Сенбі, 23 Қараша 2024
Қорған 5466 0 пікір 22 Қазан, 2014 сағат 10:39

ЕХ, АЛЕКСАНДР, АЛЕКСАНДР... (жалғасы)

 

 

ТАРИХ ТҮЙIНIН СIЗ ШЕ ТАРҚАТУ КҮНӘ

 

Сенатор Өмiрбек БАЙГЕЛДI мырзаға

Ашық хат

Құрметтi

Өмiрбек БАЙГЕЛДI мырза!

Сiздiң "Қазақстан" газетi тiлшiсi Сәуле ҚАБАНБАЙға берген сұхбатыңызда (№12 (252) 2-сәуiр, 2009) "Тарихтың түйiнiн тарқатумен айналысып жүрмiн" өйткенi "...тарих саясаттың ыңғайына қарай өзгерген. Адам баласы келiсiмге келе алмайтындай етiп шатасқан" деген уәж айтасыз.

Мен шынымды айтар болсам, Сiз тарқатпақшы болған тарихтың түйiндерi жөнiндегi тұжырымдарыңыздың соншама шатысып-бұтысып кеткенiн, тарихи сауатыңыздың соншама шалалығы мен балаңдығына көзiм жеткен соң ол жөнiнде пiкiр таластыруды мүлде қажетсiз деп есептеп едiм.

Содан берi де жарты жыл уақыт болыпты. "Атамның шоты шапқан сайын асып-асып тиедi" демекшi, Сiз осы аралықта тiптi шектен шығып, өзiңiз шатасқаныңызбен қоймай, тарихи санасы мен бiлiм-бiлiгi жаңа ғана қалыптасып келе жатқан жас ұрпақ пен қарапайым қазақты шатастыратын ақпараттық әуейлiкке ұрынған үстiне ұрынып кеттiңiз.

Ол ол ма, қызмет бабыңызды асыра пайдаланып Астана мен Алматының атқамiнерлерi мен сөз ұстар ақсақал, қарасақалдарын жинап "өлгенiмiз тiрiлiп, өшкенiмiз жанған қуанышқа" ортақтастыра бас шұлғытып мемлекеттiк деңгейдегi науқанды да бастап жiбердiңiз.

Белгiлi сұхбатыңызда "701-жылы Қытайда туылған ЕЛIБАЙ (Ли БАЙ) деген ақынды аштым",- деп айды аспанға шығарған едiңiз.

Сiзге қояр сұрақты осы үзiндiдегi "701 жылы Қытайда туылған ақында сiздiң не жұмысыңыз бар едi" деп те, "ақынды аштым" деген не сөз?"- деп сұраудан бастауға да болар едi. Бiрақ, ол туралы айтар сөздi iрке тұрып, Сiз тарқатпақшы болған тарихи түйiндерiңiздiң шатасқан-шиеленген тұстарынан бастауды жөн көрдiк.

Сiз белгiлi сұхбатыңызда "мен саяси айтыс-тартысты қойған адаммын" дей келiп "қызмет бабымен көп жерде болдым, бiрақ, ол кезде зерттеу жұмысымен айналыса алмадым, қазiр мүмкiндiк бар" дейсiз. Түсiне алмадық. Сiз зейнеткер емес, нағыз қайнаған саяси айтыс-тартыс қазанының құлағын ұстаған Сенаттың мүйiзi қарағайдай сенаторы емес пе едiңiз? Ендеше, мемлекет сенiп тапсырған ең басты мiндеттi қайырып қойып, өз бетiңiзбен өзiңiзге мүлде бейтаныс тарих түйiнiн тарқатуға кiрiсу неге керек болды?

Құрметтi Сенатор мырза, Сiз тарихтың түйiнiн тарқатам деп қолыңыз көтере алмайтын шоқпарды белiңiзге байлап алып, өзiңiздi де, өзгенi де әурелеп жүргенiңiздi әлi сезiне алмай отырған сияқтысыз. Сiз өзiңiзбен қоймай, «Қазақстан» атты қасиеттi атауды иеленген газет ұжымын да сөзге қалдырдыңыз. Сондықтан дәл осы "Қазақстан" газетi арқылы Сiзге ашық хат жазып, тарихтың түйiнiн бәрiмiз бiрлесе тарқатсақ қалай болар екен деген ниетiмiздi бiлдiргiмiз келдi. Сiзбен әңгiмелескен тiлшi Сәуленiң қырғыздар жөнiндегi сұрағына ешбiр ойланбастан, дастархан басында отырғандай-ақ: "қырғыз түк бiлмейдi"- деп дүңк еткiзесiз.

