Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6241 0 пікір 9 Желтоқсан, 2014 сағат 22:11

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «ХАМЕЛЕОН ҚАЛАДАҒЫ» ТАҒЫ БІР КҮН

Атақты жазушы Мұхтар Әуезов осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ бұл ел жайлы жазып кеткен екен, ал, бұл қаланы «Тастағы дастан» деп атаған екен...

Сол қаланың, елдің ендігі жайын жазушы Тұрсын Жұртбай мөлдіретіп тұрып жазып жатыр. Бүгінгі жолжазбада алдыңғы әңгіменің желісі үзілместен жалғасады. Оқыңыз, ләббай...

Айтпақшы, алғы жазбаларды мына сілтеме арқылы табасыз:

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238

 

11 қаңтар, Филадельфия.

Әр ұлыстың, ұлттың, мемлекеттің суыртпағын ұштайтын, мәйегін ұйытатын, рухының қайда ұя салғанын меңзейтін шағымды оқиғалар мен орындар болады. Осыдан 400 жыл бұрын жер бетінде аты мен заты жоқ, қазір дүниені тітіркендіріп, шіміркендіріп, сілкіндіріп, сүйіндіріп-күйіндіріп тұрған Американың да қанын ұйытқан, демімен жан берген «қара қазанының ошағы» – Филадельфия. Бүгінгі Американың кіндігі – осы қалаға байланған. Сондықтан да Американың қақпасы – Нью-Йоркпен бет көріскен соң ықыласым соған ауды. Аздаған ұшқары мағлұматым болатын. Бірақ әр тастың тарихын таратуға маманданған жолсеріксіз жөніңді тауып жүру мүмкін емес. Тағы сол «Брайтан бичке» – «Кіші Ресейге» иек сүйедім. Бұл жолғы жетекшіміз – Нэлли деген мосқалдау, ысылған, әлі де «менікі жөні» басылмаған, мамырлай жылжитын жүрдек бәйбіше екен. Тіліне не ұя салғанын білмеймін, әйтеуір, шымшымдата тартып, арасында тікенімен шаншып алады. Тысы жаңа, бірақ қымтана бергеніңде селеудің тікені пісіп жіберіп, ұйқыңды ашатын шала түтілген жүннен жасалған көрпелер болушы еді, тура соны еске салады. Дегенмен де шешен, ашық. Біздің де, өзінің де мысын бастырмай, лабаны қолына алысымен:

– Иә, мен де жүрегінде өткеннен қалған шаншуы мен сағынышы бар адамның бірімін. Эмиграция дегенің – қаншалықты тоқшылықта жүргеніңмен, жыртылған жүрегіңнің саңлауынан мұң сауғалап тұрады. Ажырасқан (разорванный) неке, ажыраған ағайын, ажыраған отан... Бәріміз де директор болғамыз. Жолы мен жөнін таппағандар мұнда жете алмайды. Бәрің де мектептен шықтыңдар. Сондықтан да, жақтырсаңдар да, жақтырмасаңдар да, бүгінше мені тыңдауларыңа тура келеді. Дауыстап сөйлеп, ойымның желісін бұзбаңдар. Мен де адаммын. Қаламасаңдар, қорылдамай ұйықтаңдар. Онда көп нәрседен құр қаласыңдар. Мен өзіме алған міндетті адал орындайтын адаммын. Тыңдасаңыздар өкінбейсіздер. Өйткені бір ақынның (А.Вознесенский –?) «Вкладывайте деньги в чудо» – дегені бар. Ал еске алу, еске алатын өміріңнің болуы – қажетті қазына, – деп барып тоқтады.

Маған ұнады. Қанша айтқанмен, мен де сөздің шалығына ұшыраған, мен де мұғалім, мен де директор емеспін бе, мойынсалықпен көндік. Сонымен...

...Сонымен дейтін несі бар. Әр саяхатбасының өз сөз мәнері, пайымы, көзқарасы, теңеуі бар. Кешегі алматылық қазақ қызы (иә, әкесі қазақ болған соң солай жазып отырмын. Ал өзі не деп жазатынын білмеймін) Натальяның таныстыруымен салыстырып, ақиқатын өздеріңіз ажыратып аларсыздар (Мен осы күнделікті баспасөз үшін жазып отырған сияқтымын. Үйренген кәсіби әдет қой. Әйтпесе, нақ ондай мақсатым жоқ. Жаңағы Нэлли бәйбіше айтқандай, бар ақыл-есімді «естеліктің қазынасына – қоймаға қойған» түрім ғой).

