Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5102 0 пікір 13 Қаңтар, 2015 сағат 10:29

СУДАН ШЫҚҚАН ШУ

ҚР Премьер министрі Кәрім Мәсімов мырзаның,

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов мырзаның

назарына!

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Индустрияландыру күніне арналған жалпыұлттық телекөпір барысындағы онлайн-режимде «Министрден, вице-президенттен, аймақ әкімінен, компания басшысынан, мердігерден бастап әрбір жауапты адамның жұмыс күні инспекциялаудан басталуы тиіс. Әрбір тиынның қалай жұмсалғанына қатаң бақылау жасалады. Мемлекеттен бөлінген әрбір тиын іске жаратылуы керек. Ал оған қол сұққан сұғанақтар жедел ұсталып, қамалады» - деп қатаң түрде ескерткен болатын. Алайда, Оңтүстік Қазақстан облысының қиыр оңтүстігінде орналасқан Мақтаарал ауданының кейбір дөкейлері Елбасының бұл айтқандарын белшесінен басып жатыр. Жемқорлықтың ордасына айналған бұл өлкеде шаруалар әбден тоналып бітетін болды. Ашық түрде жасалып жатқан дөкейлердің қаскөйлігіне қара халық осы уақытқа дейін ауыз ашпай келді. Дегенмен, ұра берсең темір де сынады ғой, ашынып отырған халық бұдан кейін өз еріктерімен жемқорлықпен күресуге бел буды. Негізгі күнкөрісі егіншілік болып отырған бұл өңірде судың қожайыны болып алған кейбір дөкейлердің тонауына қарсылық білдіріп жатыр. Биболов Асқар, Нысанбаев Алтыбай, Исмайлов Төлен, Жүсіпов Марат бастаған 200-ден астам шаруалар «Бекарыс-су», «Бейбарыс-су», «Бейбарыс–2010» ССТК-ларының басшылары тарапынан жасалған былықтарды ашу үшін Мақтаарал ауданының прокуроры Н.Боранбаевқа арызданады. Алайда, орта және кіші бизнесті тексеруге мораторийды сылтауратып, ауданның прокуроры арызды кері қайтарды. Ең алдымен, «Бекарыс-су», «Бейбарыс-су», «Бейбарыс – 2010» ССТК-лары толықтай мемлекеттен қаржыланып, мемлекеттің ақшасын жеп отыр. Ал, оның жеке кәсіпкерлікке не қатысы бар?  Сосын 200-ден астам халық арызданып отырғанда ССТК былай тұрсын, әкімшіліктің өзі бастан-аяқ тексерілуі керек қой? Солай емес пе? Біз білетін мәдениетті, заңдық күштері толықтай қызмет көрсететін ел солай жасауы керек.

Жалпы, ССТК-лардың жемқорлығы туралы толығырақ тарқататын болсақ, біріншіден, «Бекарыс-су» ССТК 5 200 га жерге су беріп келеді. Ал, оның ішінде насоспен су ішетін 2 200 га жер бар. Оңтүстік Қазақстан табиғи монополияларды реттеу агенттігі бекітіп берген тарифі бойынша 1 000 т.мм3 ағын суға 430,64 теңге төленуі керек, сонда насоссыз ішетін 3 000 га қысқы зябь суы әр гектар жерге (430,64х3) = 1 291,92 теңгеден түскен. Мемлекеттен берілген 20% субсидия 258,38 теңге болуы керек еді. Шаруа қожалықтарынан алынуы тиіс негізгі ақша (1291,92-258,38)=1 033,54 теңге болуы шарт. Ал, ССТК басшысы, аудандық депутат Сатыбалдиев Асан мырза шаруа қожалықтарынан 1 800 теңге (мақталықтан) және 3 600 теңге (бақшалықтан) жинап алып отырған. Есепке жүгінсек, мақталық жер 1500 га болғанда, қысқы және жазғы су 3 000 га болып есептелінеді. Сонда бұл дөкейіміз әр гектардан (1800-1033,54)=766,46 теңге артық алып, 2 299 380 теңгені жеп қойған. Сонымен қатар, насоспен ішетін жер үшін бекітілген тариф 806,47 теңге, сонда 1 га жерге шаруа қожалықтары 80% субсидиямен есептегенде (806,47х3=2419,41-80%-1935,68)=484,34 теңгеден жинау керек болса, ССТК басшысы, аудандық депутат Сатыбалдиев Асан мырза 7 600 теңгеден жинап, әр гектар жерден 7 112,87 теңге артық алып, тонаудың рекордтық дәрежесін көрсеткен. Қысқы және жазғы суға (2 200х2)=4 400 га жерден (4 400х7 115,87) = 31 309 828 теңге насостан жесе, барлығы (2 299 380+31 309 828)=33 609 208 (отыз үш миллион алты жүз тоғыз мың екі жүз сегіз) теңге артық ақша жинап, жемқорлыққа белшесінен батқан. Бұл бір ғана жылдың көрсеткіші. Ал, екі жылда 67 218 416 теңгені жеп қойған. Бұдан бөлек, мемлекеттен берілетін субсидия 54 352 710 теңгені қосыңыз. Барлығы (67 218 416+54 352 710) = 121 571 126 теңгені құрайтын сома бар болғаны 2-3 дөкейдің қалтасына кетіп отыр. Ал, мұндай жемқорлықтың алдын алуға аудан прокуроры неге қауқарсыз? Мұнда «пара беріп ұсталсаң пара беріп құтыл» стратегиясы жатқан сыңайлы.

