Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3997 0 пікір 6 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЗОР

Оңтүстік Қазақстан облыстық жер қатынастары және жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Созақбай ӘБДIҚҰЛОВпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. "Оңтүстік Қазақстан" газетінде жарияланған бұл сұхбатта осы өлкенің тарихы мен даму жолы әңгімеге басты арқау болған.

– Созақбай Исаұлы, биыл елiмiзде Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде аталып өтiлуде. Сiз қойнауы тарихқа тұнып тұрған Созақ өңiрiнiң тумасысыз әрi сол ауданды ұзақ жылдар басқардыңыз. Айтыңызшы, Созақтың қазақ тарихындағы орны дұрыс бағаланып жүр ме?

– Бiрiншiден, Қазақ хандығының 550 жылдығы – тұтас қазақ халқының, Қазақстанның ортақ тойы, ұлы мерекесi. Екiншiден, қазақ жерiнiң қайсы тұсы болмасын, өзiнше киелi, қасиеттi. Әр өңiрдiң мақтанышпен еске алатын өткенi, өзiне тән тарихы бар. Сол себептен «мына өңiр жайлы көбiрек айтылып, мына өңiр назардан тыс қалды» деген әңгiмелермен елдi бөлiнуге бастаудың қажетi жоқ. Қазақ хандығының тарихы – тұтас халқымыздың ортақ тарихы. Бiзге елдiң ауызбiрлiгi мен ынтымағы қымбат.

Иә, Созақ өңiрiнiң де өзiндiк тарихы бар. Мен кәсiби тарихшы емеспiн. Дегенмен, белгiлi ғалымдар бұл өңiрдiң Қазақ хандығы дәуiрiнде үлкен маңызға ие болғанын айтып жүр. Мұхтар Әуезов өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Созаққа келгенiнде «Бұл жерлер жатқан тарих қой. Мынау Созақта қазақтың екi ханы жатыр. Қарт Қаратаудың әр қойнауы толған сыр ғой. Анау Бабата, Құмкент, Ысқақ баб, Шашты Әзиз әулие – бәрi-бәрi құпиясын iшке бұғып жатқан тылсым дүниелер. Ашып қалсаң, талай тарихқа қанығар едiң, шiркiн, қолды бiр босатып алып зерттер ме едi» деген екен. Ал, Өзбекәлi Жәнiбеков 1993 жылы Созаққа келгенiнде қасындағы ғалым Мұхтар Қожаға «Түбiнде қазақ хандарын iздейтiн, зерттейтiн уақыт туады. Халқымыздың тарихы қалпына келедi. Тарихи болжамдарға қарағанда, қазақтың қос ханының қабiрi осы Созақта делiнедi. Соны зерттеңдер» деп аманат айтыпты.

Ел аузында «Керей мен Жәнiбек ханның мазары осы Созақта жатыр» деген әңгiме де сақталған. Бiрақ мұның бәрi болжам ғана. Жергiлiктi тұрғындар «Хан мазары» деп атайтын орынды археологтар зерттесе, қазақтың тұңғыш хандарының сүйегi табылса, бұл төл тарихымыз үшiн үлкен жаңалық болар едi дейдi. «Қазақта мемлекет болмаған» деп тантып жүргендердiң аузына ғылыми тұрғыда дәлелденген нақты деректермен тағы бiр рет қақпақ қояр едiк. Осы ой менi бiраздан мазалап жүрген болатын. Былтыр Мемлекет басшысы «Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде тойлаймыз» деп мәлiмдеген соң, дереу ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары Бердiбек Сапарбаевқа телефон арқылы хабарластым. Орайы келiп тұрғанда осы iстi қолға алайық деген ойымды жеткiздiм. Ол кiсi «бұл жөнiнде «Егемен Қазақстанға» арнайы мақала ұйымдастырып, мәселе көтерiңдер, содан кейiн археолог, тарихшы ғалымдарды осы iске тартамыз» деп қолдау бiлдiрдi. Содан «Егеменнiң» облысымыздағы меншiктi тiлшiсi Бақтияр Тайжанды ертiп, Созақ қамалының орнына бардық. Жергiлiктi көнекөз қариялармен, өңiрдiң тарихына қанық деген азаматтармен тiлдестiк. Олар Кеңес өкiметi кезiнде қараусыз қалып, жойылып кеткен «Хан мазарының» орнын әлi де дәл көрсетедi. Демек, зерттеуге сұранып-ақ тұрған мәселе. Бақтияр «Егемен Қазақстанда» бұл туралы «Созақтағы хан мазары» деген көлемдi мақала да жариялады. Ендi Үкiмет пен ғалымдар бiрлесiп жұмыс iстейдi деген ойдамыз.

