Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 3183 0 пікір 17 Мамыр, 2010 сағат 03:53

Әбіш Кекілбаев. Тіл және Тәуелсіздік (Жалғасы)

Әлімжеттік пен әділет

Африка жағалауларына Еуропа теңізшілерінің көзі орта ғасырларда түсіпті. Индияға жаңа жол іздегендер "қара құрлықты" айналып өтіп баруға тырысыпты. Сондай сапарларында тоқтайтын аймақтарына мықты бекіністер орнатып та көрді. Оның үстіне, Жаңа Дүниенің ашылуы құл саудалайтындарды да солай қарай ағылтты. Бірақ, бұның бәрінен сескене қойған африкалықтар болған жоқ. Басқа құрлықтан келген бейтаныс жолаушыларға сұрағандарын тауып беріп, өздеріне зәру бұйымдарға қарық болғандарына мәз-мәйрам болып жүрді. Оның үстіне алыс елдермен қарым-қатынас өзді-өзді қырқысып қырғиқабақ отырған жергілікті билеушілердің беделін жұрт алдында көтеріп тастайтындай көрінді. Өйткені, олар өздеріне төнетін қауіпті өзге құрлықтан емес, өздеріндей көрші тайпалардан күтті. Қайта алыстағы бейтаныс елдермен де қарым-қатынастары барлығын мақтаныш тұтты. Сол арқылы өз бәсекелестеріне қыр көрсетіп қалғылары келді.

Әлімжеттік пен әділет

Африка жағалауларына Еуропа теңізшілерінің көзі орта ғасырларда түсіпті. Индияға жаңа жол іздегендер "қара құрлықты" айналып өтіп баруға тырысыпты. Сондай сапарларында тоқтайтын аймақтарына мықты бекіністер орнатып та көрді. Оның үстіне, Жаңа Дүниенің ашылуы құл саудалайтындарды да солай қарай ағылтты. Бірақ, бұның бәрінен сескене қойған африкалықтар болған жоқ. Басқа құрлықтан келген бейтаныс жолаушыларға сұрағандарын тауып беріп, өздеріне зәру бұйымдарға қарық болғандарына мәз-мәйрам болып жүрді. Оның үстіне алыс елдермен қарым-қатынас өзді-өзді қырқысып қырғиқабақ отырған жергілікті билеушілердің беделін жұрт алдында көтеріп тастайтындай көрінді. Өйткені, олар өздеріне төнетін қауіпті өзге құрлықтан емес, өздеріндей көрші тайпалардан күтті. Қайта алыстағы бейтаныс елдермен де қарым-қатынастары барлығын мақтаныш тұтты. Сол арқылы өз бәсекелестеріне қыр көрсетіп қалғылары келді.
Алайда, мұндай ашық ауыздықтың ақыры орға жықпай қоймады. Шетелдіктер Африканы қай құрлықтан да тезірек басып алды. Оған мынау дәлел бола алады: 1880 жылы Африка аумағының 80 пайызын жергілікті билеушілер басқарып отырды. Олардың біреулері патша, біреулері тайпа басшысы, ал біреулері қарапайым ғана рубасы деп аталды. 1914 жылы Эфиопия мен Либериядан басқалары Еуропа отаршыларының қол астына өтті. Ескеретін бір нәрсе: бұған Африка басшылары түгел дерлік жан-тәндерімен қарсы шықты. Өз егемендіктері мен тәуелсіздіктерін тездетіп қайтарып алу жолында, неден де болса, тайынбайтындарына қатты сенді.
1883 жылы француздар қазіргі Сенегалдың жерінде темір жол салғылары келді. Рұқсат сұрай барғанда, оларға сұлтан Кайора Лат Диор: "Бұл жолдың құрылысына көзімнің тірісінде қолымнан келетіннің бәрін істеп, қарсыласып бағатыныма еш күмәнданбауыңызға болады. Егер мен жоқ болсам, мініп жүрген атым Маклав та үзілді-кесілді "жоқ" деп кісінеп, басын шайқайды", - деп жауап береді.
Қазіргі Танзанияның сол кездегі королі Мачемба немістердің әскери басшысы Герман фон Виссерманға: "Әңгімеңізді ынты-шынтыммен тыңдадым, бірақ менің еш түсінбегенім - мен неге сізге бағынуға тиістімін... Сіз өз жеріңізде, мен өз елімде билікшіміз. Бірақ, мен сізге бағын деп талап қоя алмаймын ғой. Өйткені, сіз азат адамсыз... Мен де азат адаммын.
Ал маған күш көрсеткіңіз келсе, мені басып алып көріңіз", - дейді. Ойланып көріңізші, бұл екі мәжілістестің қайсысын "тағы тайпаның" көсемі, қайсысын "бір ұлт - бір мемлекет" дейтін қисынды алдымен шығарған либерал И.Г.Гардердің отандасы деуге болады?
Мозамбик көсемі Макомбе Ханга 1895 жылы өзіне келген елшіні: "Менің елім де өзгерістерге іңкәр... Мен де біздің елде жақсы жолдар мен темір жолдар болғанын жақсы көремін. Бірақ, бабаларым қандай болса, мен де сондай Макомбе болып қалғым келеді", - дейді.
