Жұма, 22 Қараша 2024
Тағзым 13982 0 пікір 23 Қыркүйек, 2014 сағат 14:42

ҚАЛДАЯҚОВ ПЕН ШАХАНОВҚА ҚАТЫСТЫ ДАУ ҚАЛАЙ АЯҚТАЛДЫ?

 

Қазақстан Ұлттық телеарнасындағы өзекті мәселелерді қозғайтын «Айтуға оңай» бағдарламасының кезекті саны «Асқақ сезім жыршысы» деген тақырыпта дарынды сазгер, ән өнерінде өзіндік дара биігі бар Шәмші Қалдаяқовтың жұрт назарынан қалыс қалып қойған туындыларына және ең бастысы, Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған, дәл қазір айналасына үлкен дау туындатқан «Ақсудан ұшқан аққуым» әніне арналды.

Хабарға ақын қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы – Райхан Қалдаяқова, композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі, ақын-сазгер, драматург Исраил Сапарбай, Республикалық спорт колледжiнiң директоры Амалбек Тшанов, Шәмші туралы бейнематериал түсірген белгілі режиссер Тілеген Ахметов, Мәдениет қайраткері, ән шырқау өнерінде өзіндік дара бітімімен, сазды даусымен  халықтың жүрегін баураған танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы, сазгер, ән әрлеуші Бағлан Омаров т.б. қатысты.

Бағдарлама Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық бірлігінен туған «Арқалықтың ақ таңы» әнін Жұбаныш Жексенұлының орындауымен басталды. Әннен соң «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек Шәмші мұрасының ішінде халық арасына кең тараған әндер мен қатар белгісіз болып қалып жатқандары бар екенін, енді бір әндерінің авторлығына күмәнмен қарайтын жандар да кездесетінін айтып өтті.  Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқовтың бірлесе жазған әндерінің қатарының да мол екеніне тоқталып, Мұхтар ағаға қарата «Екеуіңіздің шығармашылық жақындықтарыңыз туралы айтып өтсеңіз» деген сұрау тастады.

Мұхтар Шаханов: «Төлеген Айбергенов, Шәмші Қалдаяқов үшеуміз ерекше достық қарым-қатынаста болдық.  Анам марқұм 13 құрсақ көтерген, соның ішінде менен басқасы түгел о дүниелік болып кеткен. Неше балаңыз бар деп сұраған адамдарға: «Менің үш балам бар: үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – мына Мұхтар» – дейтін. Шәмші де,  Төлеген де анамды ерекше қадірлейтін. Шәмші екеуміз бірлесе жазған «Алғашқы кездесу», «Егіз мақта», «Гүл таңдау», «Келін келді» сияқты т.б. әндеріміз әлі күнге дейін  айтылмай, ұмыт қалып келді. Мысалы, «Өмір-өзен» әні 32, «Арқалықтың ақ таңы» әні 42, «Сүймегендер сағынбайды» әні 43 жылдан соң ел сүйіспеншілігіне бөленіп жатыр.

«Ақсудан ұшқан аққуым» әнін 1968 жылы Ақсу деген тамаша өзені бар қазіргі Төле би ауданы, Мәдени ауылына барғанымызда сол жергілікті халыққа тарту ретінде жазған болатынбыз. Төле би ауданы бұрын Ленгір, Мәдени ауылы Коммунизм колхозы аталатын. «Біз бұл әнімізді Ленгір ауданына қарасты «Коммунизм» колхозының коллективіне арнаймыз. Авторлар» деген алғысөзімен Шәмшінің өз қолымен жазған нотасымен бірге 1968 жылдың 13 сәуірі күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінің №73 санында жарияланған болатын.

Осы күнге дейінгі шығармашылық жолымда біреудің бір жол сөзін өзіме меншіктеп көрген жан емеспін. Шәмшіде де ондай мінез атымен жоқ. Егер әніміз газет бетіне жарияланбаған болса, біз шынында да ұрылар қатарына кіріп те кетеді екенбіз».

