Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 7379 0 пікір 13 Маусым, 2014 сағат 13:00

РЕСЕЙ: қауіп қойын-қонышынан

Ресейдегі құрылымы жағынан ең күрделі аймақ қай өңір? Украинадағы жағдай Ресейдің аталған елмен шекаралас жатқан аймақтарына қалай әсер етіп отыр? Еуразиялық интеграцияның нәтижесінде аймақтық әріптестіктің аясы кеңейе ме? Осы және өзге сауалға жауап іздеген "Еуразия әлемі" пікірсайыс клубының кезекті отырысына біз де қатысып қайттық. Жиында орта толтырған саясаттанушылар теріскей көршіміздің қазіргі жағдайын сөз етті.

РЕСЕЙ:  қауіп қойын-қонышынан 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Эдуард ПОЛЕТАЕВ,­ ­саясаттанушы: Қазақстанның 14 облысының 7-уі теріскей көршімізбен шекаралас жатыр. Ал Еуразия экономикалық одағына қол қойылғалы бері аймақаралық серіктестіктің маңызы арта түспесе, кеміген жоқ. Кеден одағы іске кіріскеннен бергі кезеңде аймақтар арасында 240-тан аса келісімге қол қойылыпты.
Жас қазақ: Біздің Ресейден келген қонақтарға қояр сауалымыз бар. Біз, еуразиялық интеграцияның негізгі принциптерін айқындай алдық па осы? Айталық, егер бұл саяси емес, экономикалық ұйым болса, ендеше, мұның бұдан бұрынғы Кеден одағынан қандай айырмашылығы бар?
Олег ПОДВИНЦЕВ, ресейлік саясаттанушы, Пермь ұлттық зерттеу институты саяси ғылымдар кафедрасының профессоры: Сұра­ғы­ңыздың сарынын түсініп отырмын. Еуразия экономикалық одағының саяси интеграцияны көздемейтіні, тек экономикалық байланыстармен шектелетіні сан рет айтылды. Жалпы, Ресейдің жағдайында саяси интеграция туралы сөз қозғау ауырлау. Неге? Себебі біздегі саяси кеңістік біртұтас ­емес. Ресейде 90-жылдары қалыптасқан аймақтық саяси жүйе әлі күнге дейін жойылған жоқ. Федералдық, жалпыұлттық саяси элитаның әлсіздігі аймақтық саяси элитаның қалыптасуына жол ашты. Мемлекеттік идеологияның әлсіздігінен аймақтардың өз саяси идеологиясы қалыптасты.
Антон МОРОЗОВ, саясаттанушы: Естуімше, қазір Ресейде губернаторлар арасындағы текетірес күшейіп келеді. Аймағының аумағы үлкен, экономикалық дамуы жағынан өзгеден көш ілгері өңір басшысының жанына топтасу үрдісі қайта қалыптасып жатыр екен. Бұл маған 90-жылдарды еске салады. Содан шығар, орталықтандыру саясатын жақтайтындар мен оған сырттай қарсылық таныта алмайтын, алайда іштей қолдамайтын қарама-қарсы топтар пайда болуда.
Жас қазақ: Ресейдегі аймақтық саяси элитаны ауыздықтауға Путиннің шамасы келмей отыр дегенге сеніңкірей алмай отырмыз...
Олег ПОДВИНЦЕВ:­ Сонда сіз Путин аймақтық элитамен санаспайды деп ойлайсыз ба? Билік кей кездері белгілі бір аймақтағы ықпалды топтармен келісімге келуге мәжбүр. Бірақ бұл оның өзіне тиімді. Айталық, «Біртұтас Ресей» Мәскеуде Путиннің ғана емес, сонымен бірге Лужковтың да партиясы болды. Ал Свердловск облысында Путин партиялық билікті Эдуард Россельмен (аталған өңір­дің бұрынғы губернаторы) бөлісті. Алайда бұл Мәскеудің өзіне таяқ болып тиді.
