Сенбі, 23 Қараша 2024
Зерттеу 19106 0 пікір 18 Қаңтар, 2015 сағат 11:17

ҚОҢЫР

Адамзат ерте замандарда бір тілде сөйлегені туралы Бабыл мұнарасы деген аңызда айтылған. Адамдар аспанға жететін мұнара сала бастаған екен. Бұны көрген құдай қаһарға мініп, бұлар бірін-бірі түсінбесін деп әр түрлі тілдерді жаратыпты. Содан бері адамдар әр тілде сөйлеп, мұнараны сала алмай, бірін бірі түсіне алмапты  дейді аңыз. Яғни, бұл аңыздан көретініміз – көне заманда халықтар бір тілде сөйлеген екен. Аңыз бекерден-бекер тумайды. Қазақта «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген сөз бар. Бұл сөз – тек қазақ тіліне ғана емес, өзге тілдерге де қатысты айтылған сөз және жоғарыдағы миф осы мақалмен үндес. Көптеген аңыз, таным-түсінік, дәстүр-салттың әр басқа болғанымен, арғы таным-түсініктердің бәрібір де ортақтығы көрініп тұрады. К.Юнг символдарды мәдени және табиғи (естественные) деп екіге жіктейді. Ғалым мәдени символдарды адамның ментальді кешеніндегі маңыздылығына тоқталса да, сол символдардың ортақ бастаудан нәр алатынын, алғашқы сакралдық қасиетін сақтайтынын баса айтқан.

Осындай танымдық-символдық мәнге ие  сөздердің бірі деп қоңыр сөзін көрсете аламыз. Қоңыр аса қатты байқалмайтын, көрінбейтін түс болғанымен, оның арғы адамзат тарихында, мәдениетінде үлкен танымдық қызмет атқарған. Ж.Нәжімеденов қазақтың музыкасына қатысты еңбегінде кемпірқосақтың жеті түрлі түсін юлаға жабыстырып, айналдырғанда, жеті түс қоңырға айналатындығы жайлы жазған. Яғни қоңырдың құрамынан барлық түстер шығады, осы түс – абақ таңбасы (С.Қондыбай) деп аталатын  таңбаның нүктесі, сол нүктеден оның барлық мәні тарайды. Қазақ тілінде осы сөздің бірнеше мағынасы бар.

1. Қоңыр  ең әуелі түсті білдіреді. Мысалы, қоңыр аю, қоңыр қаз, қоңыр жер, т.б.

2. Қоңыр – уақытты, мезгілді  білдіреді.

3. Қоңыр еркелету мәнінде жұмсалады. Мысалы, 1. Атасы Әуез бен әжесі Дінәсілдің бауырында өскен қалың ерінді, аялы үлкен көзді Мұхтарды осы ауыл түгелімен «Қоңыр қозы» дейді. 2. Бұл – Дінәсіл әжесінің «Қоңыр қозысы» – Мұхтар ғой, – деді Мағауия баланы ертіп келіп. 3. Жарайсың, Қоңыр қозым! Осы сөздің мағынасын түсініп өскейсің, – деді Абай атасы риза кейіппен (Т.Жұртбай). «Қоңырым», «қоңыр қозым» деп еркелету мәніндегі сөздер ерекше, ыстық ықыласты, жылылықты білдіреді.   

4. Қоңыр – қазақ халқында тұрмыс-тіршіліктің қарапайымдылығын, орташалығын білдіреді. Қоңыр күй, қоңыр тіршілік, қоңыр шаруа, қоңыр үй т.б. Мысалы:

5. Қоңыр сөзі саз әлеміне қатысты сөздермен жиі тіркеседі. Мысалы, қоңыр үн, қоңыр саз, қоңыр әуен, қоңыр дауыс.  Бұл тіркестер құлаққа жағымды, көңілге жайлы, адамның ішкі жан әлеміне ерекше әсер ететін деген мағынаны білдіреді. 