Бұдан соң бағдарлама экранынан Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқов туралы жасалған бейнесюжет берілді. Ерекше дарынымен, күрделі ойларымен, асқақ поэзиясымен халқына бірден танымал болған ақынның жас кезіндегі жалындап жыр оқып тұрған, бір сәтке жалғыз ойға  шомған сәті мен оқырмандарының махаббатына бөленіп қолтаңба беріп тұрған кезі өте әсерлі көріністер болды.

Шәмші Қалдаяқов туралы бейнесюжетте композитордың 60 жылдық мерейтойынан көріністер берілді. Дарынды композитордан қалған осы бір жалғыз бейнесюжеттің авторы режиссер Тілеген Ахметов өз сөзінде оның халықты әнмен тербеген туындылары көп болғанымен, тасқа басылған естеліктердің тым аздығына қынжылыс білдірді.

Бағдарламаға арнайы келген Шәмші Қалдаяқовтың туған қарындасы Райхан Қалдаяқова: «Өте жақын қарым-қатынаста болғандықтан Шәмші ағам мен Мұхтар ағамның ортасында екеуін де аға тұтып өстім. Екеуін адами сыйластықтан басқа өнерге деген ынталары да ерекше жақын етті. Өзін қазақпын деп санайтын кез-келген жан олардың ерекше дарын иелері екенін мойындайды. Оларда біреудің өнерін, болмаса дарынын мойындамау, көре алмау, қызғану деген түсінік мүлде жоқ. Сөйте тұра, мына «Ақсудан ұшқан аққуым» әніне қатысты даулы жайтты естігенде «төбемнен жай түскендей» қалде болдым. 1968 жылдың көктемінде екі ағамның жазған әнін мен Мұхтар ағаның үйінде отырып, Шәмші ағамнан үйренген едім. Енді олардың осы әнін «Құдаш Мұқашевтікі екен» деу, Шәмші мен Мұхтар ұры деген сөз емес пе? Бұл ғайбат сөзді айтуға қолдарында қандай дәлелдері бар? Егер Құдаш Мұқашевтің кітабына алғысөз жазған сегіз адамның атынан не жұбайы Ақжолтай Жылқыбайқызы, не өзге қол қойған адамдар қате ойларын мойындап, арнайы кешірім сұрамаса, авторлық құқықты қорғау заңына сай сотқа шағымданамын. Өйткені мен өз сөзімнің дұрыстығына жүз пайыз сенімдімін, оған қоса  әннің менің ағаларымдікі екенін дәлелдейтін айғақтар жеткілікті» – деп ағаларының мұрасын қорғауда қандай іске де болсын баратынын білдірді.

Сол уақытта Мұхтар аға мен Райхан апаның сөзінің дәлелі – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1968 жылғы 13 сәуірдегі №73 саны, ондағы ән мәтіні үлкен масштабта бағдарламадағы экраннан көрсетілді.

Бейсен Құранбек қарсы тарапқа, яғни, кітапқа алғысөз жазған адамдарға хабарласқандарын, бірақ олардың барлығы әртүрлі себеппен бағдарламаға қатысудан бас тартқанын айтты. Тек Құдаш Мұқашевтің кітабына алғысөз жазғандардың бірі – Шәкен Күмісбаевтың сөйлеген сөзінен синхронды сюжет экраннан берілетінін хабарлады. Шәкен Күмісбаев: «Әнге қатысты қолымызда нақты дерек жоқ. Әнді аудан көлеміндегі жиын-тойларда «Құдаш Мұқашевтікі» деп хабарлайтын. Ән 1962-63-64-65 жылдары шыққан болуы мүмкін» деді. Ш.Күмісбаевтің сөйлеген сөзінің өзі күмәнге толы. Әннің шығу уақытын 4 жылға созып отырғаны да сенімділіктің жоқтығынан. Бар айтатын уәжі, әннің ел арасында ауыздан-ауызға таралып айтылып жүруі ғана. Соған малданып, бүкіл халқымыздың мақтанышына айналған тұлғаларды қаралай салуға, ұлтжанды кез келген адамның жол бермейтінін түсінбегені қандай өкінішті.

