Жұма, 22 Қараша 2024
Қаза 9660 0 пікір 26 Қыркүйек, 2014 сағат 16:25

ТАЛАСБЕК ӘСЕМҚҰЛОВ ӨМІРДЕН ОЗДЫ


Жазушы Таласбек Әсемқұлов пәниден қайтты.

Таласбек Әсемқұлов  (01.08.1955, Ақтоғай теміржол станциясы, Аягөз ауданы, Шығыс Қазақстан облысы) - жазушы, кинодраматург, күйші. Республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу» сияқты әңгімелері, «Шымдан» повесі және музыканттардың өміріне арналған «Талтүс» романы жарық көрген.

«Көкбалақтың өлімі», «Біржан Сал», «Жезтырнақ», «Алматы – Астана», «Тұмар падиша» сынды киносценарийлердің авторы. Сондай-ақ республикалық баспасөзде қазақ және орыс тілінде түрлі әдебиет, мәдениеттану тақырыптарына арналған бірқатар мақалалары жарық көрген.

1973 жылы «Бәйжігіт күйлері» деген жеке гранд-дискі Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан шықты. «Мәңгілік сарын» антологияға 20-дан астам, «Қазақтың мың күйі» (2009) антологияға 40-тан астам күйі енген. 2010 жылы Парижден «Таттімбеттің мұрасы» СД-дискі шыққан. (kk.wikipedia.org/)

Abai.kz порталы ұжымы марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтады!

***                              ***                            ***

ЗИРА НАУРЗБАЕВА. ӨЛТІРІҢДЕР АҚЫНДЫ!

(2014 жылы 25  сәуірде жарияланған)

 

 

Карл Маркс капиталистік қоғамды «Жаппай жезөкше қоғам» деп атаған, өйткені инженер де, ғалым да, суретші де, тігінші де өз қабілетін, өз талантын, өз еңбегін сатады. Маған 80-жылдардың ортасында бұл сын күлкілі көрінген. Өйткені біз өз талантымызды еңбек нарығында сата алған жоқпыз, біз құл едік. Идеология майданы жауынгерлерінің болашағы КПСС ОК-нің съездері мен пленумдарында шешілетін. Одан кейін ашқұрсақ еркіндік жылдары келді, сосын... «Жаппай жезөкше қоғам» да жетті.

Есімде, Таласбек (жұбайым – жазушы Әсемқұлов) бірнеше жыл бойы тәулігіне 16-18 сағат жұмыс жасап, «Хабар» үшін адамның жүрегін айнытатын сериалдарға аударма жасады. Әр парағы 200 теңге тұратын. 10 мың бет, қалың-қалың 20 том. Содан бері мен өзім үшін ақша жұмсауды ұмыттым. Баспана алуға ақша жинағандықтан емес. Алатын заттың құнын автоматты түрде өзім үшін ең қымбат валютамен есептей бастайтынмын. Ол – менің күйеуімнің, керемет музыкант, жазушы, ойшыл адамның алтын уақыты болатын...
Серікбол Қондыбайды аударған кезде 3-4 сағат жұмыстан соң миыңмен тас көтергендей шаршасаң да, уақытың бос кетпегеніне қуанып тұрасың. Мыңжылдықтарға саяхат жасап келіп, біздің әлемге қайта оралғандай боласың. Мейлі, аударған кітаптарың жылдар бойы шықпай жатсын, мейлі, еңбегің үшін тиын-тебенді екі жылдан кейін аларсың. Бірақ, бұл Серікбол ғой. Ал кей кезде аударма жасап отырып, өзіңді интеллектуалдық жезөкшелікпен айналысып жүргендей сезінетінің бар. Клиент – қияли импотент, нақұрыс біреу. Бетіне бір түкіргің келгенмен, ақша да керек. Өзіңнен жиіркенесің, аяйсың өзіңді... сосын Марксті еске аласың. Сосын өзіңнің бірнеше мамандығың барына, өйтіп-бүйтіп күн көре алатыныңа шүкір дейсің.
Бірақ біздің қоғамдағы мұндай кеңістік жыл өткен сайын тарылып барады. Күнде қалған тулақтай тырысып барады. Қазақ ақындары үшін, нағыз ақын үшін бұл тіршілік әуелден тар еді. Бірақ қазақ газеттері орыстілділерге қарағанда қазақ тарихы, әдебиеті мен тілі жайлы жазудан ешқашан қорыққан жоқ. Әрдайым жаңа газеттер ашылып, ара-тұра кітаптар басылып жатты. Ақындар да өзінше бақытты еді – үй-күйсіз, кедей болса да бақытты болатын. Ал соңғы 5-6 жыл ішінде газеттер тек жабылып жатыр – дағдарыс, саяси монополия, себеп көп қой. «Бұлай жазба», «бұл жайлы қозғама», «жалпыға ортақ еңбек қоғамы» жайлы, «тарих толқыны» туралы, «мәңгілік ел» хақында жаз» деген қысым басталды. Соңғы кезде тіпті идеологтардың өзі шатасқандай... ақындар енді Кеден одағын жырлауы керек пе? Жұмыссыздық қусырып барады. Ал ақындар – өмірге қырсыздау халық қой... 
Жақында бір ақын өмірден өтті. Шалқып сөйлеуді ұнатпаймын, сондықтан да «ақын» дегенді кіші әріппен жазып отырмын. Ақын өмірден өтті, өзінің сұмдық шешімін жасады. Жалпылама жезөкшелікпен айналысып жатқан қоғамға, жалпылама тұтынушы қоғамға ақын керек емес, жарнамалық шумақ жазатындар ғана қажет. Ақындарды жөргегінде жатқанда-ақ өлтіру керек. Балаңның бойындағы ақындықты ертерек өлтір, замандас!

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320