Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 10952 0 пікір 27 Тамыз, 2015 сағат 12:36

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒДЫРЫ?... ҚОҒАМ БОЛЫП БАС ҚАТЫРАР УАҚЫТ КЕЛДІ!

19 тамыздың кешінде, экономикалық саясаттың жүйелі шаралары жөнінде өткізген кеңесте Елбасы: “Дүние жүзіндегі экономикалық ахуал өте нашар. Қазақстан сататын металлдың бәрі 30 пайызға төмендеді, темір, мыс, қорғасын. Онымен қоймай, біздің сыртқа шығарып сататын көршілеріміз Қытай, Ресейдің сатып алу қабілеті төмендеп, біздің нарығымыз қысқарды. Еліміздің экономикасын, тіпті тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін өте үлкен белестің алдында тұрмыз, шара қолдануымыз керек”, – деді.

Бұл жердегі сөз етіліп отырған Тәуелсіздік біздің мемлекеттігіміздің ең басты байлығы. Оған қауіп төніп тұрғанын анау-мынау емес, елдің президентінің өзі айтты. Ол кісіні бұндай сөз айтуға не итермеледі? Шынымен қауіп төніп тұрса, ол қайдан, кімнен, неден? Қазіргі билік осы тұрғыда не істеуі керек, не істемеуі керек? Ұлттық валютамыз үлкен алшақтықпен құнсызданып жатқанда біздің биліктің қолынан не келеді? Бұл сұрақтарға байланысты Abai.kz порталы ел алдында жүрген азаматтардың пікірін сұрап көрді:


Әміржан Қосанов, саясаткер:

Тәуелді азаматтар Тәуелсіз мемлекет құра алмайды! Ұлттық валютаның құнсыздануы – Тәуелсіздікке төнетін қауіптердің бірі ғана. Мәселеге кең әрі жан-жақты қарау керек. Меніңше, сол қауіптің кем дегенде үш түрі бар.

Біріншісі – экономикалық, қаржылық тәуелділік. Қалтасы тесілген, қаржысы таусылған мемлекет басқалардан қайыр сұрап, тентіреп кетеді емес пе? Елдегі банктердің бәрі сыртқы нарықтан қарыз алып, соны елге үлкен пайызбен таратып күн көріп жатқан жоқ па? Ал ертең сол нарық белгілі бір себептермен жабылып қалса ше? Болмаса, бүгінгі дағдарыс мұнай және басқа қазбалы байлыққа әлемдік бағаның төмендеуінен деп жатыр. «Экономиканы диверсификациялаймыз!», яғни оның басқа да салаларын өркендетеміз деген үкіметке кім сұрау сала алады? «Баяғы жартас – сол жартас»... Оған әртүрлі елден алған мемлекеттік кепілдікпен алған қарызымызды қосып қойыңыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайдан алған 10 миллиард доллар қарызымыз кешегі девальвациядан кейін 30 пайызға өсіп кеткен жоқ па? Бюджетіміз теңгемен есептеледі ғой. Кеше ғана Азия даму банкінен тағы да 1 миллиард доллар несие алып жатырмыз. Өзіміздің бюджетімізде жыл сайын сол бір миллиард доллар игерілмей, Ұлттық қорда қомақты қаржы жатқанда, біреуден қарыз алып не бар? Судың ғана емес, пайыздық үстемемен қайтарылатын қарыздың да сұрауы бар емес пе? Осының бәріне біздегі мұнай және басқа сүбелі компаниялардағы алпауыт мемлекеттердің, әсіресе, Қытайдың жыл сайын еселеніп бара жатқан үлесін қосып қойыңыз. Әрине, Қазақстан әлемдік экономикада боп жатқан жаңалықтар мен тенденциялардан тыс тұра алмайды. Сондықтан да жаһандану процесіне өз тәуелсіздігімізді сақтап қалу тұрғысынан жауап беру үшін кешенді, салиқалы тұғырнама қажет.