Сөз кезегін алған Қалдыбек Құрманәлі: «Маған бірталай адамдар хабарласып, сен кезінде Шәмші Қалдаяқовтың мұрасын зерттеуші, жинастырушы болып халыққа тағы бір қырыңнан танылып едің. Шәмші әндерінен жыл сайын фестиваль ұйымдастырдың, «Шәмші» атты журнал да шығардың. Енді атыңды шығарып алғаннан кейін Шәмші Қалдаяқов саған керек жоқ болып қалды ма? «Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шаханов бірлесіп біреудің әнін ұрлаған екен, ұры екен» деген сөз шыққанда үнсіз қарап отырғаның қалай?» деген кезде не болып жатқанын түсінбей қалдым. Дереу осы мәселенің ақ-қарасын ажыратуға кірістім. Қолымызда әннің авторларын әйгілейтін нақты дерек бар. Шәмші әндерінен бізге қазір белгісі 97 ән. Оның 43-і «Алтын қорға» ендірілген. Яғни, дерек болмаған күннің өзінде өнер зерттеу институттары әннің нотасы мен иірімдерін, ал мәтініндегі поэзиялық ерекшелігі мен сөз қолданыстары арқылы әннің Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановқа тиесілі екенін айқындап береді. Біз бүгінгі бағдарламада ел арасындағы бір әнге қатысты алыпқашпа пікірлерді жойып, нақты авторларды мойындап шығуымыз керек» деген ұсынысын білдірді.

Одан кейін экраннан әнді сол кезеңге сай кәсіби тұрғыда орындаған тұңғыш орындаушысы Серікжан Сейітжанов сөйлеген бейнесюжет берілді.  

Мәдени ауылынан арнайы келген Бекболат Бердисов: «Ол кезде мен 21 жастағы жас жігіт едім. Іссапармен келген Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шаханов біздің үйге түсті. Ауыл іргесіндегі Ақсу өзенін жағалап, жағалаудағы арналарды аралап біраз жүрді. Қайтқандарына дейін осы әнді жазып, ауыл халқына сый жасап кетті. Сол арада үйреніп алған ауыл адамдары бұл әнді барлық жиын-тойларда айтып жүрді» деп куәгер болды.

Исраил Сапарбай: «Кез келген туынды автор үшін туған баласының өмірге келуіне ұқсас қуаныш. Автор талай уақыт пен күш-жігерін жұмсап, жазатын тақырыбын, идеясын, оқиға желісін  ойланады, толғанады, жүрегінен өткізеді. Содан кейін ғана ол көркем дүниеге айналып, оқырманына, тыңдаушысына болмаса көрерменіне жол тартады. Кейбір туындылар шыға салысымен халықтың жүрегінен орын алып, біраз уақыттан кейін ұмытылса, енді біреулері жарыққа шыққан сәтінен бастап халықпен бірге жасасады, тағы біреулері Мұхаң айтқандай 30-40 жыл уақыттан кейін барып қана ел сүйіспеншілігіне бөленіп жатады. Ал менің өз танымым мен бағалауымда Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың өнер туындылары қай уақытта болмасын халықпен бірге жасайды. Мен осы арада Мұхаңды жақсы түсінемін. Өйткені өз басымыздан да осыған ұқсас келеңсіз жайттар орын алған. Оған тоқталып жатпай-ақ қояйын.