Олай дейтіні: 1880 жылы планетадағы 952 миллион адамның 630 миллионы (62,2%) Азияда, 200 миллионы (21%) Еуропада, 90 миллионы (9,4%) Африкада, 30 миллионы (3,2%) Америкада, 2 миллионы (0,2%) Австралия мен Океанияда қоныстанатын. Жер бетіндегі халықтың 3 пайызы ғана қалаларда тұратын. Даму деңгейлері де бір-бірінен атшаптырым алшақ еді. Австралия мен Океанияда тас дәуірі әлі тұяқ серпе қойған жоқ еді. Африка елдерінің кейбірі тас дәуірінде, кейбірі дайын ырзық айырудан өндірмелі шаруашылыққа енді қадам басып, кейбірі өркениеттің әрқилы деңгейінде жүр еді. Солтүстік Америкада плантаторлық пен ерте капитализм, ал Оңтүстік Америкада плантаторлық құлдық пен феодалдық басыбайлылық қатар дәуірлеп тұрған-ды. Азияда тас дәуірінен ерте капитализмге дейінгі барлық үрдістің бәрі де табылатын. Мұндай жағдайда өнеркәсіп төңкерісін жүзеге асырған Еуропа ешкімнің де әй-шәйіне қарамайтындай күйде еді.
Сондықтан да, олар 1880 жылы әлемдегі өнеркәсіптік төңкерістің жемісін жеп, жағалаулармен шектелетін бумен жүретін кемелермен қоса, бұрын иен жатқан жаңа қүрлықтардың іштеріне дендеп кіретін темір жолдар салып, телеграф орнатты. Бірақ оны бодандарының қамын ойлап емес, жат аймақтағы өз отандастарының жағдайын жасау үшін істеді. Үйреншікті сауданы місе тұтпай, басқа елдердегі саяси билікті де өз қолдарына алып алуға сұғына кірісті. Ал бұл саясат тілінде империализм деп аталды. Өз аумағыңыздан тысқары аумаққа да өз билігіңізді жүргізу деген сөз. Мұндай жағдайда африкалықтардың әлгі жауаптары оларға Шекспирдің әлі көп нәрсеге түсіне қоймаған Калибанының қиқаңдағанындай желбастық көрінуі әбден мүмкін еді. Шынында, еуропалықтарға африкалықтардың әлгіндей қиқарлықтары - нағыз іздегенге сұраған еді.
Мұндай қолайсыздыққа болашақта да жолықпау үшін онсыз да өзара ырылдасып отырған жергілікті билікшілерді бір-бірімен одан әрі атыстырып-шабыстырып, шекараларын қайта белгілеп, аумақтарын ию-қию шатыстырып, халықтарын қойыртпақ қылып араластырып жіберді. Өйткені, ол кезде Африка мемлекеттерінің көпшілігі жаңа-жаңа қалыптасып жатқан еді. Ойда жоқта аса қуатты бөгде мемлекеттердің баса-көктеп кіріп келуі ол үдерістерді дағдартып тастады. Онымен де қоймай, басқыншылар көп ұзамай жаңа басталып жатқан өзгерістердің тізгінін өз қолдарына алып алды. Бұрын жинақы отырған, бір тілде сөйлеген тайпаларды қырық бөліп, әлденеше тілде сөйлетіп, қайтадан ұжымдастырылған әр текті жаңа тайпаның адамдары бірін-бірі түсінбей қаралай пұшайман болады. Сөйтіп, олар көмекті бір-бірінен іздемей, отаршылдардың өздеріне жүгінуге мәжбүр етілді.
Солай құралған тайпалық мемлекеттер әр басқыншы елдің қарауына таратылып, бұрын да болмаған жалпы африкалық бірлік одан әрмен жоғалып кетті. Сөйтіп, бұған дейін жүргізіліп келген жергілікті этностық, лингвистикалық, саяси ұжымдасудың нәтижелері бір күнде көкке ұшты. Әр тайпаның тарихи тұтастығы түгілі бүкіл Африканың тарихи қалыптасқан келбеті аяқ астынан қайтадан ала-құлаланып шыға келді. Оңтүстік Американы жаппай будандастырып, Солтүстік Американы жаппай резервациялап жаңалық ашқан еуропалық отаршылдық Африкада тайпаларды қалағандарынша ханталапайға салып, ию-қию бытыстырып, тағы бір тапқырлық танытты.
Бұл әдістердің түрлері алуан-алуан болғанымен, көздеген мақсаты бір еді. Өздерінің тарихи қалыптасқан этностық тұтастығынан айырып, бірін-біріне жатсындырып, айдаладан келген басқыншыларға өз еріктерімен бойұсынтып, тездетіп өзді-өздерін жатбауыр қылып, өзара жауықтыртып жіберу еді. Мұндай алауыз елдердегі ахуалды көз жазбай қадағалап, міз бақтырмай бағындырып, өз уысынан шығармай ұстап отыру қиын емес еді.
Аққаптал Еуропа бұл мақсатынан Азияны жаулап алғанда да айныған жоқ. Бірақ, Азия мемлекеттерінің көпшілігі Еуропа мемлекеттерінен бұрын пайда болған еді. Сондықтан онда әлгіндей ала бүлік саясатын Оңтүстік Америка мен Африкадағыдай басқа-көзге қарамай, төпелеп, ашық істемей, көлегейлеп, көлкештеп істеуге тура келді.
