Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 8826 0 пікір 20 Қазан, 2014 сағат 11:01

ЖАЛҒАН МАДАҚ ЖӘНЕ ӘДІЛДІК

Әділдік туралы әңгіме айтқанда ең алдымен қоғамдағы еңбек пен табыс бөлінісі ауызға алынары белгілі. Оны айналып өту мүмкін де емес. Австрияның атақты философы Ганс Гелсен «Адам баласының әділдікке ұмтылуы – бақытты өмірге деген арманнан туатын үрдіс. Жалғыз жүріп бақытқа жету мүмкін болмайтындықтан оны адамзат қоғамының ішінен ғана іздейміз. Сондықтан, әділдік дегеніміздің өзі зор бақыт. Егер қоғамда мүдде қайшылықтары туындамаса әділдікке деген мұқтаждық та болмас еді» деген екен. Ал, ағылшын ойшылы Ф. Бэкон әділетсіздіктің үш қайнар көзі ретінде зорлық-зомбылық, заңды бет перде етіп қасақана жасалатын «иттіктер» және заңдық норманың тым қатыгез сипаты деп таныған.

Әрине, саналы адам баласы мейлінше адал болуға тырсар болар. Өкінішке қарай іс-әрекетінде үнемі әділдікті ту ете алмайтыны болмаса. Көшпенділер құрған мемлекет тарихына зер салсақ, Шыңғыс хан қатал болғанымен әділдікті бекем ұстануға тырысқанын аңғарамыз. Мысалы, Тай ұлысымен шайқаста өзін жаралаған жау сарбазының әділдігін танып оған Жебе деген есім беріп өзінің қолбасшысы етіп тағайындайды.

Ал, өз қожайыны, жалайыр Жамухаға опасыздық жасап, оны байлап әкеліп тапсырған қарсылас жақтың бес сарбазын өлім жазасына кеседі. Мемлекет үшін жан аямай күрескен нөкерлері арасынан ерекше еңбегімен, ерлігімен көзге түскендерді жасаған қызметіне сай лауазымға тағайындап, сый-сияпат жасап отырған.

Жалпы, қарапайым халықтың мемлекеттен күтетіні – сый-құрметтің, лауазымдық қызметтің және сөгіс пен жазаның да әркім үшін әділ берілуі ғана. Көпе-көрінеу жағымпаздықтың арқасында мемлекеттен мәртебелі атақ алмаса, ешкім нақақ жаламен сотталмаса болғаны. Әйтпесе, өкіметтен әлде бір артықшылықты немесе күнделікті ішер ас-суы мен киер киімін сұрап алақан жайып отырған ешкім жоқ.

Демократиялық қоғамды орнықтырған елдердің ресми билігі кез-келген проблеманы халықтың талқысына салып, әділ шешім қабылдауды мақсат етеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында салыстырмалы түрде әлеуметтік әділдік нышандары бізде де болған еді. Соңғы жылдары ақылға қонымсыз небір құйтырқы жолдармен лауазымға қол жеткізгендердің сорақы әрекеті жұрттың ащы мысқылына арқау болып жатыр. Бірақ, амал нешік, «күш қазандай қайнайлы, күресуге дәрмен жоқ» демекші, билік азулы болған сайын қоғам енжарлыққа көшіп барады. Ел тағдырына қатысты қабылданып жатқан маңызды шешімдердің өзіне ат төбеліндей бірлі-екілі ақпарат құралдары болмаса, жұрттың көбі салғарт қарайтындай.

Ешбір саяси күштің халық талқысына ұсынып жатқан өзекті мәселесі аңғарылмайды. Бәрін құзырлы мекемелер өздері ұсынып, өздері кесіп-пішіп жатқандай көрінеді. Парламентке министрліктер әкелген әлде бір заң жобасы аса қызу талқыланып жатқанын да көрмейсің. Санаулы ғана депутат сын айтып, сұрақ қойған болады. Бірақ, дауыс санаған кезде қарсы тұрмақ қалыс қалған тірі жан болмай шығады. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мысалы, Еуразия экономикалық одағы туралы келісімді ратифиакциялау жөніндегі заң жобасын Қазақстан парламенті бірауыздан мақұлдаса, Беларусь парламенті жеке шарт қосуы қай елдің депутаттарының еліне жанашырлығы басым екендігін ашық көрсетіп берді.

Жалпы, лауазымды тұлғалар халықтан тым алыстап кетті. Парламент деңгейінде шешіліп жатқан мәселелердің ішінде саяси қозғалыстар мен  партиялардың қатысуымен қаралып жатқаны шамалы. Мұның соңы жақсылық әкелмейді. Оны саясатпен айналысып жүрген әрбір тұлға білуге тиіс. Егер қоғамды бөлінушілік пен бүлінушілікке жеткізбейік, тұрақтылықты сақтайық деп шынымен ниеттенетін болсақ, онда халықтан жасырып мәселе шешуді әділдікке жатқызбас едік.

