Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6276 0 пікір 16 Маусым, 2014 сағат 14:26

«GEGA»: БАСЫНУ МА, БАСЫП АЛУ МА?

Суретте: «Global Ecological Group Almaty» ЖШС азық-түлік логистикалық орталығының бас ғимараты және логистикалық орталықтың макеті

 

ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ

КӘРІМ МӘСІМОВТЫҢ

НАЗАРЫНА!


2013 жылдың желтоқсан айының соңында президент Н.Назарбаев индустриализация күні аясында 10 өндірістік нысанды телекөпір арқылы іске қосқан еді. Соның бірі – ірі өндірістік комплекс – «Global Ecological Group Almaty» ЖШС азық-түлік логистикалық орталығы.

Осылайша, Президенттің өзі тұсауын кескен кәсіпорынның жұмысына мемлекет өзі кедергі жасап отыр. Қалай дейсіз ғой, ендеше, мәселенің мәнін басын бастап түсіндірейік.

Алматының шетінде орналасқан азық-түлік логистикалық орталықтары бар. Бір сөзбен айтқанда, өндірістік аудан. Қала қозғалысына кедергі болмас үшін азық-түлік логистикалық орталықтарын арнайы қала шетіне салуды ұйғарған Үкімет өндіріс құрлысын бастап кеп жібереді. Бұл – 2007 жыл еді. Экономикалық өсім өрлеп, билік ірі жобаларды қолға ала бастаған тұс. Үкіметтің мұндай жобаларына қызығушылық танытқан жеке компаниялар да құрылыс жұмысына белсене кіріседі. Құрылыс жұмыстары енді қарқын алып келе жатқан да әлемдік қаржы дағдарысы келіп, өндіріс салу былай тұрыпты, әркім өз басымен қайғы боп кетеді. Сөйтіп, 2010 жылы есін жиған Үкімет баяғы құрылысы тоқтап қалған өндірістерді қайта жандандырып, іске қосу үшін жеке меншік компанияларға көмектесіп, есесіне 49 пайыз акцияға иелік етеді. Сөйтіп, «Global Ecological Group Almaty» азық-түлік логистикалық орталығы ЖШС-ы 49 пайыз акциясы Алматы қаласы қаржы басқармасына тиесілі, қалған 51 пайызы жеке компанияның иелігіндегі өндірістік нысан болып өз жұмысын бастап кетеді.

Суретте: «GEGA» азық-түлік логистикалық орталығының қоймаларына салынған теміржол

 

ТЕМІРЖОЛДАН ШЫҚҚАН ТҮЙТКІЛ

Алуан түрлі сақтау жолдарын қажет ететін 300 мың тонна жүк қабылдап оны керекті темпуратурада сақтай алатын қуаты мен мүмкіндігі бар «GEGA» азық-түлік логистикалық орталығының толық жұмыс істеуі үшін автомобиль және теміржол мәселесі түбегейлі шешілуі тиіс екені айтпаса да түсінікті. Қоймалардың қажетті тұсына баратын автомобиль және теміржол мәселесін «GEGA» өз қаражатына салып шыққан. Оның ішінде №684 теміржолы да бар. Дәл осы №684-нші теміржолдың азғана бөлігі «GEGA» азық-түлік логистикалық орталығына іргелес жатқан «АВЕ Энергетика» логистикалық компаниясының жерімен өтеді. «GEGA» өзіне тиесілі әрі өз салған теміржолдың көрші компанияның жерінен өтетін бөлігі үшін «АВЕ Энергетика» логистикалық компаниясына кәсіпкерлік ұсыныспен шығады. Бірінші ұсыныс: теміржолдың «АВЕ Энергетика»-ның жерімен өтетін бөлігін солардың иелігіне беріп, «GEGA»-ның әр теміржол тасымалы үшін ақы төлеп отыру; екінші ұсыныс: «GEGA» «АВЕ Энергетика»-ға теміржол өтетін жердің бөлігіндей жерді өз жерінен беріп, оған қоса көршілес компанияны өзінің барлық коммуникациясына қосу туралы ұсыныс жасайды. Қарапайым логикаға салсақ, шақырымға жетер-жетпес жерден бір тиын да шығындалмай тек пайда ғана түсіру кез келген кәсіпкерлік компанияға пайдалы. Бірақ, неге екені белгісіз «АВЕ Энергетика» «GEGA»-ның ұсыныстарын қабылдамайды.