– Сiз Созақ ауданын басқарып тұрғаныңызда Шолаққорғанда Керей мен Жәнiбекке арнап ескерткiш-белгi орнатқан екенсiз. Бұл айтулы тарихи тұлғаларға арналған республикадағы алғашқы ескерткiш дейдi. Сол туралы айтып берiңiзшi...

– Қазақ хандығының құрылған жылына қатысты түрлi тарихи деректер бар екенi белгiлi. Кейбiр деректер бұл тарихи оқиға 1465 жылы орын алды деп көрсетсе, ендi бiр деректерде 1456 жыл аталады. Қазiр ғой бұл мәселеде бiр тоқтамға келiп, «Қазақ хандығы 1465 жылы құрылды» деген тарихи деректi басшылыққа алдық. Көпшiлiктiң есiнде болса, 2006 жылы да бiрқатар тарихшылар баспасөз беттерiнде «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толды» деп жазып жатты. Алғашқы екi ханның сүйегi Созақта жерленген дейтiн әңгiме сол кезде де жиi-жиi айтылып жүрдi. Осы жайт менi толғандырып жүрдi. Бiрде академик Әлкей Марғұланның «Қаратаудың солтүстiк бөктерiнде, қазiргi Созақ поселкесiнiң жанында сол аттас қамал-қала болған, ол қазақ жерлерiн бiрiктiрудiң бастапқы кезеңiнде қазақ хандарының тiрегi болған» деген тұжырымын оқыдым. Бұл менiң Керей мен Жәнiбек хандарға Созақ жерiнде ескерткiш-белгi қою туралы шешiм қабылдауыма ықпал еттi. Сол кезде аудан әкiмi ретiнде белгiнiң жобасына байқау жарияладым. Бес-алты авторлық жобаның арасынан этнодизайнер, ҚР Мәдениет қайраткерi, профессор Аманжол Найманбайдың жұмысы көңiлге қонымды болды. Автордың ойын дәл жеткiзуге тәжiрибелi мүсiншi Тiлеубердi Бинашев үлкен үлес қосты. Сөйтiп, сол жылы Шолаққорғанда қазақтың алғашқы хандарына ескерткiш-белгi орнатылды. Бұл туынды көпшiлiк тарапынан көркемдiк деңгейi жоғары деген баға алып жатты.

– Сiз Созақ ауданында екi рет әкiм болып, аймақты 10 жылдай басқардыңыз. Тұрғындар сiз басшылық жасаған жылдары «Қазатомөнеркәсiп» ұлттық компаниясы тарапынан ауданға көп жақсылық жасалғанын айтып жүр. Бүгiнде осы әлеует дұрыс пайдаланылып жүр деп есептейсiз бе?

– Созақ ауданына алғаш рет 1999 жылы әкiм болып тағайындалдым. Алғашқы екi-үш жылда облыстық рейтингте орта тұста жүрген ауданымыз бiртiндеп алдыңғы орындарға көтерiлдi. Тiптi, 2001-2006 жылдары жеке-дара көш бастап, мемлекеттен дотация алмайтын, облысқа мол қаржы құятын донор ауданға айналды. Өзiңiз айтқандай, «Қазатомөнеркәсiппен» ынтымақтастық орнатып, компанияға қарасты кәсiпорындардың салығын жергiлiктi бюджетке түсiруге қол жеткiздiк. Ауданның жергiлiктi бюджетке түсетiн салық көлемiн 299 миллионнан 65 миллиард теңгеге дейiн көтерген болатынбыз.

Сол жылдары Ұлттық компания халықтың әлеуметтiк жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жалақыны көтеруге баса назар аударды. Сөйтiп, уран өндiрiсi саласына жергiлiктi жұмысшыларды тарттық. Бiрақ созақтықтардың маңдайына тек жұмысшы болу жазылмаған шығар?! Сондықтан, Созақтағы кәсiптiк мектептiң Таукенттегi филиалын ашып, оған елiмiздiң жетекшi университеттерiнен жоғары бiлiктi мамандарды тарттық. Соның арқасында талай жерлесiмiз уран саласының кәнiгi маманы болып шықты.

