Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 14397 0 пікір 12 Қараша, 2014 сағат 03:00

Нұрлы жол – болашаққа бастар жол

Нұрлы жол – болашаққа бастар жол

 

Ел мүддесімен ұштасқан

  

Владислав КОСАРЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Коммунистік халық партиясы фракциясының жетекшісі:

– Маған Президент Жолдауының нақтылы­ғы мен ширақтығы ұнады. Әсіресе, қаржы­лық мәселелерге байланысты нақты тапсырма­лар берілді. Соның ішінде қаражат елдің эконо­­микасы мен халықтың әл-қуатын арттыруға ғана жұмсалуы керектігі дұрыс айтылды. Ал оны шағын топтар өзінің пайдасына бұрғысы келетін болса – ондайлар тиісті жазасын алуы керек, деген Президенттің қатаң талабы да ­ойымнан шықты.

Бізде барлық бағдарламалар әрбір жылға бөлінген және оның жыл сайынғы атқарылатын көлемі мен оған бөлінетін қаражат та нақтыланып отыр. Әрбір әкім, әрбір министр оның қайда, қалай жұмсалатынын біледі. Сондықтан да әлдеқандай бұра тартушылыққа жол берілмеуі керек. Өкінішке қарай, осы күнге дейін мұндай қатаң талап болмағандықтан, бюджет қаражаты оңды-солды шашылып келді. Енді ондайларға жол берілмес деген үміттемін.

Бақытты болашаққа бағдар

  

Айман МҰСАҚОЖАЕВА,

Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, скрипкашы:

– Жолдаудың «Нұрлы Жол» деген атауы­ның өзі мені қатты сүйсінтті. Бұл біздің елді нұрлы болашаққа бастайтын құжат деп қабылдауымызға болатын сияқты. Меніңше, Президент халыққа өте қажетті жолды нұсқа­ғандай әсер алдым. Бүгінгі күні бүкіл әлем дағдарыстан арылмай тұр, оның үстіне геосаяси тұрғыдан күрделі жағдайға ұрынып қалды. Осындай жағдайда Елбасының дұрыс жол тауып, халықты жақсылыққа бастауы осы жол болар деген ой келді.

Жолдауда мектептерді жөндеуге және жаңалауға 20 млрд., жолдар салуға 70 млрд. теңге бөлінетіні нақ осындай ойларға жетелейді емес пе? Астанадан тарам-тарам жолдардың басталуы – жүректен шыққан тамырларының бейнесіндей болады деген образ да маған жақсы әсер етті. Халық арасында «жол – өмір» деген сөз де бар ғой. Және бұл жол шын мәнінде бәріне өмір беретін, жақсы тұрмысқа жеткізетін жолдар болмақ. Оған жолдарды салу барысында жаңадан 200 мыңдай жұмыс орындары ашылады деген сөз де дәлел емес пе?

Сондықтан бұл Жолдау біздің еліміздің жаңаша өркендеуіне жол ашатынына сені­мім зор.

Нақты істерге негізделген құжат

  

Нұрлан Оразалин,

Парламент Сенатының депутаты.

Бүкіл дүние сұрауы көп, ­жауабы аз күрделі кезеңде тұр. Батыс та, Шығыс та шешімін күткен мәселелердің күрмеуін шешуі тиіс. Қаржылық қиын­­­­дықтар өз алдына, саяси және гео­саяси жағдай ушығып тұрған, әрбір ел өзінің ішкі тұтастығын сақтап қалғысы келетін қазіргі кезде кім-кім де өзінің бары мен жоғын түгендейді. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы дәл сондай тарихи күрделі кезеңде жарияланып отыр. Мұны әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың барлық сұрақтарына  жауап іздей отырып, күрделі кезеңнен елді аман-есен алып шығудың алғышарттарын қарастырған Жолдау десек, жарасады. Салтанатынан гөрі нақтылығы басым құжатта, әсіресе, халықтың алдында осыдан 2,5 жыл бұрын «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасында берілген әлеуметтік мәселелерді шешу және  халықтың тұрмыстық деңгейін арттыруға қатысты уәделер орындалуы керектігі басы ашып айтылған.

Қазіргі жаһандану жағдайында Қазақстанды әлемнен бөліп алып қарай алмаймыз. Дегенмен, Қазақстан өзін-өзі қорғау менталитеті деңгейіне жеткен ел ретінде танылып келеді. Соның ең басты нышаны бірнеше жыл бұрын осындай қаржы қиындықтарының қарсаңында Елбасы Ұлттық қор құру туралы тапсырма берді. Сол кездерде «Мұндай Ұлттық қордың бізге не керегі бар, мына араб елдері секілді халыққа бөліп бермейміз бе?» деген сәуегей пікірлер айтылып қалып жатты. Әрине, ол кезде ел әлі түсіне қоймаған кез, дәл қазіргі мұнайдың бағасы төмендеп, халықаралық нарықтың жағдайы алашұбар болып жатқан кезеңде ішкі экономикалық тұтастығымызды, саяси-әлеуметтік жағдайларымызды сақтап қалуға бірден-бір мүмкіндік беретін осы Ұлттық қордың қаржысы.

Енді қордағы қаржыны негізге ала отырып, елді еңбекпен қамтамасыз ету, байтақ еліміздің ішкі байланысын арттыру қажет. Өсіп, өнген елдерде жол мәселесі шешімін тапқан. Қалаларымыздың инфрақұрылымдарын қалпына келтіру керек. Бәрі айналып келгенде елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз етуге саяды. Осылайша, бірінші кезекте, Ұлттық қордың арқасында үлкен экономикалық біртұтас саясат жүзеге аса бастамақ. Екіншіден, ішкі бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтап қалуға жұмыс істеу керек. Ел алдында берген уәдені орындау, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытындағы туындайтын сұрақтарды мейлінше азайту парыз.

Қысқасы, Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы нақты істерге негізделгенімен құнды.