Өйткені, ұлы географиялық жаңалықтар дәуіріне дейін батыс-шығыс қатынастарына батыстан гөрі шығыс көбірек мән беріп еді. Арабтар Иберия түбегіне дейін, парсылар Жерорта теңізі аумағына ықпал ете алды. Қытай теңізшісі Чжан Хэ Мин әулеті (1368-1644) билеген дәуірде он жылдап мұхит шарлап Персияға, Арабияға, Африканың шығыс жағалауларына барып қайтыпты. (Энциклопедия Нового Китая. М., 1989, 49-бет). Ежелгі Қытай теңізшілері Америка жағалауларын да көріпті дейтін дерек бар. Бірақ, мұның бәрі біреу біліп, біреу білмейтін эпизодтар еді. Планетаны тұтас бір дене ретінде қарастыруға тек аталмыш кезеңде ғана мүмкіндік туған түрі бар. Х.Колумб пен Ф.Магеллан бастап берген жер шарын шыр айнала жүзуді Дж.Кук, Ж.Ф.Лаперуздер жалғастырды. Еуропалықтар Американы ашып, Солтүстік Африка мен Таяу Шығысқа аяқ басқан соң Қытайға, Жапонияға, Кореяға жетіп алуға ұмтылды.
Бірақ, Азияны отарлау Америка мен Африканы отарлаудан гөрі әлдеқайда ұзаққа созылды. Оның әр бөлігіне әртүрлі тәсіл қолданылды. Мәселен, Ресей Еділ бойы мен Орал таулары халықтарын шығыс феодалдарының алауыздығын пайдаланып, оларды бір-біріне айдап салып, біреуін жақтаған болып, қарулы күшпен басып кіріп, мойынұсындырды. Ал Оралдың шығысындағы халықтарды әуелі дипломатиялық айлакерлікпен иліктіруге күш салынды. Екі менталитеттің айырмашылықтарын пайдалана отырып, терминологиялық жаңсақтықтар туғызылды. Шығыстанушы Н.И.Веселовскийдің айтуынша, Азия халықтарында әлеуетті әміршілерге өз еркімен мойынұсынып барып, тарту-таралғы алатын әдет бар еді. Ол - шындығына келгенде, көңілдің дұрыстығын білдіруден басқа пәлендей міндеттеме жүктемейтін. Асып кетсе, одақтастық мезірет жасалатын. Көбіне-көп отырықшы Қытай көшпенді көршілерімен осындай дипломатиялық алыс-берістің арқасында іргесін тыныш ұстауды әдетке айналдырды. Соған дәндеген кейбір халықтар батыс көршілерімен қарым-қатынаста да әлгіндей үрдіске жүгінді. Ал еуропалықтар ондайдан атымен бейхабар еді. Олардың түсінігінше, бодандық - бағыныштылық, мойынұсынушылық еді. Сондықтан олар ондай ыңғай байқатқандарды дереу өздеріне жүгіндіріп, кіріптар етуге тырысты. ("Журнал народного просвещения". 1884 г. ССХХХІІІ, отд.2. 138, 255-256-беттер). Ресейге осындай ыңғайды алдымен байқатқан Сібір хандығы болды. Оның неге ұрындыратынын кейін аңғарып, іргесіндегі Орал тауларына келіп, өндіріс аша бастаған Строгановтарға ұрынған Көшім ханды патша өкіметі тұрақты әскерді емес, әуелі Кавказбен екі арадағы далаларды өз еріктерімен жаулап алып, өз беттерімен шаруашылық құрып дәндеген, крепостнойлыққа мойынұсынбай, аламандықпен күн көрген қазақтарды пайдаланып ауыздықтады.
Сібір хандығын жаулаудағы жақсы көзге түскен қарулы шаруалардың өз еркімен шығысқа қарай ауа көшуін патша өкіметі одан әрі қаузай түсті. Сібір халықтары осы әдіспен бағындырылды. Ермак жорығынан кейін казактар айналасы 55 жылдың ішінде Охот теңізіне жетті. Орыс бодандығына көнгісі келмеген ненец-юрактар, чукчалар мен коряктар болды. Сібір тарихшысы Миллер мұны олардың "жабайылығынан" көріп, Байкал маңы халықтарын жаулап алуға көмектесіп, екі жарым ғасыр бойына бұл аймақта үстемдік жүргізген Гантимуровтар әулетін мақтайды. Амур бойы халықтарын бағындыруда В.Д.Поярков (1645-1646), Е.П.Хабаров (1649-1653) басқарған қарулы топтар адам көрмеген қатыгездіктерге барғандығы сонша, Сібір әкімшілігі оларға бұл аймақтарға қайта келуге тыйым салуға мәжбүр болды ("Вопросы истории" №2, 2001, 159-бет). Тарихшы М.К.Любавскийдің пайымдауынша, орыстардың XVII-XX ғасырлардағы өз еріктерімен шығысқа жылжуы қосақтас екі бағытта өрістеген сыңайлы. Шығыс Еуропа жазығының солтүстік бөлігінен шыққандар, негізінен, теріскей Сібір жазираларына, ал оңтүстік бөлігінен шыққандар күнгей Сібір мен Қиыр Шығысқа жетіп қоныс теуіпті ("Вопросы истории" №3, 1998 г., 166-бет). Бұл екі аймақ бұрын терімшілікпен шұғылданған теріскей славяндары мен егіншілікпен айналысқан күнгей славяндарына жаңа мекендерінде атакәсіптерімен шұғылдануға аса ыңғайлы еді. Оның үстіне, өздері де ұзақ уақытқа дейін мәжуси болған орыстарға әлі сол үрдісте жүрген Сібір халықтарын өз дәбіне, өз дініне кіргізу онша қиынға түспеді.
