Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 5223 0 пікір 7 Қыркүйек, 2015 сағат 08:41

АҚШ ДОЛЛАРЫ ҮСТЕМДІГІНЕН АЙРЫЛУДА...

РФ басшысы В.Путин ТМД елдерінің аймағында АҚШ доллары мен Еуроодақтың еуросынан біржола бас тартатын заң жобасын Ресейдің Мемлекеттік Думасына ұсынды. Мұның өзі:

– доллармен және еуромен есеп айырысуды тежеудің әдіс-тәсілдерін орнатады;

– сыртқы сауда жасау мен қаржы қызметтерін ұсынуда ұлттық валюталарды кеңінен пайдалануға ықпал етеді;

– ұлттық валюталардың нарықтағы өтімділік дәрежесін күшейтеді;

– ұлттық валюталар нарығы дамыса, ТМД елдері келісілген валюта саясатын жасауға мүмкіндік алады;

– ТМД деңгейінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықта ұзақжылдық стратегиялар анықталады;

– аймақта ортақ макроэкономикалық тұрақтылық орнайды т.с.с.

...Энергетика саласындағы ірі келісімдері орыс рубльі мен қытай юаньімен есеп айырысқан Ресей мен Қытай АҚШ долларынан бас тартқан алғашқы серкелер болды.

Әлемді «ашса – алақанында, жұмса – жұдырағында» ұстаған мықты АҚШ доллары да уақыт тезіне көніп, теңселе бастады. Еуроаймақ құрылған кезеңде АҚШ доллары жер бетіндегі ресми валюта қорының 71 пайызын құраса, былтыр бұл көрсеткіш небәрі 62,9 пайызды көрсетті. Қалай десек те, АҚШ доллары өзінің бірбеткей үстемдігінен айырылуда.

2010 жылы БҰҰ да әлемде жалғыз ұлттық валютаның (АҚШ доллары) үстемдігін әлсірету керектігін мәлімдеді. Француздар доллардың орнына еуроны басым қолдану керектігін айтуда, Парсы шығанағы елдерінің Ынтымақтастық кеңесі өздерінің төл валюталық қорын жасамақшы, Қытай мен Оңтүстік Корей өзара қаржылық қарым-қатынастарын ұлттық ақшаларымен жүргізеді...

Еуроазиялық экономикалық ынтымақтастық одағы (ЕАЭС) елдерінің арасындағы қаржылық байланыстың 50 пайызы бүгінде доллармен және еуромен жүргізіледі. Бұл тәуелділіктен құтылудың жалғыз жолы – доллар мен еуродан үзілді-кесілді бас тарту.

Әрине, әр елге ұлттық ақшасының құнын арттырып, бағасын қуаттандыру керек. Мұның өзі, керек десеңіз, елдің саяси тәуелсіздігінің мықты бір кепілі. Бірақ, қалтасы қалың шетелдік шонжар чемодан толы долларымен қазақ жеріне келіп, кәсіпорын ашып, ғимарат алып, газет, телеарна, мектеп, ЖОО ашып қожайындық құрып тұрғанда, қазақ жұртының тәуелсіздігінің табаны тайғақ күйінде қала береді...

...Медальдің екінші беті мынадай: «Доллар – нағыз ақша, қалғаны – бұрқыраған қағаз ғана» дейтіндер Путинді жерден алып, жерден салып: «Бұл – Путиннің Қырымды басып алудың алдында Еуроазиялық экономикалық ынтымақтастық Одағын құрғаны секілді кезекті сандырағы, яғни, алдап түсірудің жолы, саяси ақымақтық. Онда Қиыр Шығыстан бастап, ТМД елдерінің аймағында «қытай қорғанын» – еренқабырға орнатайық. Путин – саясаттағы кездейсоқ адам» – деп, өре түрегелді.

Бұл сөздің де жаны бар. Қараңыз: халықаралық өнім шығару саласының интеграциясы мен кооперациясы, керісінше, әлемді дендеп орналасқан. Дүниежүзінде тарыдай шашылған қытай компаниялары он мыңдаған жұмыс орындарын ашып, екі елдің де экономикасының тамырына қан жүгіртуде. Атақты көлік концерндерінің жинақтау өндірістері әлемнің әр елінде бар. Әлемдік бренд киімдерін тігетін фабрикалардың бөлімшелері Оңтүстік-Шығыс Азияны (Қытай, Бангладеш. т.б.) тұтас қаптаған. Күллі дүние танитын Airbus атты аса ірі әуе құрылыс компаниясының өкілдері ескі еурапа жерін толық қамтып отыр.

Меніңше, елден бұрын долларды «тәрк етіп», Еуропадан есі шыға «қашқан» Владимир Путиннің басым байлығы долларлық және еуропалық есеп-шоттарды сақталып жатқын шығар. Бүгін бір самаралық орыс: «Мен доллардан бас тартқанша, Путиннен бас тартамын!» – деп еді!..

Шынында, мұқым ТМД елдері мен халықтарының атынан сөйлейтін (және шешім қабылдайтын) құқты В.Путинге ешкім берген жоқ!..

P.S. ...Ел есінен танып, теңге теңкиіп құлап, қазақтың әлеуеті жертабандап жатқанда, «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының әрбір мүшесі 2014 жылдың қорытындысы бойынша 57 миллион теңге сыйақы алатын болыпты. Осыншама телегей-теңіз ақша алатындай бұлардың елге нендей еңбегі сіңді? Әлде, бұл сыйлық – қазақ экономикасын құлдыратып, теңгенің бағамын аспандатқаны үшін беріле ме? Жыл сайын, тоқсан сайын теңгенің құнсыздануына бар күш-қайратын аяусыз жұмсағандардың нағыз қалың тобы осылар емес пе?..

...“Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылған” заман-ай!..

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371