Иә, Вознесенкийдің «ақшаны жастық астына емес, жастықтың кешуіне жұмсаңдар» деген жоғарыдағы өлеңнің сұлбасы таныс еді. Нэллидің бұл сөзі жадта ұмытылған жастықтың көп күндерін еске түсірді. Осы көргенімнің өзі де жастық кешуі емес пе – деген ойдан арыла Нэллиге құлақ түрсем: «Филадельфия – 2 миллион адам тұратын еуропалық үлгідегі тас қала. Ал Нью-Йорк дегеніміз – бұл Корнеги холл. Нью-Йорк бұл – әлемнің кіндігі Вавилон. Нью-Йорк – аралдар қаласы» – деп тұр екен.

 

Филадельфияның Өнер мұражайы және оның алдындағы  Джордж Вашингтонның ескерткіші.

Нэллидің шабытты сөздерін де жадыңда ұстауға тырысасың. Сонымен қатар тұңғыш аттаған құрылықтың болмысын, бітімін, орман-көлін, тұрмыс-тіршілігін, үй-жайын да көңіл айнасына түсіруге де ұмтыласың. Қазақша айтқанда, екі ойлы, екі ұшты әсерді ұштастыруға тура келді. Ал Нью-Йорктің құрылу тарихы мен жер аттарын  әр саяхат жетекшісі өзінше түсіндіріп, өзінше жеткізді. Жер аттарын да әр мағынада аударды. Қайсысыныкі дұрыс? Қайдан білейін. Өзгеше пайымдауларын да кейін қатирама түртіп отырдым. Мүмкін бірін-бірі толықтырар.

Міне, Лонг айленд мүйісіндегі (Ұзынарал, ұзындығы 200 шақырым мөлшерінде) Брайтан бичтен Стейтен айленд (Қоянды) аралына, одан құрылыққа өттік. Нью-Йорк негізінен: 1.Манхэттен (1 млн. адам), 2.Бруклин (2,5 млн. адам), 3.Гувейн (1,5 млн. адам), 4.Стейтен айленд (750 мың адам), 5.Бронкс   (құрылық бөлігі, 1,5 млн. адам) – деген бес қанатты қаладан тұрады екен.

 

Филадельфиядағы Бенджамин Франклин орталығы.

 Бұлар XIX ғасырдың аяғында бас құраған. Манхэттенді осыдан 10-12 мың жыл бұрын үндістер мекендеген. Ол кезде Аляска мойнағы Америка құрылығымен тұтасып жатқан. Тегі түркі үндістер (олар өздерін бұлай атағанды жақтырмайды) өздерін «ежелгі» немесе «тұрғылықты американдықтар» деп атағанды ұнатады. Бірінші француздық Джовани Каватини атты түбі итальяндық келіп ен салған. Ақ нәсілділер алғаш рет 1624  жылы қазіргі «Аспандатқан ғимараттар» тұрған мүйіске тұмсық тірепті. Голландтар ақсары болғандықтан да оларды «Құдайдың сүйіктілері» деп атапты. Амстредамнан келген 30 отбасы өздерімен бірге сиырын, тауығын қоса алып келіп, тұрақты түрде ірге теуіпті. Олардың алғашқы қонысы ат арқандайтындай ғана аумақ алыпты. Үндістердің аңғалдығы мен осал тұсын тапқан Питер «от су» мен кәкір-шүкірге (әлеміш-жәлемішке) Манхеэттенді айырбастапты. Ол тауардың құны 24 доллар екен. Сөйтіп, іргесін кеңейтіп, Генри Хатсон – Гудзон атты «ақ мырза» өзенді көмейлете кемемен өрлеп, үндістерді «от сумен» сусындата отырып, жерін кеңейтіпті. Өзен де сол Хатсонның атымен аталды. Бұл дегеніңіз – орманға ие болу еді. 1664 жылы тамызда ағылшын Иорк герцогы  әскермен сау ете қалады да, «Амстредамды» – Нью-Йорк, яғни, Жаңа Йорк деп атайды. Голландықтарды еске түсіретін жер, өзен, қала аттарының бәрін де өзгертеді.