Ел экономикасының жаңа стратегиясы

 Камал БҰРХАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Елбасы өзінің Жолдауын жаңа жылды күтпей, дәл осы кезде жариялап, Үкіметке оны іске асырудың жоспарлары мен тетіктерін жасауға мүмкіндік бергені дұрыс деп санаймын. Оның үстіне, қазір геосаяси жағдай қатты шиеленісіп тұр. Барлық шикізаттардың бағасы төмендеп жатыр. Бұл мәселе де Жолдаудың ерте жариялануына әсер еткен болуы керек.

Сонымен қатар, «Нұрлы Жол» атты жаңа Жолдауды мен Қазақстан дамуының жаңа экономикалық стратегиясы деп қабылдадым. Өйткені, онда жолдың барлық түрлеріне назар аударылып және аса маңызды жаңа жолдар салу туралы тапсырмалар берілді. Жол дегеніміздің өзі – экономикалық дамудың қайнар көзі, әрі жаңа жұмыс орындары.

Сондай-ақ, Жолдауда әр жыл сайын Ұлттық қордан 3,5 млрд. доллар бөлініп, экономиканы дамытуға жұмсалатындығы айтылды. Біз бюджетті соңғы рет қарағанда, оның шығыс бөлігін 400 млрд. теңгеге азайтуға мәжбүр болған едік. Ал келесі жылдан бастап мына қаражаттың есебінен белгіленген дүниелерді іске асыруға мүмкіндік туып отыр. Мұны да Жолдаудың жақсы қыры деп бағалаған жөн.

Уақыт рухын сезіндірді

  

Валерий ВИШНИЧЕНКО,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Президент Нұрсұлтан Назар­­­баевтың «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» Жолдауын тыңдап, мейірім қанғандай әсерде болдым. Олай дейтінім, Жолдау нағыз уақыт рухын сезіндірді, бүгінгі күннің әрқайсымызды толғандырған мәселелерін алдымызға алып шықты.

Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқына осыдан бұрын жолдаған Жолдаулары­ның барлығымен де таныспын. Елбасы соның барлығында да уақыттың сипатын дәл анықтауымен және болашақты алдын ала көре білуімен ерекшеленген еді. Біз ол айтқан Жолдауларда көрсетілген жолмен жүріп келеміз. Шүкірлік етуге болады, адасқан жоқпыз, тура жолда, нұрлы жолда келеміз. Қазақстан халқына бұл жолғы Жолдауында да санамызды сілкіп, алдағы уақытқа талпындырды, болашаққа деген сенімді нығайтты. Қазір өте күрделі уақытта өмір сүріп отырмыз. 2007 жылы басталған қаржы дағдарысы дүниежүзіндегі көптеген мемлекеттерге ауыртпалық салды. Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның осындай қиындықтардан шығуының ба­ғыт-бағдарын көрсетті. Бұл біз­дің Мемлекет басшысының көре­­гендігі екенін айтуымыз керек.

Нұрсұлтан Назарбаев қашан­нан-ақ Қазақстан халқының бірлігіне үлкен маңыз беріп келе­ді. Қазақ халқының «Бір күн ұрыс-жанжал болған үйден қырық күн несібе кемиді» деген мақалы тегін айтылмаған. Кең-байтақ Қазақстанды мекендеген ұлт пен ұлыстардың татулығы мен бірлігі кез келген күрделі мәселенің кілті секілді. Ел бірлігі барда шешімін таппайтын іс жоқ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәң­гілік Ел» жалпыұлттық идеясы да елімізге деген әр қазақстандықтың патриотизмінен бастау алады. Елдің болашағы жастарды елге, жерге деген сүйіспеншілікпен тәрбиелеуіміз қажет. Мұны Елбасы әрдайым айтып келеді. Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблея­сына 20 жыл толады. Жұмысы тиімділігін көрсетіп отырған осындай институт­тың барлығы біз үшін мақтаныш. Оның жұмы­сын жандандыруға қолдан келгенше аян­баймыз.

ҚОСТАНАЙ.

Ұлтты ұйытар сөз

  

Павел МАГЛЕЛИ,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Мен өзім Елбасының қандай да алқалы жиында сөйлеген сөзін қалт жібермеуге тырысамын. Себебі, Президент аузынан шыққан сөз қашанда ілкімді істерге ұласып жатады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысып, сөйлеген сөзінен кейін-ақ, іле-шала Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауын ұсынатынын естігенде теледидар алдынан ұзай алмай қалғаным рас. Жолдауда не айтылар екен деген қызығушылық бойымды биледі. Қашанда халқының қамын ойлайтын Елбасы әлемде болып жатқан алмағайып оқиғаларды саралай келіп, халыққа Жолдауын жылдағыдан ертерек жеткізуді жөн көргенін көрегендік емес деп кім айта алады. Нұрсұлтан Әбішұлының өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауын «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» деуі де тегін емес екенін оны теледидардан көріп, Елбасын тыңдағаннан кейін айқынырақ түсіне түстім.

Жолдауда Елбасы елімізді экономика­­лық дағдарыстан қиындықтарға ұрындыр­май алып шығудың сара жолдарын айқын­­дап, басым бағыттарын белгілеп берді десе де болады. Зейнетақыны, еңбек­ақы­ны көтермегенмен, оны төмендетпей экономикалық дағдарысты еңсеріп алуға бағыт ұсталатынын айтты. Дағдарыстың уақытша екенін, оны еңсерудің жолы қарастырылатынына сендірді. Егемен еліміз алған биіктер мен табыстар ұлт­аралық татулық, өзара келісім мен бірлік­тің арқасында келіп отырғанын жас­тардың ойына сіңіру керектігі туралы пікірі де көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Бүгін еліміз бағыт ұстап отырған «Мәңгілік Ел» болудың нұр­лы жолында барша қазақ­­­­­стан­дықтар жұмылған жұды­­­­рықтай қимылдап, ортақ Отанымыздың гүлденуі­не үлес қосуы керек деуі де орынды. Болашақ – жастардың қолында екені де шындық. Жолдауда аға ұрпақтың қолымен жасалған құндылықтарды көздің қара­шығындай сақтау қажет­тігіне маңыз берді. Алда атап өтілетін Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан мемлекеттілігінің түпқазығы Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты мерекелерді қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытында ұйымдастыру туралы ойлары да ұтымды.

Еліміздің басты құндылығы елдегі бейбітшілік пен бірлік, экономиканың тұрақтылығы, этносаралық татулық пен толеранттылық екенін жастар түсінуі тиіс. Отбасындағы береке, адамдардың қауіпсіздігі, еңбекпен қамтамасыз етілуі, яғни бейбіт өмірдің іргетасының беріктігі сайып келгенде тыныштыққа тәуелді екенін ешқашан ұмытуға болмайды. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы біздің еліміздің ертеңінің жарқын, болашағының бақытты екеніне тағы да сендіре түсті. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы әрбір адамның өміріне әсер етуімен де бағалы. Бұл Жолдауда алға қойылған міндеттерді ынтымағымызды ұйыта түсетін, ілгерілеуімізге серпін беретін, рухани жаңғыруға жағдай жасайтын нұрлы жол деп білу керек.

Ақтөбе облысы.

Тұрмыстық әлеуетке баса назар аударылды

  

Тамара ЕЛГЕЛЬДИЕВА,

Алматы қалалық «Стругураш» молдован этномәдени бірлестігінің жетекшісі.

Қазақстан халқының алдына үлкен мақсат пен нақты қаржы бөлінген тапсырмалардың мүдіріссіз орындалуын талап еткен Елбасы Жолдауы Қазақ елінің азаматы ретінде мені үлкен толғанысқа жетелеп, өмірлік қадамыма серпін берді. Орта және шағын бизнеске қарастырылатын жеңілдетілген несиелер, 2014-2015 жылдарға негізделген экономикалық өсім мен жұмыспен қамту бағдарламалары, көлік және логистика, индустриялды және энергетикалық инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық саласын жетілдіру, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі үшін салынатын жаңа кешендер секілді ел экономикасы мен саяси тұрақтылығы үшін маңызды тапсырмалар қарастырылды.

Мемлекет басшысы елдің ішкі мәселелерін жетік білгендіктен жыл сайынғы өзінің кезекті Жолдауларында қазақстандықтардың тұрмыс әлеуетін жақсарту мәселесіне ерекше көңіл аударумен келеді. Ол кісінің алға қойған мақсаттары мен міндеттері ел басшылығында жүрген азаматтардың күнделікті тікелей атқаруға міндеттелген нақты шаруалар. Сондықтан да, Елбасының бұл Жол­дауында да әрбір ел азаматтары атқаруға тиіс міндеттер нақты жолданып отыр.

«Ұлттар достығы – біздің тыныс-тіршілігіміз!» деп бір сөзінде Елбасы атап айт­­­­қандай, біздер бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ұрпақпыз. Елдегі татулық пен тұрақты­­­­лықты сақтап, баянды етуіміз үшін әрқайсымыз аянбай еңбек етуге тиістіміз. Бейбіт өмір белесінен көз жүгірте отырып біз өз басшымызды құрметтейміз және мақтаныш етеміз. Сол себептен де, Прези­­денттің әр Жолдауына жедел үн қатып, сындарлы баға беруге талпынамыз.

Елбасы келер жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады. Көптеген ұлт өкілдерінің басын құраған Ассамблеяға 20 жыл толып отыр. Бірнеше буынды бауырмалдық пен туыстық сезім­­­ге тәрбиелеген бейбітшіліктің қазақ­­­стандық үлгісі өз жемісін беріп келеді. Еліміздегі өзге этностық мәдени бірлестік­тер де бұл Жолдауға азаматтық қолда­уын танытып, перзенттік үн қатады деп сенемін.

АЛМАТЫ.

Сын сағатта жасалған бағдар

  

Рахман АЛШАНОВ,

экономика ғылым­­­дарының докторы.

Бұл Жолдау бұған дейінгі жолдаулардан ерекше жағдай­­­да жолдан­ды. Бұрын Парла­мент­­те жаса­ла­тын мәлімдеме бұл жолы «Нұр Отан» партия­сы Саяси кеңесінің кеңей­тілген отырысында халыққа жол тартты. Мұның ерекше бола­тындығы да сол – дәл қазір халықаралық ахуал саяси мағы­наға кеңінен бой алдыр­ған тұста елдегі саяси партия мін­берінен халыққа сөз бағыттау көп жағ­дайда мәселеге тереңірек назар аударта түседі.

Әлемдегі экономикалық бәсеке­лестік бүгінгі таңда саяси текетіреске айналып бара жатыр. Америка мен Еуропаның Ресейге жасап отырған санкциялары, Ресей мен Қытайдың тығыз қарым-қатынас орната бастауы, міне, бұлардың бәрі қарқынды дамуға бет алған біздің еліміз үшін шұғыл шешімдер мен салиқалы тәуе­келдерге дайын болуымызды ескерт­кен­дей. Елбасы бұл Жолдауында бұ­ған дейінгі жолға қойылған реформаларды ілгері бастырып, әлеуметтік саланы қолдау және халықтың күнкөріс әлеуетін арттыру, жастарға жағдай жасау секілді көптеген стра­тегиялық қадам жасауды алға қойып отыр. Оның сыртында ел өміріне жаңа технологияларды кеңінен енгізіп, инновациялық жаңалықтарды етене қолдануымыз қажет.

Мемлекет басшысы бұған дейін Қазақ елі көп­­теген экономикалық-қаржы­­­лық дағдарыстардан жақсы шығып үлгер­генін, ендігі жерде бүкіл әлем болып бастан өткеретін өзге де экономикалық қиыншылықтарға дайын болуымыз керектігін айтты. «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» деп аталатын бұл Жолдауда айтылған мәселелердің бар­шасына әсіресе партия белсенділері сер­гек қарап, алға қойылған ортақ мін­дет­терді бұлжытпай орындауға күш салу керектігін меңзеді. Қолда бар ресурс­тарды экономикалық жетістіктерге жету жолында тиімді жұмсауды нұсқап отыр.

АЛМАТЫ.

Келешек келбетін көреміз

  

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,

Қостанай мемлекеттік педагогикалық инсти­­­­ту­­­ты­ның ректоры, профессор.

Бүгінгі уақыттың күрделі­­­лігі сол, оның үдесінен шы­ғып, ілесе білуіміз қажет. Сонда ғана болашағымыз сәулелі болмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа ­бастар жол» атты Жолдауымен таныса отырып, осындай ойға келдім. Нұрсұлтан Әбішұлы уақыттың үнемі экономикалық жоспарларымызға түзету енгізіп отыратынын еске салды.

«Үйдегі ойды базардағы нарық бұза­ды» деген ғой халқымыз. Әлемде 2007 жылы басталған қаржы дағдарысының сызы әлі кеткен жоқ. Елбасы бастаған эко­номикалық саясаттың арқасында 2007-2009 жылдардағы қылбұрау қиындықтан Қазақстан аман шыққан болатын. Одан кейінгі жылдары даму бағдарламалары Қазақстанды озық 30 елдің қатарына қосуды міндеттеген еді. Қазір елімізге әлемді шарпып отырған қаржы дағдарысынан айналып өту әрі даму міндеті қойылып отыр. Уақыттың күрделілігі де осы болса керек. Осы жолдауда Елбасы жаңа экономикалық саясатты жариялады. Онда қаржы дағдарысына қар­­­­сы шаралармен қатар, елдің дамуы және әлеумет­­тік көркеюіміз қамтыл­ған. «Нұр­­­­лы Жол» Жаңа Эко­­­­­но­микалық Саясаты – әлем­дегі дамыған 30 елдің қа­та­ры­на кіруге жасалған ға­ла­мат қадам» – деп көрсет­ті Елбасы Жолдауында. Бо­лашақты болжай біле­тін басшымыздың сындарлы саясаты арқасында қазақстандықтар бола­­шақ­қа сенімді отыр.

Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқы­­­на арнаған Жолдауларының барлығында жастардың елдің ертеңі екенін нақтап айтады. Мәңгілік Ел идеясы жастардың жастанып жатар құндылығы болуы керек. Біз ұстаздарды дайындайтын білім ордасы болғандықтан, Елбасы айтқан Мәңгілік Ел ұғымын жас ұрпақтың тәрбие тірегі етіп аламыз. Бүгінгі студент, ертеңгі жас маман елін сүйсе, елі мен жерін көркейту оның қолынан әбден келеді. Әр жас өзінің меңгерген мамандығы арқасында елінің дамуына үлес қосуға ұмтылады. Жолдау да осыған бағыттайды.

ҚОСТАНАЙ.

Жинақылық пен жүйелілік – табыс кілті

  

Қайрат АУҒАЛИЕВ,

Зеренді аудандық мәслихатының

хатшысы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Бүгінгі қоғам сағат пен күннің қадірін білуді алға шығарды. Күткен де, күтпеген де өзгерістер қас-қағымда көрініс беріп жатыр. «Нұр Отан» партия­сы Саяси кеңесінің кешегі кеңейтілген отырысында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жол­дауын ерте жариялауының мәнісін де осыдан аңғаруға болады.

Елбасының сөзімен айтқанда: «2007 жылы басталған дүниежүзілік дағдарыс өзінің қиын жағдайларын әлі тәмамдаған жоқ. Сол дағдарыс әлі күнге дейін жүріп жатыр. Оның салдарын біз көріп отырмыз… Біз осыған қарсы шара қолдануымыз керек». Мұның өзі қолға алар істің орасан маңыздылығын, жоспар-жобаларымыздың, күнделікті қам-қарекеттеріміздің нақтылығын білдіріп, қадамдарымыздың жинақылық пен жүйелілікке құрылуын талап етеді. Үкіметке не істеу керектігін дайындап, өздерінің шараларын әзірлеп, Жаңа жылдың алғашқы күнінен білек сыбанып іске кірісуіне мүмкіндік беріліп отыр. Осы «мүмкіндік» берілуінен-ақ міндеттердің мейлінше ауыртпалығын байқай аламыз.

Елбасы Жолдауын «Нұрлы Жол» атап отыр. Адамзат қоғамының, тәуелсіз елдің жолы әрқашан даңғыл еместігін аңғартатын атау бұл. Баршамыз жұмыла кірісетін ендігі міндет – жолымыздың нұр мен шуаққа бөленуін қамтамасыз ету. Бұл орайда, өзінің 20 жылдығын жаңа атап отырған жергі­лікті мәслихаттарға жүктелер міндеттер салмақты болмақты. Біз халық мүддесін ардақ тұтамыз. Қоғамның даму үрдісіндегі көкейкесті, әлеуметтік маңызды мәселелер халық қалаулыларының күнделікті назарында ұсталады. Өкілетті орган құрылғалы бері Зеренді аудандық мәслихатының 160 сессиясы өткізіліп, онда 1150-ден астам өзекті сұрақтар қаралуы сөзімді дәлелдей түседі. Депутаттарымыздың барлығының «Нұр Отан» партиясының мүшесі екендігі ел алдындағы жауапкершілікті күшейте түседі.

Жолдау – қоғам дамуының басты құжаты. Бүгінгі жетістіктеріміз Жолдау міндеттерінің тиянақтылығынан, оның жүзеге асырылуындағы рухани және қаржылық нақты негізділігінен көрініс береді. Сондықтан, жаңа Жолдау қағидаттарын жүзеге асыруға бөлінген қаржыға халықтық бақылау болуы тиіс деген пікірді қолдаймын. Яғни, Ұлттық қордан бөлінетін қаржының тиімді кәдеге жаратылуын барша халық жіті бақылап отыруы қажет. Өйткені, ашықтық пен сенім бар жерде серпіліс болады.

Ақмола облысы.

Тұрғын үй мәселесі түпкілікті шешілмек

  

Сәулет САХИЕВ,

«Сыр медиа» ЖШС жанындағы ақпараттық-талдау орталығының басшысы.

Дүркін-дүркін айна­лып соғып жатқан қаржы­лық дағдарыс Қазақ­стан­ды ғана емес, бүкіл әлем­ді экономикалық бағы­тын қайта қарап, даму жолын және бір електен өткізіп алуды талап етіп отыр. Мұндай жа­һандық құбылыс бізді де сырт айналып өтпейді. «Жұт жеті ағайынды» демекші, бұған Ресей мен Еуропаның бір-біріне алма-кезек санкция жариялап жатқанын қоссаңыз, онда жағдайдың күрделі екенін түсінесіз. Сондықтан болса керек, Елбасы дәстүрлі Жолдауын жылдағыдан ерте жариялап, Үкіметке етек-жеңін жиып, нақты бағдарламалар тізбесін жасау үшін уақыт берді. «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын биылғы Жолдаудан ең алдымен елдің жағдайы, мынадай аласапыран кезеңде халықты ешқандай қиыншылыққа ұрындырмай, аман алып шығу басты міндет ретінде қойылып отыр. Дағдарыс жағдайының өзінен пайда тауып, елдің әлеуметтік ахуалын түзеу көзделген. Ол үшін осыған дейін Ұлттық қорға жиналып келген қаржыны ұтымды пайдаланып, ел экономикасын әлсіретпеу ойластырылған.

Осы орайда, Елбасы «Үкіметке Ұлттық қордан бөлінген қаржының тиісті бағыттар бойынша тиімді және орынды жұмсалуын қамтамасыз етуді жүктеймін. Әрбір теңгенің қатаң сұрауы болады» деп нақты айтты. Мұны бюджеттің ақшасын атасынан қалған мұрадай көретін адамдарға жасалған қатаң ескерту деп түсіндік. Өйткені, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартыпты» дегеннің кері келмеуі керек. Ұлттық қордан алынған әрбір тиын есептелініп, өз ор­­­нымен жұмсалған жағ­дай­да ғана Елбасы ұсы­нып отырған «Нұрлы Жол­дың» үдесінен шыға аламыз.

Жолдаудағы халықты қуантқан ең басты жағдай деп баспана мәселесі бойынша жасалатын реформаны атап айтар едік. Елімізде пайыздық мөлшері төмен және бастапқы жарнасы төленбейтін жаңа бағдарлама іске қосылатын болды. Елбасы «Бізде қолжетімді баспана бойынша көптеген әдістер бар. Енді бізге оны басқа қырынан қарау керек. Мемлекет әлеуметтік арендалық бас­пана салып, оны халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға беретін болады. Қазіргі жүйе қомақты қаржыны талап етеді. Бастапқы жарнаны төлеткізеді, содан кейін банк­тер кіріптарлық пайыздарды бекітеді, яғни оның деңгейі 20 пайызға жетеді. Адамдар оны төлеуге қауқарсыз және проблемалар туындайды. Бұл бағдарламалар қалады, олар дәулетті адамдар үшін қалыпты. Ал жаңа бағыттағы бағдарламаны жас отбасылар мен баспанаға зәру азаматтар үшін жасап жатырмыз», – деді. Бұл бағдарлама болашақта Қазақстандағы баспана мәселесін толықтай шешеді деп сенеміз.

ҚЫЗЫЛОРДА.

Кәсіпкерлерге кезекті қамқорлық

  

Райхангүл САТАБАЕВА,

Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнай отырып, мемлекет дамуының жаңа бағыттарын айқындап берді. Бұл ретте, негізгі басымдық отандық экономиканың өсіміне беріліп отыр.

Нұрсұлтан Әбішұлы кезекті мәрте бизнеске бейжай қарамайтынын дә­лелдеді. Және оның дамуына қолайлы жағдай жасау күн тәртібінде тұрған бас­ты мәселелердің бірі екенін жеткізді. Бұл мақсатқа елмен елді байланыс­тыратын, өңірлер арасындағы күре тамыр саналатын жолдар торабын ретке келтіру арқылы қол жеткізуді ұсынды. Жолдар құрылысы қосымша 200 мың жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, Қазақстандағы өндіруші кәсіпорындардың қарқынды дамуына мүмкіндік береді. Өңіраралық бизнес әріптестікке кеңінен жол ашылады. Мұның барлығы бизнестің көптеген өзекті мәселелерін шешуге көмектеседі.

Ағымдағы жылы Ұлттық қордан отан­­­­дық бизнесті қолдауға бөлінген 100 млрд. теңге табысты игеріліп, шағын және орта кәсіпкерліктің игілігіне жұмсалды. Осы­­лайша бизнес мемлекеттің қолдауын ұда­йы сезініп келеді. Алдымыздағы жылдан бастап осы бағытқа тағы 500 млрд.теңге бөлі­нетіні белгілі болып отыр. Бұл бизнесті тағы бір серпілтіп тастайтыны анық.

Барша Қазақстан, соның ішінде еліміздің кәсіпкерлік секторы да 2015 жылы жаңа экономикалық сая­сат жағдайында дамитын болады. Шағын және орта бизнесті тексеру тәртібі толығымен өзгереді. Әкімшілік кедергілер, бюрократия азая түседі. Мұнда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының еселі еңбегі жатқанын атап өткен жөн.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы бизнес саласына қатысты 30 мемлекеттік қызметке қоғамдық мониторинг өткізді. Бірқатар кемшіліктер анықталып, олар бүгінде «жөнге» келтірілуде.

Осы орайда, Қазақстанның барша бизнес-қауымдастығы ел дамуының жаңа бағыты – «Нұрлы Жол» аясындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға күш біріктіруі тиіс.

Павлодар.

Халықтың қамы бірінші оренда

  

Әбілқасым ДОСБОЛОВ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.

Елбасының халыққа Жолдауын асыға күтетіндердің қатарынанбыз. Алғашқы жылдары «биыл айлыққа қанша қосады, зейнетақым көбейе ме, қандай жеңілдіктер бар?» деп жеке бас пайдасы тұрғысынан қарайтындар қатары көп болатын. Қазір ол азайды. Қазақстан – зайырлы мемлекет, экономикасы мен әлеуеті артқан жағдайда жақсылықтар күттірмейді. Бұған елдің көзі жетті.

Бұл жолғы Жолдау да бізді қатты марқайтып отыр. Елбасының көрегенділігі әлемдік дағдарыстың алдын алғандығы дер едім. Ұлттық қор құрып, оған қаржы жинақтады. Жолдауда әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөлініп отыр.

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді халқымыз. Ипотека сияқты тәсілдер үйсіздерді пәтерлі ете алмады, зардабы қатты білінді. Енді Үкімет қазынасынан қаржы бөлініп, арендалық бағыттағы тұрғын үйлер салынбақ. Төлемі орта шаруаның қалтасын қақпайды. Төле де, үйлі бол. Қаржың жинақталып жатса, кірісін есептеп сатып ал. Бұл, әсі­ресе, жас отбасыларға үл­кен көмек болады. Екін­шіден, «Нұрлы Жол» атты жаңа экономикалық саясатты қамтитын Жолдауда мемлекетті әлемдік дағ­дарыс салдарына соқтырмай аман алып өтуден бөлек, ел бірлігі назарға қатты алынған. Ұлы бабаларымыз айтқандай, «бірлік бар жерде тірлік болады».

Келер жылы Қазақ хан­дығының 550 жылдығы, Қазақ­стан халқы Ассам­­­­блеясы мен Конституциямыздың 20 жыл­дығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аталып өтіледі. Бұл – қазақ халқының, бауырмал қазақ халқының қолтығын пана­лаған барша ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің тарихи мерекесі.

Елімізде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі салынып бітуге аз қалды. Республикалық, облыстық бағыныстағы жолдарды қосқанда қосымша 200 мыңдай адамға жұмыс тауып бере алсақ, көсегең көгерді деген осы.

Елбасының биылғы Жолдауы хал­қымыздың Мәңгілік Елге айнала­тын­дығына нық сендірді.

ШЫМКЕНТ.

Сындарлы құжат

  

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекет­тік университетінің ректоры,

заң ғылымдарының докторы, профессор.

Жаһандық дағдарыстың елімізге тигізер қаупін сей­­іл­ту мақсатында Елбасы биыл­ғы Жолдауын ерте жариялап отыр. Бұл, біріншіден, елім деп жаны күйген Елбасының елгезектігі болса, екіншіден, жаһанда болып жатқан сая­си ахуалды терең талдай алатын саясаткерлігінің, қырағылығының нәтижесі.

Жақында ғана Ұлытаудағы сұхбатында қазақ елінің тарихи дамуына ерекше тоқталған болатын. Міне, бүгін Қазақстан халқына арналған «Нұрлы Жол» Жол­дауында «Мәңгілік Ел» идеясының стратегиялық нақты бағдарламасын жасап көрсетті. Елбасының атап өтуінше, жаңа саясат еліміздің құрылымдық реформаларын одан әрі жүзеге асыруға бағытталатын болады. Жаңа экономикалық саясат халықтың, әсіресе, әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталғанын көреміз. Бұған дейін де дағдарыстан шығудың кілтін ұсынған Елбасының арқасында халқымыз қысылып-қымтырылып көрген емес. Әлеуметтік жағдайы болсын, экономикалық көрсеткіші болсын, артпаса төмендеген жоқ. Жаңадан ашылып жатқан жұмыс орындары, шағын және орта бизнестің дамуы қарапайым халықтың күнкөріс өлшемін өсіре түсті. Бұған соңғы үш жыл ішінде еліміздегі жан басына шаққандағы ақшалай табыс 22 пайызға артып, жалақы 21 пайызға өскендігі, 2011 жылдың шілде айынан бастап, бағдарлама бойынша 400 мыңнан астам адам жұмыспен қамтамасыз етілуі дәлел болса керек-ті.

Елбасы әр жыл сайынғы Жолдауында ел дамуының барлық саласын қамтып, алдағы жылдар ішінде қандай іс атқарылатынын жіпке тізіп береді. Ұлан-байтақ жері бар біздің еліміз үшін алдыңғы қатарлы заманауи көліктік инфрақұры­лым – жарқын болашаққа апарар жол. Ол экономикамыздың дамуына және экономикамызды инновациялық даму сатысына көтеретін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым. Елбасымыз көліктік инфрақұрылыммен қатар, әлеуметтік маңызы зор, бүкіл экономикамыздың күре тамыры болатын энергетикалық, кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша нақты бағдарламалар ұсынды.

«Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, бас­панасыз жүрген тұрғындарды үймен қамтамасыз етудің жолдарын Елбасы осы Жолдауда пысықтай түсті. «Арендалық баспана құрылысы тұрғысындағы қадамдарды қайта қарастыру керек. Бізде қолжетімді баспана бойынша көптеген әдістер бар. Елімізде тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесі, ипотека, арендалық бағыттар қамтылған. Енді бізге басқа қырынан қарау керек. Мемлекет әлеуметтік арендалық баспананы салып, оны халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға беретін болады. Қазіргі кезде қолданыстағы жүйе қомақты қаржыны талап етеді. Бастапқы жарнаны төлеткізеді, содан кейін банк­тер кіріптарлық пайыздарды бекітеді, яғни оның деңгейі 20 пайызға жетеді. Адам­дар оны төлеуге қауқарсыз және проб­ле­малар туындайды. Бұл бағдарламалар қалады, олар дәулетті адамдар үшін қалыпты. Ал жаңа бағыттағы бағдарламаны жас отбасылар үшін және баспанаға зәру азаматтарға жасап жатырмыз», – деді. Әрине, бұл әдіс, әсіресе, жастар үшін, әлеуметтік жағдайы орта отбасылары үшін өте қолайлы болар еді. Осы жүйе күшіне енсе, баспана еш делдалсыз, мейлінше төмен пайыз­­­бен беріліп, үйді сатып алу құны төмендетіліп, бастапқы жар­наға тыйым салынар еді. Мұ­нан артық қандай қолайлы жағдай керек.

Ұлттық қордан қомақты қаржы ажырату мәселесі де бүгінде пісіп-жетілгендігі көрсетілді. Қосымша 500 млрд. теңге қаржы Ұлттық қордан бөлінетін болса, соның 100 млрд. теңгесі бизнесті қаржыландыруға, 250 млрд. теңге банкі жүйесіне, жаңа инвестиция бағытына 80 млрд. теңге, ЭКСПО-2017 ұлттық көрмесіне 40 млрд. теңге бөлу көзделген. Халықтың әлеуметтік тұрмысын көтеруге 70 млрд. теңгенің 20 млрд.-ы балабақша құрылысына бөлінетін болады. «Екібастұз – Семей – Өскемен – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» бағытындағы жоғары кернеулі электр жүйесін тарту құрылысын тиімді жүргізу өркениет бағытындағы игі шаралардың ең жемістісі болмақ. Елбасы Қазақстанның әлемде ең дамыған 30 елдің қатарынан көрінуінде ең бастысы халықтар бірілігінде екенін айта келіп, келесі 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялады.

Ғаламшардағы дамыған мемлекеттер бүгінде Қазақстанның әлемдік дағдарыстың алдын алуда пәрменді жос­пар құрып, іске асыратынына сеніммен қарайды деп ойлаймын. Себебі, біздегідей халықтар достығы, ұлтаралық, дін аралық келісім өзге мемлекеттерде кем де-кем. Ел тұрғындарының алдындағы бүгінгі басты мақсат – тәуелсіздік алған жылдардан бері қол жеткізген игіліктерді одан әрі ұлғайтып, келешек ұрпақтың өмір сүруіне қолайлы жағдай тудыру. Көреген Елбасымыз осының барлығын өз Жолдауында нақты түрде атап көрсетті. Бұл Жолдау тек қана алда болатын 2-3 жылдық дағдарыстан шығудың жолы ғана емес, Қазақстанның түпкі дамуының бағдары деп айтар едім.

Жетісу мемлекеттік университетінің ұжымы Елбасының «Нұрлы Жол» халыққа Жолдауын қызу қолдайды. Нұрсұлтан Әбішұлының «Біздің қазіргі жастар 90-жылдардағы дағдарысты, ел басына түскен ауыртпалықты айтарлықтай сезе қойған жоқ. Тәуелсіздік жолындағы халқымыздың қажырлы еңбегінің арқа­­­­­сында Қазақстанның дүниеге танылғанын терең біле ме екен? Олар заман осылай өркениетті болуы керек деп ойлайтын шығар. Бәлкім бұл жақсы да шығар, жас­­­тарымыздың бақыты, болашағы үшін күресіп жатқанымыз жоқ па?» деген сөздері біздерді өте толғандырады. Универ­ситет оқытушылары жас ұрпақтың қазақ­стандық патриотизмін дамытуда, оларды елжандылыққа, адами құндылыққа тәрбие­леп, елі үшін қызмет етуге үйретуде Елбасы Жолдауын басшылыққа алатын болады.

Негізі біз бақытты елміз, бақытты тұрғындармыз. Жарқын болашақ үшін қажетті мақсат-міндеттерді Ел Президенті саралап, жіктеп, қалай жүзеге асыру қажеттігін көрсетіп береді. Біздің ұлы мақсат – Мәңгілік Ел болудың жолында жұдырықтай бірігіп, әркім өз саласы бойынша адал еңбек ету ғана.

ТАЛДЫҚОРҒАН.

Мүмкіндіктер кезеңі

  

 

Әлібек Алпысбаев,

«Арселор Миттал Теміртау» АҚ металлургі.

Мен Теміртаудағы металлургия­лық комбинатта еңбек етуші жас жұмысшылардың бірімін. Тағдыр осы алып кәсіпорын өмірімен бірге тыныстауды маңдайыма жазғанына қуаныштымын. Елбасы Н.Ә. Назарбаев шыңдалған ортада жұмыс істеу өзім сезетіндей талай замандасымның арманы болса, соған қол жеткендікті үлкен мәртебе санаймын. Бұдан бірер жыл бұрын Президентіміздің комбинатта болған кезінде бізбен кездесіп, металлург мамандығын таңдап алуымызға разылық білдіруіне ерекше марқайып қалған едік.

Кәсіпорынның қалыпты жағдайда өндірісті дамытып отыруы Нұрсұлтан Әбішұлының қамқорлығы арқасында екенін жақсы білеміз. Әлемдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан қадамы нық, алға қойған міндеттері айқын. Жаңа сынақтарға төтеп беруіне де сеніміміз берік. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын әріптестеріммен бірге тыңдау кезінде алдағы өзекті мәселелерді шешу жолдарының нақты көрсетілуі болашаққа деген сенімді одан сайын биіктете түсті.

Биылғы Жолдаудың ел эконо­микасының инфрақұрылымдарын жақсартуға бағытталуы уақыт талабы екені, әлемдегі экономикалық жағдай әлі де оңала қоймай отырған шақта тиісті шаралар алдын ала ойластырылып, ұсынылуы көрегендік саясаттың жалғасы болып табылады деп санаймыз. Елбасының әрбір Жолдауы алдағы мақсаттарды айқын көрсетуімен ерекшеленеді. Бұл жолы инновациялық индустрияландыру трендін түзу әрі күшейте түсу, қамтымды экономика құру, шағын және орта бизнесті мемлекетті индустриялық және әлеуметтік тұрғыда жаңғыртудың басты құралы ретінде дамыту, қазақстандықтардың әлуетін еселейтін тың мүмкіндіктер жасау сияқты өзекті мәселелер көрсетілуі өсіп-өркендеуге зор серпін берері сөзсіз. Сондықтан Елбасының жаңа Жолдауын жылы қабылдадым. Металлургтер қауы­­мы еліміздің көркеюі мен гүлденуі үшін жаңа бағытты қолдайтындығы анық.

ТЕМІРТАУ.

Үміт сенімге бастайды

  

Айдар ӘБДІРАМАНОВ,

Орал өңірі оралмандары қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Адамның алаңсыз өмір сүруіне ең қажетті фактордың бірі – баспана. Үйі жоқ адамның күйі де болмайды. Жайлы пәтерге қол жеткізу­де, осы кезге дейін оралман­дар біраз кедергілерге кез­десіп келгені жасырын емес. Өйткені, бұған дейінгі іске асқан тұр­ғын үй бағдарламаларында біздердің мүмкіндігімізден жоғары шарттар жиі кездесетін. Өзгесін айтпағанда, тұрғын үй алу жөніндегі бастапқы жарнаның өзі біздерді біраз тұқыртып тастайтын. Екіншіден, ипотекалық несиеге берілген үйлердің пайыздық мөлшерлемесінің тым жоғары болуының өзі арманымызды алыстата түсетін.

Бір сөзбен айтқанда, үй алудан үмітіміз аз еді. Елбасының кешегі елдің да­муын айқындап берген Қазақстан хал­қына Жолдауынан кейін үміт пен сенім оты қатар тұтанды. Республикада алда­ғы екі жыл ішінде әлеуметтік үйлер тұр­ғызуға ұлттық қордан 180 милли­ард теңге бөлінетіндігі жөніндегі Елбасының сөзін көзімізге жас ала отырып тыңдадық. Бізді қатты қапаландырып жүрген бастапқы жарна да жойылатын болыпты. Тағы бір қуанышты жайт – жалға берілген үйлердің белгілі бір уақыты белгіленген еді. Сол уақыт келгенде жалға алып отырған үйімізді босатып беруімізге тура келетін. Елбасы өз Жолдауында атап көрсеткендей, енді бұған ешқан­дай шектеу жоқ. Өз уақыты келгенде үй өзіміздікі болып қала бермек. Ипоте­калық несие мөлшерінің екі пайыз­дан аспай­тын болғаны да мүмкіндігі шектеу­лі оралмандар үшін өте қолайлы болып отыр.

Елбасы тарапынан көрсетілген мұндай әлеуметтік қамқорлық біздерді алаңсыз еңбек етуге, егемен еліміз бен қазақстандық қоғамға пайдалы істермен шұғылдануымызға алғышарт қалайды. Елін сүйген, өз халқына әлеуметтік қолдау мен қамқорлық туғызуды әркез назардан тыс қалдырмайтын Нұрсұлтан Назарбаевтай басшысы бар елдің туы ешқашан жығылмақ емес.

ОРАЛ.

Мемлекеттік қолдау деген, міне, осы

 Асқар БОПЫЛДЫҚОВ,

«Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының

атқарушы хатшысы, Атырау қалалық мәслихатының депутаты.

Жастар – тәуелсіз елімізді әлемге танытқан, соны­­­­мен бірге, бүгіні мен ерте­ңін ең­селендіруші, көшбас­шы­лық, көрегенділік қасиеті­­мен әлемдік ірі саясаткер деңгейіне көтерілген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдайтын бірден-бір ізбасары. Кеше Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол» атты Жолдауын тыңдай отырып, өзімізге үлкен міндет жүктелгенін ұғындық.

Елбасы бұл Жолдауында әлем елдері кезігіп отырған дағдарыстан Қазақстан халқын аман-есен алып шығып, зейнетақы мен жалақы көлемін кемітпеудің маңыздылығына айрықша тоқталды. Шындығында, Елбасы Батыс елдері мен Ресейдің бір-біріне түрлі санкциялар салу арқылы әлем экономикасына үлкен қиындық келетінін жасырған жоқ. Таяу Шығыстың да экономикасы әлі тұрақтала қойған жоқ. Міне, осының бәрінің Қазақстан экономикасына қаншалықты әсері болады? Әрине, біз дербес елміз, бірақ әлем елдерімен эко­­номикалық байланыс орнатпай, томаға-тұйық отыра алмаймыз. Ендеше, жан-жағымызда болып жатқан сан алуан дағ­дарыстың алдын алуға қарсы шараларды іске асырудың қажеттігі туындайды.

Елді тығырыққа тіремей, халық­­ты қиындыққа ұрындырмай, бүгінгі экономикалық өркендеуімізді өрісте­те түсетін кешенді бағдарлама қан­дай болуы керек? Осы сауалды тар­қа­­тар болсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назар­­­баев ел экономикасын одан әрі өркендетудің темірқазықтай басты бағдарын тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Экономиканың әр саласына бағытталатын қаржы көлемін нақтылап, Үкіметке қажетті қаржыны Ұлттық қордан бөлуге нақты тапсырма жүктеді. Мәселен, шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеуге 100 миллиард теңге бөлінеді.

Бұл, нарықтық эконо­­­миканың жаңа секторы үшін үлкен демеу емес пе? Өйт­кені, бүгінгі нарықтың талабы баяғыдай ірі зауыттар арқылы емес, шағын және орта бизнесті өркендету арқылы экономиканы тұрақтандыруға басым бағыт беріледі. Әлемнің бар елі осы жолмен өтіп келеді. Біздің елімізде шағын және орта бизнесті күнделікті тірлігіне айналдыруға ұмтылушылар көп. Соның арасында жастардың қатары да көбейіп келеді. Бизнестің бұл түрі тек ірі қалаларда ғана емес, аудандарда, тіпті ауылдарда кең тарала түсуде. Шағын және орта бизнес өкілдері арасында құндылықтарымыз бен төл мәдениетіміздің, қазақы отбасы мен ғасырлардан үзілмей келе жатқан дәстүріміздің тынысын ашуды көздегендерді байқап жүрміз. Демек, елімізде әр азаматтың, әсіресе, жастардың ерінбей, жалықпай еңбектенуіне, ел игілігіне қызмет етуіне тағы да үлкен қолдау жасалып отыр. Бұл жай ғана айта салынған емес, Елбасының, мемлекеттің тарапынан жасалған маңызды қолдау. Біз сан ғасырлардан бері аңсаған тәуелсіздігімізді бекем қылуға талпынып, сол жолда бірнеше ауқымды істерді атқарып келе жатқан айбынды елдің ұрпағымыз. Біздің мақсатымыз – Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің егемендігін сақтау, еліміздегі ішкі бірлікті нығайтып, ұлттар татулығына селкеу түсірмеу, ең бас­тысы – отандық экономиканы өркендетуге лайықты үлес қосу.

Біздің басты құндылығымыз – төл тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз, дәстүрлі дініміз. Қазақ – ұдайы биікке самғатар асыл мұратқа ұмтылған, бар бақытқа жеткізер еңбектің қадірін білген ұлы халық. Бірлігі мен татулығы бекем, экономикалық өркендеуі алға арындаған еліміздің жастары Елбасы жүктеген сенімді ақтауға атсалысады, сөйтіп, мақсатымызға жетуге үлесін қоса береріне толық сенемін.

Атырау облысы.

Дереккөзі «Егмен Қазақстан» газеті, 12.11.2014

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052