 6. Қоңыр – табиғат құбылыстарының кейбір қалпын білдіреді: қоңыр салқын, қоңыр жел.  

Егер бұл сөздің мәнін ассоциативтік эксперимент арқылы көрсететін болсақ былай көрінеді:

Қоңыр түс ағаш, ат, аяқ киім, аю, адам, автобус, арбаның дөңгелегі, афро-американдық адам (негр), көз, шапан, шарф, шаш, шашымның түсі, шәлі, шкаф, шоколад. 

Қоңыр – үн танымдық құрылымына мынадай фреймдер кіреді: адамның даусы, әуен, әншілер тобы, ән салатын топ, әншілерден  құралған трио, дауыс, домбыра, қоңыр дауыс денемді шымырлатады, «Қоңыр» музыкалық топ, «Қоңыр» тобы, ойландыратын, толғандыратын музыка, үн.

Қоңыр – қарапайымдылық: орта дегенді білдіретін жайттар, өмірдің өзі де қоңыр, қарапайым, қарапайымдылық, тірлік.

Қоңыр – қазақ мінезі, сипаты: дархандық, тұйық, адам мінезі, көркем мінезді, қойдай қоңыр, байыптылық, қоңырқай мінезді, төзімді, салқын қандылық, сабырлық.

Қоңыр – мұң, қайғы, көңілсіздік: жабырқау, жадау дала, ептеген мұңдалық, жалғыздық, кілең қоңыр түсті жиғазбен толтырсақ, адамның көңіл күйін түсіреді, көп нәрсеге деген ынта-ықыласын қайтарады, мұң

Қоңыр – махаббат: әбден көнген, сабасына түскен көңіл, сағыныш, қоңыр көздерге ғашық болған қара көздер, сезім

Қоңыр – қасиеттілік, киелілік: Қоңыр Әулие, қасиеттілік, қасиетті жердің түсі, жылқының түсі ретінде елестетіледі, яғни жылқыны қасиетті жануар деп санау, қашап жазылған көне тау-тастардағы жазу, оларды бағалайық.

Қоңыр – мейірімділік: Қоңыр дегенде кішентай қошақаным елестейді, қоңыр қозым, қоңырым,  қозы, «қоңыр» деп қойдың төлін сүюі.

Қоңыр – кеңдік: адамның жан сарайын ашып, тынысын кеңейтетін қоңыр ауа, дала, дала философиясы, бел, ескен самал.

Қоңыр – сұлулық: адамның көзін алатын, сүмбіл шаш, әдемі көз, қоңыр көздерге ғашық болған қара көздер, көз.

   Қоңыр – уақыт, мезгіл, шақ: бейуақ, күз, мезгіл, маусым, 50 жас пен 70 жас аралығы, орта жастағы ерлі-зайыптылар, қазан-қараша айлары, түн, кеш, тыныштық.

Қоңыр – ақындық, жазушылық: «Қоңыр жар» Мағжанның өлеңі, Мұхтар Әуезовтың бүркеншік аты, Жұмекеңнің «Қоңыр» өлеңі.

Қоңыр – настық: лай, саз, су, кір.

Байқап қарасаңыз, қоңыр сөзінің негізгі деген мағыналары әлі күнге дейін қазақ танымында сақталған.  

Өзге ұлттардың танымында қоңыр түсі өзіндік мәнге ие. Ежелгі египеттіктер бұл түсті ерекше қастерлеген. Біріншіден, олардың өздерінің қоңыр түсті болуына байланысты, екіншіден, топырақтың түсі, яғни египеттіктер үшін байлықтың түсі болып саналған.

 Еуропа жұрты әуел баста бұл түсті онша жақтырмаған. Қоңыр түсті киімді тек қана кедейлер киген. Бұл түс – еуропалықтар үшін жердегі балшықтың түсімен байланысты болғандықтан, олар үшін «настықтың», кедейліктің символын білдірген. Алайда Еуропа тарихына буржуазия деп аталатын әлеуметтік топтың келуімен, бұл түске деген көзқарас та өзгереді. Олар қоңыр түсті киім киген, бұның өзіндік сипаты болып, қоңыр түсі енді «өзіне деген сенімділіктің», «тұйықтықтың» символына айналады.

Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы  жылдары  бұл түс негативиті реңкке ие болады. Бұған себеп – неміс фашистерінің соғысқа қоңыр көйлек киіп шығуы. Алайда неміс идеологтері бұл түске онша мән бермеген, яғни немістер қоңыр түсін бірден фашизмнің символы ретінде таңдап алмаған. Рем дейтін неміс штурмовиктердің басшысы әскери қоймада жатқан қоңыр көйлектерді іске жаратқан. Таза экономикалық қажеттіліктен туған бұл әрекет кейін келе қоңыр түсінің фашизмнің нышанына айналуына себеп болған.  Герман социал-демократтары қозғалысының бейресми атауы «қоңыр көйлектілер»  екені әр жылдардағы медиадискурстан, көркем әдебиеттен белгілі.

Ислам мәденитінде қоңыр құлдыраудың белгісі ретінде қабылданады, ал христиан әлемінде рухани қазаның символы болып табылады. АҚШ-та 1980 жылдары, яғни үрейлі кездерде адамдар сұр, қара, көк түсті киім кисе, ал 1990 жылдары, яғни американдықтар үшін тыныш уақытта адамдар қоңыр киім киген екен. Қоңыр түсі – АҚШ халқы үшін тыныш өмірдің, сенімді болашықтың, қаржылық тұрақтылықтың белгісі болғанға ұқсайды.

Азия халықтарында да бұл түстің орны бөлек. Мысалы, филиппендіктердің мына аңызы  олардың шығу тегімен байланыстырылады: « Құдай саздан өзіне керекті бір мүсін жасап, оны пешке салады екен. Бірінші мүсінді мезгілінен бұрын алады, одан ақ адам пайда болады. Екіншісін ұзақ ұстағандықтан, ол күйіп, қарайып кетеді. Ал үшінші мүсінді пеште қанша уақыт керек, сонша ұстайды. Сол мүсіннен құдай қоңыр адамдарды, яғни филиппиндіктерді жаратыпты».

Жапон императоры жасыл-қоңыр түстес киманоны қыс мезгілінде, ал қоңыр-сұр киманоны жаз мезгілінде киген екен.

Жапон тілінде қоңыр түсін нақты атайтын номинатив жоқ екен, олар көбіне «шай түстес» немесе «түлкі түсіне ұқсас» т.б. соның тұрпатына жуық сөздермен айтайды екен. Еуропаның көптеген тілдерінде қоңыр түсінің шығуын  жанған немесе күйген нәрсенің түсімен байланыстырады. Ал қазіргі гректерде қоңырдың реңкін беретін түстердің барлығын кофе түстес деп атайды. Ал эскимос халқы қоңыр түсі дегенді мүлдем білмейді екен. 

Байқап отырсақ еш байланыс жоқ секілді. Алайда олардың сөздік қорларында өздері түсінбейтін, түсінгі жетпейтін дүниелер өте көп. Және олардың бір кемшілігі – тілдерінің қопармалы болуында, ал біздің тіл жалғамалы болғандықтан, біз ешқашан өзіміздің түбірмізді, негізімізді жоғалтпаймыз. Мына сөздің түбірі қайсы дегенде, бірден анықтап бере аламыз. Мағынасы, шығу төркіні күңгірт, түсініксіз сөз болса, этимологтер оның қай сөзден шыққандығын да анықтап көрсете алады. Жоғарыда көрсетілген сөздердің барлығы да бір негізден, архетиптен тараған мағыналар болып табылады. Оны біз абақ таңбасы арқылы түсіндіре аламыз. Осы таңбаның оқылуын С.Қондыбай көрсеткен, сондықтан біз оны қайталап жатпаймыз. Бұл таңба Орхон мұраларында ң дыбысын (немесе НТ) белгілеген екен.