Отарлаушылардың ең бірінші қолға алатын шаруасы: әуелі жердің атын ұмыттырады. Біздегі Петропавл, Павлодар соның сарқыты. Бродвей – ең ұзын даңғыл, 30 шақырым. Сол даңғылды (авенью) қиып өткен жолды – рет санымен қойылған көше, стрит – деп атайды. Нью-Йоркті сыртқары жұрт «Хамелеон қала» – «Сатымсақ немесе сайқал қала» деп атайды екен. Мұның «әлем-жәлем», «құбылмалы», «көзбояушы», «арбаушы» деген мағынасы бар. Қайсысы көңіліңізге қонса, соны малдануыңызға болады. Мен: әлемнің мұқым қаржысы мен алтын қоры осында қордаланғанына және биржа арқылы күніне миллиардтаған долларды арлы-берлі қақпақылдай қағыстыратынына қарап, оны – «сатымсақ», ал аспан тіреген ғимараттары мен жарнамаларының көз жауын алатынына қарап «көзбояушы, арбаушы» – деген атқа тоқтар едім. Таңданбасыңа қоймайды. Сондықтан да «Таңғажайып шаһар» десе де жарасады. Сондай-ақ, осыдан жарты ғасыр бұрын «Тастағы дастан» деп атаған Мұхтар Әуезовтың теңеуінен асырып көңілге қонымды ат қою тағы қиын.

Джовани де Резаноның көпірі арқылы Стейтэнд айлендті – шағын аралды жарып өтіп, ескі айлақтағы көне көпір арқылы құрылықтағы Нью-Джерси штатының бұшпағын бастық. Филадельфия мен Нью-Джерсидің арасында Пенсильвани штатының бүйірін шымшып өттік. Бәрін қосып  Делавер ойпаты десе де болады. Мен көзімді жолдың екі шетінен алмадым. Мұхитқа қарай ойыс атырауды көлденең кесіп өткендіктен де, жер ойлы-қырлы, ұсақ төбелер мен алаңқайлы, саздауытты, шымды болып көрінді. Ал екі жақта –  қалың бұталы қарағаш, ішінара қайың мен жөке, шырша, қант үйеңкесі, құрақ пен бидайық, бетеге тектес қау өседі екен. Үлкенді-кішілі өзеншелерді кесіп өттік (Кеме жүзбейтін өзендерді бұлар «өзенше» дейді екен). Аспан ашық. Ресейдің  орманды аспаны сияқты адамның мысын баспайды. Еңсеңді көкке көтере желпиді. Соның барлығы, яғни, ойлы-қырлы өзектер түк білінбейді. Өйткені мұндағы жол – жол емес, тақтай. Бұрмасы аз, ойпаңы тегістелген, көпірден-көпірге жалғасып отырады. Нэллидің айтуынша, бұл орманда ағаштың 126 түрі бар, олар бояулы кілем сияқты, бір алаңқайдың өзінен жылдың төрт мезгілінің бояуын қатар көреді екенсің. Сондықтан да Американы «бояулар гаммасы» деп атайды екен.

Біздің жолымыз қыс күніне түссе де, әлі де Арқадағы қазан айының аяғы – қоңыр күз сияқты көрінді. Мамыражай табиғат. Байқағаным, жердің беті қоңырқай, сары құмтопырақ, асты жалпақ көктасты болып келетін сияқты. Бір, екі, ішінара үш қабатты үйлер үзілмеді. Айналасы сондай күтімді, көкмайса мен шым. Таза. Әр тұста құрылыс жүріп жатыр. Мен: шашылған ағаш, үйілген топырақ пен құм, қатып қалған лай мен цемент, төңкерулі лай астаулар мен қаңтарулы техникалар қашан көзіме түседі деп күтіп ем, кезікпеді. Тіпті, үлкен күре жолдардың қорыс-қопасын шығарған бульдозердің ізі өшіп болмай, екінші бір жүк машинасы құм мен бетон төгіп, үшіншісі тегістеп үлгереді. Соған ілесе қарамай қоспасы төгіліп, жаныштап, тегістеп жатқаны. Мұны, уақытша тізе жазып, бел босату үшін тоқтаған Моли Питчер атындағы бекетке аялдаған 20-25 минуттың ішінде байқадым. Бекеттің неге бұлай аталғанын сұрағанымда Нэлли:

– «Ешкім де ұмытылмайды, еш нәрсе естен шықпайды» – деген тіркес Америка үшін – заң. Вьетнамда қаза тапқан  56 167 жауынгерлердің аты қашалған ескерткіш барлық штатта бар. Ал мына Моли Питчер – азаматтық-азаттық соғыс кезінде жаралыларды тасыған. Соның құрметіне бекеттің аты берілген, – деді – Америкалықтар ардагерлердің есімін кез келген орайы түскен жерге қоя береді. Олар үшін іскерлікке тартылған істің оң-терісі жоқ.

