Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7646 0 пікір 22 Қаңтар, 2015 сағат 00:18

МЕМҚЫЗМЕТ: ЕКІ ЕЛІ АУЫЗҒА ТӨРТ ЕЛІ ҚАҚПАҚ

«Ел арасында жүрген сыпсың сөздің бәрін мемлекеттік қызметкерлер таратады. Жағымсыз өсекті де айтатын солар. Мен мұны жақсы білемін! Мемлекет ақысын төлеген компьютерден ғаламторға кіріп алып, ойына келгендерін оттайды! Осындай өсекшілерді ұстап, жазалап, жұмыстан қуу керек!». Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың жазында Ақордада өткен алқалы жиында министрлер мен әкімдерге «батырып» айтқан сөзі. Содан бері арада 5 ай уақыт өтті. Ештен кеш жақсы. Үкімет кеш болса да Президенттің сынынан қорытынды шығаруға әрекеттенуде.

 

Бұл этика қай этика?

 

«Біздерде мынадай-мынадай бар»... Бұдан былай мемлекеттік қызметшілерге ғаламторда билікті сынап-мінеуге, біреуге боқтық сөз айтуға тыйым салынады. Үкімет мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілерде өзін-өзі ұстау этикасын жасапты. Айтпақшы, құпия құжаттың көшірмесі Forbes.kz сайтындағы әріптестеріміздің қолына тиген. Аталған сайттың жазуынша, «Мемлекеттік органдар мен мекемелерде қызмет ететін тұлғалардың ғаламторда, соның ішінде әлеуметтік желілер мен блог-тұғырнамаларда жұмыс істеуі туралы жадынаманы» 2014 жылдың 17 қазанында Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарған Жеңіс Қасымбек өз қолымен бекітіпті.

Демек, су жаңа ережені түсіндіру жұмыстарының жүріп жатқанына 3 айға жуықтады. Естуімізше, мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік мекемелер мен компаниялардың жұмысшылары жадынама мәтінін оқығаны жөнінде қолхат беріп жатқан көрінеді. Олардың арасында шікірейген шенеунік те, қарапайым қызметкер де, техниканың «құлағында ойнайтын» маман да бар. Енді әлгі жадынаманың мәтініне көз жүгіртейік. Міне, қызық! Онда кез келген Қазақстан азаматы сияқты мемлекеттік қызметшілердің заңнамамызды бұзуына тыйым салынатыны жазылған (сонда заңнаманы тек мемлекеттік қызметшілер көп бұза ма деген ой келеді). Жаңа ереже конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге, лаңкестік, экстремизм және есірткіні насихаттауға, Президентті қаралап, оның суретін қорлауға, порнографияны таратуға, ұлтаралық және әлеуметтік араздықты қоздыру сияқты жайттарды болдырмауға шақырады. Қош делік.  

Мемлекеттік қызметшіні әлеуметтік желіде әдептілікке тәрбиелейтін нормалар тізбектелген. Мысалы, «Мемлекеттік тіл мен өзге тілдерге, сондай-ақ, Қазақстан халықтарының дәстүрі мен салтына құрметпен қарау», «Лаңкестік және порнографиялық сипаттағы, экстремистік бағыттағы ақпараттарға, фото, бейне және аудиоматериалдарға «ұнату» белгісін баспауы қажет», «Ғаламторда әңгімелескенде дауыс көтермеу», «Мемлекеттік құпия саналатын, заңды түрде қорғалатын ақпараттарды жарияламау» деген нормаларды құптауға болады. Алайда, оның ішінде шикілері де жоқ емес. Ендігі жерде мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында билікті сынайтын жазбаларды жариялауына, көшіріп басуына жол жоқ. Ол аз десеңіз, біреудің жазбасына «ұнату» белгісін (ғаламтор тілінде мұны «лайк» деп жүрміз) баса алмайды. Ғаламторда Үкіметті сынайтын адамдармен «виртуалды» дос бола алмайды. Қысқасы, оған өз басшысын, әріптестерін, басқа бір мемлекеттік органды сынауға, кемшілігін бетіне басуға, еркін азаматтық ой-пікірін білдіруге шектеу қойылады.