Мен Құдаш Мұқашевтің өзін де, жары Ақжолтай Жылқыбайқызын да көрген адаммын, кітабына алғысөз жазған жазушылар Арасанбай Естенов пен Шәкен Күмісбаевты да танимын. Ал, Шәмші Қалдаяқов әндерін зерттеп, оның әнінің, өмірінің кейбір кездеріне негізделген «Сыған серенадасы» атты пъеса жаздым. Қазір «Шәмші феномені» деген зерттеу кітап жазып жатырмын. Бұл әннің сазы Шәмшінікі екеніне көп жылдан бері Шәмші әндерінің құпия сырларына үңіліп жүрген адам ретінде еш күмәнім жоқ. Оның үстіне оу, ағайындар, қолдарыңызда еш дерек болмаса анау айтты, мынау айтты деген сөзге сеніп, ашық хат ұйымдастыру деген не сұмдық? Құдаш Мұқашевтің мұрасына шын жаны ашитын адам әрбір өлеңіне, шығармасына үлкен зерттеу жасап барып қана қорытынды шығаруы керек. Авторлық құқық ұйымы бар, бірақ сол ұйым тіркейтін кез келген шығарманың тақырыбын, мазмұнын, идеясын сараптайтын бұрынғы Кеңес Одағы тұсындағыдай мемлекеттік деңгейде көркемдік кеңес құрылуы керек шығар. Өйткені, бір-бірімен аттас әндер, өлеңдер, т.б. көркем туындылар қаптап кетті. Ал даулы мәселе тудырып отырған «Ақсудан ұшқан аққуым» әнінің әуені – Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі – Мұхтар Шахановтікі екеніне нақты дәлелдермен көзіміз анық жетті. Бұл істің ақыры сотқа дейін жалғасса да, тайға таңба басқандай жазылған айғақпен авторлары – Ш.Қалдаяқов пен М.Шаханов деген шешім шығады. Бірақ істі насырға шаптыра беру елдігімізге, азаматтығымызға сын. Сондықтан «Ақсудан ұшқан аққуым» әнін Қ.Мұқашевтікі деп санаған адамдар, бүгінгі дәлелдерден кейін, ел алдында баспасөз бетінде, болмаса телеарналар арқылы қателіктерін мойындап, кешірім сұрасын» деп бәтуалы бітімгершілік сөз айтты.

Бейсен Құранбек бағдарламаны «Ақсудан ұшқан аққуым» әніне қатысты орын алған келеңсіз жайт, даулы мәселе осы хабардан кейін қайтадан көтерілмеуі керек. Өйткені, біз әнге қатысты бұлтартпас айғақтар арқылы әннің әуенін жазған – Шәмші Қалдаяқов, мәтінін жазған – Мұхтар Шаханов  екенін халыққа жеткіздік» деген қорытынды сөзбен аяқтады. Бағдарлама соңынан Жұбаныш Жексенұлы «Ақсудан ұшқан аққуым» әнін тамаша мәнерінде тамылжыта орындап шықты.

 

***

Кез-келген даулы мәселе жан-жақты сараптауды қажет етеді. Сондықтан  ұлтымыздың біртуар дарын иелерін өзгенің мұрасын иемденетіндей бейшара халге түсірген айыптауларға қол қусырып қарап отыра алмайтындықтан да зерттеу жұмыстарын жүргіздік.

Құдаш Мұқашевтің «Баянжүрек» баспасынан 2013 жылы шыққан «Сөйлеп бір кетсе өткендер» атты жинақ кітабының алғысөзі ретінде «Құдаш (Құдайберген) Мұқашевтің бір өлеңі хақында» деген хатты жазған сегіз адамның ішінде, аттары біраз деңгейде белгілі екі адам бар.

Оның бірі – Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» газетінде аудармашы, кейіннен жауапты хатшы, «Жазушы» баспасында аға редактор, 2002 жылдан «Баянжүрек» баспасының директоры, халықаралық «Дарабоз» конкурстарының бірнеше дүркін жеңімпазы Арасанбай Естенов. Құдаш Мұқашевтің «Сөйлеп бір кетсе өткендер» кітабы Арасанбай Естеновтың «Баянжүрек» баспасынан жарыққа шыққан. Яғни, оның жазған мұрасын жинақтап, архив материалдарын да сұрастырып, жоғын түгендеп жүрген бірден бір адам. Арасанбай Естеновпен бірнеше рет жолыққан кезімізде, қолында әннің Құдаш Мұқашевтікі екендігі жайлы еш дерегі болмаса да ол алғашында, өз пікірін жан-жақты дәлелдеуге тырысып, тіпті, кітаптың алғысөзіндегі ойын нықтай түскен «Ашық хатын» Мұхтар Шахановтың атына жолдады.

