Оқулықтың тапшылығын қалай жоямыз?
Жуырда Мәжілісте өткен үкімет сағатында біздің қоғамды толғандырған осы мәселе қызу талқыға түсті. Депутаттар қазіргі оқушылар пайдаланатын кітаптардың салмағы, қарпі және басқа да көрсеткіштеріне қызығушылық танытты. Сауалдарға жауап берген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов әрбір оқулыққа қойылатын санитарлық талаптар туралы әңгімелеп, балаларды кітаппен қамтамасыз етудегі күрделі үдерістің қыр-сырын ашып, сондай-ақ оқулық тапшылығына қатысты мәселені шешудегі өз нұсқасын ұсынды.
Министрдің айтуынша, 1-4 сыныптарға арналған оқулықтардың салмағы 300 граммнан, ал 5-6 сыныптардікі – 400 граммнан, 7-10 сыныптардікі – 500 граммнан, 11 сыныпқа арналған оқулық 600 грамман аспауы керек. Яғни, бір оқушының жинақталып келгендегі оқулықтарының жалпы салмағы 1,5 - 2 келіден аспауы тиіс. Алайда үкімет сағатына қатысқан Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин 2013 жылы 3-ші және 10-шы сыныптарға арналған оқулықтардың жоғарыдағы талаптарға сай болмағанын жасырмай айтты. Мысалы, алгебра, физика және биология кітаптары салмағы бойынша мақұлдаудан өтпеген. «Сондай-ақ, қағаздың сапасы мен бояуы талапқа сай келмеді, суреттері мазмұнымен үйлеспеді. Сөйтіп, бұған бюджеттен тағы қаражат бөлінді. Оқулықтар тез тозып, жыртылып қала беретіндіктен біз тексеріс нәтижесінде теріс қорытынды шығардық. Бұл жердегі тікелей жауапкершілік оқулықтарды дайындаушылар мен оны бекіткен органдардың, ең алдымен, министрліктің мойнында»,- деп түсіндірді Ж. Бекшин.
Білім және ғылым министрлігінің басшысы депутаттарға оқулық тапшылығының негізгі себептерін ашық айтты. «Бұл жердегі негізгі мәселе – жоспарлау мен дер кезінде сатып алуда жатыр. Жыл сайын жергілікті органдар осы мақсатқа толық қаражат бөлмейді, жалпы алғанда еліміз бойынша 3,6 пайыз толық қаржыландырылмаған»,- деді Аслан Сәрінжіпов. Оқулық тапшылығына алып баратын себептердің бірі – сатып алуға келісім-шарт жасау. Мұндай жағдайда мектептердегі оқушылар саны мен халықтың өсімі ескерілмейді. Шынында да көп жағдайда жергілікті атқарушы органдар тозығы жеткен оқулықтарды жаңасына ауыстыруға бюджеттен ақша бөлгісі келмейді. Білім және ғылым министрі бұл ахуалды жақсарту үшін оқулықпен қамтамасыз етуге қатысты барлық іс-шараларға қатаң бақылау орнатылатынын мәлімдеді.
Министрліктің тапшылықты жою үшін ұсынған шешімі мынадай: біріншіден, оқулықтар тізімін бекітетін құзырлы комиссия жылдың соңына дейін оны бекітуі керек. Екіншіден, 1-ші қаңтарға дейін барлық мектептер алдағы оқу жылына қажетті оқулықтар жөніндегі мәліметтерді министрлікке жіберуі тиіс. Бұл жерде демографиялық, қалалық және аудандық көрсеткіштер, жаңадан мектеп табалдырығын аттаған балалар саны сияқты мәселелер ескерілуі міндетті. Сонымен қатар, облыстардағы білім беру басқармалары мен мектептер тұрақты түрде оқулықтар қорындағы кітаптарды түгендеп отырады. Пайдаланылған кітаптарды мерзіміне және тозығы жеткендігін бағалауға қатысты үдерісті белгілі бір ережелерге бағындырған абзал.
Алайда, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева шенеуніктердің айтқан уәждерімен келіспеді. Ол оқулық тапшылығын қолдан жасаған әкімдіктер мен баспалардың бір-бірімен келісіп алғанын айыптады. «Менің қолымда мынадай сандар бар: бір жерде 170 млн. теңге, енді бір жерде 220 млн. теңге үнемделген. Менімше, бұл әкімдіктердің баспалармен құпия келісіп алғанының нәтижесі. Біздің халық жуас, көнбіс. Балаларына мектеп оқулық бермесе, басқа жерден сатып алады. Осындай нәрсені түсінбейтіндей біз бала емеспіз ғой?!. Ал әкімдіктер мен баспалардың тарапынан айтылған түсініктемелер ақылға қонбайды. Бұл нағыз балабақшадағы балалардың айтатын сөзі»,- деді ол. – Қызық жағдайға тап болып отырмыз, - деп жалғады сөзін Д. Назарбаева. – Бүгін министр: «Біз нормативтерді дайындап жатырмыз» деп айтты. Яғни, ол нормативтер жоқ деген сөз. Арнайы есеп-қисап жүргізілмегендіктен, жоспарлау жұмысы да ақсап тұр. Мен мектеп директорлары өз оқушылары жөнінде жалған ақпарат береді дегенге сенбеймін. Егер осы мәселеге толық тексеріс жүргізетін болсақ, жергілікті жердегі әкімдіктердің оқулықтарға тапсырыс беруді толық қаржыландырмай отырғанын көрер едік,-деп сөзін түйіндеді ол.
Әмірлан Әлімжан.
Abai.kz