Ауданда уран өндiретiн қазақ-француз бiрлескен компаниясының есебiнен созақтық мектеп түлектерi Францияға саяхаттап, демалып, ендi бiразы сол жақта жоғары бiлiм алып қайтып жатты.

Ауданда уран өндiрiп жатқан шетелдiк және елiмiздiң бiрлескен кәсiпорындары басшыларымен ортақ тiл табысып, көптеген әлеуметтiк мәселелердi оңтайлы шешiп отырдық. «Қазатомөнеркәсiп» ұлттық атом компаниясымен алғаш меморандумға отырып, Жартытөбе ауылында ең соңғы үлгiдегi 80 орынды балабақша, 200 орынды орта мектеп, Шолаққорған ауылында 80 орынды балабақша, Асқар Сүлейменов атындағы 198 орынды мектеп және Қызылкөл ауылында М.Әуезов атындағы мектеп бой көтердi. Ал, Таукент, Қыземшек поселкелерiнде және аудан орталығында спорт кешендерi, футбол стадиондары мен жастар демалатын орындар салынды. Ауылдар арасындағы жолдар күрделi жөндеуден өткiзiлiп тұрды. Өндiрiстен бюджетке қомақты қаржы түсуiнен Қарағұр, Жыныс, Жуантөбе, Сызған, Бабата елдi мекендерiнде жаңа орта мектептер салынды.

Шолаққорғанда жаңа типтегi орталық емхана мен аудандық орталық аурухана бой көтердi. Шолаққорған – Ащысай тасжолы салынды. Айтайын дегенiм, аудандағы уран өндiретiн отандық және шетелдiк компаниялармен әрiптестiк байланыс орнатудың арқасында аймақтың экономикасын көтерiп, көптеген әлеуметтiк мәселелердi шештiк. Халықтың тұрмысы түзелдi. «Әр отбасыдан бiр адам өндiрiсте жұмыс iстеуi керек» деген бастама көтердiк. Соның арқасында өндiрiсте жұмыс iстейтiн 9 мың адамның 7 мыңын жергiлiктi тұрғындар құрады.

Қазiр де бұл бағытта жұмыс жүргiзiлмей жатыр дей алмаймын. Созақтағы iрi кәсiпорындар бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi мәселесiне қашан да көңiл бөлiп келедi. Алайда, соңғы жылдары «Қазатомөнеркәсiп» пен оның еншiлес компанияларының бас кеңселерi Астанаға көшiп, салықтың үлкен бөлiгi сол жаққа төленуде. Елбасы жақында облысымызға iссапармен келгенде осы мәселенi көтерiптi. Бұл құптарлық iс.

– Кезiнде облысты басқарған азамат Болат Жылқышиев бiр естелiгiнде сiздiң Созақ ауданын ұзақ жыл басқарғаныңызға қарамай Шолаққорғанда қызметтiк пәтерде тұратыныңызды айтыпты. Осы рас па?

– Рас.

– Бiрақ баспана деген адамның өмiрлiк қажеттiлiктерiнiң бiрi емес пе?.. Әрi басқа әкiмдер ондай тұрғын үйлерiн заңды жолдармен жекешелендiрiп алып жатады. Әлде сiздiң басқадай бiр ұстанымыңыз бар ма?

– Менен кейiн де Созаққа талай адам әкiм болды емес пе? Сол азаматтарға әлгi қызметтiк тұрғын үй қажет болмады дейсiз бе? Оның үстiне қызметтiк үйде тұрдым дегенiм, әлеуметтiк жағдайым төмен едi дегендi бiлдiрмейдi. Құдайдың берген несiбесi бар. Жалпы, мемлекеттiк қызметке келген адам бәрiнен елге адал қызмет етудi жоғары қоюы керек. Сонда абыройға бөленесiң, елдiң алғысын аласың. Ал, дүние жинап, баюды ойлаған адамнан жақсы мемлекеттiк қызметшi шықпайды.

Осы жерде Әйтеке бидiң мына бiр нақыл сөзi еске түседi:

«Бақ деген құс, ұшады да кетедi,

Тақ деген түс, кiредi де кетедi.

Байлық деген мұз, еридi де кетедi,

Мәңгiлiк қалатын адал iс».

– Кеше ғана «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелiк медалiмен марапатталыпсыз. Шын ниетiмiзбен құттықтаймыз!

– Рахмет!

Сұхбаттасқан Айдар ҚҰЛЖАНОВ.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371