Қасымдағы жеңіл ауызды келіншек: «Когда везет – петух несет» – деп қалды. Әрине, орынсыз қыстырма. Әтеш – жұмыртқаламаса да, жұмыртқа таптыратыны есіне түсті ме, жым бола қалды. Нэлли де: «Әтеші келіспеген тауық та жұмыртқалап жарытпайды» – деп үлгерді.

Екі келіншектің бұл ырғасуы Мәскеу мен Петербургтің  келіншектерінің әйгілі ырғасуын еске түсірді. Шынында да ана келіншек – мәскеулік болып шықты. «Күндес – Америкада да күндес екен-ау!» – дедім. Әрине, ішімнен. Осы «қақтығыстан» соң әңгіме жолдың жағдайына ауысты. Не өрі, не еңісі білінбеген жер бедеріне таңырқасып ек, Нэлли басын бір изеп қойып, мән-жайды түсіндірді. Әуелі көлік ішінде: ауызды шылпылдатып тамақ жеуге, кофе, шәй ішуге, қарқылдап күлуге, дабырлап сөйлеуге, қақырынып-түкіруге тыйым салды. Америкада көлікте олай істеуге рұқсат жоқ. Жүргізушіге бөгет жасайды-мыс. Саяхатшылардың біреуінің аллергиясы болуы мүмкін. Әсіресе, доңыз етінен жасалған тағамға. Нағында солай ма, жоқ, сол доңыздың етінен сескенетін жойыттардың ырқы ма, кім білсін, бізге ыңғайсыз соқпады, енді жол мәселесіне көшейік...

Бізге жердің ойлы-қырлы екенін байқатпаған, тығырыққа түсірмеген жол №95 даңғыл немесе «өмір жолы» екен. Шығыстан – Батысқа, Оңтүстіктен – Солтүстікке қасқая тартқан №95 жол Американың 50 штатын бір-бірімен төте жалғайды екен. Бұған түскен көлікте тоқтау болмақ емес. Кез-келген жерде даңғылдан шығып, штат, қала, аралық жолға түсуіңе мүмкіндік бар. Американы алға сүйреген де, отызыншы жылдардағы «ұлы депрессиядан» алып шыққан да, екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткізген де осы, Американың 32-президенті Рузвельт салдырған №95 күре жол екен! Осы жол салынысымен Америка дүние жүзіне жалын күдірейтіп шыға келіпті. Жолға бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде президент Вильсон да назар аударыпты. Бірақ «ұлы депрессия» қарсаңында тұйыққа тіреліпті. Содан, Американың биржасы құлаған соң зат пен ақша құнсызданып, мектепте оқығанымыз шындық екен, ел жаппай ашаршылыққа ұшырап жатқанда, фермерлер бидай мен нанды теңізге төгіпті. Капитализмнің заңы солай. Құнсыз затты тегін бергеннен гөрі, тегін теңізге төккен пайдалы. Түбі, биыл болмаса, келесі жылы бағасы өседі. Базар бағасы дегеніміз сол әне. Ал жұмыссыздық – аштықпен тең. Американы – атом қаруымен қорқыта алмайсың, қорқытсаң – жалғыз-ақ нәрсемен, жұмыссыздықпен қорқытасың!