Ал Азияның шөл және шөлейт аймақтарына орыс шаруалары өйтіп жан ұшыра қоймады. Оған Тәуекел ханның елшіліктері дәлел бола алады. Орта Азия хандықтары мен қалмақтарға қарсы күресте орыстан қару алуды көздеген хан патша аманатында отырған туысқаны Оразмұхамедті босатуды сылтауратып, Құлмұханбет деген елшісін 1594 жылы Мәскеуге жұмсап, "Ресей протекциясын" сұрайды. 1559 жылы патша Құлмұханбетке ертіп, Вельямин Степанов деген елшісін жіберіп, Ұлытауда отырған Тәуекел ханға арнайы грамота тапсырады. Тәуекел інісі Оразмұхамедтің орнына бір ұлын, В.Степановқа ертіп, Құлмұханбетті тағы да Мәскеуге аттандырады (В.В.Васин. Россия и Казахские ханства в XVІ-XVIII в.в., 1971 г., 94-бет). Осылай қызу басталған дипломатиялық байланыстың көп ұзамай ізі суып қалады. Араға 128 жыл салып, сол байланыстарды тірілтпек болған Тәуке ханның әлденеше рет жіберген елшілігі де еш нәтиже бермеді. Оған ілесе Қайып пен Әбілқайырдың бірнеше елшіліктері де құр қол қайтты. Тек Әбілқайырдың 1731 жылғы елшілігі Ресей үшін нағыз іздегенге сұраған болды. Бұл жолы қазақтар бір кездегі Сібір хандығының кебін киді. Өйткені, бұл жолы Ресей аттары жер жара бастаған Жаркент пен Хиуа алтынына жетер амал іздеп, алақандары қышып отыр еді. Оның үстіне, Еуропа экономикасын билеп алған капитализм өз ен-таңбасын Ресей экономикасына да сала бастаған-ды.

<!--pagebreak-->
Капитализмге аяқ басқан Ресей де өзге еуропалықтар сияқты шығыс базары мен шығыс ресурстарына қол созбай тұра алмады. Енді халықтық миграциялардың бетпердесін жамылған қарулы рейдтерден тыйылып, ашық экспансияға жүгіне бастады. Өйткені, шығысқа қарай аранын ашқан жалғыз Ресей емес еді. Патша өкіметі шығыс жорықтарына өткендегі өкініштерін желеу етті. Сібірдегі Ермактың "ерлігін" Орта Азия хандықтарына да істеуге құмартқандар аз болмаған-ды. 1603 жылдың көктемінде 17 хиуалық көпес Ресейге сапарға шығады. Жолда Жайық казактарына тап болып, қырылып қалады. Тірі қалған екеудің біреуі Үргеніштің, қазір қорғаныссыз тұрғанын, хан мен әскер басқа тарапта жорықта жүргенін айтып қояды. Соны естіген Нечай деген атаман 500 кісі қолмен Үргенішке басып кіреді. Мыңдаған адамдарды қырып, бір мың қыз бен жігітті тұтқын қылып айдап, арба-арба олжа артып, кері қайтады. Араб-Мұхамед хан Үргенішке оралса, әлгі ойранның ізін көріп, соңдарынан қуып жетіп, казактарды қоршап алып, қырып тастайды. Тек төртеуі ғана Жайық бойына аман барып, әлгі хабарды жеткізеді. 1620-1625 жылдары 300 казакпен Хиуаға аттанған атаман Шамай да осындай кепке жолығады. Адасып кетіп, Арал теңізіндегі Құланды түбегіне тап болады. Аштықтан бірін-бірі жей бастайды. Тірі қалғандары Хиуа қолына тұтқынға түседі. Әсіресе, 1717 жылғы Бекович-Черкасский экспедициясының қырылуы патшалық Ресейдің есінен кетпейді. Оның үстіне, олар көптен аңсап келе жатқан Үндістан алтынына Англия бұрын қол созып қойды. Бұл Ресейдің Хиуаға жорығын жеделдетті. Оны ақтау үшін әлгілердің бәрі сылтау етілді. Атырау теңізінде балықшыларымызды ұрлап, Хиуаға сатты, керуендерімізді тонап, саяхатшыларымызды тұтқын етті деп, пәленің бәрін Хиуа әскерінің денін құраған түркімен руларына жапты. Генерал-губернатор К.П.Кауфман 1873 жылы 10 шілдеде жәуміт түркімендерді қырып-талауға бұйрық берді. 1879 жылы полковник Гродеков бас штабтың алдына теке түркімендерді де жаппай қырып-талау жөнінде мәселе қойды. "Түркімендер - жер бетіндегі қара таңба, олардың жер басып жүруіне төзу - адамзатқа ұят. Егер негр сатушылық барлық ұлттар үшін заңға жатпайды деп табылса, түркімендер де тап сондай жағдайда болуы керек", - деп байбалам салды Гродеков.
