ҚАСИЕТТІ ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ БАСЫНДА
ЭССЕ
Биылғы Жылқы жылының (2014) көктемі, бұрын-соңды болып көрмеген ауа-райымен ерекше болып тұр. Жауынды-шашынды қар араласқан бұрқағына қоса, аяқастынан күннің көзі ысып та, шыжып та кетеді. Осылайша мың құбылып тұрған көктемде, Қазығұрттың баурайында салынып жатқан "ТҰРАН ҚАЛАДА" өтетін, Бүкіл дүниежүзіндегі ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫ да қызу дайындық үстінде еді. Дүние Түркілері ассамблеясінің Президенті, академик Сұлтанмұратов Ерментай мырзаның шақыруымен, 23-ші мамыр 2014 жылы Алматыдан ұшып, кешкі рейспен Шымкентке келдім. Аэропортта күтіп алған белгілі сәулетші-дизайнер, флорист, абстракционист суретші Аңсапберген Бақытбек мырза азамат ұлы Бақытқалимен қарсы алды. Біздер мәре-сәре күймен машинаға отырып, «Біркөліктің» баурайындағы ауылына жүріп кеттік. Бұл ауыл Шымкенттен 60-шақырымдай қашықтықта орналасқан. Осылайша бірер сағаттай жүріп ауылға да жеттік. Үлкен келінім Пернегүл бастап... кіші келінім Әйгерім қоштап, жеті жаста болсада ерекше ақылды Нұрай, Ардақ, Ұлболсындар алдымыздан шығып қарсы алды. Келе жуынып-шайынып дастархан басына жиналып, алып келген көйлек-көншек... сәлем-сауқаттарымды таратып, ақжарқын көңілмен кешкі асымызға отырдық. Қызу әңгімелермен кеш марқайтып, Бақытбектің суреттері ілініп тұрған екінші қабаттағы кең залға жайғасып, Бақытбек екеуміз біраздан кейін демалуға кірістік. Ауылдың өзіне тән дыбыстары мен иттерінің у-шуынан ұйықтай алмай жатып, әлден уақытта қалғып кетіппін. Таза ауада ұйқым қанып қалыпты...
ТҰРАН ҚАЛАҒА АТТАНДЫҚ...
Бұл Ерментай мырзаның өз күшімен тұрғызып жатқан құрылысы. Анау Ташкентке барар жолда мұнараға орнатқан алып КЕМЕ тұрған жотаның астында бой көтеріп келеді. Тәңертеңгі сағат 10-да басталатын құрылтайға кешігіңреп қалдық па десек, адамдар жаңа жыйналып жатыр екен. Дүние ТҮРКІЛЕРІНІҢ 31-ден астам халқы жиналғанын естіп марқайып қалдық. Тіпті қазір жоқ шығар деп жүрген - ҚАРЛЫҚТАР мен ЛАҚАНДАР... оның құрамындағы ТӨРТУЫЛДАР да келіпті. Ең көп болып жеткен (12) САҚАЛАР (якут) екен. Тіпті, бір адамы КАНАДАДАН келіпті. Осы құрылтайдың ӘНҰРАНЫ мен СӨЗІН жазған ҚОЖАХМЕТ ХАСЕН азаматымыз жарқылдай сәлемдесіп қарсы алып, жанындағы адамдармен таныстырып жатты...
Жер-жерден келген бұл адамдардың көбі өз көліктерімен келіпті. Балығының да жүздері жарқын көңілді көрінеді. Астанадан да біраз азаматтардың келгендерін айтып сәлемдесіп жатты...
Осылайша танысып, суретке түсіп мәре-сәре болып жүргенде, уақыт та 11- болып қалыпты. Сөйтіп әртүрлі сән-салтанаттары мен жоралғыларын жасап құрылтайды бастаға кірістік.
