Жұма, 22 Қараша 2024
Жағымды жаңалық 5392 0 пікір 27 Мамыр, 2014 сағат 10:08

ҚОРҒАНСЫЗДАРҒА ҚОЛ СОЗҒАН АЗАМАТ КІМ?

 Мына толғауы тоқсан тіршілікте жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қайғы қатар жүретіндігі белгілі. Жылт еткен жақсы жаңалыққа балаша қуанып, кемшілік көрсек көңілімізге кірбің ұялайтындығы да өтірік емес.

  

Жақында осындай бір өркені өскен жақсы жаңалықтың куәсі болдық. Соны Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына ұсынғанша асығып отырған жайымыз бар. Қаламызда «аналарға арналған баспана» деп аталатын айрықша бір үй бой көтерді. Мұндағы мақсат алғаш құрсақ көтерген, алайда өмірде қиындық көріп, барар жер, басар тауы қалмаған, ешкімнен көмек ала алмай, сорлап қалған жандарды қамқорлыққа алып, паналату. Яғни бұл жер енді бір жарым жыл бойы жаңағы қорғансыздарға әкеге де, шешеге де айналмақ. Осы уақыт ішінде баласына деп үкімет бөлген жәрдемақы сақталып тұрады да, кейінгі тіршілігіне аздап болса да сеп болмақ.

    Қызыл кірпіштен салынған бұл коттедждің сырты ғана емес, іші де әдемі. Ауласы да балалар ойнауға лайықты етіліп, тамаша жабдықталған. Ал осы үйдің төменгі қабаты бүлдіршіндердің асыр салып, ойнауына арналған. Жұмсақ ойыншықтар, әткеншектер секілді көздің жауын алатын дүниелерге толы. Шығар есіктің алдына әр балаға жеке-жеке арбалар /коляскалар/ қойылған. Нәрестеңді отырғыз да, аулада қыдыра бер.

   Қазіргі таңда мұнда тоғыз ана мен 10 бала тіршілік етіп жатыр. Оларға екі әлеуметтік педагог ақылын айтып, кеңес беріп отырады. Ана да, бала да тамақтан таршылық көрмейді. Дастарханда ет, балық, көкөніс пен жеміс-жидек жетіп артылады. Шақалар үшін әртүрлі витаминге бай тағамдар да жеткілікті.

     Тамақты аналардың өздері дайындайды. Ол үшін күн сайын бір-бірден кезекшілік атқарады.

   

Мұндағылардың тағдыры да сан қилы. Бірі әке-шешесіз жетім өскен. Спортпен айналысып, тәп-тәуір жетістіктерге жетіп жүрген. Аяғы ауыр болып қалғандығын кеш байқаған. Босанғасын көрмеген қорлығы жоқ. Пәтерден пәтерге көшіп, азапты аз татпаған. Енді, міне, осында келіп, өмірге қайта оралғандай, қуанышында шек жоқ.

   Екіншісінің күйеуі болғанымен,тұрмысы адам қызығарлықтай емес еді. Аяғы ауыр болып қалғанда, жолдасы алдырып тастауға кеңес береді. Алайда жас келіншек болашақ нәрестенің өмірін үзуге батылы бармайды. Күйеуі айтқанынан қайтпай, қасарысып қалады. Дүниеге нәресте келгесін ешкім қамқорлық қолын созбаған. Әйтеуір абырой болғанда, осы үйге келіп, жан сақтап жүр. Бір қызығы, жаңағы жігітіміздің әкесі бұл жағдайды есітіп, осында келіп, нәрестенің өзінен аумай қалғандығын көріп, көңілі босады деседі. Баланы анасымен алып кетуге уәде етіпті. Ал ол нәресте ұқсамаса ше? Иә, өмірде неше түрлі ғажайыптар бола береді екен ғой.

     Иә, тоғыз ананың кім-кімнің де жүрегін елжірететін тарихы бар. Қай-қайсысының да тірліктен татқан ащы дәмі жақын уақытта ұмытыла қоймас.

   Мұнда паналағандардың осындай бастаманы қолға алып, тағдырлары талапайға түскен жас аруларға қарлығаштың қанатымен су септкендей қолғабыс тигізген Айдын Рахымбаев деген азаматқа айтар алғысы шексіз. Бұл азамат Астанада тұратын кәсіпкер екен. Одан басқа қолымызда мәліметіміз жоқ. Мүмкін, осы сайттың оқырмандары бірдеңе білер. Олай болса, «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей бұл азамат жайлы кеңірек әңгіме қозғасақ, аз да болса жақсылығының қайтарымы болар еді, бәлкім. Әйтпесе, бізде «Форбс» журналынан түспейтін қалталылар, сол журналға енуге деген арманы таусылмайтын қалталылар осындай игілікті іске мұрындық болса, кім қолын қағыпты? Жетім-жесірлерге көмек көрсету, қысылғанға қол үшін беруді Құдай да қостамай ма? Ол дүниеге ешкім ештеңе алып кетпейді ғой. Әй, қайдам оларда мұндай зарды естетін құлақ, түсінетін сана табыла қояр ма екен?

    Шіркін, деп армандайсың, егер әр облыста осындай адал да арлы азамат табылып, сол жерде бір-бірден осындай баспана салса, қанша жанның сауабын алар еді? Әншейінде айта беретін патриоттық деген асыл қасиеттің осы айқын көрінісі болар еді.

Мұратбек Дәуренұлы.
Қостанай.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322