Сенбі, 23 Қараша 2024
Ұят-ай! 5065 0 пікір 9 Маусым, 2014 сағат 08:09

БІЗДЕРДЕ БИ-АҒАҢНАН ПУШКИН АРТЫҚ

 Біздің Қостанай облысының еліміздің өзге өңірлерінен бір айрықша ерекшелігі бар. Ол тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асып кетсе де, көрші елдің ақын-жазушыларына деген айрықша ыстық ықылас пен  адам түсінбейтін сүйіспеншілік. Оларға тіпті ұлы отаны—Ресейде де мұндай құрмет көрсетілмес. Кей-кейде Қостанайда біржолата жайғасқан бұларда арман жоқ па деп қаласың. Толстой, Чехов пен Пушкин атындағы көшелер қаламыздың қақ ортасынан ойып тұрып орын алған. Кітапханаларымызды да біржолата жаулап алған. Облыстық кітапханамыз Толстой атында, қалалық кітапханамыз Чехов атында, ал қалалық балалар кітапханасын Пушкин иеленіпті. Осында кіндік қаны тамған Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлын, қазақты өнер-білімге үндеген ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринді былай қойғанда классик жазушыларымыз Бейімбет Майлин мен Мұхамеджан Сералин тәрізді тұлғалар мұндай құрметтерден мүлдем мақұрым қалған. Дұрысы, қалдырған..

    Бір қызығы, ақындардың ішінде де ақыны бар. Қостанайлықтар әсіресе               Пушкин десе ішкен асын жерге қояды. Александр ағаларының туған күні барынша сән-салтанатпен атап өтіледі. Бұл күні Ресей Жазушылары одағының біздің қалаға сыйлаған / не деген жомарттық десеңізші/, қаламыздың әкімдігінің алдында менмұндалап тұрған ақын ескерткішінің алды гүл шоғынан көрінбей кетеді.

Биылғысы тіпті бәрінен де асып түсті. Маусым айының 6-сы ол кісінің дүниеге келгегеніне 215 жыл ғана емес, сондай-ақ осындағы Пушкин атындағы балалар кітапханасының өз алдына отау құрғандығына тура 30 жыл толады екен. Екі датаның қатар келуі біздегі пушкинқұмарлардың қуанышын қойнына сиғызбапты. Содан облыста дүрліктерген, құлақ естіп, көз көрмеген дайындық басталып кетсін. Қаламыздағы маңдайымызға біткен жалғыз көркем сурет мектебінің оқушылары бұл мерекеге әзірлікке бір жыл бұрын бел шеше кірісіп кеткен екен. Құдай сақтасын, істеген істерін айтып тауыса алмайсың. Пушкин аталарының ертегілері желісімен суреттер сериясын салған, сүйікті ақындарының бейнесін жасап, келбетін мүсіндеген. Ол үшін аталмыш кітапханадағы Александр атасының бюстінің жанында сағаттап отырып, маңдай терлерін тамшылатыпты. Не деген еңбекқорлық, не деген ынтызарлық десеңізші.

Шындыққа қинат жасамалық, біздегі кітапханадағы Пушкин мұражайы адам қызығарлықтай. Мұнда не жоқ дейсіз. Пушкин қаза тапқаннан кейін бетінің бейнесінен жасалған маска /мұндай масканың небәрі бесеуі ғана жасалған деседі/ , 1899 жылы Сытин баспасынан шыққан «Руслан және Людмила» ертегінің бір данасы, кезінде сонау Ленинград мұражайынан әкелінген ақынның бюстері мен потреттері, ақынның болгар, латыш, башқұрт тілдерінде жарық көрген шығармалары осында келген кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Мұражай қызметкерлері осылардың барлығын көздің қарашығындай сақтап, әспеттеп отыратындығы байқалады.

Осындайда бір өкініш өзегімізді өртеп, байыз таптырмайды. Өзгесі-өзге,  біздің қаламызда Би-ағаңның мұражайы болмауы қабырғамызды қайыстырып тұр. Кезінде Би-ағаңның мұрасын насмхаттауда ерен еңбек сіңірген Тоқтар Бейісқұлов ағамыз осы шаруаны айтып қанша шырылдады. Осы облысты билеген  әкімдерге талай хат та жазды. Елең қылған ешкім болмады. Ақыры, міне ол кісі де өмірден өтті. Бұл бастаманы іліп алып кететін, Би-ағаңның бай мұрасын кейінгі ұрпаққан үлгі етіп ұсынатын бір мұражайды ашуға бел шеше кірісетін пенде табылмай тұр. Ең бастысы ұлы жазушымыздың өз жерінде өгейсіп тұрғандығы ешкімнің де жанына батар емес.

Ал Пушкинге деген ықылас жоғарыдағыдай. Сірә, қазақтың бас ақыны ұлы Абайға да мұндай құрмет көрсетілмес. Әйтпесе хакімге Пушкин ескерткішінің жанынан орын табылмауы көп нәрсені аңғартса керек.

Осындайда атам қазақтың «Қарғайын десең жалғызымсың, қарғамайын десең...» деген ащы да болса айтуға тура келетін сөздері еске түседі.

 

 

 Мұратбек Дәуренұлы

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404