«АВЕ Энергетика» шығынсыз тек ғана пайда әкелетін ұсыныстарды қабылдамауы былай тұрыпты, өз жерінің азғана бөлігінен өтіп жатқан «GEGA»-ның теміржолдарын ешбір заңсыз, рұқсатсыз бөгеп, тіпті салынған теміржолдардың кейбір бөлігін бұзып, жинап тастаған. Керек десеңіз, барлық заңдық, қаржылық құжаттары негізінде «GEGA» өз қаражатына салған теміржолдың біз сөз етіп отырған бөлігінде компанияның теміржол техникасы да қаңтарулы тұр.

Суретте: «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының логотипі

 

МЕМЛЕКТІК ХОЛДИНГ«БӘЙТЕРЕТІҢ» БӘЛЕЛІ «БАЛАПАНЫ»...

«Бақсам, бақа екен» демекші, «GEGA» тарапынан жасалған ұсыныстарға «АВЕ Энергетика»-ның келіспеуінің «сыры» бар екен. Ол не «сыр» десеңіз, «АВЕ Энергетика»-ның артында «AKTOBE LOGISTICS GROUP» (кейін «ALGcompany» болып өзгерген) және «Қазақстанның инветициялық қоры» АҚ тұр екен. «GEGA» жасаған ұсыныстарға келіспей, тоңмойындық танытып отырған осылар. Ең қызығы, «Қазақстанның инветициялық қоры» АҚ-ы 100 пайыз мемлекеттік иелігіндегі «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына қарайды (төмендегі суретте қызылбен белгіленген тұсты қараңыз). Яғни, «Қазақстанның инветициялық қоры» АҚ-ы – мемлекеттік компания.

Сурет: «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының сайтынан алынған скриншот.

 

Сөйтіп, «GEGA»-ның теміржол тасымалын көршілес компанияның ұлтарақтай жерінен өтетін теміржол бөлігі тұйыққа тірейді. Көрші ұсыныстарға келіспейді. Амалы таусылған «GEGA» сотқа шағым түсіреді. Яғни, өз қаражатына салынған теміржол мәселесін заңды жолмен шешіп беруді сұрайды.  Осы кезде ешбір ұсынысты қабылдамай, көршісіне теріс қарап отырған «АВЕ Энергетика» «GEGA»-ның үстінен №684-нші теміржол бөлігін қайта жөндеуден өткізуді міндеттеу туралы сотқа қарсы арыз жазады. Ал, сот қандай дәлел-айғақтарға әрі заңды негізге сүйенгені белгісіз, «АВЕ Энергетика»-ның шағымын қанағаттандырады. Иә, мұндай «қызықты» тек Қазақстан соттары ғана жасай алады.

 

Суретте: «GEGA» өз қаражатына салған №684-нші теміржолдың «АВЕ Энергетика»-ның жерінен өтетін бөлігі. «АВЕ Энергетика» теміржолды қақ ортадан контейнормен бөліп, қоршап тастаған.

 

КЕДЕРГІНІ ЖАСАП ОТЫРҒАН КІМ?

Жоғарыда тәптіштеп жазғанымыздай, төтенше жағдай туа қалса халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қауқарлы, яғни, азық-түлік қауіпсіздігінің қорғаны болып отырғаны әрі Президенттің өзі іске қосқан ірі логистикалық орталық - «GEGA» - «Global Ecological Group Almaty» ЖШС-ның жұмысын тұсаулап отырған – мемлекеттік компания «Қазақстанның инветициялық қоры» АҚ, «АВЕ Энергетика» мен «AKTOBE LOGISTICS GROUP» -«ALGcompany» компаниялары.

