Жұма, 22 Қараша 2024
Шипагер 9026 0 пікір 24 Желтоқсан, 2014 сағат 13:08

ЖАСАННЫҢ «ЖАС-АЙЫ»

Жасан Зекейұлы деген азаматтың аты-жөнін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Ал, «Жас-Ай» десе жұрттың құлағы елең ете қалады. «Жас-Ай» деген әлгі инемен емдейтін орталық па?» деседі. Иә, «Жас-Ай» дегеніміз сол. Біз сол «инемен емдейтін орталықты» елінің  игілігіне айналдырған  Жасан мырза туралы аз-кем әңгіме айтпақпыз.

Жасан «арғы бетте», бұрынғы Шығыс Түркістан өлкесінде дүниеге келген оғлан. Ол барына тәуба айтқан балалы-базарлы шаңырақта өсіп өнеді. Қаршадайынан арманына қанат байлап қиырды шолған Жасан ортасынан озық шығып, Шыңжаң медициналық университетінің емдеу факультетіне түседі. Тегінде, ұлттық мұраттарға қызмет ету идеясы әр ұрпақтың жадында жаңарып, оянып тұратын болса керек. «Кеудемде жаным тұрса, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген Әлихан атасындай миллиардтың арасында жүрген Жасан да бар білгенімді қазағыма берсем деген ойдан танбапты. Бұл жайын өзі:

–             1983 жылдары Қытайдағы Шыңжаң медициналық университетінің емдеу факультетінде оқып жүргенімде бар күш-жігерімді ең алдымен қазағыма арнасам деп ойлаушы едім. Себебі -  айтпаса да түсінікті шығар. Миллиардтардың ішінде 100 адамды емдесең, ішінен екі-үш қазақты көресің, не көрмейсің. Бірақ бұл –  қазақ сырқаттанбайды, денсаулығы керемет деген сөз емес. Тек күш-жігер, қайрат-қуатыңның ең бірінші өз халқыңа жұмсалмағанына налисың. Сөйте жүріп университетте алған біліміме қанағаттанбай, Пекин, Тиянжин сынды Қытайдың маңдай алды қалаларына барып  білімімді толықтай түстім.  Соның бәрі  кім үшін еді?! Әрине, туған жұртым, қазағым үшін еді, - деп еске алады.

Оқу-білімге құштар, үйренсем-білсем деп ұшқын атып тұрған балғын жігіттің таудай талабы сол жылдары ұштала түсіп,  1995 жылы тибет медицинасындағы ерекше еңбегі үшін ҚХР Денсаулық сақтау министрілігі тарапынан  «Жоғары білікті аға зерттеуші-дәрігер» атағын иеленеді. Сол жылы Халықаралық Алтын инемен емдеу ғылыми-зерттеу қоғамына мүшелікке қабылданады. Денсаулық сақтау ісі бойынша Қытайдағы 100 үздік жас маманның бірі атанып, Хирургия бөлімінің басшылығына тағайындалады.

Жоғарыда Жасанның «бар күш-жігерімді ең алдымен қазағыма арнасам» деген сөзін келтірдік.  Осы тілегінен бір сәтке айнымаған арда азамат ауру-сырқауын арқалап келген ағайындарына аз ақша жұмсап, нәтижелі емделу жолын кеңес қылып айтамын деп жүріп ұлтшылдық «қалпағын» киіп, қысым көре бастайды. Содан кейін төңірегін шола тегіс ойлаған ол «ақыры білгенімді елімнің игілігіне жұмсасам дедім бе, ендеше не тұрыс?» дейді де Атажұртына тартып отырады.

Қытайда жоғары оқу орындарының бәрі ханзу тілінді. Оның үстіне дәрігер мамандығын игергісі келетін жас таза ханзу тілінде оқып, ханзуша сайрап шығады. Ал, Қазақстанда... өкінішке қарай, медицина тілі – орыс тілі. Амал кем, ғұмырында «тірі орыс» көрмеген Жасан  Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне қабылданып,  орыс тілінде білім алады. Қиналып жүріп амалдың жоқтығынан орыс тілін де үйренеді (қажеттілік дегеніміз міне осы: егер оқу мен қызметтің мәселесі қазақ тілін білуге тіреліп тұрса, өзге жұрт та Жасанның жолын кешіп өтер еді). 1997 жылы аталған университеттің «Хирургиялық сырқат» кафедрасының аспиранты атанған Зекейдің зерек ұлы  1999 жылы аспирантураны бітіріп, Алматы қаласының №12 клиникалық қалалық орталық ауруханасында Шығыс-тибет медицинасы бойынша аға дәрігер қызметіне кіріседі.  Ал, 2004 жылы Шығыс-тибет медицинасының жеке шаңырағын көтеріп, «Жас-Ай» орталығын құрады. Сол 2004 жылдан бері «Жас-Ай» орталығы ел аузында.