 

Қырғыздарға тиiсiп нең бар едi ,СЕНАТОР МЫРЗА

Сiз қазақ мемлекетi атынан, қазақ халқының мүдделерi тұрғысынан сөйлеуге тиiстi саяси қайраткерсiз, былайша айтқанда елдестiрушi елшi адамсыз. Қазақ сенаторы көршiлес, туысқан қырғыз халқы туралы баспасөз бетiнде осылай сөйлеуi қай жөнге келетiнiн бiр сәт ойлап көрмеген сияқтысыз.

Жалпы, Сiздiң қырғыз халқының тарихы мен тағдыр-тәлейi жөнiндегi ұғым-түсiнiктерiңiздiң шама-шарқы мынау екен: "қырғыз түк бiлмейдi. "740-жылы қырғыздар ұйғырларды талқандады,(?) Новокузнецк - Алатау деген тау бар,(?) 840 жылы ұйғырлар есiн жинап қырғыздарды қырады(?) қырғыздарға қытайлар көмектеседi. Бас сауғалаған қырғыздар үшке бөлiнедi. Бiр бөлiгi Сiбiрге кетiп, хакас болады. Екiншi бөлiгi Арқаға бет алады. Астанада қырғыз деген ру бар, олар қазаққа сiңiп кеткен қырғыздар, үшiншi бөлiгi Алатауды паналайды. Қырғыздар: "Бiз бас сауғалап келе жатырмыз" деп, қазақтардан пана сұрайды (?) "Алатаудың шетiне кiремiн десең кiр" деп рұқсат бередi. Қырғыздар Тәңiр тауын Х ғасырда паналаған",- деп жауап берiпсiз.

Тарихтың түйiнiн тарқату үшiн алдымен тарихшы болу керек шығар. Олай болмағанда орта мектеп оқушысына да белгiлi тарихи оқиғалар мен атаулы ай, жылдарды шатастырып осылайша күлкiге қалуға болады екен.

Өмiрбек мырза, тарихтың әлiппесiнде Көк түрiктер құрған екiншi түрiк қағанатын 740-жылы опасыздықпен талқандап, тарихи тас жазулар мен тас мүсiндердi қиратқан Орхон ұйғырлары мен қарлұқтар екенi анық жазылған.

Қайдағы қырғызға қайдағы ұйғырды қырғызып жүрсiз?

Ал, 100 жыл дәурен сүрген Ұйғыр қағанатын 840-жылы Енисай қырғыздары маңайында­ғы басқа түрiк тайпаларын қоса табғаштармен тiл бiрiктiрiп талқандап жiбергенi, үшке бөлiнiп қашқан қырғыздар емес, ұйғырлар екенi, (басым көпшiлiгi Тұрпан, Құмұл, Бесбалыққа) шағын тобы Гансу - Дұң Хуаң маңына кетiп, кейiн сары ұйғыр атанғаны, Пан тегiн бастаған 15 тайпасының Жетiсу, Ыстықкөл жерiне келiп бас сауғалағанын тарихшылар ғана емес, сауатты адамдардың бәрi бiлетiн әдеттегi нәрсе едi.

Уақыт өте келе Қарахан, Қарақытай, Шағатай, Жошы хандықтары тұсында қазақ, қырғыз, өзбек халқы құрамына қосылып сiңiсiп кеткенi, Алты шәрiге барған ұйғырлар ғана ұйғыр атын сақтап қалғаны, ал Жетiсудағы бүгiнгi ұйғырлардың 1880 ж. кейiн орыс-қытай шекара бөлiсi кезiнде ауып келген Тараншы - ұйғырлар екенін баса айтпасақ тағы жоқ бiр дауға себепшi болып қалармыз. Сiз қалай бiлмей қалдыңыз? "Қырғыз түк бiлмейдi" дегенде сiздiң бiлгенiңiз осы ма? Өкiнiштi-ақ.

 

АБАЙДЫ қойып АБЫЛАЙДАН да безейiн дедiңiз бе?