Алексей ГИЛЁВ, саясаттанушы, Ре­сейдегі тарихи және саяси зерттеулер орталығының директоры: Бірақ соңғы кездері Мәскеу орталықтандыру саясатын мықтап қолға алғанын мойындайтын шығарсыз. Жалпыресейлік ортақ идеологияны қалыптастыруда Мәскеу қазіргі осындай­ өзі би, өзі қожа губернаторлардың тәр­ті­бін тезге салуда. Осының өзінен-ақ федералдық орталықтың аймақтық элитамен санасатынын байқауға болады. Ресейдегі федерация субъектілерінің саны соңғы жылдары 83-тен 85-ке дейін өсті. Әйткенмен, соңғы кездері федералдық орталық белгілі бір аймақтың басшысын тағайындауда қателікке бой алдырып жүр. Асығыс тағайындаудың нәтижесінде көптеген губернаторлар, соның ішінде Қазақстанмен шекаралас орналасқан аймақтардың басшылары көрші елмен серіктестік байланыс орнатуда әлсіздік, тіпті біліксіздік танытып жатыр.
Жас қазақ: Ресейдің шет аймақтарындағы жағдай асқынып тұр дейсіздер. Бірақ бұған нақты дәлел бар ма?
Всеволод БЕДЕРСОН, ресейлік саясаттанушы: Қазіргі күні Ресейдегі құрылымы жағынан ең күрделі аймақ – Башқұрстан. Бұл өңірдегі халықты – башқұрттар, татарлар және орыстар құрайды. Саны жағынан бұлардың өңірдегі үлесі тең болғанымен, аймақтың саяси элитасы түгелге жуық башқұрттар. Былайша айтқанда, қазір бұл элитаға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмай отыр. Дәл осы элита жергілікті ахуалды қалыптастырды. Қазір мұндағы балмұздақтан бастап кемеге дейін Салауат Юлаевтың атымен аталады. Бұл өз кезегінде аталған аймақта өмір сүретін татарлар мен орыстардың наразылығын тудырып отыр.
Олег ПОДВИНЦЕВ: Менің болжамым бойынша, алдағы уақытта Мәскеу Украинамен шекаралас жатқан бірқатар өңірдің басшысын орнынан алады. Неге? Себебі соңғы кездері Белгород, Курск, Ростов, ­Саратов облыстарына Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдай әсер етіп отыр. Аталған аймақтардағы губернаторлардың орынтағы шатқаяқтай бастады. Мұның арты неге әкеліп соқтырарын аздан соң айтайын.
Алексей ГИЛЁВ: Негізінде біз, ресейліктер Қазақстанға қызыға қараймыз. Мұным көлгірсөз, пафос емес. Сіздерде тұтастық бар. Бізде әрбір ұлт топқа, жікке бөлінген. Сайып келгенде, қазіргі күні Ресейде 85 саяси жүйе бар. Ал аймақтық саяси жүйені өзгертуге, оған ықпал етуге ресми Мәскеудің өзі қауқарсыз. Тіпті Татарстан мен Баш­құрстанның өзі этникалық құрамы, тілі мен ділі жағынан өзара ұқсас болға­ны­мен саяси ұстанымы екі бөлек. Қазіргі Калининград облысы 70 пайызға Еуропамен интеграция­ланған. Мұны ресейлік ақпарат құралдары айта бермейді.
Сайып келгенде, бұл ұлттық тұтастықты қалыптастыруға кедергі келтіруде. Былайша айтқанда, бізде жалпыресейлік тұтастық деген ұғым жоқ. Есесіне, аймақтық, этникалық және конфессиялық қағида бар. Бұл принцип соңғы 15 жылда ерекше күшейді. Бәлкім, бұлай айтқаным үшін мен сынға ұшырармын. Алайда ақиқат осындай.