Екіншіден, «Бейбарыс-су» ССТК 6 000 га жерге иеленген шаруа қожалықтарына су беріп келеді. Қысқы және жазғы су үшін мақталық жер барлығы (3 000х2)=6 000 га құрайды. Әр гектарға 1 800 теңгеден барлығы 10 800 000 теңге шаруалардан алынған, ал жиналған тариф бойынша 1 000т.мм3 есептегенде 391,85х3=1 175,55 теңге, ал 20% субсидияны алып тастағанда шаруа қожалықтарының әр гектар жерінен 940,44 теңге жинау керек болатын. Сонда әр гектар жерден 859,56 теңге артық алып отырған. Яғни, 3 000 га жердің әрбір гектарынан 1 800 теңге, жазғы суға бақша үшін 3 600 теңгеден гектарына жинап алынды. Есептесек, барлығы 10 800 000 теңге болады екен. Бекітілген тариф бойынша 859,56 теңге ССТК басшылары (859,56х3 000)=2 578 680 теңге жинаудың орнына,  ССТК басшысы Сатыбалдиев Асан мырза бұл ақшаны мүсе тұтпай (10 800 000-2 578 680)=8 221 320 теңге артық жинап, халықты тонауын жалғастырады. Екі жылдың есебін қосыңыз, сосын оған субсидияға берілетін 1 716 303 теңгені қосыңыз, жалпы мұндай сорақы тонауды қалай атауға болады өзі? Бұл Сатыбалдиев Асан дөкейдің көзге көрінген жемқорлықтары, ал көрінбейтіндерін есептеп үлгере алмайтынымыз да белгілі.

Үшіншіден, «Бейбарыс–2010» ССТК басшысының сенім хаты арқылы Абдиров Жаппар мырза шаруа қожалықтарының 4 500 га жеріне су беріп келді. Соның ішінде 1 600 га жер бақша өнімі үшін және 2 500 га жер мақталық, 100 га жүгері, 300 га жоңышқаға шаруалар тарапынан ақша төленген. Сонда дейміз, 2 500 га мақталық пен 100 га жүгерінің қысқы су үшін жалпы (2 500+1600+100)=4 200 га жерге 1 800 теңгеден 2 880 000 теңге төленсе, бақша өнімдерінің жазғы суына 5 760 000 теңге жиналған. Мақталық пен жүгерінің жазғы суына 4 680 000 теңгеден барлығы (2 880 000+4 680 000+5 760 000)=13 320 000 теңге көмкерілген. Ал, бекітілген тариф бойынша есептегенімізде әр гектар үшін 1 004,81 теңге болуы керек еді. Сонда «Бейбарыс-2010» 8 700 га үшін (8 700х1 256,01)=10 927 287 теңгені ғана жинауы керек-тін. ССТК басшылары шаруа қожалықтарынан 19 080 000 теңге жинаған, ал артық алынған ақша 8 152 713 теңге. 2 жылда 8 152 713х2=16 314 426 теңге артық ақшаны қопарып тастаған. Ал, оған мемлекеттен алынған субсидияны қосыңыз (22 097 402 т). Бұдан басқа шалы т.б. егіншіліктер үшін де шаруалардан артық ақша алып, жемқорлықпен халықты тонап отыр.