Құрылтай әнұран айтумен басталды. Содан шағын баяндамадан кейін ең аз халықтардың өкілдеріне сөз беріле бастады. Әрқайсысы өздерін таныстыра келіп, пікірлерімен қоса ұсыныстарын да айтып жатты. Жалпы құрылтай үлкен ізетпен өте мәдениетті түрде өтуде. Кеме тұрған жотаның басына 7-8 киіз үй тігіліп дастархан жайылыпты. Түскі уақытын кешіктірмей қонақтарды дастарханға жағастырып, қазақтың дархан қонақ жайлылығымен күтуге кірісті. Арнайы келген жас жігіттер ЖЫРАУЛЫҚ өнердің түр-түрлерінен тербеле тұрып ән шырқады. Қонақ атаулының барлығы да мәз, қайбіреуі өздерінің де өнерлерін көрсетуге тырысуда ?! Иә-ә, Түркінің ұрпақтары бір-бірімен өз тілдерінде сөйлесіп, тіпті емен-жарқын кереметтей-ақ көңілді.
Түс қайта құрылтай өз жұмыстарын бастап кетті. Мұнда нақты бағдарламада дайындалған ОРТАҚ ТІЛ мен ОРТАҚ ӘЛІППИ мәселері талқыланды. Өздерінше ортақ тілдің нұсқасы да әзірлеп әкелгендіктен, әңгіме мен ұсыныстар барынша нақты айтылып жатты. Ерекше мәртебелі де байсалды талқылаулардың сәні мен салтанаты, оның сабырлы да мазмұнды жүріп жатқандығы көңілге қуаныш сезімдерін ұялатуда ?! Аяқтала бере біздердің жинала бастағанымызды байқап, Ерментай бауырым ризашылық сезімін білдіріп, рахметін айтты.
Осылайша, Құрылтайдың негізгі күніне қатынасып, жолай аса қасиеті мол құдіреті ерекше ҒАЙЫП ЕРЕН ҚЫРЫҚ ШІЛТЕНГЕ бұрылып, тағзым етіп мінәжат етуге келдік. Ежелден шырақшы болып келген Нұрмұхамбет ақсақалдың ұлы Мұхамбет мырза ерекше күтіммен тәлім-тәрбиеге бейімдеп ұстап отыр екен. Тазалық деген керемет-ақ. Арнайы келушілерде есеп жоқ. Біздің алдымызда үш топ адамдар түсіп келе жатса, біздең кейін де күннің кешкіргеніне қарамастан, тағыда үш топ адамдар өрлеп бара жатты. Жаны қалмай күтіп жүрген ШЫРАҚШЫ інім, дастарханға шақырып,бұйырса жақын арада "Алматыға келетінін" айта жүріп аттандырып салды. Бүгіегі күннің кереметі де осы болды.
ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ БАСЫНДА...
Мамыр айының 25-ші жұлдызы. Бақытбек екеуміз ертелете шығып, Үлкен Қазығұрттың баурайындағы Мұқан кәсіпкердің ферма қорасының жанында күтіп тұрған - Аманбек, Мұқан, Тастанбек үшеуіне келіп қосылдық.
Бұлар маған ат дайындап қойған екен. Сырын білмейтін атпен Тауда жүрудің өзі қиын екенін білем ғой. Баяғыда он жылдықтан соң , Комунистік партияның шақыруымен екі жылдай Жылқышы болып , Таулы жайлауда болғаным бар. Тау мен Тастың жағдайын жақсы білем. Сондықтан олармен бірге жаяу шыққанды жөн көрдім. Шіркін-ай десеңші, тұнып тұрған табиғаттың арасына кірген сайын аса бір бақытты сәттерді басымнан өткізудемін. Тіпті қасиетті Қазығұрттың табиғаты тым ерекше екен. Аттап жүрген сайын таңырқау мен таңданудан аузым да, тілім де босамады. Шыныда да мұндай ғажайыптарды, қанша жерлерде болып жүрсем де көрмеген екемін.