        -     Ң

 

Біз ң дыбысының танымдық сипатына қатысты мақаламызда осы дыбыстың қазақ тіліндегі қандай мәнде қолданылып, 28 дыбыстың негізі, архетипі деп көрсеткен едік. Алғашқы адамзаттық дыбыс ң дыбысына (сәбидің іңгасы) тіл түбі қ, ғ, к, г дыбыстары артикуляциясы жағынан ұқсас болып келеді. ҢҚ, ҢК, ҢҒ,ҢГ дыбыстарының арасына дауыстыларды қоссақ, Ңұқ, ңүк, ңоғ, т.б. сөздер шығады. Бұл абақ таңбасының нүктесін білдіре отырып, тіршіліктің бастауы, қайнары ретінде интерпретацияланады. Мәселен осы ңұқ праформасынан нғұқ – нұқ – құқ, ңғақ – нақ, қақ, т.б. бірнегізді сөздер шыға береді. Қазақ тілінде қақ жару дегенде қақ сөзі дәл ортасы дегенді білдіреді. Нұқ деген пайғамбардың аты да осы нүктеден шығады. Мысалы, әлемдік топан су абақ таңбасының шеңбері болатын болса, Нұқ соның нүктесі болады. Нұқ деген сөздің қазақ тілінде бірнеше эквиваленті  бар. Нүкте, ноқат, негіз, нақ, нағыз, т.б.   бұлар латын тілдегі нуклеин, нуклеид, т.б. сөздердің туындауына уәж болды дейді С.Қондыбай. Біздің ойымызша, парсынікі деп есептелентін наурыз сөзі де осы праформалардан өрбіген секілді. Түркі тілдерінде қ мен у дыбысының ауысымы заңды құбылыс. Мысалы, сұрау-сұрақ, тау-тағ. Сонда нақ деген сөздегі қ дыбысының орнына у дыбысын қойсақ, нау деген пайда болады. Ол нүктемен байланысты болғандықтан, тіршік бастауын, жаңа өмір, жаңа күн дегенді білдіреді. Сонымен қатар, орыс тіліндегі нов-ый, ағылшын тіліндегі new(нью, жаңа),  now (нау, қазір) деген сөздер де абақ таңбасы арқылы оқыла алады. Енді бұл сөздерді керінсінше оқысақ, қон, күн, ғұн, т.б. бірнегізді сөздер шығады.

Осы праформалардың ішінде қоң праформасы арқылы туындаған қоңыр сөзіне тоқталамыз. Себебі осы сөз дыбысқа, әуенге қатысты мағынаны әлі күнге дейін қазақ тілінде сақтап отыр. Қоңыр дауыс, қоңыр үн, қоңыр саз, қоңыр күй. Және бұлар абақ таңбасының нүктесін білдіргендіктен, орта деген мағынаны білдіреді. Сол себепті қоңырдың бірқалыпты, не жоғары емес, не төмен емес дауысты мағынаны беруі  сонымен байланысты. Үнге қатысты бірқатар сөздердің шығуына осы праформа ұйтқы болған. Гонг, фон, тон, звон, сонг, сингл, концерт, т.б. сөздер. Қамбар ата жылқымен, музыкамен байланысты. Қоңыр сөзі қамар деп чуваш тілінде айтылатынын ескерсек қоң – қон – қом болып келеді. Ал қом – қам деп б дыбысының әсерінен өзгерген. Гректер Гомердің этимологиясын соқыр деп көрсетеді. Алайда оның есімі қом - қоң праформасынан өрбіп, әншілікпен, жыршылықпен сабақтас секілді. Бұл есімді Омар (транскрипциясы Ұуомар) деп те қазақша атайды. Бұның айырмасы тек у мен қ ауысымында ғана. Осы сөзді жыланмен де байланыстыруға болады. Өйткені мар деген парсыда жыланның атауы болып табылады. Бұның дей-түркілік сөз екендігін оңай түсіндіріп беруге болады. Алайда оған қазір біз тоқталмаймыз, бізге керегі – оның музыкамен байланыстылығы. Қазақ домбыра, қобыз аспаптарының шегін қойдың шегінен, жылқының қылынан жасайды  (бір ғажабы  бұлар ешқандай радияцияны қабылдамайды екен).