«Бекарыс-су», «Бейбарыс-су», «Бейбарыс-2010» ССТК шару қожалықтарынан 2 жылда жинаған артық ақшаның жалпы көлемі 183 299 257 теңгені құрайды. Бұл жемқорлықтың 2 жылдық жемісі. Бұлай кететін болса, кедейленген шарулар кедейлене беретіні анық. Жалпы, ССТК басшыларының жылына 2 рет шаруа қожалықтарына есеп беруі әкімнің т.б. жарғысында көрсетілген. Бірақ, ССТК басшылары есеп беру былай тұрсын, шаруа қожалықтарын адам құрлы көрмейтінін, ойына келгенін айтып, ойына келгенін істеп жүргенін қара халық ашына айтады. ССТК-ның негізгі басшысы Көбеев Абдрайм мырза бұл былықшылықтың барлығын өз қолымен істемей, Абдиров Жаппар және Сатыбалдиев Асан арқылы жүзеге асыруда. Басшысы өзі бола тұра нотариус арқылы жұмысын екі көмекшісіне беріп қойған. Ал, ақшаны алатын тікелей өзі болып табылады. Жалпы, таныстық, туысқандықты тікелей пайдаланып отырған Көбеев Абдрайм - Мақтаарал ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы орынбасары Сыздықов Қанапияның тікелей құдасы. Бір ғана мысал, ССТК шаруа қожалықтарына бөлінген аммиак селитрасын 33,50 теңгеден босатудың орнына 39 теңгеден шаруа қожалықтарға босатып отыр. Ал, дәл осы аммиак селитрасын Нұрлыбаев, Жаңа жол, Еңбекші ауыл әкімдігі шаруа қожалықтары есебіндегі 18 300 га жерге алып, артық аммиак селитрасын 60 теңгеден сатып жіберген. Осылайша мемлекеттен бөлінген аммиак селитрасы шаруа қожалықтарына толық берілмей келеді.

«Бекарыс-су», «Бейбарыс-2010» ССТК-ларының сенім хат арқылы басқарушысы Әбдиров Жаппар және аудандық депутат Сатыбалдиев Асан мырзалар 2010-2014 жыл аралығында 46 560 000 теңгені заңсыз жинап алады. Олар «Береке», «Таза-су» ССТК-сы арқылы ақша жинау керек еді, бірақ ақша жинауға «Бекарыс-су» мен «Бейбарыс-2010» араласқан. Сонымен қатар, «Бекарыс-су», «Бейбарыс-2010» ССТК 57 тік дренаждарды қабылдап алған. Дәл қазіргі уақытта 57 тік дренаждардың тек қана қаңқасы қалған. ССТК басшылары Абдиров Жаппар және депутат Сатыбалдиев Асан дренаждарды қарауылдаудың орнына электр жүйелерінің материялдарын жинап, оны сатып жібергенін халық өз көзімен көрген.

Мемлекет шаруа қожалықтары үшін қаржыны бөлмейді емес, бөледі. Бірақ, Көбеев Абдрайм, Абдиров Жаппар және депутат Сатыбалдиев Асан сияқты сыбайласқан жемқор топтар мемлекет ақшасының шаруа қожалықтарына жетуіне тосқауыл болып отыр. Дәл қазіргі уақытта Мақтаарал ауданы сор басқан, жері өнім бермес, бір бетпақдалаға айналуда. Өз уақытында гектарына 10 тоннаға дейін мақта беретін жер бүгінде әрең деген 1 тоннаны шығарады. Ал, мақта бағасының жағдайы көңіл көншітпейді. Демографиялық ахуалы ушыққан халық осы қара жерге қарап отыр. Жерден үміт күткен шаруа қожалықтарының ахуалы болса мынау? Тоналуда. Сізге жазған бұл хатымыз аудандағы 300 мыңнан асатын халықтың атынан жазылып отыр. Сонымен қатар, 200-ден астам шаруа қожалықтары қол қойып, мөрін басқан. Келтірілген деректеріміз құжатталған және мыңдаған адам куә.

Дінмұхамед Аязбеков,

журналист.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383