Ал, Астана маңындағы, Көкшетау жерiндегi қырғыздардың қашан қоныстанғанын бiлмеу, Сiз үшiн тiптi де ыңғайсыз-ақ. Қырғыздар арқа жерiне бұдан 1169 жыл бұрын емес, 240 жылдың алдында, АБЫЛАЙ хан мен ҚАБАНБАЙ батыр бастаған жойқын соғыста тұтқын болып, айдалып барған қырғыздар болатын. Ол туралы атақты ғалым, Шоқан УӘЛИХАНОВ аққан жұлдыздай болған қысқа ғұмырында былай деп ап-анық жазып кеткен: "1770-жылы Абылай жорығының даңқы күштi болған. Ұрысқа қырғыздар­дың оңы мен солы түгел қатысқан. СОЛТЫ мен САЯҚ руы талқандалып, атақты ЖАЙЫЛ батыр өлтiрiледi де, бұл соғыс "Жайылдың қырғыны" деп аталады. БҰҒЫ руын Ыстық көлде қиратып, тонап алады. Алатау қырғыздарының ӘТЕКЕ Жырық батыры да, басқалар да сонда болады... ТОҚАШтың қара төбесi қайсақтардың топталып, ту тiккен жерiне айналады. Алатау қырғыздары жантүршiгерлiк қырғынға ұшырайды. ШОҢБАҒЫШ руынан тек болғаны екi ауыл ғана, ал, ШОҢТАЛҚАН тарамынан не бәрi 40 кiсi ғана аман қалады. Жайылдың қызы, Әтекенiң әйелi БИКЕМЖАНның жоқтауын қырғыздар осы кезге дейiн жырлайды. Осы ұрыстың нәтижесiнде Көкшетауға бiтiм сұрап Алатау қырғыздарының БАРША руының уәкiлдерi барады. "Бұдан былай бiр-бiрiмiздi өлтiрмеймiз деп тұңғыш рет уәдеге келедi". Осыдан соң қырғыздар мен қазақтардың жайлау бөлiгi белгiленедi. Абылай тұтқын қырғыздардан құралған елдi "жаңа қырғыз", "бай қырғыз" деп екi болыс ел етiп құрады". (Ш.Уәлиханов. Таңдамалы шығармалар. 159-160б. Алматы.)

Ал, Абылайдың осы реткi жойқын жорыққа аттануының себебiн, қытай деректерiне түскен Гау ЗҰҢ патша (1736-1796) орда жазбаларын ұсынамыз: Чиң патшалығы Гаузұңның орда естелiгiнiң "725 жіне 985 бөлiмiндегi жазба деректерге қарағанда қырғыздар 1766 жылдары қазақ елiне арт-артынан үш рет шабуыл жасаған. Сол шабуылда Қабанбайдың iнiсi ҚАРАҚҰРСАҚтың ауылы ауыр шабындыға тап болып, тұқымға әрең бiр бала қалған (Бұл жағдай "Қабанбай" атты қиссада толық айтылған). Сол себептi Абылай мен Қабанбай 1769-1770 жылы қырғыздарға қарсы өш алу жорығын жасап, олардың ойран-топырын шығарады.

"Абылай қолы Қарабалдан (Қарабалта) деген жерде бұрттармен (қырғыздармен) соғысады. Қырғыздардың ер-әйелi, мал-мүлкi талауға түседi. Бұрттардың Әтеке бастаған адамдары Талас деген жерге дейiн қуып келген едi, бiрақ, күйрей жеңiлдi. Мыңнан артық ада­мы өлiп, мыңнан артық адамдары тұтқындалады. Олардың арасында көптеген ел басылары да бар. Сөйтiп, қазақтар өш алу үшiн бұрттардың (қырғыздардың) ойран-топырын шығарады". (Чиң патшалығы (1616-1911), Гау Зұң патша Орда естелiгi. 985-бөлiм, 28 б.)

Қырғыздар туралы әңгiменi осымен доғарамыз.

 

Ех, Александр, Александр...

Алайда, Өмекең тарқатқысы келген тарих түйiнiнiң ауқымы "орасан зор", шынымен-ақ Өмекең өзi айтқандай "оны түсiнуге халық дайын емес" көрiнедi. Сонда халқына көңiлi толмай отырған «абыз» қариямыздың мына сәуегейлiгiнiң парқына жету үшiн бiз - қазақтар не iстеуiмiз керек?