Екіншісі – саяси тәуелділік. Мәселен, Еуразиялық Одақ құрамына енген Қазақстан белгілі бір дәрежеде өзімен одақтас елдердің, әсіресе, Ресейдің ішкі және сыртқы саясатына тәуелді боп қалады. Оның үстіне Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім-шартта «тараптар өзара келісілген сыртқы саясат жүргізеді» деген аса қауіпті бап бар. Сонда ертең Ресей басқа бір елмен араздасып жатса, біз сол араздықтың құрбаны боп қаламыз ба? Батыстық санкциялардың қоюланып бара жатқан бұлты біздің елге де өз көлеңкесін түсіріп жатқан жоқ па?

Мемлекеттік тәуелсіздікке үшінші қауіптің жекебастық сипаты бар. Мен әртүрлі деңгейдегі саяси тұлғалардың белгілі бір елге не трансұлттық компанияға тым жақын әрі мүдделес болуы туралы айтып отырмын. Ол жайында бізде көп айтыла бермейді. Бұл өзі барша қоғам болып зерттейтін әрі баға беретін бөлек бір сала! Тәуелсіздіктен айырылып қалмау үшін не істеу керек деген сұрақ – ең ауыр сұрақ. Шынымды айтсам, оған толыққанды жауап бере алмаймын. Бірақ экономиканы ішкі және сыртқы талаптарға сай ресми һәм бейресми бәсекелестікке жеткізу, әлемге атышулы «мұнай қарғысынан» құтылу, әртүрлі одақтарға мүше болуға уақытша мораторий жариялау, басты саяси шешімдерді қабылдайтын шенеуніктердің қызметіне (соның ішінде, олардың шетелдік шоттары мен активтеріне) қоғамдық бақылауды күшейту секілді өркениетті бастамалар туралы барша қоғам болып бас қатыратын уақыт келді. Қазіргі өкімет онымен айналысады дегенге мен онша сенбеймін. Оның басты кейіпкерлерінде маған әлі де түсініксіз бір тәуелділік бар. «Тәуелсіздік» ол – виртуалды, өзімен өзі өмір сүре беретін ұғым емес. Тәуелсіз болу үшін тірлік керек! Бәлкім, осы идея жалпыұлттық, баршаны – шенеуніктерді, оппозицияны, осы екеуіне еш қатысы жоқ «үшінші» күштерді – біріктіретін негіз болуы керек пе? Әр мемлекеттің шынайы тәуелсіздігі оның әрбір патриот азаматының шынайы ниеті мен нақты іс-қимылынан тұрады. Таңертең жұмысқа бара жатып, түсте тамақтанып отырып, керек десеңіз, кешке тойда тост айтып отырып, еске алатын түсінік! Сол жағын ұмытпайық!


Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ, ұлт патриоты, математик:

Бізге тәуелсіздігімізден айырылып қалатындай қауіп туғызып тұрған бір ғана нәрсе - Еуразиялық Одақ! Осы Одаққа қалай кірдік, солай күніміз қиындады. Қытайдан, Түркиядан келіп жатқан сапалы тауарлардың орнын, Ресейдің сапасыз арзан тауарлары басты. Өзі онсызда мешеу өндірісіміз толықтай тұншықты. Бұл өз кезегінде, біздің нарықта Қазақстан азаматтарының санын азайтып, Ресей азаматтарының санын арттырды. Нәтижесінде елдегі жұмыссыздар саны еселеп өсті. Зауыт- фабрикаларымыз жабыла бастады. Мұның жарқын көрінісі - Қарағанды облысындағы құс фабрикасы өзінің 150 мың тауығын халыққа тегін таратып беріп жібергені! Жарты жылдың айналасында ұлттық валютамыз 65%-ға (алғашқыда- 30%, соңғысында- 35%) құлдырады! Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге қарсы қолданылған әлемдік санкция, "кемедегінің жаны бір" деген, Қазақстанға да жойқын соққы болып тиді. Бұл соққыға алып мемлекет Ресей шыдаса да, "екі түйе жанасса арадағы шыбын өледінің" кері келіп, Қазақстан шыдай алмайды! Осы жағдайларды көрегенділікпен байқаған Елбасы "...тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін өте үлкен белестің алдында тұрмыз, шара қолдануымыз керек" деп дұрыс бағалап отыр.

