып кеткен.

Әуелгі «Алматыдағы сыра зауыты қашан ашылды?» деген қитұрқы сұрақтан журналистер қауымы хабардар болысымен, осы сұрақтың жауабын Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің тіке өзінен білуге тізгін үшімен жиналған. Кейіннен тілшілер министрдің жауап бере алмай, қара терге түсіп: «Апелляциялық комиссияға шағымдансын» дегеннен басқа түк айта алмағанын айтқан болатын.

Сөйтсек, «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қызықтың бәрі алда екен. Дер шағында абдырап қалған аты әйдік министрлік арада аз күн өткеннен кейін бәрін теріске шығарған. Олардың айтуынша, ондай сұрақ та, тіпті түлектерді жалаңаштап тінту де болмаған көрінеді. Бұл туралы ҚР білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев: «Шын мәнісінде, біздің өкілдеріміз бұл фактілерді растамады, киімдерін шешіп тінту де болмаған. Біз қазір ата-аналардың прокуратураға шағым түсіргенінен хабардармыз. Прокуратура өзі тексере жатар, ал біз сосын бәрін айтамыз», – деді жұма күні брифингте (ҚазТАГ). Әрі түлектердің көптеп ұялы телефон алып кіруінің кей өңірлерде ҰБТ-ны кешіктіріп бастауға себепкер екенін айтып, «күстаналау» деп білген ақпараттың бәрін жуып-шайды.

Сонда деймін, тінту фактілері тіркелмесе, жоғарыда біз Арайлым Жарылқасынованың жан айқайындай жыларман боп айтқан сөзіне сенбеуіміз керек пе? Қатал тексерушілердің шынымен солай етпегеніне бір Балықбаев куәгер бола ала ма? Әлде министрліктің айтқаны айтуындай шындап-ақ болғаны, әлде біздің тұтас БАҚ-тың шын мәніндегі «өтірікшіге» айналғаны ма? Бұның астарында барлық журналистерді «қаралап» алудың сиқырлы ойыны жатпағанына кім кепіл?!

Қош! Сонымен, осы бір сауалдың жауабын іздеу мақсатында шамамыздың жеткенінше тырысып көрдік. Алғашқыда неден бастасақ екен деп ойланып қалғанымыз да рас. Мидай былыққан қалың ақпарат. Ақырында соның ішінен алдымен «Тест сұрағында шынымен қателіктер болды ма?» деген сауалға тоқталдық.

ҰБТ кітапшасынан өрескел қате табылды. Күні кеше тестілеуге қатысқан алматылық түлек қанша талпынса да, нұсқалардың арасынан дұрыс жауапты таба алмаған. Қате физика пәнінен кеткен. Түлек қиын есепті шығарып, қанша іздесе де, өзі шешкен нәтижені нұсқалардың арасынан кезіктіре алмапты. Дұрыс жауаптың жоқтығына ақыры көзі жеткен соң, ол бірден кітапшаны апелляциялық комиссияға көрсеткен. Мұндағылар алғашқыда талапкер тапқан қатені мойындағысы келмеген. Тек ұзақ даудан соң ғана дұрыс жауаптың түсіп қалғаны анықталған.

Осылайша №10 мектептің бітірушісі Білім министрлігінен 1 баллды «өндіріп» алды. Тек қате табылған кітапшаны комиссия мүшелері көрсетпей қойғаны белгілі болды. Олардың бар уәжі: «Бұл ертең де болатын ҰБТ сынағына үлкен кедергі келтіреді» дегенге сайған. Ал бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі Әбіш Тасқалиев: «Кітапшада техникалық қате шығып тұр. Мысалға айтсақ, жылдамдықтың өлшем бірлігі метр секунд. Ал ол жерде метр квадрат, секунд квадрат дегенде 2 деген цифр үстіне қосылып кеткен», – деп мәлімдеді өз сұхбатында.