Таудың басына шығып... қайыра түсудің қиыншылығын, тауда болған жандар ғана түсінеді. Иә-ә, бұл оңай емес. Біздер Қазығұрттың шығыс бетіндегі НҰХ- ПАЙҒАМБАРДЫҢ мешітіне бара жатырмыз. ОЛ үшін бөліп жатқан терең аңғардан өту ТАУ басына шығып, төбесінен баспалдап түсетін жолмен әупірімдеп әрең Аманбек екеуміз ең соңында жеттік. Жол білетін Мұқан мен Тастанбектен - біздер адасып қалған едік. Бақытбек қия беттен отыра қалып сырғанап бара жатқанын көріп, ол тайғанап кеткен екен деп, шошығаннан зәрем ұшып зәр-түбіне кетті. Сондықтан Аманбек екеуміз таяқтарымызға сүйене баспалап, әрең дегенде ТАУДЫҢ басына шығып, ежелгі жүрген соқпақ жолды тауып, сонымен асықпай баспалап әрең дегенде жеттік-ау ?! Төменнен көтерілген Тастанбектің жәрдемі жақсы болды. Осылайша әйтеуір, НҰХ-ПАЙҒАМБАРДЫҢ мешітіне жетіп уһ дедік-ау ?! Шындығында да таңғажайып құбылыстарды сезініп, көзбен көргендей әсерге кенелдік.
Мешіттің іші толы таңбалы ойықтар мен белгілер өте көп екен. Мұқан мен Аманбек алма-кезек айтумен болды. Ең бір біздердің жасаған ісіміз, мешіттің сол жақ босағасы тек жастықтай ғана көлемі бар тасқа сүйеніп тұр екен. Жастық тастың жаны үңірейген тесік. Міне осы тесікті бітеп, мызғымастай етіп таспен қалап жауып тастадық. Бірнеше рет ҚҰРАН бағыштап алма-кезек аят оқылды. Алып шыққан дастарханымызды жайып түскі асымызды іштік. Бұл бір өмір бойы ұмытылмас іс болды. Артының қайырын берсін...
Таудан түсудің де оңай болмайтыны белгілі. Қазығұрттың әрбір тасын жатқа білетін Мұқан тау арқары секілді, тынысы енді ашылған тұлпардай үдірте келіп бір бұлақтың басына келіп, жайғаса отыруымызды сұрады. Сөйтсек, бұл осыдан 20-жыл бұрын аталған "АМАНБЕК-БҰЛАҚ" екенін әңгімеледі. Көптеген жәйлерді еске алып, бұлақтың алдын ашып тазалауды айтты. Оны істеудің күнін белгілеп, арықарай бөктерлеп жүріп келеміз. Біраз уақыттан кейін сылдырай аққан бұлақтың басына келіп, алма-кезек суынан ішіп, жайғаса отырып әңгімеге кірістік. Тастанбек барлығында видеоға және суретке түсіріп жүр...
Мұқан сөз бастап :
- Аға-а, Совет-Хан-аға... тәңертең Сіздер келгенше, алыстан ат терлетіп келген ағамызға... Қазығұрттың баурайынан бір бұлақтың атын бермек болып шешкен едік. Мынау симфония үніндей сарқырай ағып жатқан бұлақтың аты... бүгінен бастап, "СОВЕТ-ХАН БҰЛАҚ" атанады. Ол өзінің менімен 2-ші рет кездесіп отырғандағы, алған әсерлері мен қаңтар айындағы Қазығұрт ауданында өткен - "ҰЛТ ТАҒДЫРЫ - ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ" - атты ғылыми конференсиядағы менің баяндамама ерекше тоқталды. Телеарналардан бір жеті бойына беріліп, бүкіл елдің қатты толқынысқа түскендерін сөз етті.
Сөзді Аманбек жалғастырып, біраз деректерді тілге тиек етті. Бақытбек сөзінің аяғын, құран бағыштап аят оқыды. Тастанбек те қысқаша өз пікірін қосты. Сірә, сөзді қортындылау маған келіп тірелген тәрізді.