Сөйте тұра, Ресей әлгі қылықтарын халықтарға азаттық әперушілік, өнер-білім әкелушілік ретінде сипаттады. Өздерін өркениет дүниесін құтқарушылар ретінде марапаттады. Бұл ретте, әсіресе, сол кездегі канцлер князь Горчаков ерекше көзге түсті. Ол ұлы державалардың бәріне нота жолдап, "Түркістан деп аталатын жабайы елге өркениет сіңіріп", "керуен тонаудан гөрі сауда жасаудың тиімді екенін үйретуге" сөз берді ("Прошлое Казахстана", Алма-Ата-Москва, 1936 г. 114-117-беттер). Ал Англия өзінің күнгей Азиядағы саясатын исламды орыс шапқыншылығынан қорғайтын арашашылдық ретінде суреттеп бақты. Әуелі ежелден бергі еларалық сауданы өрістету мақсатындағы Ост-Индия компаниясын Үнді мұхитының жағасына әкеп орнатып, біртіндеп оның ықпалын солтүстікке қарай жая түсті. Олар әуелі жергілікті билікшілер - сұлтан, әмір, науап, мехтар, сардарларға қарыз беріп, ауларына түсірді. Сосын Үндістан аумағын аннексиялай бастады. 1858 жылы Ост-Индия компаниясы таратылып, Үндістан британ империясының құрамдас бөлігіне айналды. Көбіне-көп коллаборационист күштерге иек артылды. Жергілікті байырғы аристократияның ауызын алып, жаңа империялық бюрократияға сіңістірді. Оларға өз дәстүрлерін тездетіп ұмытатындай қылып, ақпа-төкпе артықшылықтары бар еуропалық статустар берілді. Жергілікті князьдар мен брахмандардың балалары үшін ағылшынша колледждер ашылды. Оны бітіргендер Оксфорд, Кембридж, т.б. университтерге оқуға жіберілді. Отаршылдық әкімшілік солардан іріктелді. Ағылшындар бұл үдерістерін Ауғанстан мен Түркістанға да таратуға тырысты.
Мұндай алдап-арбау ішкі алауыздықтан титықтап отырған Алдыңғы Азия елдерінде табысты жүзеге асқанымен, біртұтас аралдық мемлекет болып табылатын Жапонияда жүзеге аспай қойды. Елді екі ғасырдай билеген сегун Токугава әулеті 1639 жылы жапон айлақтарына шетел кемелерін тоқтатпады. Нагасаки тек Қытай кемелері мен голланд кемелері үшін ғана ашық болды. Католик миссионерлері қуылды. Сол арқылы феодалдық үрдісті ұзақ сақтап қалу көзделді. Алайда, мұндай феодалдық деспотияға қарсылық та аз болмады. Токугава әулеті үстемдігі тұсында 1500 көтеріліс шықты. Кейбіреуіне 200 мыңнан астам шаруалар қатысты. Наразылық қоғамның қалған бөліктерінде де қаулай түсті. 1854 жылы Жапония өз айлақтарын ашуға мәжбүр болды. Шетелдік капитал самурайларды буржуазияландыруға тырысты. Сегундар биліктен қуылды. 15 жастағы бала император Мейдзи 1868 жылы жапон буржуазиясының ықпалымен "революция" жасады. Ел капитализм жолына түсті. Ал алып Қытайды жаулап алу еуропалық мемлекеттердің қай-қайсысына да қиынға тиді. Әйтсе де, ол да тәуелсіздігін сақтай алмады.