Ң дыбысы тіршілік тумағымен, баламен байланысты болғандықтан,  қоң праформасы да балаға қатысты, мысалы, қазақтың өзінің баласын қоңырым, қоңыр қозым деп айтуы соның айқын дәлелі. Қазақ халқында қой сүйеді, баласын қоңырым деп» айтуына қарап та, оны төл, қозы мағынасында жұмсалып тұр. Қоңғ немесе қоң праформасынан еуропа тілдеріндегі кинд сөзі шыққан. Ол да абақ таңбасында нүктемен байланысты және қазақ тіліндегі кіндік деген сөздің осы кинд, яғни бала сөзімен формасы да, мағынасы да ұқсас. Қазақ тілінде көжек, күшік, қодық, т.б. да осы қоң праформасынан өрбіп шыққан. Еуропа тілдерін де, түркі тілдерінде қ мен с дыбысының ауысымы бар. Сонда қоңғ, қоң дегеннің алғашқы дыбысы етіп с дыбысын айтсақ сан, сон, сын, т.б. сөздердің шығуына ұйтқы болады. Мысалы, Андерсон, Дэнилсон, орыс тіліндегі сын (ұл бала), ағылшын тіліндегі son (сан). Қ-у-ф-в дыбыстарының ауысымын ескерсек, фон Гумбольт, ван Бастен деген кісі есімдеріндегі фон, ван сөздері бала дегенді білдіреді. Ибн Сина дегенде дәл солай, и мен б дыбысының орнын ауыстырсақ, яғни метатеза құбылысы, бин (бон – қоң) сөзін көруге болатын еді. Сондай-ақ қазақ тілінде ағайынды қоңыр қаз фразеологиялық тіркесіндегі қоңыр сөзі жұбы жазылмайтын бауыр деген мағынаны береді.

Ортақ праформа қоң сөзі болғаннан кейін, бұл аттылармен, яғни қондылармен де байланысты. Таласбек Әсемқұлов «Қондыгер қаңлы» атты зерттеу еңбегінде мынадай цитата бар: Қазақтың көнекөз қариялары, ескi қазақты, мысалға Серiкбол Қондыбай айтқан «есен қазақтан» бұрынғы байырғы қазақты, оның жерiн, суы мен нуын жинақтап «Қондыгер құба жұрт» деп бiр-ақ ауыз сөзбен белгiлейдi.

Осы тiркестегi «Қондыгер» мен «қаңлы» сөзiнiң арасында тiкелей байланыс бар. «Қоң» кейiнгi түрiк тiлдерiн тудырған бiртұтас скиф тiлiнде «жылқы» деген мағына бередi. Қазақ тiлiнде «қоңның» үш синонимi бар. Олар «жылқы», «қысырақ» және «жұнт».