- Иә-ә, асыл да, аяаулы азамат бауырларым, мынау қасиетті Қаратау мен киелі Қазығұрттың баурайында ерекше бір ләззәтті уақыт өткізіп отырмыз. Қайырын берсін ?! Шымкент өңіріне келіп-кетіп жүрміз ғой. Бірақ былтырдан бергі сапарлардың жөні бөлек. Бір жыл бұрын тура осы мамыр айының 20-ларында, "БІРКӨЛІК" санаториясында өткізген Бақытбектің "Халықаралық конгресінде" Аманбек інім өзіңмен таныстым. Мұнда сонау Сан-Петрбургтен, Москва мен Барнауылдан, тағыда 7-қаладан адамдар қатынасты. Жиын соңында - Түркістанда -Ақтас әулиеде -Домалақ ананың басында болып, Ташкент асып, Бұхара мен Самархандарды саяхаттадық. Содан кейін бірер айдан кейін ӘНЕКЕ өзіңнің "ӨНЕР КЕШІҢЕ" арнайы шақырылдым. Осы жиыннан соң ақкөңіл азаматым Мұқанмен танысып "Ақбура әулиенің" басында серуендедік. Ал биылғы қаңтар айында өткізген - "Ұлт тағдыры - ұрпақ тәрбиесінде" - атты ғылыми конференцияның жөні тіптен ерекше ғой. Ал бүгінгі Қазығұрттың басына шығамыз деген мақсат бір жыл бұрын айтылған еді. Сәті түсіп. міне бүгін кереметтей күй кешіп отырмыз. Осының барлығы да бір-бірімізге ұсынған адал көңіліміздің арқасы екені анық. Мынау сылдырлаған бұлақтың әуеніне балқыған отырысымыз, тіпті естен кетпес бір ғанибет қой. Ойыма да, түсіме де енбеген Қазығұрт әулиенің бір бұлағына менің атымды беріп, "Совет-Хан бұлақ" атандырып азандатып отырсыңдар, бұларыңа мың да бір рахмет. Осылайша, күтпеген сыйлық жасап, мәртебемді асырдыңдар өте көп рахмет. Сендерге сыр ретінде айтарым, биыл "Қазақфильм" бір сағаттық мен туралы документті филм түсіргелі жатыр. Егер "Совет-Хан бұлақтың" атын тасқа жаздырып, айналасын дұрыстасаңдар сол филмге өздеріңді түсіртсем бе деген үмітім бар. Бұлақтың басын жөндеу сендерге аманат, түсірушілерді әкелу менің міндетім болсын. Тек, жасадық деген хабарларың жетсе болды. Осылайша уәделесіп орнымыздан тұрдық. Анадайда тұрған машинамызға отырып, Мұқанның үйіне тарттық. Кеш марқайтып, әрқайсымыз қонар жерімізге жақсы көңілмен тараса жолға шықтық. Бақытбектің үйіне 11-лерге таман жеттік...
Ертеңінде күні кешке (26) дейін, ауырсынып қалған денені жайлап қана қозғап демалдыруға тура келді. Кешке қарай Бақытқали балам болмастан, Ақмешіт шатқалының басындағы тау өзеніне әкеп, бойымды сергітіп жан рахатына бөледі. Амандық болса, ертең ертелете жолға шығып, самолетпен Алматыға қайтамын. Осылайша, бір жыл бойы армандаған Қазығұрттың басына шығып, еш уақытта ұмытпайтын сезіммен сапарым да сәтті аяқталды. Оқу жылының бітуіне байланысты, университеттегі жұмыстарыма кірісіп кеттім...
2. 06. 2014ж.
Совет‑Хан ҒАББАСОВ,
Жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы,
КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, профессор,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
ШҚО-сы, Зайсан ауданының құрметті азаматы,
Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты,
Халықаралық Нострадамус атындағы академияның
толық мүшесі – Академик.
Abai.kz