ӨЛГЕЙДЕГІ ӨЗГЕШЕ ӘСЕР
(журналистік жолжазба)
Армандар орындалады. Барлығы болмаса да бірсыпырасы. Дәл осы жолдарды жазуыма түрткі болған жай – тағы бір тәтті арманымның іске асқандығынан. Яғни, Моңғолияның Баянөлгей аймағын бір көруге деген ынтызарлықтың орындалғанын айтқым келіп отыр...
Алматы арнасының тілшісі Әмірболт Құсайынның фейсбуктағы жеке парақшама жазған ұсынысын бірден қуана қабылдадым. Жолға шығар уақытты тағатсыздана күттім. Тіпті бір күн бұрын ілгерлей берейін деп арнайы көлікке қарамай Алматы облысы, Сарқан ауданы, Қойлық ауылындағы туыстарымның үйіне бір-ақ тарттым. Арттан келген сапарластарыммен сол ауылда қауыштым. Журналистер отырған көлік шығысты бетке алып тоқтаусыз тартып отырды. Қазақтың жазық даласындағы ойлы-шұңқыры көп жолдарда билей отырып түн ортасы ауа Өскеменге ат басын тіредік. Желдей есіп жиппен кеткен алматылық сапарластарымызбен, әуелеп жеткен Астаналықтармен осы қалада тоғыстық. Таң ата тағы да жолға шықтық. Қазақ жерінің ең биігіне жеткенде желік бітпеген көңіл көңіл ме? Тауға да, тасқа да, орман мен көлге де, өзен мен егістікке де таңдана, тамсана қарай жүріп шекараға жеттік. Көп кідірмей қос шекарадан өте шықтық. Бүгін басуға ниеттеніп отырған ұзын жолдың алғашқы санаулы бөлегін жаңадан басып өтсек те шөліркеп қалыппыз.
Наталияның нансыз шайынан бірер кесені ұрттап алып сапарымызды жалғастырдық. Бірнеше көліктегілер бір-бірімізді балаша күтіп жүріп жүрер жолдан ұтылсақ та көлік тізгініндегі Бейбіт ағамыз жылдамдықтан есе жібермеуге тырысты. Барнауылға жеткенде түн қараңғылығы қоюланып ауарайы да суытып кетті. Таң ата айналаға көз жүгірткенімізде таулы, қарлы Алтайдың кезеңдерінен керлеп асып бара жатқанымызды байқадық. Алматының 35градустық ыстығынан келгендіктен де суыққа шыдамай дірілдей бастадық, үйрене келе уыстап қар ұстауға көштік. Нағыз тұмса таңғажайып табиғат сыйы көз алмай қарауға мәжбүр етті. Осыншама сұлулықты жаратқан шебер Құдайға шексіз риза болып тоят таппай ләззат алдым-ау. Бірнеше сағаттап жол жүрсек те көркемдігі аяқтала қоймаған алып таудағы әдемі көріністер көз арбайды, сансыз ағаштар оттан, өрттен дін аман сақталған.
Қызыға да қызғана қарайсың. Орманды орыстың жазық даласын былай қойғанда биік тауларындағы жолдары да тақтайдай тегіс, кедергісіз көсіле зулап келеміз. Бізде осындай жол болса бұрылыс сайын көлік апаты орын алған сүреңсіз көріністен көз сүрінер еді деп қоям ішімнен. Тағы бір атап өтерлігі, мың шақырымнан астам жол жүргенде бірде бір рет МАИ қызметкері тоқтатып тексеру жасаған емес. Бізде болса бөтен нөмірге шүйліккендерді сағат сайын кездестірер едік. Өзіміз де сондай күй кештік. Алтай республикасына аяғымыз тие бере жер-су атауларынан, тұрғындардың тілі мен түрінен өзімізге ұқсастық іздей бастадық.
Онымыз заңдылық еді. Тамам түркінің алтын бесігі болған Алтайдай ата жұрт, байырғы мекеннің топырағын иіскеп, ауасын жұтудың өзі ғанибет емес пе? Айтпақшы қазағы қалың Қосағаш ауданына жеткенше жол бойнан Балхаш өзенін, Орталық, Қурай ауылдарын басып өттік. Қосағаш көшелерінен қандастарымызды көбірек байқап көп жыл кездеспей сағынысып қалған бауырларды көргендей назар аудара қарадым. Жжергілікті тұрғындардың айтуынша аудандағы 17 мыңға тарта адамның 11 мыңдайы қазақтар екен. Аудан орталығынан кейін Жаңа ауыл, Төбелер деген ауылдардан, Теріс аққан атты өзеннен өттік. Ташанта бекетінің түбіндегі «Нұр» атты қазақтың дәмханасынан түстеніп алып ары аттандық.
