ХАСАН ОРАЛТАЙ – АЛАШШЫЛ ҚАЙРАТКЕР
Ұлттық болмыс өне бойынан көрініп тұратын тұлғалар бары қуантады. Кеңестік Қазақстан тарихында өзiн жұрт көзiнше: “ Ағайын! Мен ұлтшыл қазақпын!” деп жариялаған тұңғыш қазақ – Хасан Оралтай едi, - деген жазушы Смағұл Елубайдың сөзі бекер айтылмаса керек.
Хасан Қалибекұлының азаматтық ұстанымы мен қоғамдық көзқарасы айқын болды. Ол қазақтарға қатысты кез келген мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарайтын және оны дәрiптейтiн. Өмірінің сонғы кезеңіне дейін әрі өзі жазған, әрі өзі ұйымдастырған еңбектердің барлығының көздеген мақсаты Қазаққа пайдалы, Қазаққа қатысты, Қазақтың өткені мен келешегі үшін өзекті мәселелерге арналды. Тәуелсіздік, еркіндік мәселесі еш уақытта жадынан бір сәт те қалмаған, мәңгі ұстанымы болды.
Хасан Оралтай – «Азаттық» радиосы қазақ бөлімшесінің бұрынғы басшысы, белгілі жазушы, журналист, тарихшы, аудармашы, редактор, шеттегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, бүгінгі түрік әлеміне танымал қоғам қайраткері, он төрт кітаптың, жүздеген мақалалардың авторы. Хасан Оралтай қазақ тілінің құдіретін терең ұғатын, қасиетін білетін, қанша қиыншылық көрсе де мұқалмайтын, қазағының жарқын болашағының толық дербестігі мен шынайы тәуелсіздігі жолындағы аянбай күрескен асқар таудай азамат.
Хасан Оралтай саналы түрде жалпытүрiктiк идеясын жүзеге асыруды мақсат еттi. «Биiк Түркелi» қоғамын ұйымдастырып, Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейханұлының жолын ұстанды. Бүкiл Қазақстанда идеясын жаңғырту былай тұрсын, атын айтуға қаймығатын бiртұтас «Алаш» идеясын басты ту етiп алды. Бұл идея, бұл мақсат Хасан Оралтайға жайдан-жай келе салған жоқ. Әкенің берген ұлттық рухты тәрбиесі, басқа елге келіп, өз тегімізді ұмытпайық, тек құлқынның қамын ойлап жүре береміз бе деп, сол Түркияға келген 1954 жылдан бастап-ақ жан-жақты байланыстар орнатып, өздерінің қазақ екендіктерін ұмытпауға тырысып бақты. Соның нәтижесінде аз уақыт ішінде, араға үш жыл салып, 1957 жылдың 9-қыркүйегінде Измирде шығатын «Ege Ekspress» газетінде Измирлік журналист Өздемір Аталан екеуі «Гималай дастаны» атты 40 күнге созылған тізбекті мақалалары шығады. Бұл мақала – Хасан Оралтайдың алғашқы мақаласы болатын. Аталған мақаланың бір бөлігі Қазақстанда белгілі түрколог Фадли Әлидің аударуымен 1994 жылы «Парасат» журналында шықты. Бұл мақалада коммунистерге құл болғанша, соғысып жүріп, қасқайып өлейік. Бодан болғанша, ұрпағымызды еркін, азат етейік деген мәселелерге кеңінен тоқталған. Сонымен бірге босқан елдің көрген түрлі ауыртпалықтарын түсіндіре жазады.