 «...Бұл әнді бала күнімізден марқұм Құдаш Мұқашевтің әні деп естіп, жаттап өстік, айтып өстік. Алдыңғы буын ағаларымыз солай айтатын. Бүкіл Ақсу, Қапал өңірінің, қала берді күллі Жетісу жұртшылығы сүйіп айтатын ән еді. Үлкен кісілер тіпті ән мәтініндегі ақын жеңешесінің прототипіне дейін атын атап, түсін түстеп, әңгімелеп жүруші еді. Алғаш Республика сарайында өткен Шәмші әдеріне арналған концертте «сөзі – Мұхтар Шахановтікі, әні – Шәмші Қалдаяқовтікі» дегенді естігенде орнымыздан тұрып кете жаздағанымыз да рас. Ақсу ауданының азаматтары телефон соғысып, хабарласып, «бұл қалай десісіп», ақылдаса келе газетке («Қазақ әдебиеті», 9-15 сәуір, 2010 жыл) жазғанымыз да шындық. Осыдан кейін Құдаш Мұқашевтің туғанына 80 жыл толуына орай «Баянжүрек» баспасы мұрындық болып, Алматы облысы әкімінің қаржылай қолдауымен «Сөйлеп бір кетсе өткендер» деген атпен марқұмның бір томдық жинағы жарыққа шықты. Жинақты құрастырушы марқұмның жұбайы – Ақжолтай Жылқыбайқызы. Ақынның туыстары мен көзкөрген жерлестерінің ұсынысы бойынша «Қазақ әдебиетіне» жарияланған сол мақала сол күйінде кітаптың алғысөзі ретінде берілді. Ондағымыз «әділдігін уақыт – қазы өзі анықтар» деген ой еді.

Біздің ойымыз: «марқұмның балдызы Майра Жылқыбайқызының айтуынша, Шәмші аға бұл әнді нотаға түсіріп, жариялап үлгермей кеткен болар» деген күдік еді. Сөзін жазған адамды хабарлаушылар шатастырып алған болар дегенбіз...

Шындығын айтуымыз керек, мұрағаттан бұл әннің Құдаш ағамыздікі екенін айғақтайтын ешбір дерек таба алмадық. Бірақ Құдаш ағамыздың көзі тірі қарындасы Нүкен апай: «Бұл ән 1964 жылы Құдаштың қызы Кеменнің шілдеханасында айтылған» дейді. Сол сияқты «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақалада келтірілгендей сол кезгі аудан басшылары мен мәдениет қызметкерлерінің (Қ.Қабдолдин, А.Зияданов, Т.Шыныбекова т.б.) айтуларынша «Ақсудан ұшқан аққулар» әні 1964-67 жылдардағы аудандық көркемөнерпаздар үйірмелерінің фестивальдерінде бірнеше рет орындалып, жүлделі орындарға да ие болған. Демек, танымал туындыға айналған. Ел басқарған айтулы ардагер ақсақалдарымыздың сөзіне сенбесек, кімге сенбекпіз?!.».

Әнге қатысты нақты айғақтар табылды. Енді жала жабушы жақ қателіктерін мойындап, кешірім сұрамайынша, бұл істің орта жолда тоқтап қалмайтынын айтқанымыздан кейін Арасанбай Естенов райынан қайтып Мұхтар Шахановтың атына кешірім хатын жолдады. Хаттың толық мәтіні мынау:

 «Қадірменді Мұха!