Сөйтіп, Азия еуропалықтар әбден дәндеген ассимиляция мен аккультурацияға Америка мен Африкадай бірден дес бере қоймады. Осыдан келіп "Батыс пен Шығыс" антиномиясы үрдіске енді. Редьярд Киплингтің: "Батыстың аты - батыс, Шығыстың аты - шығыс, ол екеуі ешқашан бола қоймас туыс" дейтін әйгілі сөзі де осы Азияны отарлау барысында туды. Бұл, бір жағынан, Азияны жаулап алуды ақтау болса, екінші жағынан, оның алдыңғы екі материкті бағындырғандағыдай емес, тым ұзаққа созылып кеткендігінен ақталу еді. Қайткен күнде де, күллі Азияның да еуропалық отаршылдықтың алдында тізе бүккені тарихи ақиқат еді. Әккі отаршылдық Азияны иемдену барысында әрқилы амал-айлаға көбірек жүгінді. Мәселен, орыстар өздерімен тікелей шекаралас аймақтарда байырғыларды аккультурациялаудан да, ассимиляциялаудан да еш шімірікпеді. Ал британ иелігіндегі Индия Ауғанстанмен шектес аймақтарды резервациялауға баса мән берді. Бұл тараптағылар "Жарым патша" атанған К.П.Кауфман: "Православиеліктерді де, мұсылмандарды да Ресейге бірдей пайдалы азаматтар ету саясатын жүргізді. Ол үшін байырғылар қырда мал бақты, ішкі беттен қоныс аударып келгендер құнарлы жерлерде отырықшылықпен шұғылданды. Ол үшін олар өзара араласпады. Бірге көшіп келгендер жұптарын жазбай бірге қоныстанды. 1868 жылы сондай Воронежден бірге көшіп келген 242 отбасы Верныйға кеп орын тепті. Калугадан келгендер ежелгі Мервтен орын тепті. Әуелі осылай сыздықтап басталған ағылу кейін қарқындай түсті. 1896-1916 жылдары тек Ақмола, Семей өңірлеріне қоныстанған орыс шаруаларының саны миллионнан асып түсті (Логинов Г. Россия в Средней Азии. Т.4, 149-бет). 1906-1912 жылдары Столыпин реформасы тұсында Түркістанға 438 мың отбасы көшіп келді. Оларға байырғы халықтың 17,4 млн. десятина жері кесіп берілді. 1911 жылы Жетісуда - 155, Сырдарияда - 108, Ферғанада - 23, Самарқанда 13 орыс поселкесі болды ("Вопросы истории". 1/1998. 44-бет). Кеңес өкіметі орнаған жылдары бұл үдеріс одан әрмен үдей түсті. Түрікбюро мүшесі Г.И.Сафаров Ленинге: "Түркістанда отаршылдықты қалпына келтіру қызу қарқында жүріп жатыр", - деп шағынды. Оның айтуынша, жаңа қоныс аударушыларға жер тартып әперу салдарынан Жетісуда қазақтардың үштен бірі қырылды (Бұл да сонда, 45-бет). Бұдан Ресей отаршылдығының шын келбеті айқын байқалады. Алғашқыда ол алдап-сулауға көп күш салып еді.
Бұл бұрынғы іргелі елдерге уақытша істелген жымысқы саясат еді. Ал шағын және орташа елдерде ондай емес, көнсең де көндіретін, көнбесең де көндіретін латынамерикалық және африкалық тәжірибелер кеңінен пайдаланылды. Бірақ, әркім байқай бермейтіндей қып, көлегейлеп, жымысқылап пайдаланылды. Оның көбісін жуырда ғана өз бастарынан өткізген біздің отандастарымыз айтпасақ та жақсы біледі деп сенеміз. Сөйтіп, отаршылдықтың жаңа түрі - капиталистік империализм дәурендей бастады.
"Ұлы географиялық жаңалықтар" ашу тұсында айналасы 6-7 ел көзге түсті, ал капиталистік империализмге XX ғасыр басында сыртта отарлары бар 15-16 мемлекет атсалысты. Олар: Австро-Венгрия, Бельгия, Британия, Германия, Дания, Испания, Италия, Қытай, Нидерланды, Португалия, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Швеция және Жапония. Бұлардың метрополиялары жер шары аумағының 20 миллион шаршы километрге жуығын немесе 15 пайызын, халқының 825 миллион адамын немесе 50 пайызын қамтыды. Ал отарлары планета аумағының 80 миллион шаршы километрін немесе 60 пайызын, халқының 625 миллионын немесе 38 пайызын иемденді. XIX ғасырдың екінші жартысында бұл елдер басқаларды отарлағандарын місе тұтпай, бір-біріне көз аларта бастады. Әсіресе, планета аумағының - 33, тұрғындарының 35 пайызын иемденіп отырған Қытай, Ресей, Түркияға қатты сұқтанды.
Мұндай жағдайда былайғы халықтардың күйі не болмақ?
Жер шарын ойкуменалау барысында аңшы, терімші, малшы тайпалардың арасында ырзық көзі болып табылатын аумақты көбірек иелену құштарлығын қалыптастырған экспансионизм кешегі "Ұлы географиялық жаңалықтар" заманына қандай мүлтіксіз қызмет етсе, империалистік капитализмге де сондай мүлтіксіз қызмет етті. Бұдан басқа аумақтардың табиғи және моральдық ресурстары қандай керек болса, енді өз бұйымдарын өткізетін базарлары мен сатып алушылары, ресурстық байлықтары мен қаржылары сондай керек болды. Бұрын табиғи байлықтарға қандай көзқарас болғанын жақсы білеміз. Ол империалистік капитализм тұсында өзгерді ме? Жоқ, өзгермеді.
Оған ағылшын заңгері Г.Витонның "Халықаралық құқық негіздері" деген 1936 жылы шыққан кітабында келтірілген мына бір дерек дәлел бола алады. Оның айтуынша, бүкіл еуропалық мемлекеттер X. Колумб ашқан Жаңа Дүние, басқа теңізшілер ашқан Азия мен Африка аумақтарын иемденудің ортақ қағидаларын қалыптастырған. Ал ол қағидалардың тұрғысынан, аталмыш елдер аталмыш аумақтарды, біріншіден, алғашқы ашқандар, екіншіден, алғашқы игергендер (дұрысы: алғаш басып алғандар - Ә.К.), үшіншіден, бұл жерлерді елу жыл бойы бейбіт түрде үздіксіз билеп келе жатқандар ретінде иемденетін болып, өздерінше, мұрттарын балта шаппайтындай қылып, "өркениетшілдік тұрғысынан" "жан-жақты" заңдастырылыпты.