 «Қоң» кейiннен славян тiлдерiнде «конь» – «ат», «мiнiскер жылқы» деген сөзге айналды... «қаңлы» – «жылқы жарататын, жылқы мiнетiн, жылқы­лы ел» болып шығады. Алғашқы «қоңлы» сөзi кейiннен «қаңлы» сөзiне айналған. Қазақта малды, күйлі кісіні «қоңды» деу, жағдайы жүдеулеген жанды «қоңы түсті» деу әлі де бар ғой. Соның бәрінің түбінде қоң – жылқы тұр».  Алайда қоң тек жылқыларға ғана емес ол қой малына да қатысты айтылатын сөз. Академик А. Щербактың түркі халықтарының үй және дала жануарларының атауларына қатысты мақаласында: «Коj(ун) сарік, «овца», «самка овцы», монг.хони(н), манч. хонин. Коjун. Тув.,хак. – хоі, узб. – куі, каз., ног. – кой, ... В фонетическом отношении наиболее ранней является форма конун (кон). Дополнителный слог (ун)  - морфологический элемент, некогда выражавший значение уменьшительности. В древних тюркских языках он (ерекшелеген бізБ.Х.) был весьма употребительным, однака впоследсвии утратил продуктивность и полностью слился с основой, ср. Куртун “червяк”, боjун “шея” и т.д.»[3,110]. М.Қашқари өзінің сөздігінде «қон» сөзіне қой деп анықтама берген екен.  Бірақ қой мен аттың қандай байланысы бар? Бұл сұрақтың жауабын Алпамыс батыр  жырынан табуға болатын секілді. Осы жырда Кей-Қуат деген қойшыны батыр зынданнан алып шығады. Ол сол үшін оны қоңыраттардың басшысы етіп қояды. Яғни қойшы қондыгерлердің патшасы болу мотиві бізге олардың өзара байланыстылығын көрсетеді. Тағы бір мысалды грек мифологиясынан келтіруге болады. «Ясон және аргонавтар» жайлы мифте қойға қатысы бар. Себебі олар алтын руно немесе алтын жабағы үшін аргон деген кемемен Калхидаға сапар шегеді. Сол елді-мекенде қойдың алтын терісі болады, сол теріні алып келгені үшін патша оған сыйлық беретінін айтады. Бұл жерде Ясон деген грек мифонимінің түркілік негізі бар деп айта аламыз. Мысалы, қ мен с-ның алмасуы ол түркі тілінде бар құбылыс (қазақша – Баян сұлу болса, башқұртша – Баян қылу). Сонда Ясон (Йасон) деген сөзді Йақон деп келтірсек, қон праформасы шығатынын көреміз. Сол секілді аргон деген де гон немесе қон сөзін көруге болады. Ол аттылармен де, қоймен де және қойдың алтын терісі мотиві бізге, оның күн жайлы айтуға уәж болады. М.Палло қоңыр сөзінің түп-төркіні қоң сөзімен байланысты екенін айтады. Бұл қара қарғаның ежелгі атауы. Бұл сөз қоң қарға түрінде қырғыз тілінде әлі де сақталған. М.Паллоның жоғарыдағы пікіріне ғалымдар күмәнмен қарай отырып, қоң морфемасы қоңыз, қоңырсы, көң сөздерімен генетикалық тұрғыдан жақындау келетінін жорамалдайды. «Более вероятны генетические связи қоңур с қоң в қоңуз «жук», «қоңырсы» быть черным от дыма, көн~көң~қоң навоз; кизяк; кир. грязь → запах. Қоңур – предположительно «цвет обгорелого навоза, ветоши и т.п. [4,58]. Еуропаның бірқатар тілдерінде (ағылшын, неміс, француз,т.б.) қоңыр түсінің шығуын  жанған немесе күйген нәрсенің түсімен байланыстырады. Яғни, бұл жерде қоң деген праформаның көңмен, күнмен байланысының шығатынын көруге болады. Абақ таңбасының нүктесін жоғары көтеретін болсақ, ол конус (осы сөзде қоңмен байланысты) схемалы болады. Оның жоғырғы нүктесін – қоң деп атауға болады. Ол сонда биіктіктің, таудың, көсемнің символы болып табылады. Мысалы, қазақ тілінде қоңыр сөзі жота, төбе, таулардың атауымен жиі тіркеседі. Қоңыр төбе, Үш Қоңыр, Қоңыр, т.б. оронимдер. Ежелгі бабаларымыз Ғұндар өзінің көсеімін Күн би атаған. Бұның зквиваленттері ретінде хан, қаған, ағылшын тіліндегі кинг, неміс тіліндегі канцлер, француз тіліндегі генерал сөздерін көрсетуге болады. Бұл абақ таңбасының нүктесі тумақ органды, әйелдің жыныс мүшесін білдіре отырып, қан, ген, жена, т.б. сөздерінің туындауына уәж болған.  