Сондай жұмыссыздық жайлаған тұста белінен төмен сал боп қалған мүгедек Рузвельт №32 президент болып сайланады. Сол мүгедек Президент АҚШ-тың бүгіліп қалған тізесін көтеріп, белін жазып, кеудесін тіктепті. Қатты тиген суықтан соң салдыққа ұшыраған азаматқа дәрігер: «Енді сіз мүгедексіз. Іске жарамайсыз» – дегенде: «Сал болсам да салынды болмаймын. Американың бір керегіне жараймын», – деп қасарысып ақыры президенттікке түскен. Арғы атасы – Америкаға келген алғашқы қоныс аударушы, қайын атасы – ел тізгінін ұстаған қаракөктің тұқымы. Рузвельттің әйелі – өзімен немерелес әрі нағашы-жиендігі бар Элеанора ханымның бұл науқандағы үлесі ерекше болған-мыс. Әрі президенттің жетістігі де Элеанораның ресми кеңесшілігіне тікелей қатысты деседі. Бұл ханымды, шын мағынасындағы ханымды осы күнге дейін Американың №1 әйелі, тіпті әлемнің №1 әйелі ретінде танып, аңыз ете мадақтайды. №95 жол – «өмір жолы», «Рузвельт жолы» атанады. Оның басты себебі: біріншіден, сол жолды салуға орасан көп жұмыс қолы тартылады. Олар айлық алады. Айлық алған соң –  салық төлейді.  Салық төлеген соң – қаржы жиналады. Сол қаржыны Рузвельт, екіншіден, жұмыссыздарға жәрдемақы, үшіншіден, егде тартқандарға зейнетақы төлеуге жұмсайды. Сөйтіп, 39 жаста таққа отырған Рузвельт бүкіл Американың тамырына қан жүгіртеді. Жол арқылы штаттардың арасында байланыс орнайды, бекеттер мен аспұзылдар салынады, оған әйелдер мен жас балалар жұмысқа орналасады, қосымша табыс табады. Өнеркәсіп бел көтереді. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында қару-жарақ, киім-кешек, азық-түлік шығарып, бүкіл Еуропаны қамдауға көшеді. Атом бомбасын игеруге қаржы табады. 3-рет президенттікке сайланып,  Американы соғыстан аман-есен алып шығады. Төртінші рет сайланып, жеңіс дәмін татар кезінде Американы 12 жыл, 3 ай, 2 күн басқарып, ақыры миына қан құйылып дүниеден озады. Қабірі – Хатсон (Гудзон) жазығындағы атамекенінде. Мұражайы да бар. Өзінің өсиетімен сонда жерленген. Егер ол тірі болса – Хиросима мен Нагасакидегі атом бомбасын жарғызбас еді-мыс. Кім біледі? Бірақ, өз басым бұл сөзге әбден сенемін. Бір кезде оқуға тиым салынған, сонау елуінші жылдары орысшаға тек сенімді қызмет адамдарына арналып шығарылған «Оның көзімен» атты Рузвельттің ұлының естелігін оқып едім (Ол кітап әлі де сақтаулы). Сондағы уәжге қарағанда: вице-президент, бухгалтер есепті тақуа Трумен әлем алдында өзінің беделін асыру үшін сондай қастаншықпағыр әрекетке барды – деген пікірі шындыққа жақын сияқты әсер қалдырып еді. Бұл - №95  жол – «өмір жолы», «Рузвельт жолы» Эйзенхауердің тұсында аяқталды.

Міне, Рузвельттің сол жақсылығын енді біз де көріп келеміз. Шіркін, өз елімнің  №95 күре жолы қашан салынар екен. «Ақ жол», «Нұрлы жол», «Сара жол» деген аттандау мен жасасындатудан кенде емеспіз. Таскескен мен Үржардың арасындағы 90 шақырымға 4 сағат жүргенім есіме оралды. Мәселен, Құрдымнан – Ақкөлге дейін жүз шақырым, Ақкөлден – Торғайға  дейін жүз алу шақырым, Торғайдан – Арқалыққа дейін бес жүз шақырым, Арқалықтан – Астанаға дейін бес жүз шақырым. Бір тәулікте әзер жетесің. Ал, Жүрсіннің айтуынша, өкпе тұстан жүрсе 300 шақырым болатын Қызылордаға: Байқоңырдан – Қарсақпайға – 100, Қарсақпайдан – Ұлытауға 200, Ұлытаудан – Жезқазғанға –150, Жезқазғаннан – Қарағандыға  – 500 шақырым, одан – Шуға, Шудан – Тараз – Шымкент – Түркістан – Қызылордаға дейін 3 000 шақырымнан астам жерді айналып баратын жолды көңілмен шолып шыққанның өзінде дем бітіп, қалам да шалдығып қалды. Қашан, қашан, қашан... жолымыз түзелер екен. Бұрынғы қазақтар бұл араға, Қарсақпайдан – Сырға сағатына 15 шақырым алатын атпен ара қонып жеткен. Ал біз сағатына 150 шақырым жылдамдықпен жүйткитін жансыз көлікпен екі-үш қонып жетеміз! Сен бүйтіп титықтап жүргенде бүйіріңнен ғарышқа зымырандар ұшып жатады. Олардың улы ауасын жұтып, гептилін жамылып біз жүрміз. «Аспаннан шұға жауса – құлға ұлтарақ бұйырмайды» – деген сол, әне. Кезінде Уркварт, кейін Қаныш темір жолдың табанын төсеткен 300 шақырым жол – қазір оппаға айналған. Шіркін...

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420