Ал байырғы тұрғындардың құқы әлгі жерлерді жаңадан ашқан христиан халықтарының құқықтарындай емес, қосалқы, "екінші" маңызға ие болғандықтан, мойындалмайды (Азия и Африка, №8-9, 1994, 8-10 беттерін қараңыз - Ә.К.) Осыдан-ақ көрініп тұрғандай, байырғы тұрғындар адам санатына жатқызылмайды. Мемлекеттері мемлекет санатына қосылмайды. Христиандардың мұндай астамшылық көзқарасын XX ғасырдағы екі дүниежүзілік соғыс қатарынан жеңіліс тапқанға дейін ешкім мызғыта алмады. Бүгін де адам құқықтары мен бас бостандықтарының бірден бір жоқшылары болып сөйлейтіндердің кешегі отаршылдық заманындағы шын кейпі - міне, осындай еді.
Бұл ретте жаңа отаршылдық бағзы римдіктердікінен де асыңқырап түсті. Олар кейінгі кезеңдерінде өздеріне бағынған барлық шетаймақ тұрғындарын римдіктерге балай бастаған-ды. Жаңа отаршылдар өздеріне ұқсамайтындардың бәріне өздерінен төмен деп қарап, оларды өзіндік төл сипаттарынан түгелдей бас тартып, өзге болып көрінуге итермелеп бақты. Мәселен, латынамерикалықтардың бәрін басқа халық өкілдерімен будандастырып, атымен басқа ұлт қылып жіберді. Аналарының тілінде сөйлетпей, бәрінің де әкелерінің тілі - испан тілінде сөйлеуін талап етті. Жүздеген тілдер ұмытылып, орнына қолдан жасалған креол тілі пайдаланылды. Айталық, ақын Николас Гильеннің өлеңдері сол креол тілінде жазылған. Егер жоғарыда айтылғандай, конкистадорлар мұндай саясатты Латын Америкасы халықтарына ашықтан ашық жүргізсе, кейінгі отаршылдық әртүрлі амалмен көлегейлеп, қымталап жүргізілді. Ол, әсіресе, отаршылдар ұстанған тіл саясатынан анық байқалады.
Бұл арада осы заманғы этнологияның адамдардың мәдениетін психологиялық бейімделудің (адаптацияның) басты құралы деп санайтынын айта кеткен жөн. Ал тіл сол мәдениет қалыптасуының ең басты алғышарттарының бірі екендігі белгілі. Отаршылдық отарлаушыны да, отарланушыны да жаңа ортаға тап қылатыны сөзсіз. Алайда, осы заманғы империалогия бұл дихотомияда отарлаушыға басым маңыз береді. Д.Фильдхауздың: "Империялық биліктің негізі отаршылдық менталитеттің ұстанымдарына сүйенеді", - деуі де содан. Ал отаршылдық психологияның отарланушы ортаға біржолата бейімделіп, түгелімен "еріп кетуге" құмарта қоймайтыны айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, олар отарланушылардың да отаршылдар мәдениетімен біржолата сіңісіп кеткенін қаламайды. Мәселен, ағылшындар өз бодандарының ағылшынша оқығандарына, ағылшын дәбіне көшкендеріне кекесінмен күле қарайды. Олардың қандай жағдайда да өздерімен тең адам ретінде бағаланғандарын қаламайды. Алайда, ағылшындарға өз иеліктерін басқаруға, ондағы тұрғындардың мәселелерімен шұғылдануға тура келетінін түсінеді. Бірақ, мұнымен тікелей өздері шұғылдануға арланады. Сондықтан да олар бұл үдерістерді ағылшынша оқыған бұратаналардың көмегімен жүзеге асыруға мәжбүр екендіктерін біледі. Бірақ, сөйте тұра бодандарының өздерін өздері ұмытып, атымен ағылшын болып кеткендігін тіпті де қаламайды. Р.Киплингтің "батыс пен шығыстың тіл табысып кетуі" мүмкіндігін атымен жоққа шығаратындығы да сондықтан еді.