Ал, қаламгердің алғашқы кітабы – «Еркіндік жолында Шығыс Түркістан қазақ түріктері»(1961). Кітабының алғы сөзінде өзінің мақсатын нақты түсіндіреді. Азаттық жолындағы күрес, Отан мен ұлтым үшін күрес қасиетті парызымның бірі деп көрсетеді. Осы кезеңде қаламгер «Бүйүк Түркелі» журналын шығара жүріп, 1963 жылы сәуір айында Салихлы қаласының Құртұлұш махаллесінде, яғни Қалибек Хакімнің үйінде « Түркістандықтардың мәдениет және жәрдемдесу ұйымы құрылды. Бұл қоғамның аты әйгілі Мағжан Жұмабай «Түркістан – екі дүние есігі ғой» деп сипаттағанындай Ұлы Түркістан деген түріктің ежелгі Отанымен аттас қойылды. Оның негізін қалаушылар Хамза Ұшар, сол кезде белсенді жас қаламгер ретінде атағы шыға бастаған Хасан Оралтай да болды. Ол өзінің «Елім-айлап өткен өмір» атты естелігінде [1.Б.177] бұған толық мәлімет берген. Салихлы қалашығындағы бұл қоғамның мақсаты артта қалған Отанды таныту, қазақтың жадында қалған мәдени, тарихи және әлеуметтік қазыналарды, туындыларды жинау, кітап, журнал басып шығару, әлем жұртшылығына жаю және сондай мәліметтерді жиналыстарда, конференцияларда тереңдету, дамыту, келер ұрпаққа үлгі ету. Ол мақсатты орындау үшін зерттеу бөлімі, даярлық бөлімі, баспасөз-кітап бөлімі, фольклор бөлімдерінің атқаратын міндеттері егжей-тегжейлі баяндалады. Салихлы қалашығындағы бұл қоғам жергілікті әкімшілік орындарына, жергілікті бүкіл саяси партияларға және сондағы белгілі адамдарға Түркістан және қазақтар жөнінде мәлімет беріп отырған. Қазақтар жөнінде мәлімет беруге арналған сондай бір конференцияға жалпы түрік әлеміне әйгілі тарихшы ғалым, бауырлас башқұрт халқының парасатты перзенті Ахмет Зәки Уәлиди Тоған (1890-1970) Салихлыға келіп, өзінің бұл жолда мақсаттас-мүдделес екендігін көрсетіп отырды.
Хасан Оралтайдың алғашқы кітабы шыққаннан кейін Түркиядағы жалпы зиялы қауымымен бірлесіп, Х.Оралтайдың басшылығымен «Бүйүк Түркелі» журналы 1962 жылы жарық көрді. Бір назар аударарлығы, мұқабасына «TANRI TURKU KORUSUN» - Тәңірі Түрікті қорысын, « Hira dagi kadar Musluman – Tanri dagi kadar Turkuz» – Мекке қаласының жанындағы Хира тауындай мұсылман, ұланбайтақ қазақ жеріндегі Тәңірі тауындай түрікпіз, «Ne Mutlu Turkum Diyene!» - Түрікпін деу қандай бақыт!-деп жазылған. Бұлай жазуы журналдың мәнін одан да тереңдете түспек. Түрік- қазақ, қазақ-түрік деген ұғымдардың біртұтас екендігін көрсетеді. Белгілі көптеген себептерге байланысты аталған журналдың он саны ғана шығады. Әйтсе де көптеген мәселерді қамтып, қаламгер соңғы нөмірінде «Бүйүк Түрікшіл Түркістан шайыры: Мағжан Жұмабай» деген атпен мақала жариялайды. Бұл мақалада Мағжан Жұмабайдың «Жауынгердің жыры» атты толғауын түрікше түсіндіре отырып, елге қызмет көрсетуден қайтпайтындығын, жалғастыра беретіндігін мәлімдеген. Осы тұста айта кетерлік Хасан Оралтай 1965 жылы Измирде түрік тілінде «Бүйүк Түрікші Мағжан Жұмабайұлы» деген атпен кітап шығарды. Кітапта Мағжанның «От», «Мен кім?», «Сағындым», «Түркістан», «Алыстағы бауырыма» т.б. өлеңдеріне түрікше түсінік береді. Аталған кітап сол кезде шет елдерде Мағжан туралы жазылған тұңғыш кітап болатын. Автор кейініректе бұл кітаптың ішіндегі «Түркістан» өлеңінің соңғы бес шумағының түп нұсқасын көрмегендіктен қысқартылып қалғандығын оқырманға ескертті. Әйтсе де, сол кезеңде қазақ ақынының түрікшілдік идеясын Түркияға таныту үлкен еңбек еді.
