Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6834 0 пікір 22 Қыркүйек, 2014 сағат 13:33

ҚАЗАҚҚА ҚЫЗМЕТ ЧЕМПИОН БОЛУМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

Қыркүйектің 12-сі қазақтың Қанаты қысқа уақыттық елге демалысқа келді. Қанат Ислам - Қытай ұлттық құрамасының құрамында Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен Әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері, Қытайдың 10 дүркін чемпионы болды. 2010 жылы Атажұртқа оралған ол 2012 жылға дейін «Астана арландары» кәсіби клубының мүшесі болды. 2012 жылы қыркүйек айында кәсіпқой боксқа бет бұрған Қанат Ислам   АҚШ-тың «Nelsons» промоутерлік клубында шыңдалуда. Ол мұхиттың арғы бетінде 18 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті, 15 жекпе-жегін нокаутпен аяқтады. Соңғы жеңісінен кейін WBA реитингінде 7 сатыға көтерілген болатын.

Назарларыңызға  Қанат Исламның «Қамшы» порталында өткен интернет-конференциясын ықшамдап ұсынып отырмыз:

***                          ***                                       ***

Kanat Islam

Дастан: Аман оралдыңыз ба батыр бауырым, маған сізге АҚШ-тағы жасалатын күтімнің жайы қызық, қанша дегенмен де жылы жұмсағын алдыңызға тосатын анаңыз қасыңызда емес, қазы-қарта, жал-жаясын дайындайтын көп қазақ та жоқ онда, жалпы денсаулығыңыз қалай? Ол жақтағы күтім көңілдегідей ме??

- Аллаға шүкір, денсаулығым жақсы. Әрине, қазақтың қанына сіңіп кеткен тамағы – қазы-қартаны сағынасың. Біздің ел «өлесің» десе де ет жейтін халық қой. Дегенмен, ол жақтағы негізгі тамақ балық пен тауық және түрлі көкөніс. Менде тамақ таңдап жеу құқығы жоқ, талап етілген тамақты жеймін. Күтім ойдағыдай, алаңдаушылығыңызға рахмет!

Дүйсенбек: Ассалаумағалейкум Қанат аға, сізге әрқашан амандық тілеймін. Келесі жекпе – жегіңіз қашан болады және одан кейін чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндігіңіз барма?

- Шынын айтқанда осы жолғы жарыс чемпиондыққа таласудың келіп тұрған мүмкіндігі еді. Бірақ мені әуесқой бокста бәрі танығанымен, кәсіпқой бокста қазірге мен ешкім емеспін. Кәсіпқой бокспен айналысқан  екі жылдың ішінде мен басқаша Қанат болдым. Менің промоутер, жаттықтырушыларым осы атағымды қорғауым керек екенін, WBA реитингінде дәрежем тағыда көтерілуі керек екенін айтып, чемпиондық сайысқа жібермей отыр. Келесі кездесуден кейін чемпиондық атаққа таласамын, Алла бұйыртса. Ендігі кездесуді қазанның 30-ы деп жоспарлап отырмыз, өзгеруі де мүмкін.  

Абылай: Елдің үміт артқан азаматы ретінде Қазіргі Қазақстанның ең үлкен үш артықшылығы мен үш кемшілігін атап берші…

- Қазақ елінің өзгелерден озық тұстарын үшеумен шектеу қиянат болар. Ал мені ең алаңдататыны жоғарыда айтқандай қазақтың ауызбіршілігі мен ана тілінің бүгінгі жайы. Сондықтан, кез келген қазақ азаматы «менікі ғана дұрыс» дегенді қою керек. Ал өз елінде, өз Отанында жүріп өзге тілге ерік берген, ана тілін аяққа таптаған азаматтарды түсінбеймін. Тіл – әрбіріміздің абыроймыз, беделіміз және ұрпағымыздың болашағы. Тілімізді сыйлата алмай отырып, өзімді сыйла деу – бекершілік.  

Ертуған: Біздің қазақтың ғана спортшылары, өнерпаздары саясатқа сараң келе ме? әлде аш пәледен қаш пәле деп жүре бере ме? Неге ел намысы таразыға түскен сәттерде бір ауыз “мыңқ” етуге жарамайды? Путин мемлекетің жоқ деді, Жириновский Қазақстанды басып алу керек деді… ойына келген оттап жатыр. Осыларға жауапты тек журналистер ғана беру керек пе?

 – Мен азамат ретінде ел намысын көтеруге қашан да дайынмын. Ал спортшы ретінде айтар болсам, мені әлі әлем таныған жоқ. Бірдеңе айту үшін сөзіңнің далаға кетпегені, сөзіңмен тыңдаған жұрт санасатын болуы керек. Бұл тұрғыдан менің саясатқа араласуым әзірге ерте. Бірақ тарихтың таразысы, өсіп келе жатқан ұрпақ – мемлекеттілігіміз туралы айтылған әрбір сөзге жауап алатын болады.

Ақылбай: АҚШ жерінде жүргенде жадыңа не түйдің Қанат, не үйрендің жат жерден, Қытайда болдың, АҚШ-та болдың, Қазақстанның олардан ең басты қабылдау керек тәжірибесі не болуы мүмкін, Қазақстанды айтып мақтанайын десең мақтанатын ештеңе таппай қалып қысылатын кездерің бола ма?

