ҚМДБ: Имам-молдалардың қызметтік этикасы қабылданды
Алматыда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінде дін қызметкерлерінің этикасы қабылданды.
Діни басқарма тарихында тұңғыш рет қабылданған құжатта мынадай мәселелер қамтылған:
- имамдардың заманауи ақпарат құралдарын, ғаламтор, байланыс құралдарын жете меңгеруі, шешендік өнер, сөйлеу әдебін игеруі;
- мешітке келушілерге көркем мінез көрсетуі, олардың өтініштері бойынша қажетті шараларды жүзеге асыруы;
- жұмыс уақытын тиімді пайдалануы, жоғары кәсіби жұмыс үшін барлық күш-жігерін жұмсап, белсенді болуы, қойылған міндеттерді шешудің оңтайлы да тиімді әдістерін қолдануы;
- өзін жан-жақты дамытуы, қосымша ілім алуы, дүниелік ілімдерді меңгеруі, үгіт-насихат жұмыстарында уағызды Қазақстан тарихымен, салт-дәстүрмен, әдеп-ғұрыппен, би-шешендердің қанатты сөздерімен, мақал-мәтелдермен ұштастырып, қазақ халқының ұлы тұлғаларының (әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Жүсіп Баласағұни, Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, т.б.) өсиетті өлеңдері мен ғибратты әңгімелерімен көркемдеп айтуы;
- ұжымда іскерлік танытып, қызметкерлер арасындағы ынтымақ, бауырмалдық құндылықтарды арттыруға ықпал етуі, олардың отбасы, әлеуметтік жағдайына мән беруі, ұжымда кез-келген мәселе көрініс берген жағдайда дер кезінде орынды, оңтайлы шешім қабылдауы;
- отбасына мұсылмандық тәрбие беруі, олардың киім кию әдебіне, зайырлы білім алуына көңіл бөлуі;
- көршілермен, туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болуы, оларға әрдайым құрмет көрсетуі, қайғысы мен қуанышына үнемі ортақтасып отыруы;
- қоғамға отбасымен үлгі бола білуі;
- жақсы істерге, қайырымдылық шараларға әрдайым өзі бастамашыл болуы, қоғамды ізгілікке бастауы;
- қоғамдық іс-шараларға қатысып, белсенділік танытуы керек.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз хатшысы