Осы уақытқа дейін аталған медицина орталығынан 50 мыңнан аса сырқат емделіпті, сол елу мыңның  10 мыңнан астамына тегін ем-дом жасалыпты. Кімнің де болса әйтеуір басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды ғой. «Жас-Ай» орталығының емделушілерінің қатарында есімі елге танымал қасқа-жайсаңдар да жетерлік. Солардың  аузындағы сөз: «Емші болса, Жасандай, емхана болса «Жас-Ай»- дай болсынға» саяды. Орталыққа келіп, жатып емделген жандардың естелік кітапшаларға қалдырған сөздері тіпті жаныңды елжіретеді. Қарап, парақтап отырсаң естелік қалдырғандардың бірі айықпас дертке шалдығып келіп, аяғына тұрып қайтқанын жазады. Енді бірі ұрпақ сүюден үміті үзілгенде   «Жас-Ай»  туралы әңгіме құлағына жетіп, құлдық ұрып келгенінде құрсағына «құлын» бітіп, қуанып қайтқанын сүйіншілейді.  Бәрі де өмірге деген құштарлығы қайта оянған, сергіген, серпілген жандардың сөзі. Елдің осынша ықыласына бөленген Жасан да үнемі жарқылдап, әңгімесіне әзіл қыстырып, күліп жүреді. «Үлкен ем - тілде», - дейді Жасан. «Науқасқа жылы сөйлегеннің өзі оны жігерлендіреді. Көңілін өсіреді», - деп Сөз туралы сөзін жалғай түседі Жәкең. Киелі кітаптар «Әуелі Сөз болған, - деп басталады, – Сөз Құдаймен бірге болған».  Жасан Зекейұлы да сөз құдіретіне табынатын, қасиетіне бас ұратын адам. Ақын-жазушыларды құрмет тұтады. Жас талапкерлердің орталыққа келіп өлең оқуына мүмкіндік туғызып отырады.   Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде  Жасан Зекейұлы тағайындаған степендиямен оқып жүрген жастар да бар. Орталықтың тікелей қолдауымен «Жас-Ай» атты журналдың жарық көріп бастағанына да бес жылдың мұғдары болыпты. Журнал туралы Жасан Зекейұлы бір сұхбатында былай деген еді:

-          Біздің үлкен жетістіктеріміздің бірі – «Жас-Ай» Шығыс-тибеттік медицина журналын шығаруымыз. Көрші Қытайда қазақ тілінде медициналық білім беретін мерзімді баспасөздер шаш етектен. Ал бізде мұндай басылымдар жоқтың қасы. Журнал жарық көрген 5 жылдан бері халыққа салауатты өмір салтын насихаттауда айтарлықтай жұмыстар жасап келеді.

Зекейұлының осы тірілігінің өзі ақша толы амбардың аузын бағып отырса да қазаққа дым татырғысы келмейтін алпауыттарға  үлгі болса керек-ті. Бірақ ол үшін біздің ақ жағалы ұлықсымақтарға алдымен Жасанға біткен жүрек  керек. Сонда ғана олардың тарапынан  елге қызмет және сол қызметті жетегіне алатын мырзалық пен жомарттық  табылады. Әйтпесе... әйтпесе көріп жүрміз ғой, қазақ баспасөзімен  қара бақыр бөліскісі келетін  «бай-бағланды» біздің елден табу қиынның қиыны. Себебі оларда ең әуелі дұрыс менеджмент жоқ. Бәсекелестік пен сұраныстың шегін бақылап, соған орай қызмет үйлестіру дегенді кем біледі (қазір барлық қоғамдық, әлеуметтік мазмұны күрделі құрылымдарға қазақ тілді ортаның сұранысы өте жоғары, біз осы жайтты айтып отырмыз). Ал, «Жас-Ай» орталығы елімізде Шығыс-тибет медицинасының ізашары бола тұра, осы саланың қарқын ала бастағанына терең мән беріп өзін өзі қамшылаумен, дамытумен келеді.   «Жас-Ай» қазір көп қабатты емдеу-сауықтыру  орыны бар орталық.  «Жас-Ай»  Шығыс-тибет медицинасының қызметі бұл күндері АҚШ-тың, Жапонияның, Еуропа елдерінің білікті мамандарымен араласып, тәжірибе алмасу үстінде.  Аталған елдерге өзі де жиі сапарға шығып тұратын Жасан Зекейұлының кәсіби деңгейі әр тараптан ескеріліп, 2009 жылы Вена қалалық Халықаралық Университетінің  «Құрметті профессоры» , 2010 жылы Халықаралық «Сократ» атындағы орденнің иегері атанды. Бұның сыртында ол –  Қазақстан Республикасы Халық емшілері қауымдастығының «Халық емшілігін дамытуға қосқан үздік үлесі үшін», «Халық медицинасы мен рухани тәрбие қызметіне қосқан жеке үлесі үшін», «Халықтың денсаулығын жақсартудағы емшілік қызметіндегі үздік жетістіктері мен нәтижелері үшін» деп аталатын әртүрлі құрмет грамоталарымен марапатталған. 2007 жылы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. 2008 жылы жыл сайынғы «Алтын Жүрек» сыйлығын иеленді.  

Жасанның «Жас-Айы» ағымдағы жылы онға келді. Он жасында озат танылған «алтын инелі» орталықтың елге қызметі әлі талай уақытты орап басып, алға озарына кәміл сенейік.

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5306