-  Қытайды алып қарайтын болсақ, олар дамуының алғашқы қадамдарында ынтымақты, тыныштықты ұран қылып жіберді. Соның арқасында он жылдың ішінде әлем санасатындай тауар өндіруші держава болды. Сөйтіп тыныштықтың, өзара ынтымақтың жемісін көрді. Ал, Америкаға қызығатыным – ондағы адамдар өздері жасап жатқан мемлекеттің заңын қатты құрметтейді, қатал бағынады. Бұған әрине Америка өзінің мемлекет болып құрылу жолындағы бірнеше ғасырда әрең қол жеткізді. Ал бұндай мемлекеттерде өзіңнің жаңадан ғана қабырғасы бекіп келе жатқан мемлекетіңмен мақтану қиындау. Ең бастысы – еліміздің іргесін шайқалтып алмауымыз керек.

Берікбол: http://qamshy.kz/?p=63 Мына сілтемеде осы сайтпен алғашқы интернет-конференцияда болғаныңызда: – егер, Лондон олимпиадасына барсам Қытайдағы біраз лауазымды орнынан кетер еді депсіз. Жалпы Қытайға барып тұрасыз ба, ол жақта бірге дайындалған, бірге жүрген ұлты қазақ емес достарыңыз барма?

-  Әрине, айтады ғой, «Ұлттың жаманы жоқ, адамның жаманы бар» деп. Құдайға шүкір екі елдің ынтымағы жақсарып келеді. Қытай болсын, ұйғыр болсын жақсы достарым бар, хабарласып, халімді білім тұрады.  Спортта бірге болған барлығымен дос ретінде, адам ретінде жақсы сыйласып тұрамыз.

Нұрғали Нұртай: Ассалаумағалейкүм Қанат аға! АҚШ-та тұрғылықты қазақтар барын еститін едік, ол жақтағы қазақтар сізге сәлемдесіп келіп тұра ма? Немесе өзіңіз іздеп барып аралас-құраластық жасайсыз ба? Қазақстанның ол жақтағы елшілігінен сізге қолдау-көмектер бар ма?

-  Әрине, ол жақтағы болсын, онда жолы түскен қазақтар болсын сәлемдесіп, ықластарын білдіріп тұрады. «Жарыстарыңа шақыр, көрейік, қолдау білдірейік» деп жатады. Елшілікпен де хабарласып тұрамыз. Қызым туылған кезде құжат жөнінен кеңес сұрап телефон шалдым.

 – Алло, Ассалаумағалейкүм, – десем,

- Уағалайкүмассалам, – дейді қоңырау көтерген елшілік қызметкері. Ондай сөзді Америкада тұрып естігенде қатты толқыдым.

Керемет қой, мұхиттың ар жағындағы алып елде сенің мемлекетіңнің елшілігі бар. Саған ие болатын Отаның бар.

– Қазақша сөйлесуге болама? – десем,

- Айта бер, бауырым! – дейді. Маған одан артық не көмек керек болсын?! Бұл менің есімде қалған Америкадағы ең әсерлі жағдай.

Зарина: Сәлеметсіз бе аға! Қазақта батыр туса ел ырысы дейді, сіз бүгінде елдің намысын көтеріп жүрген батырсыз. Біздің ұлтта қай-қашанда да батырдың бірнеше әйелі болған, сізде жеңгеміздің үстінен әйел алу туралы ойлар бар ма? Жеңгеміздің оған деген пікірі қалай? Жалпы, көп әйел алу дегенге қалай қарайсыз, қазақтың көбейгені жақсы ғой!

-  Қазақ қыздарының басқа ұлт өкілімен кетіп бара жатқанын көрсем, қатты қызғанамын. Әкетіп бара жатқанды емес, ілесіп бара жатқан қарындасымды аяймын. Намыстанамын. Жұдырықпен шешіле салатын болса ғой… Ал, екінші әйел мәселесін ойлайтын бір минут артық уақыт жоқ. Мүмкіндік болып жатса неге тағы бір арудың жары болмасқа?! Ислам дінінің қағидаларына сай, мүмкіндігі жетіп тұрып, екінші әйел алғандарды әйелқұмарлықтан емес, ұлттың ертеңін ойлаған, қазақ қыздарының жат қолында кетуіне жол бермеген деп түсінетін уақыт жетті. Көп әйел мәселесін былай қойғанда, жасы біразға барып қалғанша бойдақ жүре беретін жастар да «мен ұлтыма не беріп жатырмын?» деп ойлануы керек.

Жақсылық: Байқайтыным, Куба елінің боксшылары әлемде алдыңғы қатарда, олардың ондай мықты болуының сыры неде болуы мүмкін?

-  Куба туралы айтатын болсақ, менің жаттықтырушым өзі испан болғанымен Кубада туылған. Олар еңбектене біледі. Әйтпесе кубалықтар дене жағынан болсын, гендік жағынан болсын қазақтардан ешқандай артық емес. Чемпион бола алмайтын боксшы жоқ, чемпион тәрбиелей алмайтын жаттықтырушы көп. Бәрі де жаттығу мен жаттықтыруға байланысты.

Сұрақ: Орыстың құлдығынан қашан құтыламыз деп ойлайсыз? әсіресе көп қандасымыздың санасына сіңіп қалған “орыссыз күнім қараң” деген құлдық санадан қандастарымызды қалай арылтсақ болады? ұлтшыл азамат ретінде осы сұрақтарға сіздің пікіріңізді білгіміз келеді.

-  Абай атамыз «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген. Әр қазақты жүрегіңмен досым деп, ет жақыным деп қабылда. Миллиондаған қазақ ұрпағы өсіп келе жатыр. Кімнің құл, кімнің ұл екенін солар көрсететін болады. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366