Всеволод БЕДЕРСОН: Қазақстан көп жағдайда бүгінгі күнмен және болашаққа қарап, ал Ресей – өткенімен өмір сүреді. Біздің билік, тіпті оппозиция болсын 1990 жылға дейінгі жағдайды, яғни 1913 жылғы империяны, І Петр, Минин мен Пожарский, Александр Невскийдің дәуірін­дегі кел­меске кеткен кезеңді аңсайтын сияқты...
Жас қазақ: «Қазір Ресей бір кезгі империялық қуатын қайта қалпына келтіруге тырысып жатыр» деген пікірді жиі естиміз. Егер осы рас болса, мұның арты неге әкеліп соқтыруы мүмкін?
Олег ПОДВИНЦЕВ: Ендігі жерде Мәскеу әрбір аттаған адымын аңдап баспаса, болмайды. Иә, Қырымдағы жағдай, Украинаның оңтүстік-шығысындағы оқиғалар, сөзсіз, Ресейдің империялық позициясының беки түскендігінің көрінісі. Сәйкесінше, бұл аймақтандыруға әсер етеді. Алайда оң емес, кері әсері болады. Бұл арада мен әлгінде айтқан ойымды толықтырайын. Егер Киев билігі Украинаның шығысындағы жағдайды тұрақтандырып, Донецк мен Луганск облыстарын бақылауға алса, аталған өңірдегі «көтерілісшілер» қайда кетеді, қайда барады? Бұлардың Украинамен шекаралас жатқан Ресейдің аймақтарына қоныс аударудан басқа амалы жоқ. «Ал Мәскеу бұларды босқындар» деп тануға мәжбүр болады. Алайда миллиондаған босқынды айталық Ростов облысына бірсәтте қоныстандыру мүмкін бе? Жоқ. Ендеше, Кремль бұларды Орталық Ресей және Сібірге жөнелтеді.
«Жаңаресей» деген идея қайдан пайда болды, білесіз бе? Украинаның шығысында қазіргі күні Жаңаресейдің бар екеніне сенетін және оны өз қолмен қалыптастырғанына масаттанатын үлкен топ қалыптасты. Ертең, осы топ Ресейдің түкпір-түкпіріне қоныстанған жағдайда бұлардың Украинаның оңтүстік-шығысында ұшқындаған Жаңаресей туралы идея­ны шартарапқа таратпасына кім кепіл?
Айгүл ТҮЛЕМБАЕВА, экономика ғылымының докторы: Мен мұны бұрын да айт­қанмын, қазір де айтайын. Ресейде жаңа өңірге енген жаңа мемлекетке кіргенмен бірдей болады. Сайып келгенде, әрбір субъектінің орталыққа бағына бермейтін өз заңдары бар. Ертеңгі күні Қазақстанға әрбір аймақпен жеке-дара келіссөз жүргізуге тура келеді. Ал бұл өз кезегінде қазақстандық экспорттық Ресей нарығына өтуін қиындатады.
Андрей ЧЕБОТАРЕВ, саясаттанушы: Иә, бұл пікіріңізбен келісемін. Алайда сіз бұдан шығудың шешімі қандай деген сауалға жауап бере алмай отырсыз. Менің айтарым, шекаралас өңірлерді эконо­ми­кадағы аса маңызды субъекті ретінде инвесторларға тартымды қылу үшін олардың тартым­ды­лығын, жарнамасын жасауды дұрыс жолға қойған жөн.
Ирина ШЕВЦОВА,­ Ресейдегі тарихи және саяси зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері: Аймақтық серіктестіктің маңызы арта түскен сайын аймақтық партияның пайда болуы әбден мүмкін. Бұл посткеңестік елдерге таңсық дүние. Нағыз саяси айқас сол кезде басталады. Аймақтық серіктестіктің айтарлықтай табысқа жетіп, эконо­микалық тәуел­сіздікке қол жет­кізген өңірлер саяси-мәдени орталықтарға бағынғысы келмей, олармен текетіреске түсуі де ықтимал.

Думан БЫҚАЙ
"Жас қазақ" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385