Алайда, отаршылдардың көпшілігі бодандарының өз ықпалдарынан тысқары, өздерімен өздері болып қалғанын да ұнатпайды. Тілін, мәдениетін тезірек ұмытып, отарлаушылардың үрдісіне тезірек көшкенін қолай көреді. Сондықтан да, ассимиляция мен аккультурацияға көбірек жүгінеді. Мәселен, Ресей Сенатының хатшысы И.Кириллов 1734 жылғы 1 мамырдағы императрица Аннаға жолдауында Қазақстанды өз құрамына кіргізу арқылы біртіндеп иліктірілетін Орта Азияны "гишпандар мен португалдар" ашқан Америкаға теңейді. Солар сияқты орасан зор байлыққа кенелгелі тұрғанын айтып қуанады. Тек ресейліктердің де "гишпандар мен португалдар" секілді жаңа өлкені көп әскер тартпай, бейбіт түрде иемденіп алуына сәттілік тілейді. Ол үшін аталмыш өлке халықтарын "гишпандар мен португалдар" әдісімен баурап алуға кеңес береді ("Русско-казахское отношения в XVI-XVIII веках", 1961 г., 111-бет). Оның ойынша, бұратана жұрттарды тұйықтап өз маңдарынан шығармаудың жолы - оқу-білім. Бұл - дәмін бір татып алған соң, қыр-соңдарынан қалдырмайтын әзәзіл жем. Кирилловтың ойынша, орыс емес жұрттардың балаларын "өздерінің табиғи тілі" мен орыс тілінде бірдей оқытқан дұрыс. Сонда өз тілдерінің қаншалықты жұтаң, орыс тілінің қаншалықты бай екендігін тезірек ұғады. Оның бұл оптимизмін аталмыш аймақтың алғашқы генерал-губернаторы К.П.Кауфман да қолдады. Сырт көзге байырғы халықтарды орыстандыруға құмар емес сияқты көрінгенмен, олардың мұсылман дүниесінің бөлінбес бір бөлігі болып қалғандарын қаламады. Олардың жаңа жағдайларға бойлары үйренетіндіктеріне, орыстармен тіл табысып, православие әлемімен қоян-қолтық араласып кететіндіктеріне сенді. Индия мен Ауғанстандағы ағылшындарға еліктеп, дәстүрлі билікті, шариғат жолын қаз-қалпында қалдыруға күш салды (Л.Костенко. Средняя Азия и водворения в ней русской государственности, Спб., 1870 г., 30-бет). Сөйте тұра, ірі ру-тайпалар аумағын жаңа әкімшілік аумақтарымен сәйкес келтіруге олардың бұрынғы басшыларын өз орындарында сақтап қалуға ерекше маңыз берді (Бұл да сонда. 87-бет). Сол кездегі Түркістандағы білім беру тәжірибесін көп зерттеген Н.К.Остраумов орыс үкіметінің жергілікті халықтарды өздеріне сіңістіруге, ол үшін орыс-туземдік мектептер ашуға көп күш жұмсалғанын ашып көрсетті ("Личные воспоминания". Ташкент, 1891. 98-111-беттер). Кауфман орыстар мен туземдіктердің бірге оқуы олардың бір-бірімен тез жарасып, көзқарастарының жылдамырақ жымдасып, ұқсас болып кетуіне себепші болады деп санады. Оның орнына келген Розенбах та 1886 жылы орыс мектептерінде православиелік Құдай заңымен бірге Исламды да оқытуға нұсқау берді. Бұл жергілікті халықты ассимиляцияландыруды тездетеді деп ойлады. Алайда, 1903 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, әлгіндей жүздеген туземдік мектептерде бар болғаны 3 мың шәкірт оқыпты. Ал мұсылман мектептерінде 80 мың бала оқыпты. Бұл орыс үкіметіне орыс тілін білетін байырғы жұрт өкілдеріне ақшалай сыйлық беру тәртібін енгізуге мәжбүрледі (Ликошин Н.С. Положение в Туркестане. Пг. 1917 г., 31-бет).
Отаршылдық қандай айла-шарғыға жүгінгенмен, бәрібір байырғы тілдерді құртып, жергілікті халықтарды үстем тілге көшіру жолында жанталасып баққандығы айтпай-ақ көрініп тұр еді. Орта және Алдыңғы Азияны жаулап алуға белсене атсалысқан, генерал әрі белгілі этнограф ғалым А.Е.Снесаревтің аталмыш жағдайды ескере отырып, "Ермак пен Черняевтың арасында ешқандай айырма жоқ" деуі әбден орынды еді.
Алайда, жағдай өзімен есептесуге бәрібір мәжбүр етті. "Біз бұл жерде қайнап жатқан вулканның үстінде отырмыз", - деп жазды жаңа генерал-губернатор С.М.Духовский әйеліне (Духовская В. Туркестанские воспоминания. Спб. 1913 г. 37-бет). Ассимиляциялау алға баспай қойды. Туземдіктерге православиені үйретудің орнына еуропалық ұлтшылдыққа ұқсайтын гуманитаризмді оқытуға тура келді. Алайда, орыс-туземдік мектебі Ресей ұлт саясатындағы тұрақты ұғым болып қалды. Кеңес кезіндегі аралас мектептердің дәурендеуі - соның айқын дәлелі. Ол халықтардың табиғи тілдерінің дамуын қолдан тежеп, ағарту ісін ұлттық дамудан гөрі ұлтсыздандыруға қызмет еткізудің бірден бір тәсілі еді.
Осы заманғы ғылым әдетте адамның өз ана тілінде жақсы ұғып, жақсы сөйлей алатындығын, сондықтан балаларды өз ана тілдерінде оқытқан аса тиімді екендігін дәлелдеп отыр. Сондай-ақ, адамды қай тілде де, қандай ғылымға да, қай нәрсеге де үйретуге болатыны анықталды. Бұл, әсіресе, экономикалық езгіде отырған бодан елдерге, әлі тыңайып болмаған жас тәуелсіздіктерге өте-мөте тиімді екендігі сөзсіз. Алайда, отаршыл социолингвистика бұған кесірін тигізетін әртүрлі кедергілерді қарастырып бағуда.

 

Жалғасы...

0 пікір