Бұдан басқа да 125 баллдың иесі Алматы қаласы «Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия» МҚК-нің түлегі Марат Асия Жандосқызы да «Массагет» сайтына берген сұхбатында алғашқы нәтиже бойынша 124 балл алғанын, кейіннен барып өзінің 125 балл алуға лайықты екенін дәлелдеп берген. Бұл қателік «қазақ тілі» пәні бойынша кеткенін айтады. Қысқаша шолып қарағанымызда, тестте өрескел қателіктердің болғанын жоғарыдағы ақпараттар дәлелдеп берді. Демек, халықтың бұл жолы да көп нәрселерді қалт айта қоймағаны сауатты оқырманға аян болса керек!

Ал осынша өрттей қаулаған даудың шығуына себепкер болған 9 маусымдағы ҰБТ қортындысы былай сөйлейді.

«20 мыңнан астам түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуде табалдырық (ҰБТ) баллын жинай алмады», деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы. 20236 түлек  2014 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің табалдырық баллын ала алмады, ол жалпы тестілеуден өткендердің 23,1%-ын құрады...» – деп хабарлайды орталық сайты. (ҚазТАГ ).

Осы ақпаратты естіп жағаңызды ұстайсыз. Сонда біздің түлектердің осынша сенімді ақтай алмағаны ма? Шамамен 10 бала тапсырды десек, соның екеуі оңбай «құлаған». Енді бір ақпараттарға жүгінсек, ҰБТ-ға қатыспайтындардың саны да жыл сайын өсіп келе жатқанға ұқсайды. Мұның себебі – мектеп бітірушілер тағдырымен санаспайтын облыс, аудан басшыларының «ашық бәсекесі» екені былайғы жұртқа да мәлім сынды.

Сонымен қатар «Биыл мемлекеттік грант саны 800-ге қысқарды» деп хабарлайды inform.kz сайты. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлімдеген болатын. Осы мәліметтерді жіті бақылап отырған ата-аналар енді балаларының мемлекеттік грантты ұтып алатынна күмәнмен қарай бастаған. Жыл сайынғы осындай орынсыз қысқарулардың кесірі мектеп бітірушілердің алдын кесіп-ақ келеді. Мұнда бөгде бір «қысқарту» түрінің бар екенін де ұмытпайық!

Осы турасында «Ұрпақ тағдыры – білім» қозғалысының жетекшісі Ерсайын Ерғожа: «ҰБТ тапсырушылардың азаюына аймақтарда жиі кездесетін «мектептегі тазалау» әдісі әсер етіп отыр. Оның айтуынша, көптеген мектептерде басшылық «рейтингті құртпас» үшін үлгерімі нашар балаларды тестілеуге жібермейді, «қазір мектептегі барлық жұмыс сол тест қорытындысы бойынша бағаланады... Қазір тестілеуге жіберу-жібермеуді шешіп отырған – мектеп директорлары мен аудандық оқу білімінің меңгерушілері. Мұндай фактілер ылғи қайталанып отырады. Мысалы, Отырар ауданында былтыр мектеп директорын «оқушыларың тестілеуде төмен баға алды» деп арыз жаздыртып, қызметінен алған» деп қынжылысын білдіреді. Ал тесттен қағылғанының арқасында «аш құлақ та тыш құлақ» болып жүрген Алматы облысы Талғар ауданындағы мектептердің бірін биыл бітіретін Елдос Досмұхаммедов ҰБТ тапсырмаған. Оның айтуынша, мектеп басшылығы тестіге «тек өте алатын оқушыларды ғана жіберген». (http://www. azattyq.mobi/a/kazakhstan_secondary_school_national_testing/25009212.html).

Осындайда айтарға сөзің қалмайды. Бір Алласына ғана тағдырын тапсырған қазақтың бүгінгі дөкейлері кешегі кеңестік кезең жем беріп баққан шынжыр балақ, шұбар төстерше бір ұлттың тағдырымен ойнай бастағаны емес пе?! «Кемел келешегің», «Әлеуетті 2050»-інің өскелең ұрпақтың еншісінде екенін ұмытқан-ау, шамасы! Тағдырымен ойнаудың сайқымазаққа айналу екенін білмесе керек.

