ЖІТІ ҚАРАСАҢ, СӨЗ ТӨРКІНІН АҢҒАРАСЫҢ
Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде кейінгі кезде жер-су атауларына байланысты «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей неше түрлі қисынсыз болжамдар жазылып жүр.
Қостанай аумағындағы көптеген жер атаулары орысшаға «жетік» біреулердің жер аттарын қазақшалауынан қате айтылып келгені рас. Әулиекөл деген жер аты орыс босқындарының қоңыстануынан кейін сол арада жеті көлдің болуына байланысты Семиозер болып аталған болатын. Оны сол жердің кейбір тұрғындары қазақ тіліне сөзбе-сөз аударып алып, біраз уақыт Жетікөл деп те атап жүрді. Сол секілді Жітіқара қаласының аты біраз уақыт Жетіқара деп жазылып келді. Жітіқара орыс тілінен қазақшаға көшкен атау емес, керісіңше, алдына «Д» әрпін қойып, бұрмаланып жазылған атау болды. Содан орысша Джетыгара болып айтылған сөз қайтадан «шала қазақшаланып», Жетіқара болып бұрмаланған болатын. Қазіргі уақытта тарихи әділет қалпына келтірілді.
Жетісуды Семиречье, Көкшетауды Синегорье деп аударып алған орыс тілдестер Жітіқараның екінші бунағындағы «қара» деген сөзді де өздерінше өңдеп, Джетыгора деп те жазғанын білеміз. Сондай жазулар қалааралық автобустардың бүйірінде «мен мұндалап» тұратын.
Қазақ топономиясындағы сын есімдерге келсек, қазақ ұғымында қасиетті болып есептелетін «үш», «жеті», «тоғыз» сандарына байланысты қойылған атаулар да жеткілікті. Мәселен, Тоғызақ. Оны кейбір басылымдар Тоғұзақ деп жазып жүр. Шын мәнісінде, ел аузындағы әңгімеге қарағанда, атаудың түбірі тоғыз. Бір шайқаста тоғыз ұлы бірдей қаза тапқан қыпшақ жұртының ақылман қариясы: «тоғыз-ақ» деп бармағын шайнап жібергеннен кейін туған атауда тарих шындығы жатыр.
«Ғылым» баспасынан 1989 жылы жарық көрген «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» деген кітапта берілген тізімде Жітіқара атауы сан есімдік топономиялық атаулар қатарына жаңсақ жатқызылған. Қазақ Совет Энциклопедиясының 4-ші томында қаланың аты Жетіқара деп көрсетілген.
Осы қателердің салдарынан кейін қалпына келтірілген қала атауы көбінесе, әсіресе, орыс тілінде қате айтылды. Теледидар дикторлары Житикараны ысырып қойып, баяғыша Джетигора деп саңқылдады.
Қазақстанның оңтүстік-шығысында Доланқара деп аталатын тау бар. Бұл атаудың алғашқы бунағы Долан моңғол тілінде долоон, яғни жеті деген сөз. Белгілі ғалым Э.Мурзаев өз зерттеуінде осы атаудың екінші бунағындағы «қара» сөзін славян тіліндегі гора (тау), ауған тіліндегі гор (тау), албан тіліндегі гур(тау), армян тіліндегі қар (тас), көне үнді тіліндегі гирис( тау), хинди тіліндегі гар (қамал), грузин тіліндегі гора (тау) сөздерімен салыстырады. Әрине, ана тіліміздегі «қара» сөзі тау деген ұғымды білдіруі мүмкін. Бірақ, біз білетін Жітіқарада жеті тау жоқ, жалғыз-ақ тау бар. Қазақы ұғымға салсақ, Жалғызтөбе. «Қараймын қарайғанға мал ма екен деп» басталатын халық әнінде айтылғандай, бұл сөздің басқа мағынасы да жеткілікті.Осы сөздерге зер салсақ, «жыты», «жіті» деген сөздер бажайлап қара, анықтап қара дегенді, ал екінші бунақтағы сөз кәдімгі көру, қарау дегенді білдіреді емес пе?! Яғни, Жітіқара атауын сан есімнен емес, сын есімнен іздеген абзал.
Шоқан Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағының 1-ші томының 152 бетінде «Жыты» сөзіне түсінік берілген. Онда: «Жыты-тез, шапшаң, қолма-қол. Жыты қара – тез хабар алатын қарауыл орны (см. киргизско-русский словарь. Издание второе. Оренбург, 1903, стр 89)» – деп атап жазылған.
«Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жырындағы:
«Алыс болып Баян қыз бара алмайды,
Жыты хабар жарына бере алмайды.
Жұртын жиып, Қарабай ойлатса да,
Сан кісіден бір кісі таба алмайды» – деген шумақтағы «жыты» сөзі осы мағынаны білдіреді. Яғни, Жітіқараның алғашқы атауы Жытықара болуы да ықтимал.
Орыс патшасының өкілі Тевкелевтің 1748 жылы жазылған құжаттарында: «Абулгаир-хан кочует ныне от Орска на вершине Камышлак-реки на двуденную езду, а Джанебек-тархан – по реке Тоболу у называемой горы Джитыкара езды на три дня» («История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков», том 3,152 бет)» – деген деректер бар. Осы орыс тіліндегі тау атының жазылуынан да, оның атауы Жетіқара емес, Жітіқара болғаны көрініп тұр.
Қостанай өңіріндегі атақты Әйет өзенін орысың да, қазағың да Аят деп жазып жүр. Аят – қасиетті сөз, құранның аяты. Ал өзен аты қазақ тілінде Әйет, орыс тілінде Айет болып жазылуы керек. Әйет осы өңірді қоңыс қылған қыпшақ тайпасының бір бұтағы, кісі есіміне байланысты қойылған атау. Сондықтан да Олжасты Алжас дегендей алжасуымызға болмайды. Нұрхан Ахметбековтың «Жасауыл қырғыны» дастаны «Сазды Әйет, Сарыарқада Түйемойнақ» – деген жолдармен басталады. Жырдағы жер атулары Әйет өзені мен Түйемойнақ – қазіргі Таран және Денисов аудандары орталықтарының түп атауы.
Ақылбек Шаяхмет,
Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, жазушы.
Абай.kz