Жеке бас байлығы - соқырлық! Жеке бас байлығынан бастары айналып, көздері байланып, әлемдік бір құдірет иесіндей сезініп жүрген шенеуніктер өздерінің шын соқыр екенін енді, енді түсіне бастады. Біздің "Азия барысы" емес, "Азия мысығы" екенімізді жаңа түсінді. Мұнай бағасының арзандағаны дұрыс та болды. Болмаса, билік әкесінен қалған мұрадай көріп, дайын мұнайды сатып, өлшеусіз байып, ес- түссіз жүріп ел басқаруды жалғастыра берері анық еді. Бұл кризис ұры шенеуніктердің құлқынын шектеп, есін жиғызатын шапалақ болғалы тұр. Бұл қиындықтан қалай құтыламыз? Не істеу керек? Ең бірінші, үйден зат ұрлап, сатып, араққа жұмсайтын - алқаштық синдромнан, ірі шенеуніктер, яғни ірі ұрылар, құлан таза арылулары керек! Жоқ дегенде кризистен шыққанша осылай етпесе, өз сорларына өздері тышады! Бұл өртті сөндіру ғана.

Ал тәуелсіздігіміз шын баянды болуы үшін, қалыптасуына кезінде биліктің өзі мұрындық болған жалпыұлттық "Азат", "Невада- Семей" сияқты қозғалыстарды құрып, оларға пәрменді жұмыс істеуге жағдай жасап, Еуразиялық Одақтан толықтай шығуға тиіспіз. Еуразиялық Одақ - қазақтың түбіне жететін одақ! Мұның дәлелі міне осы- бүгінгі кризис. Бұл басы ғана. Қазақ Одақтан шықпаса, қиындықтан да шықпайды! Егер біз қазір бұл Одақтан тыс болғанымызда, "мұртымызды балта шаппас еді". Мұнай арзандаса да, өндірісіміз жабылып, жұмыссыздар саны артпас еді. Теңгеміз құлдырап, тамақ-тауарларымыз қымбаттамас еді. Бұдан артық не керек? Кризисті ойнап жүріп өткізер едік.


Серік Ерғали, "Азат" қозғалысы жетекшілерінің бірі:

Менің ойымша, мемлекетке тұтқа боларлық орта тап құрылмады. Тәуелсіздік жылдары жасақталған өндіріс елдің экономикасына тірек бола алмайды, ол шикізатты сату мен ішінара ғана сипаты бар өнімдерді өндіретін өнеркәсіп. Оның өзі экономикалық конюктура талабына шыдай алмайды. Ел бюджеті негізінен шикізат сатуға тәуелді болғандықтан, елде азаматтық идеология да қалыптаспады. Демек, экономикалық қысымнан әлеуметтік шиеленіс ушығып жатса, оған Тәуелсіздігіміз төтеп бере ала ма? деген сауал туады. Елбасы осы мәселені меңзеп кетті деген ойдамын. Жалпы, ішкі саясаттағы ең осал тұсымыз бен қателік те орта таптың қалыптасуына барлық мүмкіндіктің жасалмауынан. Даңғаза жобаларға уақыт пен экономикалық ресурс көп жұмсалды. Енді оның орнын толтыра аламыз ба? Оған елдегі саяси-экономикалық жағдай мүмкін бе? Жасанды буржуазия ұлттық буржуазия бола ала ма? Азаматтық позицияны отаншылдыққа ұластыратындай Жергілікті өзін өзі басқару секілді саяси тетіктер неге кешуілдеді... сауал көп. Біздің басымызға экономикалық мәселені қоздыра түсетін осындай әлеуметтік-саяси жайттар қордаланып қалғандығын мойындататын ахуал туындап отыр.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320