АРҚАЛЫҚТАҒЫ ЕСКЕРТКІШТЕРДЕН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ!
Бүгінгі кемелдіктің өткен күндер жөргегінде өсіп жетілетіні, тарихтағы кез келген мәдени өрлеудің өткенге көз тастау мен тығыз байланысты екені, тірі табиғатты қалай қорғасақ, ұлт мәдениетін де осылайша көздің қарашығындай сақтау керектігі туралы соңғы жылдары жиі айтылып жүр... Міне, бүгінгі таңда да рухани -мәдени бастауларымызды түгендеп,ғылыми зерттеу жұмыстарына арқау етіп жүрміз. Туған дала топырағы қаншама сырды жасырып жатқанын білу қиын. Әсіресе, бүгінгі «нано» технология заманында.
Қасиетті қазақ даласы – байырғы Ұлы Тұран елінің мекені. Көшпенділер дәуірінен сарқыт болып қалған мәдени мұраларымыз да баршылық. Сондай мұралардың бірі – Арқалық елдімекенінің жанындағы тарихи ескерткіштер. Олар – «Бақсы мола», «Құлымбет әулие» мазарлары. Жалпы Торғай өңіріне 1948,1957-1960 жылдары академик Әлкей Марғұлан бастаған археолог-ғалымдар археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізгені белгілі. Ә.Марғұлан өңірдің көптеген жерлерін аралап, тарихи-мәдени орындардың картасын да даярлаған.
«Бақсы мола» кешені – Х немесе ХІІІ ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Торғай өзенінің Үрпекке дейінгі қойнауында Қайынды кеңшарынан батысқа қарай 4 км жердегі қорым. Ел аузындағы деректер бойынша, белгілі ақын – бақсы қабірінің үстіне салынған. «Бақсы мола» кесенесі шикі кірпіштен тұрғызылып, іші – сырты күйдірілген кірпіштен (25х25х5см) қапталған, күмбез шеңбер пішімінде. Қазір жартылай құлаған, шығысқа қарай есік жақ қапталы ғана сақталған. Ғимарат маңындағы тігінен қойылған биіктігі 30-40 см тақта тастар бетіне арғын, қыпшақ, найман руларының таңбалары қашалған. (Осы құлыптастардағы ру аттарына қарағанда бейіттер болуы да әбден мүмкін-Т.Е.) Бұл кесенені кезінде ұлы ғалым Ә. Марғұлан VIII ғасыр ескерткіші деп бағалаған болатын. Өткен тарихқа зер салып қарап отырсаңыз, Х ғасырға дейін қазақ даласына ислам діні мен мәдениеті толыққанды тамыр жаймағаны анық. Қазақ сахарасына ислам дінін таратқан қожалар мен бақсы, шамандар еді... Мына «Бақсы мола» атауын иемдеген белгісіз миссионер де Ұлытау, Жыланшық, Батпаққара, Торғай өңірлеріне адам емдеу, дем салу, ислам мәдениетін тарату жолымен келіп, осы жерде жан тапсырса керек. Тарихи кешен жертөле секілді салынып, күмбезі қызыл кірпішпен көтерілген. Өлкетанушы, Қайыңды орта мектебінің ардагер ұстазы, 38 жылдық еңбек өтілі бар тарихшы Какин Төлепберген атамыздың айтуына қарағанда 1966-1967 жылдарға дейін кесененің күмбезі мен қабырғалары бүлінбей сақталып келген екен. Қазіргі таңда мәдени ескерткіштің жұрнағы ғана сақталған. Табиғи эрозия мен жауын-шашын, сел салдарынан мүжіліп, қиратылып жатыр. Бұл процесс күннен-күнге осылай жалғаса берсе, ескерткіш жер астына сіңіп кетуі әбден мүмкін. Тарихи ескерткіш түбегейлі зерттеуді қажет етеді.
«Бақсы мола» мазарының маңына көптеген адамдар жерленген. Кейбір зираттар жерге сіңіп кеткен. Төмпешіктер жанындағы қашалған тастар да ру аттары мен таңбалары жазылған. Кейінгі күндері қорым маңындағы тастарды жергілікті халық үйлеріне алып кетіп жатқаны және бар. Ескерткішті тарихи-мәдени археологиялық маңызы бар мұралар қатарына қосып, қорғауға алса – ғылыми экспедициялық жұмыстардың нысанына айналуы ғажап емес.
«Құлымбет әулие» кесенесі – Қайыңды ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан, ХХ ғасырға тән тарихи ескерткіш. Құлымбет Тәтібекұлы 1840-1913 жылдары өмір сүрген. Қыпшақ руының Қотыран атасынан тараған. Бұл кісі – өзінің әулиелігімен, көріпкелдігімен көпшілікке танымал болған. Әулие атаның басына келіп түнеп, зиярат етушілердің саны күннен-күнге артуда. Құлымбет кесенесі 2 рет реставрациялық жөндеуден өткен. 1994 жылдары Жезқазған қаласынан арнайы археологтар келіп қолға алса, кейінірек ұрпақтары күрделі жөндеуден өткізген. Құлымбет ата мазары жанында да бейіттер қорымы бар.
Арқалық қаласы маңындағы елдімкендерде «Екі дің», «Қостам», «Көшімбек», «Күсеген», «Қыз тамы», «Құмкешу қорымы», «Қароба» секілді тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер сақталған. Осы ескерткіштердің тарихын, олар туралы қызықты деректер мен әфсаналарды білетін шежіреші, көнекөз қариялардың да қатары сиреп бара жатқанын ескерсек, кеуделері қазыналы ақсақалдардың айтқандарын хатқа түсіріп, болашақ ұрпақтың кәдесіне жарату, ескерткіштерді қорғау, сақтау жұмыстарын жүргізу – заман талабы болып отыр. Осы миссияны орындау барысында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізсе, қорым маңдарынан ежелгі сақ тайпаларына қатысы бар тұрмыстық заттар мен қыш ыдыстар, құмыралардың табылып жатқанын нақтылар едік... Бүгінгі Отан тарихына қатысты сұңғыла сұрақ та, көкейкесті мәселе де – археологиялық ескерткіштердің хал-ахуалы. Еліміздің әр өңіріндегі ЖОО тарих факультетінің студенттері мен ғалым, оқытушылары етек түре, білек сыбана кіріссе, жұмбақ өлкелердің көптеген сырлары көпшілікке мәлім болар еді...
Мен де студентпін. Филология мамандығының соңғы курсын тәмамдаудың сәл-ақ алдында тұрмын. Әйтседе, әдебиет пен тарих егіз. Бастауы да, қайнары да – ежелден бері келе жатқан мұралар. Біздің міндет – жазу, сызу болса, тарихшылардікі – нақты тұжырым мен шынайы дерек беру. Екі тарап бірлесе жұмыс жасап, әрбір елдімекендердегі беймәлім де, жұмбақ тастар мен бейіт, мазарларды зерттеу жұмыстарына арқау етіп, халық санасын тарихи-жәдігерлік мұралар жаққа бұрса, нұр үстіне нұр болар еді... Бүгінгі қоғамның, тұтас әлемнің кейпі жаңа технологиялармен қаруланып, руханияты әлсіреп тұр... Емдеу керек! Ем-домы – рухани мұралар һәм әдебиет, тарих емес пе?!
Қолда бар алтынның қадірін кеш түсініп қалмасақ жарар еді... Жоғарыда аталған тарихи маңызы зор нысандарға мемлекеттік тиесілі органдар назар аударып, қарамағына алып, қорғап жатса, археологиялық мәдени мұралар қатарына енгізсе – бабалар әруағы да, жергілікті халық та разы болары сөзсіз. Барлық әлем күндердің күнінде руханиятқа бас иеді. Сол кезде қапыда қалмай, «қап» демейік, «өкініп» жүрмейік...
Өлке тарихын бес саусақтай білетін дана ақсақалдардан көз жазып қалмай тұрып, жасөспірімдер «космополит» ауруына шалдықпай жатып, аға буын мен жас буын арасындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, алтын шынжыр байланысты нығайтып, түрлі бағыттағы танымдық кездесулер мен ісшараларды ұйымдастырып, экскурсиялық бағыт бойынша мәдени мұралар сақталған жерлерді аралатып, жастардың тарихи-танымдық зердесін ашып, көзқарастары мен дүниетанымдарын кеңейтіп, елі мен жерін сүйер азамат ретінде тәрбиелеу – алдыңғы толқынға жүктелген міндет.
Төл тарихымыз бен әдебиетімізге қатысты жауһарларды қорқайық, қолдайық!..
Елдос Тоқтарбай,
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, филология факультетінің студенті.
Арқалық қаласы, Қостанай облысы
Abai.kz