Суретте: «GEGA» өз қаражатына салған №684-нші теміржолдың «АВЕ Энергетика»-ның жерінен өтетін бөлігі.

«GEGA»-ның күретамыры іспеттес теміржолдың даулы бөлігін көзбен көріп, қолмен ұстауға барғанымызда көршілес компанияның қарсылығына тап болдық: әдеттегі, қарапайым маска тағып алған, кім және қандай қызметкер екенін айғақтайтын ешбір құжаты, формасы жоқ бір жігіт келіп, «Кімсіздер? Мұнда неғып жүрсіздер?» деп сауал қойды. «Біз журналисттерміз. Сіз кімсіз?» деген сұраққа ол: «Журналисттер екендіктеріңді қайдан білемін, мүмкін ұйымдасқан қылмыстық топ шығарсыңдар» деп қатты «шошытты».

Суретте: «GEGA» өз қаражатына салған №684-нші теміржолдың «АВЕ Энергетика»-ның жерінен өтетін бөлігі.

Біз №684-нші теміржол бөлігін көрші компания «АВЕ Энергетика» қалай бөгеп, бөлшектеп, бөліп тастағанын көріп, суретке түсіріп алдық та кері қайттық. Жолда бізді «АВЕ Энергетика» компаниясының заңсыз жұмыстан қуылған жұмысшылары күтіп тұр екен.

Суретте: «АВЕ Энергетика» ЖШС-ның заңсыз жұмыстан шығарға жұмысшылары

 

«БІЗДІ БАЛАҒАТТАП, ЖҰМЫСТАН ҚУЫП ЖІБЕРДІ»

Жұмысшыларға сөз бермес бұрын, сәл шегініс жасайық.

«GEGA» - «Global Ecological Group Almaty» ЖШС логистикалық компаниясына іргелес орын тепкен логистикалық өндіріс орны «Тамыз и Ка» ЖШС-нан 2013 жылдың 28 тамызында «АВЕ Энергетика» ЖШС-ның иелігіне өткен. «АВЕ Энергетика» ең әуелгі жұмысын жұмысшыларды заңсыз жұмыстан шығарудан бастапты. Мұны бізбен жолыққан жұмысшылардың өз аузынан естіп, білдік.

Жұмысшылардың айтуынша, оларға өз еркімен жұмыстан шығу туралы қағазды беріп, «мына қағазға қол қой да, жұмыстан кет!» деп талап қойған. Көнбегендерді балағаттап жұмыс орнынан қуып шығып, келесі күні кіргізбей қойған. Бұл жерде «АВЕ Энергетика» ЖШС-ның ҚР Еңбек кодексін аяққа таптағаны соқырға таяқ ұстатқандай анық көрініп тұр. Дәл осы заңсыз жұмыстан шығару мәселесімен жұмысшылардың құқығын қорғап жүрген адвокаттың сөзінше, «АВЕ Энергетика» ЖШС мен жұмысшылар арасындағы сот процесінен әлі ешқандай нәтиже шықпаған. Ал, жұмысшылар болса, соттан әділдік таппай, «АВЕ Энергетика» ЖШС тарапынан құқықтары тапталып, зар илеп жүр.

Міне, «АВЕ Энергетика», «AKTOBE LOGISTICS GROUP» - «ALGcompany» және «Қазақстанның инветициялық қоры» АҚ Президенттің өзі үнемі назарында ұстап отырған индустриялық маңызды жобалардың бірегейі болып табылатын әрі жақсы қарқынмен дамып келе жатқан GEGA» - «Global Ecological Group Almaty» ЖШС логистикалық компаниясының аяғына тұсау, жұмысына кедергі болып отыр. Мұндай мәселеге Президенттің өзі назар аудармаса, төмендегі шырмауықтар экономика мен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ірі логистикалық компанияны жерлеп тынуы ғажап емес...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371