 

Шектеуге болмайды

 

Ал халық қалаулылары ерекше ереженің нормаларымен келіспейді. Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев әлеуметтік желіде өзінің жеке парақшасы болмаса да, мемлекеттік қызметшіге ғаламторда азаматтық пікір білдіруіне тыйым салуды құптамайды. Оның пікірінше, мемлекеттік қызметші жұмыстан кейінгі уақытта өзінің жеке өміріне құқы бар тұлға. Сондықтан бұл жерде ешкімді «мынаны істе, мынаны істеме» деп шектеуге болмайды.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бұл ережелер Ата заңымызға қайшы келетінін айтады. Оның айтуынша, біз қаулы, ереже қабылдайтын кезде Конституцияда жазылған нормаларды басшылыққа алуға тиіспіз. «ҚР-ның Конституциясында адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілген. Яғни, оны шектеуге ешкімнің қақысы жоқ. Міне қараңызшы, адамның жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен атының қорғалуына құқық берілгені тайға таңба басқандай етіп жазылған. Әркімнің жеке салымдары, жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта және телеграф арқылы және т.б. жолдармен алысқан хабарларының құпиялығы сақталуына құқығы бар. Менімше, әр азамат әлеуметтік желіде де өзінің көзқарасын ашық білдіріп, басқа біреумен хат алысуға құқылы»,- дейді ол. Депутаттың пайымдауынша, мұндай шектеу керісінше, мемлекеттік қызметшілерді пікір білдірудің басқа жолдарын іздеуге итермелейді. Мысалы, олар әлеуметтік желілерге басқа біреудің атымен де шыға береді. «Мемлекеттік орган қызметкерінің өз басшысына қарсы сын айтуы деген қалыпты нәрсе. Өйткені, әр басшының жұмысында жетістік те, кемшілік те болады. Сондай кемшілікті көрген қызметшісі айтпаса, ертең одан сұралады. Керісінше, басшысының ісіне сын айту, ал бастығының одан қорытынды шығаруы құба-құп. Сол кезде мемлекеттік органның жұмысы алға басады. Әйтпесе, бәрі керісінше болады» дейді Н. Сабильянов.

Әлеуметтік желілердегі белсенді депутаттың бірі – Мұхтар Тінікеев бұл жадынаманы жақтаса да, қолданысқа енгізуге қарсы. «Өзім Фейсбуктағы сондай материалдарды дер кезінде жойып отырамын. Осы мәселеге қатысты бұрын Твиттерде өз пікірімді айтқанмын. Тағы қайталайын. Билікті, өзінің басшысын сынағыштар министрліктер мен ведомстволардың ішінде толып отыр. Олар министрі не басшысы жұмысынан үйіне кеткенше күтіп отырады. Еріккеннен ғаламторды ермек қылады. Жәй отырмай, Үкіметті, депутаттарды сынап-мінейді. Өйтетін болса, оппозицияға неге кетпейді сол сабаздар?!. Кетсін де билікті аямай сынасын! Министрліктен жалақы алып отырып, билікті сынау адамгершілікке сыя ма?!.»,- деп күйінеді Мұхтар Бәкірұлы.

 

Ауру қалса да әдет қалмайды

 

Бәлкім, мұндай этикалық нормалар да керек шығар. Бірақ қазақта «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген қанатты сөз бар. Президент биліктің мінін айтудай-ақ айтып жүр. Құйма құлақтар құйып алса құба-құп. Әй, қайдам? Мысалы, өсек тарату. Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсованың пікірінше, өсекшілік - жұқпалы дерт. Сондықтан оны түп-тамырымен жоя алмаймыз. «Өсек барлық жерде бар. Санын азайтуға болатын шығар, бірақ толық құрта алмаймыз. Себебі, ол – адамның болмысы. Мысалы, бір мекемедегі қыз жиыннан соң өз құрбысына әлеуметтік желімен хат жазып, бір өсек жібереді. Оны алған адам басқа құрбысына жолдайды. Өсек осылай таралады. Бұған Президент: мемлекеттік қызметке келген екенсің, аузыңды жап, жаппасаң – кетесің! – деді. Соны істеу керек. Бірақ өзім біреуді өсек айтқаны үшін жұмысынан қуыпты дегенді естімедім»,- деп сөздің шындығын айтты ол журналистерге берген сұхбатында.

Оның әріптесі Нұртай Сабильянов мұнымен келіспейді. Себебі ол Елбасының сынынан қорытынды шығаруға толық мүмкіндік бар деп санайды. «Әй, біздің қоғамда өсек деген бар. Оның жолына ешқашан тосқауыл қоя алмаймыз деп немқұрайдылыққа салынсақ, ертеңгі күні ол ушыға береді. Біріншіден, әр мемлекеттік мекеме қатаң тәртіп болуы үшін, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мен мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексін басшылыққа алуы тиіс. Екіншіден, әр адам өз міндетін тиянақты, сапалы атқаратын болса, біреумен хат жазысуға не пыш-пыш әңгімесін тыңдауға уақыты да болмайды»,- дейді Нұртай Салихұлы.

 

Төлен ТІЛЕУБАЙ,

Астана.

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391