Жергілікті мәслихатқа депутат етіп кімді сайладыңыз? Қазір осы сұрақты көзіқарақты, қоғамда әжептәуір белсенді саналатын оқымысты азаматтарға қойып көріңізші. Атап бере алмайды. Ол тұрмақ жергілікті мәслихат хатшысының аты-жөнін білуіміздің  өзі неғайбыл. Олай болса, жуықта сенат сайлауын әділ әрі керемет өткіздік деудің өзі дауырықпалық қана ғой.      

Шындығын айтқанда, қазіргі саясатта ұлттық құндылықтың, мемлекетшілдік көзқарастың, әділ принципшілдіктің орны үңірейіп бос тұр. Адал, біліктілерден гөрі қалаталы залымдардың жолы болып тұр. Саясатпен бәсекелесудің орнына, байлықпен, ақшамен бәсекелесу алға шығып барады. Субективтік пікір деп қабылдасаңыз да патша көңіліңіз білсін. Ел парламентінің бекіткен заңдарының көп бөлігі бәз біреулердің жеке мүддесін немесе қаржы топтарының тапсырыстарын орындауға бағытталып жататыны аңғарылып тұратын болды. Сонда, халық мүддесінен гөрі олигархтардікі алдыңғы орынға шыққаны ғой.

Сондай-ақ, сайлаудың нәтижесін дауыс жинаудан бұрын белгілеп кесіп-пішіп қоятын ресейлік үлгідегі технология да әділетсіздікке барынша кең жол ашып отыр. Қазіргі парламенттің екі палатасы да атына заты сай болмай тұр. Онда оппозициялық күштердің үні шықпайды, заңның орындалуын қадағалау жағы да кемшін. Іс жүзінде бір партияның ғана тізімі бойынша іріктелген парламентте пікіралуандықтың болуы да мүмкін емес.

Ұлы ойшыл Ш.Л.Монтескье «Заңның жанды болмысы» атты еңбегінде: «Заң шығарушы билік пен атқарушы билік бір қолға шоғырланса, еркіндік, әділдік туралы ауыз ашудың да қажеті жоқ» деп жазған. Жалпы, биліктің тепе-теңдігі теңселіп, бақылаудың балансы бұзылған жерде заң шығарушылар үкімет орнымен және сот жүйесімен ауыз жаласып ымыраласып кететінін саясаттанушылар жақсы біледі. Осындайдың салдарынан әділеттілік аяққа тапталады, олигархтар көлеңкелі бизнесінің көрігін қыздарады, ал, барлық ауыртпалық халыққа жүктеледі.      

Бүгінгі қазақ «қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылайды». Олар бәрінен бұрын әділдікке шөліркеп отыр. Ежелгі Грек ойшылдары жеті құндылықтың бірі әділдік деп тауып, оның өзі бар болғаны әркімге өз үлесін жөнімен беру ғана екенін айтқан. Бұл қағиданы әлем ойшылдары мен атақты заңгерлер жаппай мойындаған.

Олай болса, қазіргі әлем көшінен қалмауды қалайтын қазақ баласы әділдік жолында батыл қадамдар жасалуын қалап отыр.  Айналып келгенде, дені сау, санасы сергек қоғам құрудың іргетасы – әділеттік екендігіне көзіміз жетті. Мемлекеті азаматтарына, азаматтары бір-біріне, бизнесі тұтынушыларына, жұмыс беруші мамандарына, жұмысшылары кәсіпорынға адал болмаса, істің бәрі бос екенін сезінетін уақыт туды.

«Екі елі балық бір елі балықты жұтатын» қағида – демократиялық зайырлы қоғамға тән үрдіс емес. Кешегі әкім бүгінгі ұрыға, бас дипломаттың бірі қашқынға айналғаны кімге абырой? Мамандығы бойынша жастардың жұмысқа орналасуынан бастап, жоғары лауазымдық мәнсап атаулының сатылатыны баяғыдан бері құпия болудан қалған. Бұл әрбір парасатты қазақтың зығырданын қайнатып, жиіркенішін тудырып отыр.

Сауданың көкесі тендер атымен астыртын сатылатын мемлекеттік қызметте болып тұр. Әділдіктің сыбайлас-жемқорлықтың ми батпағына бататын тұсы да осы жерде боп тұр. Мұның қарапайым көрініске айналып бара жатқаны үрей тудырады.

Қазақ ойшылдары ежелден әділді ту етіп ұстанған. Ұлы ақын Шәкәрім айтады:

«Нысап пен мейірім, әділетті,
Жаныңдай көріп жан сақта.
Ол жолда өлсек, неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та».

         Әділетті мойындаудың ерлік екенін уағыз еткен ұлы хәкім Абайды терең зерттеп таныған заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Әділетті тілесең, атаңның да айыбын айт» деуі кездейсоқтық болмаса керек.

         Расында, қазіргі таңда жұрт көлгірсіген жалған мадақтан әбден мезі болып барады.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394