Ең алдымен біраз шаршатып, жүйкеңізге тиетін әрекеттеріміз үшін өзіңізден кешірім өтінеміз. Қолымызда «Ақсудан ұшқан аққулар» атты әннің марқұм Құдаш Мұқашевтікі екенін дәлелдейтін ешбір дәлел мен мұрағатты деректің жоқтығынан бұл туындының Сіз бен марқұм Шәмші ағамыздың шығармасы екенін мойындаймыз. Бұған өзіңіз айғақ етіп келтірген «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1968 жылғы аталмыш нөмірін көріп, көзіміз жетті. Ауыл, аудан ағалары деп санаған үлкендердің сөзіне еріп, біз де сол кісілерді жақтап, мақалаға («Қазақ әдебиеті» газеті, 9-15 сәуір, 2010ж.) қол қойып, кітапқа енгізгеніміз үшін өзіңізден және марқұм Шәмші ағамыздың аруағының, туған-туысқандарының алдында үш қайтара иіліп, кешірім өтінеміз. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей, бізден бір пендешілік кеткені рас.

Мен үшін бұл үлкен сабақ, сабақ болғанда да ащы сабақ болды. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дегенді де айтқан өз аталарымыз ғой, Мұха! Бір жолға кеңдік жасар деген үмітпен алдыңызға бас иген қаламдас ініңіз Арасанбай Естенов».

Екіншісі – «Қазақ елі», «Ана тілі» газеттерінде және т.б. басылымдарда әдеби қызметкер, «Балалар әдебиеті» баспасында бас редактор болып қызмет еткен, бірнеше кітаптардың авторы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шәкен Күмісбаев. Үлкен дауға себепші болған сол бір хат туралы, бірнеше мәрте хабарласқанымызбен, ол «Айтуға оңай...» бағдарламасына берген сұхбатындағы ойын қайталаумен болды. Бірақ, «газет бетіне басылған нақты деректі місе тұтпай, бастапқы пікірлеріңізде қалатын болсаңыздар, істі ашық сотта жалғастыруға дайын отырғанымызды» білдіргенімізде, Шәкен Күмісбаев та Мұхтар Шахановтың атына кешірім сұраған төмендегі хатын жолдады:

 «Құрметті Мұқа!

Әннің авторы – Сіз, композиторы – Шәмші Қалдаяқов екені дәлелденді. Сізден, марқұм Шәмші ағамыздан кешірім өтінемін. Шәкен Күмісбайұлы. 17.09.2014ж.»

Осы арада біз Қ.Мұқашевтің әйелі Ақжолтай Жылқыбайқызымен телефон арқылы хабарласқанымызды айта кетелік. Ол кісі:

«Құдаш үйде отырғанда домбырада, кейде гитарада осы әнді үнемі ақырын тыңқылдатып ойнап, «өзім шығарған ән» деп айтып отыратын. Кейін ауыл-аймақ барлық жиындарында әнді Құдаштікі деп хабарлайтын болды. Бірақ, менің қолымда әннің Құдаштікі екенін айқындайтын ешбір дерек жоқ. Өзімнің қан қысымым да жоғары, денсаулығым да мәз емес. Соңғы кезде әнге қатысты айтылып жатқан дау-дамай жүрегіме ауыр тиіп жатыр. Сондықтан ендігі жерде бұл мәселемен хабарласпай-ақ қойыңдаршы» – деп өтініш жасады.

Саралау, жан-жақты зерттеу барысында «Ақсудан ұшқан аққуым» әні жазылған жанында сарқырап ағып жатқан Ақсу өзені бар, Мәдени ауылында осы ән төңірегінде арнайы байқау өте салысымен, үлкен даудың алға шығуы «Мұхтар Шахановқа қарсы әдейі ұйымдастырылып жатқан кезекті аяқтан шалулардың бірі ме» деген ойға да қалдық.

Сонымен, «Ақсудан ұшқан аққуымның» алғаш тұсауы кесілгеніне 46 жыл толғаны және аталған әннің сөзі мен әнін жазған адамдардың аттатыр толық айқындалып, нағыз шындық жеңіске жетті.

 

Жанна ИМАНҚҰЛ,

Ғабит Мүсірепов атындағы

сыйлықтың лауреаты

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318