1963 жылы Ыстанбұлда «Түркия түрікшілер ұйымы» деген үлкен бір ұйым құрылады. Оның бастығы Хұсейін Нихал Атсыз сайланады. Ал, сол ұйымның Измирдегі бөлімінің бастығы Хасан Оралтай болады. Соның нәтижесінде 1965 жылдың шілде айында «Komunizmle Savas», яғни «Коммунизммен соғыс» атты газет шығарады, артынан журнал болып өзгереді. Бұл газеттің мақсаты айқын еді. Ұлтшылдық, түрікшілдік, діннің ұлтшылдықтың ажырамас бөлігі, іргетасы тірек екенін ашық айтқан. Журналдың 14-санында «Алаш әні» деген атпен Алашорда ұлттық үкіметінің әнұранын түрікше түсінігімен басқан. Байқасақ, шығыстүркiстандық ұлт-азатшылар мен алашшылар арасындағы рухани байланыстың дәлелi де осы болса керек. Отаншылдық, Түрікшілдік, Алашшылдық идеяларына түрлі қарсылық, қиыншылықтарға қарамастан Хасан Оралтай өзінің ұлтына деген қызметін бір сәт те тоқтатқан емес. Шет елдерде «Қазақ түріктері» деген тақырыпта түрлі мақалалар, кітаптар шығарып, алғаш қалам тербеген азамат. 1973 жылға дейін Батыста «Алаш» туралы мәлімет жоқтың қасы болатын. Бұл тақырыпта Ахмет Зәки Уәлиди Тоғанның кітаптары мен Мұстафа Шоқайдың кейбір мақалаларында қысқаша сөз болды. Ал, Қазақстаннан мәлімет алу мүмкін емес жағдайда ерлік көрсетіп, «Алаш», «Алашорда» туралы сөз айту, кітап шығару қыруар еңбекті талап етті. Соған қарамастан Хасан Оралтай 1973 жылы Ыстамбұл қаласында «Алаш – Түркістан түріктерінің ұлт-азаттық ұраны» атты кітабын шығарды. Аталған кітапта «Алаш» деген атаудың тарихы мен мағынасын, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі туралы мәлімет берді. Сонымен бірге Алаш мұраттары жолында қызмет еткен азаматтардың бір тобы жөнінде сөз қозғады. Автор бұл кітабының кемшіліктері бар екендігі, әйтсе де сол кезеңде құнды еңбек болғанын, әлі де маңызын жоймағандығын, Алаш қимылы, Алашорда үкіметі туралы зерттеуге түрткі болғандығын, кітаптың атының өзі нағыз түркістаншылдықты, түрікшілдікті кейінгі басылымдарда атап айтты. «Алаш» туралы зерттеулерді Хасан Оралтайдың кітабынан кейін Түркияның белгілі қоғам қайраткері Х. Нихал Атсыз, проф.др. Мехмет Ерөз, Мехмет Али Юрук («АЛАШ» деген мақаласында Жиханша Досмұхамедұлы туралы тоқталған) , проф.др. Ахмет Бижан Ержыласұн сілтеме бере отырып, көптеген мәліметтерге тоқтала отырып жалғастырды. Бұл идеяларды халыққа таратып, таныстырғанда әр түрлі себептерге байланысты Хасан Оралтай Р.Бөгенбай, Е.Қашқарлы, Н.Қазанлы деген бүркеншік аттармен мақалаларын жариялап отырды. Одан кейінгі «Азаттық» радиосына келген уақытта да ұлтшыл-түрікшіл мақсаттағы істерін бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Мұрат-мақсатының ауқымын одан да кеңейте түсті. Сонау Шығыс Түркістаннан мыңдаған қиыншылықтарды бастан кешіріп, арнайы жоғары білім алмай-ақ , ұлты үшін, қазағы үшін, түрікшілдік үшін батыстағы тұлғалардың алдыңғы қатарлылардың бірі болу ерен еңбектің, туа бітті ұлтшыл рухтың жемісі болар. Осы «Азаттық» радиосының қазақ бөліміне бастық болып қабылданар алдында комиссия мүшелерінің алдына келгенде: - Қайдан оқыдың? – дегенде, «Абай шыққан далада оқыдым» - деп жауап береді. Комиссия мүшелерінің бірі: Оқымаған адам осынша еңбекті қалай жазады? Сіз шет елдерде «Қазақ» және «Алаш» атымен тұңғыш кітап жазған тұңғыш қазақсыз. Бүгінге дейін тарихта тұңғыш рет «Қазақша-түрікше сөздік» аударып бастырғансыз... Журнал, газет шығарыпсыз, көптеген мақалалар жазыпсыз. Осының бәрін қалай істеудесіз? – дегенге: «Ұлтшыл болғандықтан ұлттық сана-сезімімнен нәр-күш алып істеймін. Отаныма, ұлтыма қызмет етуді мақсат етудемін» - деген адалдығына, шынайлығына, ұлтшылдығына қандай адам тәнті болмас.
Қорыта айтқанда, Алашшыл қайраткер Хасан Оралтай бұдан кейін де өзінің ұлты үшін, қазағы үшін, жалпы түркі жұрты үшін күресін тоқтатқан жоқ. Бірнеше кітап, көптеген мақалалар жазды. « Шалғайда жүріп қалам тербесек те түбі бір түркі халқы мен қаны бір қазақ ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға күш салыстық. Ата жұртымыздың өткен, жүрген іздері өшіп қалмаса екен, тарихы теріс таңбаланбаса екен деп жанталастық. Ұлт бойында ойнаған өрлік пен ерлікті танытуға тырыстық... Ел үшін еткен еңбегімнің нәтижесі ұлттық әдебиет деген алып дүниеден өз орнын тапқаны деп түсінемін», - деген Хасан Оралтайдың өз сөзімен түйіндесек.
Бағила Төребекқызы,
Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушы.