Сенбі, 23 Қараша 2024
Дәстүр 6097 0 пікір 7 Қараша, 2014 сағат 16:49

БІР ЖАРЫМ ҒАСЫРЛЫҚ ҰСТАЗДЫҚ ӨНЕГЕ

Жаңа еліміздің өркендеуінде мұғалімдердің еңбегіне елімізде  ерекше мән беріліп отырғаны аян. "Қазақстанның болашағы жастардың қолында, жастардың тағдыры мұғалім қолында" деген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сөзі тектен-текке айтылмаған еді. Ол мұғалімдер  қауымының сіңірген еңбегінің орасан зор екеніне  берілген тарихи баға, көрсетілген сенім. Ол бағаның негізділігінің бір үлгісі ретіндегі ардақты ұстаз Болатбаев Лекер Болатбайұлының әулетінің барлық жиыны 150 жыл болатын ұстаздық өнегесін атап айту – ел мұратының алындағы парыз болмақ.

         Болатбаев Лекер Болатбайұлы 1927 жылы 19 мамырда бұрынғы Көкшетау облысы, Ағынген ауылында дүниеге келген. 1950 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп шығады. Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Сәрсен Аманжолов, Ахмет Ысқақов, Төлеген Тәжібаев, Шамғали Сарыбаев сияқты ғұламалардан дәріс алады. Бұл даналардың даналығын танып қабылдауында мектептегі ғажап, ұлы ұстазы Мәліков Сабыр Мәлікұлынан алған баға жетпес тәлімі негіз болады.

          Содан өзінің оқып, білім алған Кішкенекөл орта мектебіне оралып, табан аудармай,  үзіліссіз 38 жыл қазақ тілі  мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, мектеп директоры болып қызмет етеді. 1988 жылы балалары мен немерелерінің  қасына  Алматы қаласына  қоныс аударады.  Мұнда  да 1988-2008 жылдары қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытып, Алматы қызмет көрсету колледжінде және №14 кәсіптік-техникалық училищеде үздіксіз педагогтік жұмыс атқарады.  Мәшһүр ұстаздың білімін, жауапкершілігін, педагогтік  адал тұлғасын бағалап, сабақ беруіне мүмкіншілік туғызған №14 кәсіптік-техникалық училище директоры Зуслин Леонид Ефимовичтің  мейірбандылығының арқасында мемлекеттік тіл - қазақ тіліне құрметпен қарауға жастарды баулып  аянбай ат салысады.

         Л.Б.Болатбаев Еңбек Қызыл Ту ордені, "1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін" медалімен және  көптеген басқадай мерекелік мемлекеттік медальдармен марапатталады.

           Еліне аяулы да ардақты ұстаз 2014 жылы қазан айында дүниеден озды.

         Лекер Болатбайұлы өз ұрпақтарын педагогтік еңбекке баулып, ең киелі, ең сауапты іс – ұстаздық бақытқа жеткізді.

         Үлкен қызы Қарлығаш Лекерқызы 40 жылға жуық педагогикалық жолда оқып, еңбек етіп, ғылым қуып, көрнекті қазақ педагогі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик дәрежесінде Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде тіл білімі кафедрасын басқаруда. Екінші қызы Құралай Лекерқызы Болатбаева – Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияда орыс тілі мен әдебиетін көп жылдан бері оқытып жүрген жаңашыл, ізденімпаз, шебер біліктілікті, бәрінен де шәкірттерінің алдындағы жауапкершілігін жоғары қоятын, рухани-адамгершілігін таза  ұстайтын, ата-аналар құрметіне, оқушылар сүйіспеншілігіне, әріптестер сыйластығына бөленген өнегелі ұстаз. Кенжесі Майра Лекерқызы Болатбаева Алматы қаласындағы №46 гимназияда директордың орынбасары лауазымын атқарады, әрі қазақ тілінен сабақ береді. Майра мектеп мұғалімдерін қазіргі педагогиканың жаңа жетістіктеріне, жаңа талаптарына, жаңа оқу-тәрбие технологияларына бағдарлаумен бірге, олардың қолданылу тиімділігіне қол жеткізудегі ұйымдастырушылық қабілетімен беделге ие. Келіні  Болатбаева Жанат – Қапшағай қаласындағы гимназияда орыс тілі мен әдебиеті  пәндерін абыройлы оқытып жүрген жас маман. Ал немересі Қабдолова Бибінұр – Қазақ-Британ техникалық университетінде мұнай-газ саласы студенттеріне дәріс оқитын докторант.

        

Лекер Болатбайұлының педагог ұрпақтарының ең басты тұлғалық құндылығы – олар адамгершілікке де, жауапкершілікке де аса адал. Адалдық  – лекерліктердің өмір салты, отбасылық заңы. Лекер Болатбайұлының ұстаздық әулетінің педагогикалық еңбек өтілінің жалпы жиыны 150 жылдай екен. Қыдыр қолдаған, бақ қонған, қасиет дарыған әулеттің бір жарым ғасырлық ұстаздық еңбегінен  өсіп-өнген мыңдаған шәкірттердің бойында өмірге деген  ізгі ниетті құштарлық, Отанға деген сүйіспеншілік, адам баласына  құрметпен қарау, қарым-қатынастық тіл мәдениеті қалыптасып, дамып, қоғамға, елімізге үлкен үлес болып қосылуда. Бұл игі кәсіп әкеден балаға, одан немереге отбасылық дәстүр болып жалғасын табуда. Оның  өзекті арқауы мен іргетасын қалаған, өрлеу жолын айқындап көрсеткен – әулеттің бас тәлімгері, бас ұстазы Болатбаев Лекер Болатбайұлы. Ол әрқашан даналықтың, қамқоршылдықтың, адамгершіліктің, ұрпаққа деген махаббаттың, қуатты рухани тазалықтың үлгісі болып қала береді.

         ЛекерБолатбайұлының жарқын бейнесі, мейірімге толы алып жүрегі, жанашыр бауырмашылдығы оның өзінің күнделік жазбаларынан да көрінеді. Бұған ұстаз күнделігінен алынған мына үзінділер куә.

 

Тегім – Болатбаев.

Есімім – Лекер.

Туған жылым – 1926.

Туған жерім – кіндік қаным тамған ауыл – Ағынгер / Көкшетау облысы Каганович колхозы/.

Руым – Атқы Қарауыл – Бақабас, арғы атамыз аты Мұхамеджан, басы үлкен, денелі болғандықтан ел Бақабас деп атап кеткен.

         Жетімдікпен қалған жерім – Омбы облысы, Шарбақкөл ауданы Сарман ауылы. Туған топырақтан бұл жерге ауып келу тағдыры – Кеңес өкіметінің 1928-29 жылдардағы халықты колхоздастырудағы солақай саясаты, жеке меншік малды алуы, салық түрлерін көбейтуі, ашаршылықтың басталуы.

«Ағынгер» ауылының әрбір отбасы паналайтын жер-аймақ іздеді. Менің әке-шешем бір түнде үлкен апамыз Бикеннің ұзатылған жері – Сарман ауылына тартып отырған / көшенде үш-ақ – әкем, шешем, мен: Манап ағамыз сәбилік кезінде қайтыс болған, ал Қабыләшім ағам Петропавл қаласындағы педучилищеде оқып жүрген/.

Бес жасында паналап барған апам Бикен /1932/, алты жасында асыл анам Қанипа, жеті жасымда сүйеніш-пірім әкем Болатбай қайтыс болды.

         Тұл жетім болып, жырақтағы бөтен ауылда жылап мен қалдым. Баспакет ауылынан Көпей апамыз келіп, інім  Орынбасарды алып кетті. Ашаршылыққа дауа бар ма? Көпей апамыз Орынбасарды бесікке бөлеп, өзі масақ теруге, кеш оралған, келсе сәби бесікте жатып көз жұмған. Мұны да естіп, жеті жасымда жүрегім езіліп жүргенімде, Петропавлдан ағам Қабыләшім келіп қалды. Бұл 1935 жыл еді. Асыл ағам, жан ағам- ай!

...«Мен тұрғанда, жан бауырым, жетімдікті көрмейсің, ел жаққа /Қызылтуға/ кетейік,» - деп, ағам оқуын жалғастырмай, мен үшін оқуын бітірмеді. Педучилищеде оқып білім алғанның пайдасы арқасында Қызылтуға келіп, Төртінші ауылдық кеңесте /қазіргі Талшық/ хатшылық қызмет атқарды /1936 1939 жылдарда/. Бәтжан деген қызға 1938 жылы үйленді. Амал не, 1939 жылы ақпан айында Армия қатарына алынды.

Асыл тәтем-ай!  Армия қатарына алынар хабар келген соң, Үлгілі мен Талшық ауылдарының барлық отбасылары күн өткізбей қонаққа шақырып, құрметтерін көрсетті. Сонда десеңші, әр үйде: «Артымда қалып бара жатқан жалғыз інім Лекерге көз қырыңдарды сала жүруді сұраймын!» –дегенін қалай ұмытармын  жан бауырымның ! Жан ағам, асыл туысым! Сол інің үй болды, Бибінұр атты адал жарға кездесіп, тоғыз бала сүйдім. Жасым сексен жетіге келді... Сенің әруағың қолдаған шығар, сұм соғыс кімді жылатпады. Сен соғыстан аман келсең, аман болсаң жасың 97 болар еді /1916 жылы туған/.

Сүйікті перзенттерім – Қарлығаш, Құралай, Раушан, Майра, Ерсін – сені мәңгі ұмытпайды, есіміңді ұрпақтарына айтып, абзал бейнең ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді, асыл ағам Қабіләшім! Ағамнан қалған Амангелді 1,5 жаста 1941 жылы қайтыс болды.

1941 жылы маусымда қарғыс атқыр соғыс басталып кетті. Үкіметтің «жеке меншік сиырлар соқаға жегілсін, жылқы болса ауылдан-ауылға лау тасу көлігі болсын, барлығы жауды жеңуге жұмылдырылсын» деген жарлығы шықты. Жездем Өсербайдың бір биесі болды. Мені түнде оятып: «Лекер, биені салт мін де, Талшыққа тарт, ондағылардың бәрі Қабыләшімді біледі, лауға жекпейтін болар, ал реті келсе, 100 сомға сата сал» - деп, мені Талшыққа аттандырып жіберді. Бұл егін ору мезгілі, ұмытпасам тамыз айының орта кезі. Талшық ауыл кеңесі Қабыләшімнің інісі болғандықтан, биеге тиген жоқ. Ол жануар семіріп оңалды. Сатып та жіберіп, 100 сомды ескі құлаған үйдің бір бұрышын қазып, тығып тастадым. Адамға қиянат қайдан келетінін білмейсің ғой. Жарқын аулынан әкемнің туған інісі Өсербей келіп: «Неге саттың!» - деп, мені өлімше қылып сабап, өз биесін өзі ұрлап қашып кетті. Биені сатып алған адам: «Мынау Өсербай жынды гой, ақшамды да бермей кетті ғой», - дегенде, мен: «Ақшаңыз міне», - деп, тыққан жерімнен алып бергенде, ол кісі: «Мә, бес сом, ауданға жет, ондағы мектеп пен интернаттың директоры – туысың, басқабас жігіті Жақсылық Қайролла, оқу бөлімінің бастығы – немере туысың Баянжанов Азанбай,  мына бет жараң жазылғанша, біздің үйде бол!» деген адамның жақсылығын қалай ұмытарсың! Ал айдалада өлімші етіп сабап, туған ағасының жалғыз қалған баласынан малды артық көрген туыс қиянаты жүрегіңнен кетпейді екен. Құдай өзі кешірсін, Өсербай марқұмды өмір бойы жек көріп кеттім.

         Талшық пен Кішкенекөл арасы 30 шақырым. Талшықтан Кішкенекөлге жаяу келе жатқанда, Талшық жақтан көлік дыбысы естілді. Қулыкөл ескі жұртынан жолға шығып келе жатқан көлік иесіне қолымды көтердім. Қараңғы түн, ай қараңғы. Трашпанға қос ат жегілген көлік иесі тоқтай қалып: «Трашпанның артынан отыра ғой, балам,» - деді. Бұл – аудандық сот Күнтас екен. Ауданға келіп, Азнабай ағайдың үйіне бардым. Мезгіл – таң сәрі. Есік қағып едім, ар жақтан «Бұл кім?» деген деус естілді. Мен «Лекермін гой» деп едім, ол кісі: «О, Болатбайдан калған жалғыз екенсің гой, кір!»- деп, бетімнен алма-кезек сүйіп жатыр. Қысқаша көрген қорлығымды, енді өлсем де Жарқынға бармайтынымды айттым. Ол әжеміз: «Азнабай, тұр, Қайроллаға қағаз жазып бер, Болатбайдан қалған жалғыз баланы интернатқа орналастырсын!» – деп, әмір етті. Осындай аналық мейірім көрсеткен кім дейсіз ғой. Ол – Тәттіғожин Шәмшидің апасы, Баянжанов Азнабайдың шешесі, өкінетінім – есімін ұмытып қалдым. Сол күні интернатқа орналастым. Сөйтіп, бұл ұзақ өмірімде мейірімін, жақсылығын көрген адамдарым: сол кездегі аудандық сот болған Күнтас /тегін ұмыттым/, Азнабайдың шешесі, Жақсылық Қайролла. Сол ауыр кезеңде жақсылық жасап, жетімге мейірімдерін төккендердің кейінгі қалған ұрпақтарының мерейі үстем бола берсін.

         Жақсылық Қайролла 1941 жылдың қыркүйек айында әскер қатарына алынып, капитан шенінде ұрыс даласында қайтыс болады /1943 жылы/.

Қан майданда шейіт болғандардың әруақтары кейнгі тәуелсіз елдің ұл-қыздарын жебеп жүрсін. Жақсының аты өлмейді. Олай болса – Тәттіғожин Шәмшидің апасының өсімдері мәңгі өлмейді.

Тұлағай тұңғышым Қарлығашымның, жанашыр қызым Құралайдың, оның женсерігі Серіктің, аяулым қызым Раушанның, ақылды – парасатты ақ қызым Майрамның, Ерсін жалғызымның, немерелерімнің өмірлері қуанышты, бақытты өтсін, еңбегіне табылған табыспен өтсін. Бауырмалды туысқандық қатынастары үзілмей, бірлікте болса екен деп тілеймін.

         Ей, жаратқан, бір Алла, өз өміріме дән ризамын. Өйткені жеті жастағы жетімді сексен жетіден асырдың. Артығы қыз қалпына келген жас сүйдірдің. Тоғыз бала сүйдірдің. Амандықтың ұлысы – ұстаздың мамандығын бердің, алпыс жылдай жастарды Отан сүйгіштікке, елімізді сүюге тәрбиеледім. О, жаратқан жалғыз Аллам, осы жетімдікте көмектескен, өзің жіберген Қыдыр-Қызырдай адамдарды атап айтқым келеді. Соның бірі – Мәліков Сабыр, менің ұлы ұстазым. 1941 жылы тамыз айында кішкене бір орта мектеп жанындағы мектеп-интернатқа орналастым. Сонда оқып жүріп, сегізінші сыныптан бастап, екі жыл мектеп-интернатында қойма меңгерушісі, оныншы сыныпта мектеп есепшісі болдым. Жұмысқа аларда, маған Мәліков Сабырдың айтқаны: «Саған қазір садақаның керегі жоқ, сен түбінде оқуға барасын, саған ақшаны кім береді? Мен жинай беремін,» – деді. Жалақының  бір айлығының өзіне бір бөлке нан да келмейтін. 1946 жылы 10 жылдықты бітірдік. Оқуға кетерде Сабыр ағай үш жылғы ақшамды санап, өз қолыма берді. Бірақ  оны оқу бітіріп келген соң қайтардым. Екі айлық жалақымды сол кісіге қосып бердім. ...

Көпей-апа!  Ол адамды қалай ұмытам! Әкемнің бірнеше туыстары болды. Соның ішінде жалғыз ағамнан қалған бауырым деп, Көпей апа барлығын аузыма тосушы еді. Төрт жыл өзімнің үйімдей жүрдім, Алматыдан Қызылтуға келгенде, өз баласындай күтті. Әруағынан айналайын!

Осы кісілердің барлығын жіберіп көмектескен бір Алла Тағала! Жаратқан Алла, ризамын, өмірде не көрсем де сол жақсылығыңның арқасында! Ендігі тілейтін тілегім – балаларым аман болса екен. Ел тыныш болып, шөберелерім, ұрпағым бірінен кейін бірі жалғаса берсе екен деп тілеймін. Әумин. 

 

Сәбит Дүйсебаев

Қазақстан педагогика ғалымдары

 академиясының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371