Йа – қон деген сөз бізге Иса пайғамбардың есімін реконструкциялауға мүмкіндік бере алады. Исаны пайғамбар етіп алғаш мойындағандар қойшылар болатын. Және пайғамбардың өз есімі де қоймен, ол жарық нұрдан жаралғандықтан күнмен де байланысты болып келеді. Исаның қазақша атының бірі – Айса (Ыйса). Қазақ тілінде и деген дауыстының жоқ екенін ескерсек, ол Ыйса немесе Айса деп аталыну керек. Мысалы, ми деп жазғанымызбен, мый деп айтамыз. Бұл Асан түрінде де айтылады. Ендігі мәселе – бұның этимологиясы. Айса деген сөзде н дыбысы түсіп қалған, бірақ ол Асан деген сөзде сақталған. Бұл сөз сонда Ай+сан немесе Ай-қан (қон) деген екі сөзден жасалынған. Сонда Йа –Сон, Ай – Сан есімдерінің шығу төркіні бір архетиптік образдан тараған. Тағы бір мысалды қазақ тілінде сақталған Йасы, Йассауи деген сөздермен келтіруге болады.  Бұнда да йа –сы немесе йа-са алғашқы дыбыстарды сөзжасаудың өнімді құбылысы метатеза арқылы айтсақ, Ай–са болып шығады. Бұл есімнің нұрға, күнге қатыстылығы бар.

Сонымен қорыта айтатын болсақ, қоңыр сөзі – тіршік бастауымен, халықпен, тіршілікпен, музыкамен, баламен байланысты сөз.

Қоң – бала мағынасында, қоңырым, қоңыр қозым, кинд, сан, сын,т.б.

Қоң – үн мағынасында, ән, тон, фон, сонг, т.б.

Қоң – ел, қоңдыгер, қаңлы, қоңырат, т.б.

Қоң – малға қатысты, қой, конь, т.б.

Қоң – мифонимдер, Қамбар, Йасон, Айсан, аргон, т.б.

Осы праформа абақ таңбасының нүктесінен өрбігендіктен, орта деген жайттарды суреттейді. Нүкте орталықты да, бастауды да көрсете алады. Қоңыр тірлік, дауыс,т.б.

Қоңның жіңішке варианты көң болып табылады. Бұл жерде оның суға қатыстылығы да көрінеді.

Бұл проформа топырақпен, жермен, әйелмен де байланысты. Жұмекеннің бір өлеңінде мынадай жолдар бар: Бауыржанды тапқан Ана көп онша мақтанбаса не әйелше, адамша, болғандығы оның нағыз ұлы ана, топырақтың өзі сынды ғұлама: Еменді де туған топырақ қоп-қоңыр,

ебелекті туған жер де қоп-қоңыр;...Емен тудым деп жарылса топырақ, ербеңдер ем ебелек боп жатып-ақ, бірақ, бірақ сол баяғы топырақ жарылмайды, сөгілмейді қақырап....өйткені бұл жат тіршілік, бұл емес,

Біздің қоңыр топырақтың мінезі. Бұл жерде адамзат топырақтан жаратылды деген құран мәтіні, сондай-ақ ескі түркі аңыздары бірден еске түседі. Адам топырақтан жаратылады, күннен де туады. Бұл сөздің мәнісін абақ таңбасының оқылуын түсінгенде ғана ұғасыз. Себебі бұл таңбадағы нүкте әйелдің жыныстық органынын білдіреді, сол архетиптің символдары жер де, күн де болып табылады. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. 1.                Қондыбай С. Гиперборея: родословие эпохи сноведений. Www.otuken.kz

2. Қашқари М. Түркі тілінің сөздігі (Дивани лұғат-ит-түрік). ІІІ томдық шығармалар жинағы /Қазақ тіліне аударған, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған А.Егеубай/. – Алматы:Хант,  - 600 бет.

3. Щербак А.М. Названия домашних и диких животных. Историческая развития лексики тюркских языков. Издательство академии наук СССР, М., 1961.

Болат ХАСЕНОВ.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420