Бiрдi айтып бiрге кететiн ійгiлi сұхбатында ол кiсi төбеден түскендей етiп Александр туралы сөйлей жөнеледi:

"...Қазақ жерiнде қайдағы Александр? Ескендiрдi Александр деп тарихты шатастырдық. Ескендiр дегенiмiз... Едiл (Аттила) батыр. Алла тағала оны пайғамбарым деп, Ескендiр деген есiм бередi. Қытайдың жерiне Александр МАКЕДОНСКИЙ аяқ баспаған. Қытайға шабуыл жасаған Едiл батыр".

Ал әйпетсе, көзi қарақты оқырман, бұған не деп жауап беруге болар едi? Жауап беруге, сөз қор қылуға тұра ма, өзi? Мұндай шатасқан ой-қиялмен тарих түйiнiн тарқату мүмкiн бе?

Өмекеңнiң тағы бiр сәуегейлiгiне назар аударыңыздар: "Қытайдың Нан Кинь, Сыш Вань, Пекин, Ман Шан деген төрт өлкесiнде (қала мен өлкенi шатастыруға бола ма?) болдым. Өлке орталығында 17 млн. адам, аудан орталығында 5 млн. халық тұрады екен. Тай-түрiк бабаларымыздың империясы. Ондағы шиндар, тибеттiктер, Ман Шинь қытайдың Лао империясы болған. Лао империясының халқы сынғандар деп аталған. Печорин (Лермонтовтың Печоринiн әйгiлi синолог Н.Я.Бичурин мен шатастыру да баспаның қатесi емес екенi белгiлi.Д.) Сынғандарды кидан деп аударып шатастырады. Сынғандарға қазақтар да, шиндар да салық төлеген. Бұл халықты жойған Шыңғысхан. Мұны қытай елi де растап отыр".

Ал, бұған не деймiз? Тай-түрiк бабасы не? Лао империясы деген қандай империя? Қытай жазба деректерiнде он ғасырдан берi ол туралы: "Лиау" (        ) хандық патшалық: (Б.з 1045-1125) чидандық (             ) Ие Лүй Абаужи құрған мемлекет. Алғашында Чидан аталған хандық 938-жылы атын Лияу хандығы деп өзгерткен.

Чидан деген ежелгi ұлт, ол Шығыс Хулардың (Дұң Ху - тұңғыстар Ә.Д.) бiр тармағы. Мал шаруашылығымен айналысатын көшпендi халық",- деп жазылып келедi. Мекенi Қытайдың Шығыс солтүстiгiндегi Лиау өзенiнiң жоғарғы ағысында. (Қазiргi заман қытай тiлi сөздiгi. 1983. Бейжин. 902 б.)

Чидан уақыт өте келе кидан-тоба-табғаш-қара қытай болып, әр дәуiрде әртүрлi аталды. "Сынған" деген халық, ұлт атауы болғанын жазба тарих мойындамайды. Ал, "тай-түрiк бабалары" деген кiмнiң бабасы? Шыңғыс хан жойған дегенде, қай жағрафиялық аумақтағы, қай хандықты меңзеп отыр тарихшы сенатор? Түсiнiп көр.

"Печорин" ештеңенi де шатастырған жоқ, қытай иероглифiнде қалай таңбаланса, солай оқып, жазып отыр.

Осы арада шатасқан тарих туралы бiрер ауыз түсiнiк бере кеткеннiң артықтығы жоқ сияқты. Өйткенi, бiлдей сенатор шатасып, жұртты да шатастырған, бiрақ, әлем тарихының әлiппесiндей болып барлық кiтаптарда анық жазылған Аттила (Едiл) батыр жөнiндегi жазба деректердi тiзбелеуге мәжбүр болып отырмыз.

"Аттила (453 ж.ө) Ғұн тайпалары одағының көсемi. (434-453) Аттиланың басқару Орталығы қазiргi Венгрия жерiнде болды. Оның тұсында Ғұн тайпаларының одағы көркейiп өстi. Олар шығыста - Кавказға, батыста - Рейнге, солтүстiкте - даниялық аралдарға, оңтүстiкте -Дунай өзенiне дейiнгi жерлерде билiк жүргiздi.

...452 жылы Солтүстiк Италияны ойрандап, Падуя, Милан т.б. қалаларды алды. Рим салық төлеп құтылды". (Қазақ совет энциклопедиясы. 1.том. 565 б. 1972. Алматы).

Сауатты оқырман бұған күмән келтiрмейдi. Едiл патша билiк құрған Еуропадан Қытай қорғанына дейiн мыңдаған шақырым аралық жатқанын да есептей алады. Қиялдау-шалықтауға орын жоқ.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366