Баянөлгейдің шекара бекетіне бас сұға бере жылылық пен жомарттықты, қазаққа тән қонақжайлықты аңғардым. Олар біздің Қазақ елінен арнайы тойға келе жатқанымызды естіп қуана, құрақ ұшып қызмет көрсетті, тіптен лезде әзіліміз жарасып кетті. Бұл менің өмірімде тұңғыш рет көрген мейірбандық сезімі бар қызметкерге бай шекаралық бекет болды. Көп жерде әсіресе біздің шекарашылардың дөрекілігін, тіпті кісіні аң анайтын аусарлығына етім үйреніп қалғандықтан ба сенер-сенбесімді білмей аңтарылдым. Өзге елдің шекарасынан нағыз қазақи болмысты көргенде адасқанымды тапқандай қатты қуандым. Кештете Баянөлгейдегі «Думан» қонақ үйіне жайғастық.
Тойдың басы халықаралық ғылыми тәжірибелік конференциямен басталды. Халыққа да, ұрпаққа да ең қажетті шара сондағы жоғары оқу орнында өтті. Айтпақшы, Қазақ елінен осы өлкеге бірнеше көлікпен сан сала мамандарының бас қосуының басты себебі – Ержәнібек батырдың 300 жылдығына арналған мерейтой шарасы еді. Ал біздің мұнда келуімізге ықпал еткен халықаралық «Ержәнібек» қоры болатын. Батыр болмысын айшықтауға бағытталған ғылыми конференцияға Қазақ елінің тарихшы, ғалымдары, түркологктар, Ұланбатыр мен Баянөлгейдегі мемелекеттік жоғары лауазымды шенділер мен зерттеушілер қатысып баяндама жасады. Мерейтойдағы ең керек артына із қалдыратын шара осы. Өйткені, біреулер Ержәнібекті Шыңғысханға теңеп жатса, енді біреулер керейлік шеңберден асырғысы келмейді. Осының бәрінің ара жігітін ажырататын ғылыми тұжырым осы арадан айтылып жатты.
Түске қарай Өлгей қаласындағы Ержәнібек даңғылының ашылуы өтті. Іле-шала қалаға кіреберістегі келін төбеге болашақ ескерткіштің белгісі орнатылды. Түстен кейін аймақтық театр залында ақындар айтысы болды. Ертесінде спорт сарайында ең қызықты спорт түрі балуан салынды. Тойдың 3-күні Өмінғол жайлауында жалғасты. Онда сахарадағы саханада батыр рухына бағышталып құран оқылып, ақсарбас қой сойылып ас берілді. Көкпар, бәйге секілді ұлттық ойындар көрсетілді.
Маған таңсық болған тұсы, көкпар, ондағылар ешкі терісін екі адамнан тартысып қол қайраты мен білек күшін сынайды екен, бұл бір жағынан әр ауыл арасындағы азаматтардың қарым-қайратын бағамдауға мүмкіндік туғызады. Қазақтың қанына сіңген әдеті бойынша мұнда да қызуқандылық байқалып, ойын ортасы төбелеске ұласа жаздап жатты. Ат құлағында ойнаған күшті азаматтардың намысқа шапқан көрінісі әлі күнге көз алдымда, батыр халықтың бүгінге жеткен өр рухы санамда сан мәрте жаңғырып жатты. Осылайша жұрт батыр рухына арналған шараларға өз таңдауы мен қалауы бойынша қатысып мәре-сәре күй кешті. Ал мен өңірдегі кәсіпкерлік, БАҚ саласындағы басымдылықтар, халқымыздың сан жылдар бойы жалғасып келе жатқан қолөнері мен салт-дәстүрдегі ұстанымы, дүниетанымы мен ұлттық тәрбиедегі ерекшеліктерін білуге асықтым. Әр саланың жайын білетін көптеген кісілермен сұхбат құрып пікірлестім. Осы арқылы көкейде жүрген сан сауалдың бірсыпырасына жауап тапқандай болдым. Мен байқаған бірнше ерекшелік мынау: біріншіден, Баянөлгей халқының қазақи болмыстың қаймағын бүгінге дейін сақтап келуі, ол дәстүрлі ұстаным мен әдет-ғұрып, ырым-тиымдардан көрініс табады. Мәселен, әлі күнге қыздарына «сүйегің сол үйден шықсын, барған жеріңнің өсегін бізге тасыма» деп шегелеп тәрбие береді екен. Сол тектіліктің сақталғандығынан болар, бұл өңірде тастанды бала, қарттар үйі деген ұғым жоқ. Тіпті біздің қоғамда күнделікті кезігетін, көзіміз бен етіміз әбден үйреніп кеткен некеден ажырасу әрекеті жоқтың қасы екен. Отбасы тұрақтылығы мен махаббат беріктігі сақталған.