Ендеше осы он жыл бойына қолданысқа ие болған ҰБТ – сынақ жүйесі төңірегіндегі даудың бүгін де, ертең де толастамайтынын ескерсек, биылғы жылы өткен аталмыш сынақ туралы кейбір сайттардағы оқырман пікірлерін беруге қақылымыз. Бұл әрі қоғамның осы шараға қатысты дер кезінде қозғалған аңысы деуге де болатындай. Солардың ішіндегі «Абай. кз» сайтындағы «ҰБТ: 100 БАЛЛ 300 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ САТЫЛЫПТЫ» деген мақалаға жазылған мына бір пікірді бергенді жөн көрдік.

Биыл БҰТ келген комиссия мүшелерін орыстардан тағайындапты. Қызым жаттығу тесттерде 100-ден асып жығылатын. Класта үш орыс әйел парта арасында өкшесін тық-тық еткізіп, әрқайсысының төбесінен үңіліп, артық қимыл жасағанның қағазына жармасып, акт жасап шығарып жібереміз деп қорқытқан. Ауыр психологиялық қыспаққа түскен кейбір оқушылар басы айналып, жәрдем сұраса, «ты притворяешься» деп, шығуға да рұқсат бермеген. Нәтижесінде бір оқушы қыз құлап, бірі класта құсып жіберген. Құлағының түбінен алған демі естіліп тұрған бақылаушылардан сескенген қызым дұрыстап ой қорыта алмай, 70 баллды зорға алды. Екі күн үйде жылаумен болды.

 

Шынында, ҰБТ бізге не берді? Біз одан ұттық па, ұтылдық па деген сауалдар санаңда анталап тұрады. «Ұтылу» мен «ұту» сөзі итжығыс түсе береді. Мысалға алатын болсақ, Республикалық оқытушылар мен мұғалімдердің «Ар-намыс» ұйымының төрайымы Ғалия Әміртаева ертеректегі бір пікірінде: «Менің бүгінгі тестілеу жүйесіне қарсылығым жоқ. Бірақ аудандық, аймақтық, облыстық рейтингті алып тастауымыз керек. Әкімдердің рейтингісінің көлеңкесінде кейбір жақсы оқитын балалар қалып жатыр», – десе, математик Асқар Жұмәділдаев: «Тест тапсыру дұрыс емес, алайда одан жақсысын ойлап тапқан ешкім жоқ», – деп шындықты ашып айтқан. Ал осы он жыл ішінде бір миллион 335 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырғанын есте ұстасақ, бұл жүйені жамандағанда, бұл мұнша студенттің тағдырына қиянат екені тағы белгілі.

Айтпақшы, Мақсат деген шпор сатушы жігіт техникалық пәндердің шпоры 4 мың, гуманитарлық пәндердің шпоры 3 мың теңге тұратынын айтты. Мақсат өз тауарларын «бір пәннің шпорында 10 мыңнан астам сұрақтың жауабы бар. Шпордың көлемі өте шағын – 5х7 сантиметр» деп сипаттап берді.

Павлодар қаласында ҰБТ-ға арналған шпорлардың бағасы Алматыға қарағанда арзан. Шағын кітапшалар саудалап жүрген Самат есімді жігіт бес пәннің шпоры 4500 теңге тұратынын айтады. Оның айтуынша, шпордың ішінде «бүкіл сұрақтардың жауабы бар» және «2014 жылғы тест тапсырмалары» да енгізілген.

Өскеменде шпор саудалайтын Әділ бір пәннің кітапшасы 2500 теңге тұратынын айтты. Ол «әр пәннің шпорында 17 мың сұрақтың жауабына дейін бар» дейді.

Қозыбай ҚҰРМАН,

«D»

  

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 23 (247) от 12 июня 2014 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366