Екіншіден, ұлттық қолөнеріміздің бояуы бұзылмай, қалпы өзгермей сақталғандығы. Бірнеше қолөнер шеберімен сұхбаттасып, жұмыс барысымен таныстық. Үйінде отырып тымақтың неше түрін(керей, найман, пұшпақ тымақтарды) тігетін отбасында болдық, емен-жарқын әңгімелестік. Бастысы олар бабадан жалғасқан мұраға құрметтен қарай алады екен. Оның шикізаты да дайын, іс білетін адам да тапшы емес, жалғыз тымақ қана емес, түскиіз, бау-басқұр, сөмке, түйе жүнінен киім тігу,т,б, бар. Шағын ғана мемлекетте кәсіпкерлікпен айналысуға орай бар, «өзіміздікі» деп мақтанатындай ұлттық өнімдерді нарыққа шығарып отыр. Бұл аймақта Моңғолияға белгілі қазақ кәсіпкерлері де бар екен. Мәселен, Мұрат есімді ағамыз аймақтың жылу жүйесін жекеменшікке сатып алып жүргізіп отыр, қазыр ол 8-9 қабатты тұрғын үй салдыруда, тіпті жұмысшыларына сол арадан тегін үй бермекші. Демек, бұл саланы жетік біліп нақты жұмыс атқарып жүрген қандастарымыз аз емес.
Үшіншіден, тұрғындар бойындағы адалдық, жомарттық, қонақжайлық қасиет. Бірнеше жерден зат сатып алғанда жергілікті жердің ақшасы болмағандықтан теңгені артығырақ беруге тура келді. Алайда сатушылардың біразы «артық ақша алсам ұят емес пе» деп қысылған бейне көрсетті. Ондайды естімегелі көп болғандықтан біраз таңдануыма тура келді.
Төртіншіден, БАҚ саласындағы еркіндік. Бізді тамсандырған, қызықтырған бір жәйт, Моңғол БАҚ-ның ұлттық идеологияны қалыптастырып, бекемдеуге барынша қызмет ететіндігі. Мәселен, жергілікті моңғолдар 20 пайызға жетпеседе Баянөлгейде 20 дан астам телеарна тек қана моңғол тілінде хабар таратып тұр. Сондағылардың айтуынша Моңғолия бойынша жүзге жуық телеарна тек қана моңғол тілінде сөйлейді. 3 миллионға жетпейтін тұрғындарға осыншама телеарнаның өз тілніде қызмет көрсетуі жетістік емес пе? Қала берді сөз бостандығының, БАҚ-тағы демократиялық құқықтың сақталуын қосыңыз. Осы өлкедегі маңдайшалықтар мен атаулардың бәрі тек қана моңғол тілінде жазылған.
Бесіншіден, әкім-қаралардың қарапайымдылығы мен халықпен санасатындығы. Бізде аудан әкімі келе жатса жанталасып кілем төсеп, жанымызды қоярға таппай зыр жүгіріп кетеміз. Ал онда әкімдер халықтың ортасында жүр.
Алтыншыдан, аймақ басшылығының шешімімен жұма күнге құрмет көрсетіледі, сол күні кафе, мейрамхана, түнгі клуб, барларда арақ, сыра сатылмайды.
Бай өлкедегі батыр рухын дәріптеуге арналған бірнеше күндік іссапар мен үшін аса табысты болды, осы аймақтағы қазақтар өмірімен танысып, маңызды мағлұматтар жинауыма орай туды. Көптен аңсаған қазақи ортаға еніп, жоғалтқандарыммен қауышып, ұмытқандарымды тапқандай болдым. Жаңа ой түйіп, келешек зерттеулеріме керекті мәліметтер жинадым. Осы сапарды ұйымдастырған халықаралық «Ержәнібек қорындағы» азаматтарға алғысым шексіз.
Жарқын Сәленұлы
Алматы – Баянөлгей – Алматы
Abai.kz